Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Соғыс арбалары мен тәж бізді қорғайды

Соғыс арбалары мен тәж бізді қорғайды

“Егер Құдай Иелеріңнің айтқандарына бұлжытпай құлақ ассаңдар, осының бәрі жүзеге асады” (ЗӘКӘРИЯ 6:15, “Жаңа өмір” баспасы).

ӘНДЕР: 17, 136

1, 2. Зәкәрия жетінші аянын көріп біткенде, Иерусалимдегі исраилдіктердің жағдайы қандай еді?

ЗӘКӘРИЯ жетінші аянды көрген соң, ойға шомып кетсе керек. Ехобаның арам адамдарды жазалаймын деген уәдесі оның бойына күш дарытқан шығар. Бірақ елдегі жағдай бәз-баяғыдай еді. Зұлымдық істеп жатқан адамдар әлі де көп болды. Оның үстіне, Иерусалимдегі ғибадатхана сол күйі толықтай соғылып бітпеді. Исраилдіктер неге Ехобаның тапсырған ісін тез арада тастап кетті? Сонда олар Иерусалимге өмірлерін жақсарту үшін ғана келгені ме?

2 Зәкәрия Иерусалимге оралған исраилдіктердің Ехобаның қызметшілері екенін білген. “Құдай жүректеріне қозғау салып”, бұл кісілер Бабылдағы үйлері мен кәсіптерін тастады (Езра 1:2, 3, 5). Олардың көбісі ешқашан өз көзімен көрмеген жерге көшу үшін, жақсы білетін жерлерін артта қалдырды. Құдайдың ғибадатханасын қалпына келтіруді маңызды деп санағаны сонша — сол исраилдіктер 1600-дей шақырымға созылған қауіпті де қиын сапарға аттануға дайын болды.

3, 4. Қайта оралған исраилдіктер қандай қиындықтарға кезікті?

3 Бабылдан Иерусалимге қарай бет алған исраилдіктердің ұзақ сапарын көз алдымызға елестетейікші. Жол-жөнекей оларда ендігі тұратын жерлері жайлы ойланып-толғануға, бір-бірімен сол туралы әңгімелесуге уақыттары көп болды. Араларындағы қариялар Иерусалим мен ондағы ғибадатхананың бір кездері қаншалықты әсем болғанын айтып берді (Езра 3:12). Сіз де солармен бірге сапар шексеңіз, Иерусалимді алғаш рет көргенде, не сезінер едіңіз? Күл-талқаны шығып, арамшөп қаптаған үйлерді көргенде, көңіліңіз құлазитын ба еді? Қала қабырғаларының қирап, қақпалары мен мұнараларының орындары үңірейіп-үңірейіп тұрғанын көргенде, еңсеңіз түсер ме еді? Осы қираған қала қабырғаларын Бабылдың биік те мықты қабырғаларымен іштей салыстыратын да шығарсыз. Бірақ исраилдіктер қаймықпады. Неге? Өйткені ұзақ жол бойы Ехоба оларға көмектесіп, қорғап жүрді. Иерусалимге келе сала, олар ғибадатхана тұрған жерге құрбандық ошағын жасап, күн сайын Ехобаға құрбандық шалып жүрді (Езра 3:1, 2). Бойларын құлшыныс кернеген олар іске білек сыбана кірісуге дайын болды. Бір қарағанда, олардың жігерін ештеңе жасыта алмайтындай көрінді.

4 Исраилдіктерге ғибадатханамен қатар, өз қалалары мен үйлерін де соғу қажет болды. Бұған қоса, отбасыларын асырау үшін егін егу керек еді (Езра 2:70). Атқаратын жұмыстары өте көп болып көрінді. Көп ұзамай, жаулары келіп, оларға қарсылық көрсетті. Бұл қарсылық 15 жылға созылды, содан бірте-бірте исраилдіктердің құлшынысы бәсеңдей берді (Езра 4:1—4). Ал б. з. б. 522 жылы парсы патшасы Иерусалимдегі құрылысқа тыйым салғанда, бұл жығылғанға жұдырық болды. Қала енді ешқашан қалпына келмейтіндей көрінді (Езра 4:21—24).

5. Ехоба өз халқына қалай көмектесті?

5 Ехоба өз халқының күш пен батылдыққа зәру екенін білді. Содан ол Зәкәрияға соңғы аянды көрсетті. Бұл аян арқылы Ехоба өз халқын жақсы көретініне және күш салып қызмет етіп жатқандарын бағалайтынына сендіргісі келді. Халық өздеріне тапсырылған жұмысты қайтадан бастаса, Ехоба оларды қорғайтынын уәде етті. Ғибадатхананың қайта соғылатыны жайлы Ехоба былай деді: “Егер Құдай Иелеріңнің айтқандарына бұлжытпай құлақ ассаңдар, осының бәрі жүзеге асады” (Зәкәрия 6:15, “Жаңа өмір” баспасы).

ПЕРІШТЕЛЕРДЕН ТҰРАТЫН ӘСКЕР

6. а) Зәкәрияның сегізінші аяны қалай басталды? (Мақаланың басындағы суретті қараңыз.) ә) Аттардың түсі неге әртүрлі?

6 Зәкәрияның соңғы сегізінші аяны алдыңғыларына қарағанда, сенімді нығайтатын ең әсерлі аян болса керек (Зәкәрия 6:1—3 оқыңыз). Пайғамбардың не көргенін елестетіп көріңізші. “Екі мыс таудың” арасынан төрт соғыс арбасына жегілген аттар шықты. Аттардың түсі әртүрлі болғандықтан, әр соғыс арбасын ажырату оңай. Сонда Зәкәрия: “Бұл неғылған арбалар?”— деп сұрайды (Зәкәрия 6:4). Бұл сұрақтың жауабын біз де білгіміз келеді, себебі бұл аянның бізге де қатысы бар.

7, 8. а) Екі тау нені бейнелейді? ә) Бұл таулар неге мыстан жасалған?

7 Таулар Киелі кітапта кейде патшалықтарды я үкіметтерді бейнелейді. Зәкәрия көрген таулар Даниялдың пайғамбарлығындағы екі тауға ұқсас. Бұл таулардың бірі Ехобаның бүкіләлемдік әрі мәңгі билігін бейнелесе, екіншісі Мәсіхтің Патшалығын бейнелейді, ал оның Патшасы — Иса (Даниял 2:35, 45). 1914 жылдың күзінде Иса Патша болған кезден бері, осы екі тау бірге Құдайдың жерге қатысты ниеті орындалу үшін ерекше рөл атқаруда.

Ехоба өз халқын қорғау әрі нығайту үшін әлі де періштелерін қолданып келеді

8 Неге бұл таулар мыстан жасалған? Мыс — өте бағалы әрі жылтыр металл. Кезінде киелі шатырды, ал кейінірек Иерусалимдегі ғибадатхананы соғар кезде Ехоба исраилдіктерге мысты қолданыңдар деген (Мұсаның 2-жазбасы 27:1—3; Патшалар 1-жазба 7:13—16). Ал бұл таулардың мыс болғаны Ехобаның бүкіләлемдік билігінің және адамзатқа қауіпсіздік пен мол бата әкелетін Мәсіх Патшалығының жоғары сапасына назар аударады.

9. Соғыс арбалары мен ондағы айдаушылар кімдерді бейнелейді? Оларға қандай тапсырма берілді?

9 Соғыс арбалары мен ондағы айдаушылар нені бейнелейді? Бұлар періштелер, бәлкім, періштелердің түрлі топтары болса керек (Зәкәрия 6:5—8 оқыңыз). Олар “бүкіл жер бетінің Иесінің алдына барғаннан кейін” арнайы тапсырмамен жолға шықты. Бұл періштелер Құдай халқын қорғау үшін, әсіресе “солтүстіктен”, яғни Бабылдан қорғау үшін, белгілі бір жерлерге жіберілді. Ехоба осы аян арқылы өз халқының енді қайтып Бабылдың құлы болмайтынын білдірді. Бұл жайт Зәкәрияның заманындағы ғибадатхана құрылысшыларын қалай нығайтты десеңізші! Енді жаулары еш тосқауыл бола алмайды!

10. Зәкәрияның соғыс арбалары мен ондағы айдаушылар жайлы пайғамбарлықтың бүгінде қандай көмегі бар?

10 Ехоба бүгінде де өз халқын қорғап, нығайту үшін періштелерін қолданады (Малахи 3:6; Еврейлерге 1:7, 14). 1919 жылы Құдай халқы Ұлы Бабылдың бейнелі құлдығынан босағалы бері, олардың жаулары шынайы ғибадаттың белең алуына кедергі жасау үшін барын салуда (Аян 18:4). Бірақ онысынан түк те шықпады. Періштелер Ехобаның ұйымын қорғап тұрғандықтан, біз қайтадан жалған діннің тұтқынына айналамыз деп қорықпаймыз (Зәбүр 34:7). Қайта, Ехобаға қуанышпен талмай қызмет ете береміз. Зәкәрияның пайғамбарлығынан біз екі таудың арқасында қауіпсіздікте әрі қорғанышта екенімізді түсінеміз.

11. Құдай халқына жасалатын алдағы шабуылдан неге қорқудың қажеті жоқ?

11 Жуырда Шайтанның саяси күштері бірігіп, Құдай халқын құртпақшы болады (Езекиел 38:2, 10—12; Даниял 11:40, 44, 45; Аян 19:19). Езекиелдің пайғамбарлығынан көретініміздей, бұл саяси күштер жерді бұлт сияқты жауып қалады. Қаһарланған олар Құдай халқына шабуылдау үшін атқа мініп шауып келеді (Езекиел 38:15, 16) *. Біз олардан қорқуымыз керек пе? Жоқ! Өйткені біздің жағымызда Ехобаның әскері бар. Зор алапат кезінде періштелер Ехобаның халқын қорғап қалады, ал Ехобаның билігіне қарсы шыққан әркімді жойып жібереді (Салоникалықтарға 2-хат 1:7, 8). Бұл күн ұлы күн болмақ! Бірақ Ехобаның әскерін кім бастап келеді?

ЕХОБА ДІНИ ҚЫЗМЕТКЕРГЕ ПАТША ТӘЖІН КИГІЗДІ

12, 13. а) Ехоба Зәкәрияға тағы нені тапсырды? ә) Өскін есімді кісінің Иса Мәсіхті бейнелейтінін қайдан білеміз?

12 Сегіз аянды көрген тек Зәкәрия еді. Бірақ оның бұдан кейін не істегенін басқалар да көрді, содан ғибадатхананы соғатындар жігерленді (Зәкәрия 6:9—12 оқыңыз). Хелдай, Тобиях пен Едаях есімді үш кісі Бабылдан келген болатын. Ехоба Зәкәрияға осы үш кісінің әкелген күмістері мен алтындарын алып, “ұлы тәж” жасауды бұйырды (Зәкәрия 6:11, сілтеме). Бұл тәж Яһуда руынан шыққан Дәуіттің ұрпағы Зоробабел әміршіге арнап жасалды ма? Жоқ. Ехобаның айтуымен Зәкәрия бұл тәжді Бас діни қызметкер Ешуаның басына кигізді. Бұл оқиғаның куәсі болған әркім таңғалған болса керек.

13 Бас діни қызметкер Ешуа тәж киген соң патша болып кетті ме? Жоқ. Ешуа Дәуіттің ұрпағынан шықпағандықтан, патша болуға құқығы жоқ еді. Оған тәж кигізілгені болашақта Өскін деген кісінің мәңгі патша әрі діни қызметкер болатынын бейнеледі. Киелі кітапта бұл Өскін Иса Мәсіх деп түсіндіріледі (Ишая 11:1; Матай 2:23, сілтеме).

14. Патша әрі Бас діни қызметкер ретінде Иса не істейді?

14 Иса — Патша әрі Бас діни қызметкер. Ол Ехобаның әскерін бастап келеді, әрі Құдай халқының осы зұлым дүниеде қауіпсіз сезінулері үшін аянбай еңбек етіп жатыр (Еремия 23:5, 6). Жуырда Мәсіх Құдайдың билігін қолдау және оның халқын қорғау мақсатында халықтарды жеңіп шығады (Аян 17:12—14; 19:11, 14, 15). Бірақ сол күн келгенше, Исада яки Өскінде өте маңызды жұмыс бар.

ОЛ ҒИБАДАТХАНА ТҰРҒЫЗАДЫ

15, 16. а) Біздің күндерімізде Құдай халқы қалайша қалпына келіп, тазаруда және бұны кім істеуде? ә) Мәсіхтің мыңжылдық билігінің соңында жер беті қандай болмақ?

15 Патша әрі Бас діни қызметкер болумен қатар, Исаға “Ехобаның ғибадатханасын тұрғызу” да тапсырылған (Зәкәрия 6:13 оқыңыз). Осы құрылыс ісін атқару үшін ол 1919 жылы Құдай халқын Ұлы Бабылдың, яғни жалған діннің ықпалынан босатты. Сондай-ақ мәсіхшілер қауымын қалпына келтірді әрі “адал да ақылды құлды” тағайындады. Майланған бауырластардың бұл тобы ұлы рухани ғибадатхананың жердегі бөлігінде атқарылып жатқан маңызды істе жетекшілік етуде (Матай 24:45). Бұған қоса, Иса Құдайдың халқын тазартып келеді әрі Құдайға ұнамды түрде ғибадат етуге көмектесуде (Малахи 3:1—3).

16 Болашақта Иса мен 144 000 патша әрі діни қызметкер мың жыл бойы билік етеді. Сол уақыт аралығында олар адал адамдарға кемелді болуға көмектеседі. Олар осы істі аяқтағанда, жер бетінде Ехобаның шынайы қызметшілері ғана қалады. Сөйтіп, шынайы ғибадат толық қалпына келеді!

ҚҰРЫЛЫС ІСІНЕ ҮЛЕСІМІЗДІ ҚОСАЙЫҚ

17. Ехоба исраилдіктердің бойына қалай сенімділік ұялатты және бұл хабар оларға қалай әсер етті?

17 Зәкәрияның хабары сол кездегі исраилдіктерге қалай әсер етті? Ехоба ғибадатхананы соғып бітірулері үшін оларға қол ұшын беріп, қорғайтынын уәде етті. Бұл уәде үміт отын қайта жандырды. Бірақ исраилдіктер соншама жұмысты аз ғана адам қалай істейді деп ойлаған шығар. Сонда Зәкәрия олардың қорқынышы мен күмәнін сейілтетін бір жайтты айтты. Көмекке келген Хелдай, Тобиях, Едаяхқа қоса, Құдай басқа да көп адамның “келіп, Ехобаның ғибадатханасын соғу ісіне атсалысатынын” айтты (Зәкәрия 6:15 оқыңыз). Ехоба істерін қолдап жатқанына исраилдіктер сенімді болды. Содан олар парсы патшасының құрылыс ісіне салған тыйымына қарамай, ғибадатхананы соғуға батыл кірісті. Бұл тыйым олардың жолында тұрған биік қамалдай болса да, Ехоба оны көп ұзамай алып тастады. Ақыр соңында, ғибадатхана б. з. б. 515 жылы соғылып бітті (Езра 6:22; Зәкәрия 4:6, 7). Десе де, Ехобаның жоғарыдағы сөздері біздің уақытымызда болып жатқан одан да зор іске нұсқайды.

Ехоба оған көрсеткен сүйіспеншілігімізді ешқашан ұмытпайды! (18, 19-абзацты қараңыз)

18. Зәкәрия 6:15 осы күндері қалай орындалып жатыр?

18 Бүгінде Ехобаға миллиондаған адам ғибадат етеді. Олар оған өздеріндегі уақыты, күш-қуаты, дүние-мүлкі сияқты “құнды нәрселерін” қуана тарту етеді. Осылайша олар Ехобаның ұлы рухани ғибадатханасына қолдау көрсетеді (Нақыл сөздер 3:9). Ехоба біздің адалдықпен қолдап жатқанымызды бағалайтынына сенімді болсақ болады. Хелдай, Тобиях пен Едаяхтың алтын-күміс әкеліп, Зәкәрияның одан тәж жасағанын еске алайықшы. Бұл тәж олардың шынайы ғибадатқа қосқан үлесін “еске салып тұрды” (Зәкәрия 6:14). Ехоба біздің ерен еңбегіміз бен оған көрсеткен сүйіспеншілігімізді ешқашан ұмытпайды (Еврейлерге 6:10).

Біз тұрақты, қауіпсіз, мәңгі тұратын ұйымның мүшесі болғанымызға қуаныштымыз

19. Зәкәрия көрген аяндар бізге қалай әсер ету керек?

19 Ехобаның халқы осы соңғы күндері өте үлкен іс атқарып жатыр. Ехоба батасын беріп, Иса Мәсіх жетелемегенде, бұл мүмкін болмас еді. Біз тұрақты, қауіпсіз, мәңгі тұратын ұйымның мүшесі болғанымызға қуаныштымыз. Сондай-ақ біз Ехобаның таза ғибадатқа қатысты ниетінің іске асатынын білеміз. Ендеше, Ехобаның халқындағы өз орныңызды бағалаңыз және Ехоба Құдайымыздың “айтқандарына бұлжытпай құлақ асыңыз”. Сонда Патша әрі Бас діни қызметкеріміз бен періштелер сізді қорғайды. Таза ғибадатты барынша қолдаңыз. Солай етсеңіз, Ехоба сізді осы дүниенің соңына дейін және мәңгілік бойы аман сақтайды!

^ 11-абзац Бұл жайлы көбірек білу үшін “Күзет мұнарасындағы” “Оқырман сауалдарын” қараңыз: 2015 жыл, 15 мамыр, 29, 30-беттер.