Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Қуанышпен ән шырқайық!

Қуанышпен ән шырқайық!

“Құдайымызға мадақ әнін айтқан қандай жақсы!” (ЗӘБҮР 147:1).

ӘНДЕР: 9, 138

1. Әннің арқасында біз не істей аламыз?

БІР АТАҚТЫ ақын былай деген екен: “Сөздер ой салады, музыка сезім оятады. Ал ән болса ойға да, сезімге де әсер етіп, жүрекке жетіп бойды алады”. Біздің әндеріміз көктегі Әкеміз Ехобаға мадақ әкеліп, оған деген сүйіспеншілігімізді паш етеді. Бізді оған жақындата түседі. Олай болса, ән айтудың, мейлі жеке не бауырластармен бірге болсын, шынайы ғибадатта алар орны маңызды екені түсінікті-ақ.

2, 3. а) Кейбіреулер қауымда ән айтуға қалай қарайды? ә) Осы мақалада қандай сұрақтарды қарастырамыз?

2 Қауым кездесулерінде ән айтуға қалай қарайсыз? Ұялып, ән айтудан тартынасыз ба? Кей мәдениетте ер адамдар басқалардың көзінше ән айтуға ыңғайсызданады. Мұндай көзқарас бүкіл қауымға кері әсер етуі мүмкін. Әсіресе ақсақалдар ән айтуға қысылатын болса не ән айтылып жатқанда басқа істермен айналысып жатса, бұл бауырластарға жаман ықпал етуі мүмкін (Зәбүр 30:12).

3 Ән айту — Ехобаға деген ғибадатымыздың ажырамас бөлігі. Сол себепті ән айтылып жатқанда біз сыртқа шығып кетуді, я болмаса кездесудің осы бөлігін жіберіп алуды қаламаймыз. Сондықтан бәріміз келесі сұрақтар жайлы ойлануымыз керек: “Кездесулерде ән айтуға қалай қараймын? Басқалардың көзінше ән айтуға қысылатын болсам, маған не көмек болмақ? Әнді сезіммен шырқауды қалай үйренсем болады?”

ӘН АЙТУ — ШЫНАЙЫ ҒИБАДАТЫМЫЗДЫҢ АСА МАҢЫЗДЫ БӨЛІГІ

4, 5. Ежелгі Исраилде әнмен байланысты қандай шаралар жасалған?

4 Тарих бойы Ехобаның қызметшілері оны әнмен мадақтап отырған. Көңіл қоярлық бір жайт, исраилдіктер Ехобаға адал болған кездері ән айту олардың ғибадатында маңызды орын алған. Мысалы, Дәуіт ғибадатханадағы қызметке дайындық жасағанда, Ехобаны әнмен мадақтау үшін 4000 леуіліктің басын қосқан. Солардың 288-і “ән шырқау үшін арнайы дайындықтан өткен” болатын (Шежірелер 1-жазба 23:5; 25:7).

5 Ән мен күй ғибадатхананы бағыштау салтанатының да маңызды бөлігі болған. Киелі кітапта былай делінген: “Ехобаны мадақтап, оған алғыс айтып жатқан кернейшілер мен әншілердің дауыстары біріккен сәтте — әнші-күйшілер керней, жез табақша мен басқа да аспаптардың сазына қосылып... Ехобаны мадақтай бастаған сәтте — үйдің, Ехобаның үйінің ішін бұлт алып кетті”. Бұл оқиға исраилдіктердің сенімін нығайтқаны сөзсіз (Шежірелер 2-жазба 5:13, 14; 7:6).

6. Нехемия Иерусалимде әмірші болғанда, ән-күй орындауға қатысты қандай шаралар жасады?

6 Нехемия исраилдіктерді Иерусалимнің қабырғасын қалпына келтіру ісіне жұмылдырғанда, ән мен күй орындау үшін леуіліктердің де басын қосқан болатын. Олардың орындаулары Иерусалим қабырғасын бағыштау салтанатының әлдеқайда қуанышты өтуіне септігін тигізген. Нехемия “ризашылық әндерін айтатын екі үлкен топты” тағайындады. Ән айтқан бұл екі топ қабырға үстімен бір-біріне қарама-қарсы жүріп отырып, ғибадатхананың төңірегіне келіп тоқтады. Олардың даусы күшті болғаны сонша, тіпті алыс маңдағы адамдарға естіліп жатты (Нехемия 12:27, 28, 31, 38, 40, 43). Ехоба өз қызметшілерінің оны мадақтау үшін осылай зор құлшыныспен ән айтқандарына риза болғаны даусыз.

7. Иса мәсіхшілер үшін ән айту ғибадаттың ажырамас бөлігі болу керектігін қалай көрсетті?

7 Исаның күндерінде де ән шынайы ғибадаттың ажырамас бөлігі болып қала берді. Адамзат тарихындағы ең маңызды түнде не болғаны есіңізде ме? Иеміздің кешкі асын өткізгеннен кейін, Иса шәкірттерімен бірге Ехобаны мадақтап ән айтқан (Матай 26:30 оқыңыз).

8. Бірінші ғасырдағы мәсіхшілер Құдайды әнмен мадақтауға қатысты қандай үлгі қалдырды?

8 Бірінші ғасырдағы мәсіхшілер Құдайды әнмен мадақтауға қатысты бізге жақсы үлгі қалдырған. Кезінде Ехобаға сиыну үшін ғибадатханаға барған исраилдіктерден айырмашылығы олар жеке үйлерде жиналатын. Бұл үйлер ғибадатхана сияқты зәулім де әсем болмаса да, бауырластар онда құлшына ән айтқан. Елші Пауыл бауырластарға былай деп жазған: “Зәбүр жырлары, мадақтау өлеңдері және ризашылыққа толы рухани әндермен үнемі бір-біріңе тәлім беріп, жігерлендіріңдер. Ехобаға шын жүректен ән айтыңдар” (Қолостықтарға 3:16). Біздің ән кітабымыздағы әндер де “ризашылыққа толы” сезіммен айтылу керектігі анық. Бұл әндер жинағы — “адал да ақылды құлдың” беріп жатқан уақтылы ас-суының бір бөлігі (Матай 24:45).

ӘНДІ СЕНІМДІЛІКПЕН АЙТУДЫ ҚАЛАЙ ҮЙРЕНЕ АЛАМЫЗ?

9. а) Неге кейбіреулер қауым мен конгресте қуана ән шырқаудан тартыншақтауы мүмкін? ә) Ехобаға мадақ әндерін қалай айтуымыз керек және бұл істе кімдер жетекшілікті қолға алуы тиіс? (Мақаланың басындағы суретті қараңыз.)

9 Ән айтуға тартыншақтайтын болсаңыз, бұған не себеп болуы мүмкін? Бәлкім, ән айту отбасыңыз үшін үйреншікті әдет емес шығар не мәдениетіңізге жат болар. Я болмаса радиодан не теледидардан кәсіби әншілерді естіп жүрген соң, өзіңізді солармен салыстырып, ән айтуға ұялатын боларсыз не өз даусыңызға көңіліңіз толмайтын шығар. Алайда барлығымызда да Ехобаға мадақ әндерін айту жауапкершілігіміз бар. Ендеше, ән кітабын жоғары көтеріп, басыңызды тік ұстап, шабыттана ән шырқаңыз! (Езра 3:11; Зәбүр 147:1 оқыңыз). Бүгінде көп Патшалық сарайында әннің сөздері экран бетінен көрсетіледі, осының арқасында әнді кең дауыспен айта аламыз. Бір қызығы, Патшалық әндері ақсақалдарға арналған Патшалық қызмет мектебінің бағдарламасына да енгізілді. Бұл шара ақсақалдардың қауым кездесулерінде ән айтуда жетекшілік етуі керектігін көрсетеді.

10. Дауыстап ән айтудан қорқатын болсақ, нені есте ұстау керек?

10 Көп адам даусым тым қатты шығады не даусым жоқ деп ойлағандықтан, әнді қаттырақ айтудан қорқуы мүмкін. Алайда келесі жайт туралы ойланып көрейікші. Біз бәріміз де сөзбен “көп сүрінеміз”, бірақ солай екен деп, сөйлемей қоймаймыз ғой (Жақып 3:2). Олай болса, кемелсіз даусымызға бола Ехобаға мадақ әндерін айтудан неге тартынуымыз керек?!

11, 12. Ән айту қабілетімізді қалай жақсарта аламыз?

11 Бәлкім, біз әнді дұрыс айтуды білмегендіктен, ән шырқаудан қорқатын шығармыз. Олай болса, қазір ән айту қабілетімізді жақсартудың бірнеше қарапайым жолын қарастырайық *.

12 Дұрыс тыныс алуды үйренсеңіз, қатты әрі зор дауыспен ән айта аласыз. Электр тогы шамға қуат беретініндей, тыныс алғанымыз сөйлегенде не ән айтқанда даусымызға қуат береді. Әдетте сөйлеген кезде даусыңыз қандай болса, сондай дауыс қаттылығымен, тіпті одан да қаттырақ дауыспен ән айтыңыз (Басқа да кеңестерді табу үшін, “Теократиялық қызмет мектебінде білім аламыз” кітабының 181—184 беттеріндегі “Дұрыс тыныс алу” тақырыпшасын қараңыз.). Бұлай істегеніміз өте орынды. Өйткені Киелі кітаптың кей жерлерінде Ехобаның қызметшілері оны мадақтағанда, “шаттана айғайлауға” шақырылады (Ишая 24:14).

13. Сенімдірек ән айтудың жолын түсіндіріңіз.

13 Отбасылық ғибадат кезінде не жеке өзіңіз былай етіп көріңіз: ән кітабынан сүйікті әндеріңіздің бірін таңдап, оның сөздерін қатты әрі сенімді дауыспен дауыстап оқыңыз. Сосын сол дауыс қаттылығын ұстап, бір деммен толық бір сөйлемді айтып шығыңыз. Енді дәл сондай қатты дауыспен сол сөйлемді әндетіп айтыңыз (Зәбүр 33:1—3). Сонда ән айтқанда даусыңыз күштірек шығатын болады әрі бұлай болғаны өте жақсы. Даусым қаттырақ шықты екен деп, қорқып не ұялып қалмаңыз.

14. а) Ауызды кеңірек ашқаныңыз жақсырақ ән айтуға қалай көмектеседі? (“ Ән айту қабілетін қалай жақсартуға болады?” деген қоршауды қараңыз.) ә) Дауысқа байланысты қиындықтарды жеңу туралы қандай кеңестер сіз үшін тиімді?

14 Даусыңыз күштірек шығу үшін ауыз қуысын кеңейту қажет. Сондықтан ән айтқанда, аузыңызды әдетте сөйлегеннен кеңірек ашыңыз. Алайда даусыңыз әлсіз не тым жоғары деп ойласаңыз, не істеуге болады? Бұған қатысты тиімді кеңестерді “Теократиялық қызмет мектебінде білім аламыз” кітабының 184-бетіндегі “Кейбір қиындықтар және оларды жеңу” қоршауын қараңыз.

ШЫН ЖҮРЕКТЕН ӘН ШЫРҚАҢЫЗ

15. а) 2016 жылы өткен жылдық жиында қандай хабарландыру болды? ә) Ән кітабын не себепті жаңарту қажет болды?

15 2016 жылы өткен жылдық жиында Басқарушы кеңестің мүшесі Стивен Летт бауырлас “Ехобаға қуана ән шырқайық! * деп аталатын жаңа ән кітабының жарық көргенін хабарлағанда, қатысушылардың барлығы таң-тамаша болды. Стивен бауырлас “Киелі жазбалар. Жаңа дүние аудармасы” қайта өңделгендіктен, ән кітабын да жаңарту қажеттілігі туындағанын айтып өтті. “Жаңа дүние аудармасынан” кейбір тіркестер алынып тасталғандықтан, жаңа ән кітабының сөздеріне де өзгерістер енгізілді. Сондай-ақ оған уағыз ісі және төлем жайлы жаңа әндер де қосылды. Оның үстіне, ән ғибадатымыздың маңызды бөлігі болғандықтан, Басқарушы кеңес жоғары сапалы ән кітабын шығаруды жөн көрді. Бұл жаңа ән кітабының мұқабасы “Жаңа дүние аудармасына” ұқсас етіп жасалды.

16, 17. Жаңа ән кітабына тағы қандай өзгерістер енгізілді?

16 Кітапты қолдану ыңғайлы болу үшін, ондағы әндер тақырып бойынша топтастырылған. Мысалы, алғашқы 12 ән Ехоба жайлы болса, келесі 8-і Иса мен төлем жайлы және тағы сол сияқты. Тақырыптардың толық тізімі кітаптың бас жағында орналасқан. Бұл өте ыңғайлы. Мысалы, ер бауырластар көпшілікке арналған баяндамаға ән таңдағанда осы тізімге қарай алады.

17 Ән кітабындағы сөздерге өзгерістер енгізілгендіктен, әндердің мағынасын түсіну жеңілдеді. Соның арқасында әрбір адам жаңа әндерді шын жүректен шырқай алады. Кітапта қолданылып келген ресми тіл көпшілікке түсінікті тілге алмастырылды. Осылайша сөздері әрі сөйлемдері қарапайым болғандықтан, ән айту оңайырақ болады. Сондай-ақ кейбір әндер қайта өңделіп, онда қауым кездесулері мен уағыз ісімен байланысты тиімді тақырыптар қозғалады.

Отбасылық ғибадат кезінде ән айтып жаттығыңыздар (18-абзацты қараңыз)

18. Неге жаңа әндерді айтып үйренуіміз керек? (Сілтемені де қараңыз.)

18 “Ехобаға қуана ән шырқайық!” кітабында дұға түрінде жазылған әндер көп. Бұл әндер Ехобаға өз сезімдерімізді жеткізуге көмектеседі. Ал басқа әндер бізді “сүйіспеншілікке және игі істерге” талпындырады (Еврейлерге 10:24). Біз жаңа әндердің әуенін, ырғағы мен сөздерін жақсы біліп алғымыз келеді. Мұны істеудің бір жолы — бауырластар орындаған осы әндердің аудиожазбасын тыңдау. Бұл аудиожазбаларды jw.org сайтынан көрсек болады. Әндерді үйде айтып жаттығар болсаңыз, оларды сенімділікпен әрі сезіммен айтуды үйрене аласыз *.

19. Қауымдағылардың бәрі Ехобаға қалай ғибадат ете алады?

19 Ән айту ғибадатымыздың маңызды бөлігі екенін есте ұстайық. Ән — Ехобаны жақсы көретінімізді және біз үшін жасаған бар жақсылығы үшін ризашылығымызды білдірудің күшті жолы (Ишая 12:5 оқыңыз). Зор шабытпен ән айтсаңыз, бұл басқаларды да солай етуге талпындырады. Қауымдағы әр адам, мейлі жас не қарт болсын, шындыққа жаңадан келсін, бәрі де Ехобаға ән айтып, ғибадат ете алады. Олай болса, шын жүректен ән шырқауға еш қысылмаңыз. Зәбүр жыршысының: “Ехобаға ән шырқаңдар!”— деген сөздеріне сай әрекет етейік. Иә, Ехобаға қуанышпен ән шырқайық! (Зәбүр 96:1).

^ 11-абзац Ән айту қабілетімізді жақсартуға қатысты көбірек білу үшін, JW Broadcasting-тен “Дейвид Сплэйн. Жаңа әндерді айтып үйренейік” (ор.) деген баяндаманы қараңыз (НАША СТУДИЯ/РЕЧИ санатындағы видео).

^ 15-абзац Бұл басылым әзірге қазақ тілінде жоқ.

^ 18-абзац Әр аймақтық және аудандық конгрестің таңертеңгі және түстен кейінгі бағдарламасы он минуттық әуенмен басталады. Осы әсем әуендер ән айтуға деген құштарлығымызды арттырады әрі жүрегімізді бағдарламаға дайындайды. Сол себепті бәріміз өз орнымызға жайғасып, әуен басталғанда, тыңдауға дайын отыруымыз керек.