“Шындықты сатып ал, ешқашан сатпа оны”
“Шындықты сатып ал, ешқашан сатпа оны, Даналықты, тәрбие мен түсінікті де” (НАҚЫЛ СӨЗДЕР 23:23).
1, 2. а) Сіз үшін өмірдегі ең бағалы нәрсе не? ә) Сіз қандай шындықтарды бағалайсыз және неге? (Мақаланың басындағы суреттерді қараңыз.)
СІЗ үшін өмірдегі ең бағалы нәрсе не? Ехобаның қызметшісі болғандықтан, біз онымен арақатынасымызды бәрінен де жоғары бағалаймыз. Оны еш нәрсеге айырбастамаймыз. Сонымен қатар Киелі кітаптағы шындықты бағалаймыз. Өйткені соның арқасында Ехобамен дос бола аламыз (Қолостықтарға 1:9, 10).
2 Ехоба біздің Ұлы Тәлімгеріміз. Ол бізге өз Сөзі Киелі кітаптағы құнды шындықтарды үйретеді. Ол өз есімінің маңыздылығын түсіндіріп, бойындағы керемет қасиеттерін ашты. Біз Ехобаның адамзатты қатты жақсы көргендіктен, өз Ұлын құрбан еткенін білдік. Бұған қоса, Мәсіхтің Патшалығы туралы да естідік. Бұл болашағымызға зор үміт сыйлады. Мысалы, майланғандар көкте өмір сүруге үміттенсе, “басқа қойлар” жер бетіндегі жұмақта өмір сүруге үміттенеді (Жохан 10:16). Ехоба бізге қалай өмір сүру керектігін үйретуде. Бұл шындықтар теңдессіз қазына іспетті. Өйткені солар арқылы біз Жаратушымызға жақындай түсеміз, әрі өміріміз мән-мағынаға толады.
3. Ехоба шындықты үйреткені үшін бізден ақша талап ете ме?
3 Ехоба — жомарт Құдай. Ол біз үшін тіпті өз Ұлын құрбан етті. Ехоба біреудің шындықты іздеп жатқанын байқаса, оны тауып алуына көмектеседі. Ол ешқашан бізден шындықты үйреткені үшін ақы сұрамайды. Бірде Шимон есімді бір кісі басқаларды киелі рухқа кенелте алатын билік берсін деп елші Петірге ақша ұсынады. Петір Шимонның көзқарасы дұрыс емес екенін айтып, былай дейді: “Құдайдың сыйын ақшаға сатып аламын деп ойлағаның үшін ақшаң өзіңмен бірге құрып кетсін!” (Елшілердің істері 8:18—20). Сонымен, “шындықты сатып алу” дегеніміз не?
“ШЫНДЫҚТЫ САТЫП АЛУ” ДЕГЕН НЕНІ БІЛДІРЕДІ?
4. Бұл мақалада біз шындық туралы не білеміз?
4 Нақыл сөздер 23:23 оқыңыз. Киелі кітаптағы шындықтарды үйрену үшін күш салу қажет. Бұл үшін өзге нәрселерден бас тартуымыз керек. Біз шындықты білгенде, оны былайша айтқанда, “сатып алдық”. Енді оны “сатып жіберуден”, яғни шындықты тастап кетуден аулақ болуымыз керек. Киелі кітаптағы шындықтарды қалай “сатып аламыз”? Олардың бағасы қанша? Осы сұрақтардың жауабын алғанымыз шындықты одан бетер бағалай түсуге және оны ешқашан тастап кетпеуге деген шешімімізді одан сайын берік етеді. Сондай-ақ бұл Ехобаның ашқан шындығы кез келген нәрседен әлдеқайда қымбат екенін түсінуге көмектеседі.
5, 6. а) Шындықты қалайша тегін сатып алуымызға болады? Түсіндіріңіз. ә) Шындықтың бізге қандай пайдасы бар?
5 Бір нәрсе тегін берілсе, бұл оның құны жоқ екенін білдірмейді. Нақыл сөздер 23:23-тегі “сатып алу” деп аударылған еврей сөзі “иемдену” деген мағынаны да береді. Осы екі сөз де адам өзі бағалы деп санайтын нәрсені алу үшін күш салатынын немесе сол үшін өзге бір нәрседен бас тартатынын көрсетеді. Шындықты қалай сатып алуға болатынын түсіну үшін, бір дүкенде банан тегін беріліп жатқанын елестетіп көрейік. Сол банан дастарқанға өздігінен келе қалады деп ойлау қисынды ма? Әрине, жоқ. Біз дүкенге өзіміз барып, оны алып келуіміз керек. Банан тегін болғанмен, оны алу үшін күш салуымыз керек. Сол сияқты, шындықты білу үшін бізге ақшаның қажеті жоқ, бірақ бұл біздің тарапымыздан күш пен құрбандықты талап етеді.
6 Ишая 55:1—3 оқыңыз. Ехобаның бұл сөздері “шындықты сатып алу” деген нені білдіретінін түсінуге көмектеседі. Ол өз Сөзіндегі шындықты суға, сүтке және шарапқа теңеген. Салқын су шөліркеген адамды сергітетіндей, Құдай Сөзіндегі шындық та бізді солай сергітеді. Сүт сәбиге мықты болып өсуге көмектеседі. Сол секілді Киелі кітаптағы шындық Ехобамен қарым-қатынасымыздың мықты болуына көмектеседі. Сонымен қатар Ехоба шындық сөздерін шарапқа теңеген. Неге? Себебі Киелі кітапта шараптың адам жүрегін қуантатыны айтылған (Зәбүр 104:15). Сондықтан Ехоба бізге “шарап сатып ал” деуімен өмірде оның басшылығына жүгінсек, бақытты болатынымызды айтқысы келеді (Зәбүр 19:8). Осындай салыстырулар арқылы Ехоба шындықты білсек және білгендерімізді өмірде қолдансақ, пайдасын көретінімізді түсіндіргісі келеді. Олай болса, қазір шындықты қандай бес нәрседен “сатып алуға” болатынын қарастырайық.
ШЫНДЫҚТЫ НЕДЕН “САТЫП АЛЫП” ЖАТЫРСЫЗ?
7, 8. а) Шындықты білу үшін неге уақыт қажет? ә) Бір студент қандай құрбандықтарға барды және оның нәтижесі қандай болды?
7 Уақыт. Кейбір адамдар үшін Патшалық жайлы ізгі хабарды тыңдау, Киелі кітапты және оған негізделген әдебиеттерді оқу, Ехоба куәгерлерімен Киелі кітапты зерттеу, қауым кездесулеріне дайындалу мен оларға қатысуға біраз уақыт қажет. Мұны аса маңызды емес істерге жұмсалатын уақыттың есесінен алу керек (Ефестіктерге 5:15, 16 оқыңыз). Киелі кітаптағы негізгі шындықтарды үйрену үшін қанша уақыт қажет? Бұл әр адамның жағдайына байланысты. Ехобаның даналығын, жолдары мен істерін қанша зерттесек те, ешқашан түбіне жете алмаймыз (Римдіктерге 11:33). “Күзет мұнарасының” алғашқы санында шындық “нәзік гүлге” теңелген еді. Онда: “Біреуін тапқан соң, оны місе тұтпай, тағы да іздестіре беру қажет. Тап солай, біз де бір ғана шындықты қанағат тұтып қоймай, рухани қазынамызды шындықтарға байыта түсуге асық болуымыз керек”,— делінген. Сондықтан “Ехобаны қаншалықты жақсы танып-білдім?” деп ойланып көрейік. Мәңгілік өмірде де Ехоба туралы білім ешқашан сарқылмайды. Ал бүгін қолда бар уақытымызды пайдаланып, Ехоба жайлы барынша білім алғанымыз маңызды. Осылай еткен бір бауырластың мысалын қарастырайық.
Біз қолда бар уақытымызды пайдаланып, Ехоба жайлы барынша білім алғанымыз дұрыс
8 Марико * есімді жапониялық бір бойжеткен оқуға түсу үшін Америкаға көшіп барады. Бірде оның үйіне бір ізашар бауырласымыз келіп, ізгі хабармен бөліседі. Марико өз діні бар болса да, Киелі кітапты зерттеу сабағын бастайды. Үйреніп жатқандары оған қатты ұнағандықтан, бауырласымызға аптасына екі рет зерттегісі келетінін айтады. Марико оқуы мен жұмысынан қолы босамаса да, уақыт тауып қауым кездесулеріне бара бастайды. Ол шындық жайлы көбірек білу үшін көңіл көтеруге аз уақыт жұмсайтын болды. Осындай құрбандықтарға барғанның арқасында Марико Ехобаға жақындай түсті. Сөйтіп, бір жылға жетпей шомылдыру рәсімінен өтті. Ал жарты жылдан кейін, нақтылайтын болсақ, 2006 жылы ізашар болды. Ол әлі де сол қызметін атқарып жүр.
9, 10. а) Шындықты білгеніміз дүние-мүлікке деген ойымызды қалай өзгертеді? ә) Бір бойжеткен неден бас тартты және ол шешіміне өкінді ме?
9 Дүние-мүлік. Шындыққа терең тамыр жаю үшін бізге табысы жақсы жұмыстан не табысқа жеткізетін мансаптан бас тарту керек болатын шығар. Мысалы, Иса балықшы болған Петір мен Әндірді шәкірті болуға шақырғанда, олар кәсіптерін қалдырған (Матай 4:18—20). Әрине, шындықты білгені адамның міндетті түрде жұмыстан бас тартуы керек дегенді білдірмейді. Ол өзін және отбасын асырау үшін жұмыс істеу керек (Тімөтеге 1-хат 5:8). Алайда шындықты білгеннен кейін біздің дүние-мүлікке қатысты ойымыз өзгереді. Өйткені біз өмірде ненің шынымен маңызды екенін түсінеміз. Иса бізге: “Өздеріңе қазынаны жерде жинауды доғарыңдар!.. Қайта, қазынаны көкте жинаңдар!”— деген (Матай 6:19, 20). Мария есімді бойжеткен Исаның осы сөздеріне құлақ асқан.
10 Мария бала күнінен гольф ойнағанды жақсы көретін. Жоғары сыныпта оқып жүргенде, оның гольфтағы шеберлігі ұштала түседі. Сондықтан бір университет оған тегін оқуды ұсынады. Марияның өмірлік мақсаты кәсіби гольф ойыншысы болып, көп ақша табу еді. Кейін ол Киелі кітапты зерттей бастайды. Мария Киелі кітаптан білгендерін ұнатып, оларды өмірінде қолданады. Ол: “Көзқарасым мен өмірім Киелі кітап талаптарына сай болған сайын, бақытты бола түстім”,— деп бөлісті. Мария Ехобамен қарым-қатынасына және спортқа бірдей ден қоя алмайтынын түсінді (Матай 6:24). Сондықтан ол өз мақсатынан бас тартып, одан да жақсы нәрсені таңдады. Бүгінде Мария — ізашар. Ол: “Мен бақытты да мән-мағынаға толы өмір кешудемін”,— дейді.
Шындық үшін неден бас тартпайық, Иса оның орны еселеп толатынын уәде еткен
11. Шындықты білгеніміз өзгелермен қарым-қатынасымызға қалай әсер етуі мүмкін?
11 Өзгелермен қарым-қатынасымыз. Киелі кітаптан білгендерімізді іс-жүзінде қолдана бастағанда, туыстарымызбен және достарымызбен қарым-қатынасымыз өзгеруі мүмкін. Иса бұның себебін түсіндіріп кеткен. Ол ізбасарлары үшін айтқан дұғасында былай деген: “Оларды шындығың арқылы қасиетті ете көр. Сенің сөзің — шындық” (Жохан 17:17). “Қасиетті ету” деген сөз “бөліп алу” дегенді де білдіруі мүмкін. Біз шындықпен өмір сүре бастағанда, осы дүниеден бөлінеміз. Өйткені біз Киелі кітапта айтылғандарды ұстанамыз. Біз достарымызбен және туыстарымызбен жақсы арақатынаста болуға тырыссақ та, олардың бізге деген көзқарасы өзгеруі мүмкін. Тіпті кейбіреулері сенімімізге қарсы шығатын да шығар. Біз бұған таңғалмаймыз. Өйткені Иса: “Иә, адамға өз үй ішіндегілері дұшпан болады”,— деген (Матай 10:36). Десе де Иса шындық үшін неден бас тартпайық, оның орны еселеп толатынын уәде еткен! (Марқа 10:28—30 оқыңыз).
12. Аарон шындық үшін қандай құрбандыққа барды?
12 Еврей ұлтынан шыққан Аарон деген кісі Құдайдың есімін айтуға болмайды дегенге сеніп келген. Бірақ ол Құдай туралы шындықты қатты білгісі келеді. Бірде Ехоба куәгері оған еврейдің төрт дауыссыз әрпінен тұратын Құдайдың есіміне дауысты дыбыстарды қосқанда, оны “Ехоба” деп дыбыстауға болатынын көрсетеді. Мұны білген Ааронның қуанғаны сонша — ол бұл жайында раввиндерге айтады. Аарон “Құдайдың есімі туралы шындықты естігенде олар да қуанады” деп ойлайды. Бірақ олай болмай шықты. Раввиндер оның бетіне түкіріп, синагогадан қуып шықты. Ааронның жақындары да одан теріс айналды. Бірақ ол қарсылықтарға қарамай, Ехоба туралы білім алуын доғармады. Кейін ол Ехоба куәгері болып, өмірінің соңына дейін Ехобаға адал қызмет етті. Шындық үшін өзгелермен қарым-қатынасымыз өзгерсе, біз де таңғалмауымыз керек.
13, 14. Шындықты білген соң, ойымыз бен іс-әрекетімізде қандай өзгерістер жасау керек? Мысал келтіріңіз.
13 Жаман ойлар мен арам істер. Біз шындықты біліп, Киелі кітап талаптарына сай өмір сүре бастағанда, ойымыз бен іс-әрекетімізді өзгертуге дайын болуымыз қажет. Елші Петір былай деген: “Тілалғыш балалардай болып, Құдайды білмей тұрған кездеріңдегі қалауларың бойынша өмір сүруді қойыңдар... барлық іс-әрекеттеріңде киелі болыңдар” (Петірдің 1-хаты 1:14, 15). Ежелгі Қорынт қаласында адамдардың көбісі азғын өмір кешкен. Сондықтан олар Ехобаның көз алдында таза болу үшін үлкен өзгерістер жасау керек еді (Қорынттықтарға 1-хат 6:9—11). Бүгінде де шындықты білген адамдар өмірлерінде үлкен өзгерістер жасайды. Петір бұны былай сипаттаған: “Бұрынырақта сендердің басқа халықтар сияқты, өрескелдікке, нәпсіқұмарлыққа, маскүнемдікке беріліп, ырду-дырду той-думан құрумен, сылқия тойғанша жарыса ішумен, жиренішті пұттарға табынумен өмір кешкендерің жетеді” (Петірдің 1-хаты 4:3).
14 Девин мен Жасмин көп жыл бойы маскүнем болған. Девин тәжірибелі есепші болғанмен, маскүнемдігінің кесірінен жұмыстан шығып қала беретін. Ал жұрт Жасминді ашушаң, қатыгез деп білетін. Бір күні ол мас болып келе жатып екі миссионерді кездестіреді. Олар оған Киелі кітапты зерттеу сабағын ұсынады. Бірақ бір аптадан соң бауырластар олардың үйіне келсе, екеуі де ұрттап алған екен. Олар сол миссионерлерді шынымен келеді деп ойламаған еді. Куәгерлер келесі жолы келгенде, жағдай мүлдем басқаша болды. Девин мен Жасмин Киелі кітаптан білім алуға дайын отыр екен. Сөйтіп, олар білгендерін бірден өмірде қолдана бастады. Үш айдың ішінде олар ішкілікті қойып, кейін заңды некеге тұрды. Девин мен Жасминнің өзгергені ауылдастарының көбісіне әсер етіп, олар да Киелі кітапты зерттеуге ықылас танытты.
15. Шындықты білгенде, әсіресе қандай өзгерістерді жасау қиын және неге?
Мұсаның 5-жазбасы 14:1). Сонымен, қажетті өзгерістер жасауға не көмектеседі? Біз ежелде шындықты білген соң батыл өзгерістер жасаған адамдардан үйренсек болады. Солардың бірі — ертедегі Ефестегі мәсіхшілер.
15 Құдайға ұнамсыз әдет-ғұрыптар. Біз үшін ең үлкен әрі ең қиын өзгерістердің бірі — Ехобаға ұнамайтын әдет-ғұрыптарды тастау. Кейбіреулер тіпті Ехобаның әдет-ғұрыптарға деген көзқарасын біле түссе де, олардан үзілді-кесілді бас тартуға қиналып жатады. Олар ағайын-туыс, әріптестер мен достар не дейді деп уайымдайды. Өйткені олардың әдет-ғұрыптарды қатты ұстанатынын біледі, әсіресе мәселе марқұм кісілерді дәріптеуге келгенде (16. Ефестегі кейбір мәсіхшілер қандай құрбандықтарға барды?
16 Ертеде Ефес қаласында сиқырлықпен айналысу кәдімгі нәрсе болатын. Сиқырлықпен айналысқан адамдар мәсіхшілікті қабылдағаннан кейін не істеді? Киелі кітапта былай делінген: “Сиқырлықпен айналысқан көптеген адамдар кітаптарын әкеліп, жұрттың көзінше өртеп жіберді. Олардың құнын есептегенде, 50 000 күміс ақша болып шықты. Осылайша Ехобаның сөзі зор қарқынмен тарап, ықпалы арта берді” (Елшілердің істері 19:19, 20). Бұл адал мәсіхшілер өздерінің қымбат кітаптарынан арылуға дайын болды. Ал Ехоба бұл үшін оларға батасын төкті.
17. а) Шындық үшін қандай нәрселерден бас тартуымыз мүмкін? ә) Келесі мақалада қандай сұрақтар талқыланады?
17 Шындықты білу үшін біз қандай құрбандықтарға бардық? Барлығымыз бұл үшін уақытымызды жұмсадық. Кейбіріміз байлыққа жету мүмкіндігінен бас тарттық. Бәлкім, кейбір адамдармен қарым-қатынасымыз өзгерген шығар. Көбіміз ойымыз бен жүріс-тұрысымызды өзгерттік. Сондай-ақ Ехобаға ұнамсыз әдет-ғұрыптардан бас тарттық. Киелі кітаптағы шындық біз бас тартқан кез келген нәрседен әлдеқайда бағалы екеніне көзіміз жетті! Киелі кітаптағы шындықтың арқасында Ехобамен жақын қарым-қатынаста бола аламыз. Ал бұған еш нәрсе тең келмейді. Шындықтың арқасында көрген барлық баталарымыз жайлы ойланғанда, “Шындықты қалайша сатуға болады?” деген сұрақ еріксіз туындайды. Бұл қалай болуы мүмкін? Ешқашан мұндай үлкен қателікке бармау үшін не істесек болады? Бұл сұрақтардың жауабын келесі мақаладан білеміз.
^ 8-абзац Бұл мақалада кейбір есімдер өзгертілген.