Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Осы дүниелік ой-пікірлерге қарсы тұрыңыз

Осы дүниелік ой-пікірлерге қарсы тұрыңыз

“Байқаңдар, біреу сендерді адамдардың дәстүріне негізделген пәлсапасымен әрі бос, алдамшы ойларымен... торға түсіріп алмасын” (ҚОЛОСТЫҚТАРҒА 2:8).

ӘНДЕР: 60, 26

1. Елші Пауыл Қолостағы мәсіхшілерге не деп жазды? (Мақаланың басындағы суретті қараңыз.)

ЕЛШІ ПАУЫЛ шамамен б. з. 60, 61 жылдары Римде түрмеде отырған кезінде Қолостағы мәсіхшілерге хат жолдайды. Хатында Пауыл оларға неліктен “киелі рух беретін түсінікке” ие болу керектігін айтып түсіндіреді. “Киелі рух беретін түсінік” дегеніміз — әр мәселеге Ехобаның көзқарасымен қарай білу қабілеті (Қолостықтарға 1:9). Пауыл былай деді: “Мен мұны ешкім сендерді ақылға қонымды болып көрінетін сөздерімен алдап кетпесін деп айтып отырмын. Байқаңдар, біреу сендерді адамдардың дәстүріне негізделген пәлсапасымен әрі бос, алдамшы ойларымен, Мәсіх туралы емес, осы дүниенің қағидаларына негізделген ілімдерімен торға түсіріп алмасын” (Қолостықтарға 2:4, 8). Сосын Пауыл көпке танымал кейбір ой-пікірлердің не себепті дұрыс емес екенін, бірақ неге сол пікірлерді көпшілік ұнататынын түсіндірді. Мысалы, осындай пікірлерді ұстану арқылы адамдар өздерін басқалардан ақылдырақ әрі жоғары деп санайтын. Сондықтан Пауыл бауырластарға осы дүниелік ой-пікірлерден бас тартып, бұрыс істерден аулақ болулары үшін өз хатын жолдаған (Қолостықтарға 2:16, 17, 23).

2. Неге біз осы дүниелік ой-пікірлердің кейбірін қарастырамыз?

2 Осы дүниенің ықпалындағы адамдар Ехобаның принциптеріне атүсті қарайды. Сондықтан біз сақ болмасақ, осы дүниелік ой-пікірлердің ықпалымен Құдайдың даналығына бірте-бірте күмәндана бастауымыз мүмкін. Мұндай ой-пікірлерді теледидардан, интернеттен, жұмыста не мектепте жиі естіп жатамыз. Ешқайсысымыз бұдан қашып құтыла алмаймыз. Жаман ықпалдан аулақ болу үшін не істей аламыз? Бұл мақаланы талқылау барысында біз осы дүниелік бес түрлі ой-пікірді қарастырып, соларға қалай қарсы тұруға болатынын көреміз.

ҚҰДАЙҒА СЕНУ КЕРЕК ПЕ?

3. Көпшілік қандай ой-пікірді ұнатады? Не себепті?

3 “Мен Құдайға сенбей-ақ жақсы адам бола аламын”. Мұндай пікір көп елдерде кең тараған. Осылай дейтін адамдар Құдайдың бар-жоқтығы жайлы терең ойланбай, жай ғана қалаған нәрселерін істеуге ерікті болғысы келетін шығар (Зәбүр 10:4 оқыңыз). Ал басқалары: “Құдайға сенбей-ақ, менің жақсы ұстанымдарым бар”,— дейді. Осылай өздерін ақылды етіп көрсеткісі келеді.

4. Жаратушының бар екеніне сенбейтін адамға көмектесу үшін не дей аламыз?

4 Жаратушы жоқ дегенге сену қисынды ма? Бұл сұрақтың жауабын табу үшін кейбіреулер ғылымға жүгініп, әбден шатасқан. Бірақ шындық өте қарапайым. Мысалы, үй өздігінен пайда бола ма? Әрине, жоқ! Оның өз құрылысшысы бар. Ал тіршілік атаулы кез келген үйден анағұрлым күрделі. Тіпті ең қарапайым жасушаның өзі бөлініп көбейеді, ал үй жайлы бұлай дей алмайсыз. Жасушалар ақпаратты сақтап, оны жаңадан түзілген жасушаларға тасымалдай алады, осылай жаңа жасушалар да өз көшірмесін жасап көбейе алады. Осындай тіршілік қасиеті бар жасушаларды кім жаратты? Киелі кітапта мұның жауабы бар: “Әрбір үйдің салушысы бар, ал бәрінің Жаратушысы — Құдай” (Еврейлерге 3:4).

5. Адам баласы Құдайға сенбей-ақ ненің дұрыс екенін біле алады деген ой-пікір жайлы не деуге болады?

5 “Құдайға сенбей-ақ, ненің дұрыс екенін білетін жақсы адам бола аламыз” деген ой-пікір жайлы не деуге болады? Киелі жазбаларда тіпті Құдайға сенбейтін адамның да жақсы ұстанымдары болатыны жайлы айтылған (Римдіктерге 2:14, 15). Мысалы, әлдебіреу өз ата-анасын жақсы көріп, құрметтейтін шығар. Бірақ Ехобаның орнатқан нормаларымен жүрмесе, ол өте нашар шешімдер қабылдауы мүмкін (Ишая 33:22). Бүгінде көптеген ақылды адамдар дүниедегі қайғы-қасіреттен арылу үшін Құдайдың көмегіне мұқтаж екенімізге сенімді (Еремия 10:23 оқыңыз). Сонымен, Құдайға сенбей-ақ және оның нормаларымен жүріп-тұрмай-ақ, ненің дұрыс екенін біле аламын деген пікір ешқашан ойымызға ұяламасын (Зәбүр 146:3).

БІЗГЕ ДІН ҚАЖЕТ ПЕ?

6. Көп адам дін жайлы қандай пікірде?

6 “Адам ешбір дінді ұстанбай-ақ бақытты бола алады”. Көп адамдар дінді ескіліктің нышаны және еш пайдасы жоқ деп есептейді. Бұған қоса, көп дін тозақ оты бар деп үйретеді, садақа беруге күштейді не саясаткерлерді қолдайды. Сондықтан дінсіз-ақ бақыттымыз дейтін адамдардың қатары көбейіп жатқаны бізді таңғалдырмайды. Олар: “Мен Құдайға сенемін, бірақ ешбір діннің мүшесі болғым келмейді”,— деуі мүмкін.

7. Шынайы дін сізді қалайша бақытты етеді?

7 Дінсіз шынымен де бақытты бола аламыз ба? Әрине, адам жалған дінсіз бақытты бола алады. Бірақ “бақытты Құдай” Ехобамен достаспаса, ешкім шынайы бақытқа қол жеткізе алмайды (Тімөтеге 1-хат 1:11). Ехоба әрбір әрекетін басқаларға көмектесу үшін істейді. Оның қызметшілері болғандықтан біз бақыттымыз, өйткені біз де өзгелерге көмектесудің жолдарын іздейміз (Елшілердің істері 20:35). Мысалы, шынайы ғибадаттың арқасында отбасылар қалай бақытты бола алатыны жайлы ойланыңызшы. Біз жар қосағымызды құрметтеуге әрі оған адал болуға, балаларымызды әдепті етіп тәрбиелеуге және үй ішіндегілерді шын жақсы көруге үйренеміз. Шынайы ғибадаттың арқасында қауымда Ехобаның халқының ауызбіршілігі жарасқан әрі олар өзара бауырластық сүйіспеншілік танытады (Ишая 65:13, 14 оқыңыз).

8. Матай 5:3 бақыттың кілті неде екенін қалай түсіндіреді?

8 Сонымен, адам Құдайға қызмет етпей-ақ шынайы бақытқа қол жеткізе ала ма? Адамдарды не бақытты етеді? Кейбіреулер мансаптан, спорттан не сүйікті ісімен әуестенуден қуаныш табады. Басқалары үй ішіндегілері мен достарының қамын ойлап қанағат сезінеді. Бұл істердің бәрі қуаныш сыйлағанмен, өмірге қажетті маңыздырақ бір нәрсе бар. Жануарлардан ерекшелігіміз, біз Жаратушымызды танып-біліп, оған ғибадат ете аламыз. Осылай еткенде бақытқа бөленеміз, өйткені ол бізді солай жаратқан (Матай 5:3 оқыңыз). Мысалы, бауырластарымызбен бас қосып, Ехобаға ғибадат еткенде, өзімізді бақытты сезініп, жігерленіп қаламыз (Зәбүр 133:1). Сондай-ақ дүниежүзілік бауырластықтың мүшесі болғанымыз үшін, таза өмір кешіп, жарқын болашаққа деген керемет үмітіміз болғаны үшін қуаныштымыз.

БІЗГЕ ӨНЕГЕЛІК НОРМАЛАР ҚАЖЕТ ПЕ?

9. а) Жыныстық қатынасқа қатысты қандай пікір кең таралған? ә) Неге Құдай Сөзі некеден тыс жыныстық қатынасты айыптайды?

9 “Некеден тыс жыныстық қатынаста болғанның несі жаман?” Кейбір адамдар бізден былай деп сұрайтын шығар: “Неге сендер өздеріңді соншама шектейсіңдер? Өмірден ләззат алсаңдаршы”. Бірақ Құдай Сөзінде жыныстық өнегесіздікке тыйым салынған * (Салоникалықтарға 1-хат 4:3—8 оқыңыз). Ехоба бізге заңдар орнатуға құқылы, өйткені бізді жаратқан сол. Құдай тек некелескен ер мен әйел ғана жыныстық қатынаста бола алады деп айтады. Ехоба бізді жақсы көргендіктен, бізге заңдар орнатқан. Сол заңдарға мойынсұнсақ, өміріміз жақсара түсетінін біледі. Құдайдың заңдарына мойынсұнатын отбасы мүшелері бір-біріне сүйіспеншілік пен құрмет танытады әрі өздерін қауіпсіз сезінеді. Ал заңдарын біліп, оған мойынсұнбайтын адамдарды Құдай жазалайды (Еврейлерге 13:4).

10. Мәсіхші жыныстық өнегесіздіктен қалай аулақ бола алады?

10 Киелі кітапта жыныстық өнегесіздіктен қалай аулақ бола алатынымызға қатысты кеңестер бар. Біз не нәрсеге көз тігетінімізді қадағалауымыз керек. Иса былай деген: “Кімде-кім бір әйелге құмарта қараса, өз жүрегінде сол әйелмен неке адалдығын бұзғаны. Егер оң көзің күнәға азғырса, оны ойып алып, лақтырып таста” (Матай 5:28, 29). Демек, порнография мен өнегесіз әуендерден бойымызды аулақ ұстауымыз керек. Пауыл былай деген: “Топырақтан жаралған дене мүшелеріңнен туындайтын азғындық... сияқты бейімділіктеріңді өлтіріңдер” (Қолостықтарға 3:5). Бұған қоса, не ойлап, не жайлы сөйлесетінімізге мұқият болуымыз қажет (Ефестіктерге 5:3—5).

БАР ОЙЫМЫЗ МАНСАПҚА АУУЫ КЕРЕК ПЕ?

11. Неліктен мансапты ойлап кетуіміз мүмкін?

11 “Мансап қуу — бақыттың көзі”. Адамдар бізді бар уақытымыз бен күшімізді мансап үшін сарп етуге итермелеуі мүмкін. Әсіресе атымызды шығаратын, ықпалды ететін, байлыққа жетелейтін мансапты көздеуге талпындыратын шығар. Бақыттың сыры мансап қууда деп ойлайтын адамдар көп болғандықтан, біз де бірте-бірте сол пікірге бой алдыра бастауымыз ықтимал.

12. Мансап сізді бақытты ете ме?

12 Мансап адамды ықпалды я әйгілі ететіні рас, бірақ ол сізді бақытты ете ала ма? Жоқ. Ойлап көріңізші: Шайтан ықпалды да әйгілі болғысы келген. Сөйтіп, өз дегеніне жетті. Бірақ ол бақытты емес, қайта, қатты ашулы (Матай 4:8, 9; Аян 12:12). Керісінше, адамдарға Құдай жайлы және оның уәде еткен жарқын болашағы туралы айтып жүрген біздер неткен бақыттымыз! Дүниедегі ешбір мансап сізге осындай толыққанды бақыт сыйлай алмайды. Оның үстіне, мансапқа ұмтылған адамдар бақталастыққа, ашу-ыза мен қызғанышқа бой алдырып жатады. Ал соңында жан дүниесі қаңырап қалғандай болады. Киелі кітапта мұны “желдің соңынан қуумен” теңейді (Уағыздаушы 4:4).

13. а) Өз жұмысымызға деген көзқарасымыз қандай болу керек? ә) Пауылды шынайы бақытқа бөлеген не?

13 Әрине, күн көру үшін әрекет қылуымыз қажет және өзімізге ұнайтын жұмысты таңдағанда тұрған ештеңе жоқ. Бірақ жұмысымыз өмірімізде басты орынға шығып кетпеу керек. Иса былай деген: “Ешкім екі қожайынға бірдей құл бола алмайды. Олай еткен күнде біреуін жек көріп, екіншісін жақсы көреді, немесе біріне адал болып, екіншісіне немкетті қарайды. Сендер Құдайға және байлыққа бірдей қызмет ете алмайсыңдар” (Матай 6:24). Ехобаға қызмет етіп, өзгелерге Киелі кітаптан тәлім беру зор қуанышқа бөлейді. Елші Пауыл өз өмірінде осыған көз жеткізген. Жас болғанда, ол табысқа жеткізетін мансапқа ұмтылған болатын. Ал кейін өзі уағыздаған адамдардың өмірлері Құдай хабарының арқасында өзгеріп жатқанын көрген кезде, шынайы бақыт сезінді (Салоникалықтарға 1-хат 2:13, 19, 20 оқыңыз). Ешқандай мансап Ехобаға қызмет етіп, өзгелерге Құдайымыз жайлы тәлім беруден келетін бақытқа бөлей алмайды!

Өзгелерге Құдай жайлы білуге көмектесетіндіктен, біз бақыттымыз (12, 13-абзацты қараңыз)

ДҮНИЕДЕГІ ҚИЫНДЫҚТАРДЫ ШЕШУ АДАМЗАТТЫҢ ҚОЛЫНАН КЕЛЕ МЕ?

14. Адамзат өз қиындықтарын өзі шеше алады деген пікір неге көпшілікке тартымды?

14 “Адамзат өз қиындығын өзі шеше алады”. Мұндай пікір көпшілікке ұнайды. Неге? Өйткені осы пікірді ұстанатын адамдар Құдайдың басшылығын қажет етпей, өз қалағанымызды жүзеге асырамыз деп ойлайды. Бәлкім, сіз біреу-міреуден соғыс, қылмыс, ауру мен кедейлік сияқты қиындықтар азайып жатыр дегенді естіген шығарсыз. Бір есепте былай делінген: “Адамгершілік қасиеті артуда, өйткені адамдар дүниемізді жақсартуды шешті”. Бұл шындыққа жанаса ма? Адамзат расында да дүниедегі қиындықтардың түйінін шешіп жатыр ма? Кейбір айғақтарға көз жіберейікші.

15. Дүниедегі жағдайдың өте қиын екеніне қандай айғақтар бар?

15 Адамзат соғысты тоқтата алды ма? Бірінші және Екінші дүниежүзілік соғыстарда 60 миллионнан астам адам қаза тапты. 2015 жылдың өзінде соғыстың я қуғын-сүргіннің кесірінен шамамен 12,4 миллион адам өз үйлерін тастап қашуға мәжбүр болған. Нәтижесінде мұндай адамдардың жалпы саны 65 миллионға жетті. Қылмыс жайлы не деуге болады? Белгілі бір жерлерде қылмыстың кейбір түрлері азайды. Бірақ басқа түрлері, мысалы ақпараттық қылмыс (кибер қылмыс), отбасындағы зорлық-зомбылық, лаңкестік әрекеттер және жемқорлық сияқты қылмыстар көбейген үстіне көбеюде. Ауру жөнінде не айтуға болады? Кейбір ауруларға ем табылғаны рас. Бірақ 2013 жылғы бір есепке сай, әр жылы 60 жасқа дейінгі 9 миллион адам жүрек ауруынан, инсульттан, қатерлі ісіктен, тыныс жолы ауруларынан және диабеттен көз жұмады. Ал кедейлік туралы қандай айғақтар бар? Дүниежүзілік банктің есебіне сай, тек Африканың өзіндегі тақыр кедей адамдардың саны 1990 жылы 280 миллион болса, 2012 жылы 330 миллионға дейін өскен екен.

16. а) Неге Құдай Патшалығы ғана дүниедегі қиындықтарды шеше алады? ә) Ишая пайғамбар мен зәбүр жыршысы Патшалық жайлы не айтқан?

16 Аталмыш айғақтар бізді таңғалдырмайды. Бүгінде экономикалық және саяси ұйымдарды өзімшіл адамдар басқарып отыр. Бұл адамдар соғысты, қылмысты, ауру мен кедейлікті құрта алмайды. Мұны істей алатын тек Құдай Патшалығы. Ехоба адамзат үшін не істейтіні жайлы ойлап көріңізші. Оның Патшалығы соғысқа түрткі болатын себептердің бәрін жояды, мысалы өзімшілдікті, жемқорлықты, отансүйгіштікті, жалған дінді және Шайтанның өзін де құртады (Зәбүр 46:8, 9). Құдай Патшалығы қылмыстың тамырына балта шабады. Бұл Патшалық тіпті қазірдің өзінде миллиондаған адамды бір-бірін сүюге және бір-біріне сенім артуға үйретіп жатыр. Бұл — басқа ешбір үкіметтің қолынан келмейтін іс (Ишая 11:9). Жуырда Ехоба ауру атаулыны жоқ қылып, барлық адамзатты сап-сау етеді (Ишая 35:5, 6). Ол кедейлікті де құртады және Құдайдың арқасында барлық адамдар бақытты өмір сүріп, онымен тығыз қарым-қатынасқа ие болады. Бұған ешқандай байлық тең келмейді (Зәбүр 72:12, 13).

“ҚАЛАЙ ЖАУАП БЕРУ КЕРЕКТІГІН” БІЛЕЙІК

17. Осы дүниелік ой-пікірлерге қалай қарсы тұра аламыз?

17 Егер сіз шындыққа қайшы келетін кең таралған бір ой-пікірді естісеңіз, бұл жайлы Киелі кітапта не делінгенін біліңіз. Толысқан бауырласпен сөйлесіңіз. Адамдар сол ой-пікірді не үшін ұнататынын, неге оның бұрыс екенін және оған қалай қарсы тұруға болатынын ойланыңыз. Пауылдың келесі сөздеріне құлақ ассақ, осы дүниелік ой-пікірлерден қорғана аламыз: “Қауымнан тыс адамдармен араласқанда дана болыңдар... Сонда әркімге қалай жауап беру керектігін білесіңдер” (Қолостықтарға 4:5, 6).

^ 9-абзац Киелі кітаптың кейбір аудармаларында кездесетін Жохан 7:53—8:11 тармақтар Жазбалардың түпнұсқасында жоқ. Кейбір адамдар сол үзіндіні негізге алып, бұрыс тұжырым жасайды. Олардың ойынша, неке адалдығын бұзған адамды тек күнәсі жоқ адам ғана соттай алады. Бірақ Құдай Исраилге мынадай заң берген: “Егер әлдебіреу өзгенің әйелімен жатқан жерінде ұсталса, екеуі де — әйелмен жатқан еркек те, әйелдің өзі де — өлтірілсін” (Мұсаның 5-жазбасы 22:22).