Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

“Шындық жолыңда жүрейін”

“Шындық жолыңда жүрейін”

“Уа, Ехоба, мені өз жолыңа бағытташы. Шындық жолыңда жүрейін” (ЗӘБҮР 86:11).

ӘНДЕР: 31, 72

1—3. а) Киелі кітап шындықтарына қалай қарауымыз керек? Мысал келтіріңіз. (Мақаланың басындағы суреттерді қараңыз.) ә) Бұл мақалада нені қарастырамыз?

БҮГІНДЕ адамдар жиі дүкеннен бір затты сатып алып, кейін оны қайтарып жатады. Интернет арқылы сатып алынған заттардың қайтарылуы одан да жиі кездеседі. Адамдар алған заттары ойдағыдай шықпағандықтан не заттың қандай да бір ақауы бар болғандықтан қайтаратын шығар. Олар алған заттарын ауыстыруға, я болмаса ақшасын қайтарып алуға тырысады.

2 Біз Киелі кітаптағы шындықпен ешқашан бұлай етпейміз. Шындықты “сатып” алғаннан кейін, оны ешқашан “сатпауымыз” керек, яғни шындықты білгеннен кейін оны тастамауымыз қажет (Нақыл сөздер 23:23 оқыңыз; Тімөтеге 1-хат 2:4). Өткен мақалада қарастырғанымыздай, шындықты білу үшін біз көп уақыт жұмсадық. Сондай-ақ байлыққа жеткізетін мансаптан бас тарттық. Кейбір жақындарымызбен қарым-қатынасымызды өзгертуге тура келген шығар. Сонымен қатар ойымыз бен жүріс-тұрысымызды түзеттік. Ехобаға ұнамсыз әдет-ғұрыптардан бас тарттық. Бірақ шындықты білгеннің арқасында көретін баталарымыз біз бас тартқан кез келген нәрседен асып түсетініне сенімдіміз.

3 Иса асыл меруерт іздеген жиһанкез саудагер туралы мысал келтірген. Бұл саудагер өте құнды меруертті тапқанда, соны сатып алу үшін дереу өзінде бардың бәрін сатты. Мысалдағы сол меруерт Құдай Патшалығы жайлы шындықты білдіреді. Осылайша Иса шындықты іздеп тапқан адам үшін оның қаншалықты бағалы болатынын көрсетті (Матай 13:45, 46). Сол сияқты, біз де Құдай Патшалығы жайлы және Киелі кітаптағы басқа да құнды шындықтардың бәрін алғаш рет білгенде, оларды иемдену үшін өзіміздегі бардың бәрінен бас тартуға дайын болдық. Шындық біз үшін бағалы болып қала берсе, оны ешқашан тастап кетпейміз. Өкінішке қарай, Құдайдың кейбір қызметшілері шындықты бағаламай кеткен, ал өзге біреулері тіпті шындықтан кетіп қалған. Біз ешқашан бұндайға барғымыз келмейді! Біз “шындық жолында жүре” бергіміз келеді (Жоханның 3-хаты 2—4 оқыңыз). Бұл үшін шындықты бірінші орынға қойып, оны жүріс-тұрысымызбен көрсетуіміз қажет. Бірақ адам не үшін және қалай шындықты “сатуы” мүмкін? Шындықтан ешқашан кетіп қалмау үшін не істеуге болады? “Шындық жолында жүреміз” деген шешімімізде қалай берік тұра аламыз?

КЕЙБІРЕУЛЕР ШЫНДЫҚТЫ НЕГЕ ЖӘНЕ ҚАЛАЙ “САТАДЫ”?

4. Исаның күндерінде кейбір адамдар шындық жолымен неге жүрмей қойды?

4 Исаның күндерінде басында шындықты қабылдаған адамдардың кейбірі кейін шындықтан кетіп қалған. Мысалы, бірде Иса жиналған қалың жұртты керемет түрде тамақтандырды. Сосын сол адамдар Ғалилея теңізінің арғы бетіне дейін Исаға еріп барды. Бірақ Иса оларға: “Адам Ұлының тәнін жеп, қанын ішпесеңдер, өмірге ие болмайсыңдар”,— деді. Бұл сөздерді естіген халықтың төбе шашы тік тұрды. Олар Исадан бұл сөздердің мағынасын сұраудың орнына: “Мынау не деген сұмдық! Мұны кім тыңдап тұра алады?”— десті. Нәтижесінде, “шәкірттерінің көбі Исаның соңынан ермей, бұрынғы істеріне оралды” (Жохан 6:53—66).

5, 6. а) Кейбіреулер шындықтан не себепті кетіп жатады? ә) Қалайша адам шындықтан бірте-бірте ауытқуы мүмкін?

5 Өкінішке қарай, кейбіреулер шындықтан кетіп жатады. Неліктен? Біреулері Киелі кітаптың бір тармағына қатысты жаңа түсінікке келіспеген немесе көпке танымал бауырластың айтқан сөзіне не ісіне сүрінген. Я болмаса біреудің Киелі кітаптан берген кеңесін жақтырмағандықтан немесе қауымда біреумен қатты ренжісіп қалғандықтан шындықты тастаған. Кейбіреулер жолдан тайғандардың не қарсыластардың біз туралы айтқан жалған сөздеріне еріп кеткен. Бұл — кейбіреулердің өз еркімен Ехоба мен қауымнан неліктен алшақтайтынының бірнеше себебі ғана (Еврейлерге 3:12—14). Олардың елші Петір сияқты Исаға сенім артқандары дұрыс болар еді. Жұрт Исаның сөздерін естіп жағасын ұстағанда, ол елшілерінен: “Сендердің де кеткілерің келе ме?”— деп сұрады. Сонда Петір: “Ием, біз кімге бармақпыз? Мәңгілік өмірге жеткізетін сөздер сізде ғой”,— деп жауап берді (Жохан 6:67—69).

6 Өзгелер болса шындықтан бірте-бірте алшақтай бастайды. Бұны өздері де аңғармауы мүмкін. Шындықтан бірте-бірте ауытқып жатқан адамды жағалаудан біртіндеп алыстап бара жатқан қайықпен салыстыруға болады. Киелі кітап бізге шындықтан “ешқашан ауытқып кетпеуіміз” керектігін ескертеді (Еврейлерге 2:1). Көп жағдайда шындықтан ауытқып бара жатқан адам шындықтан кетуді көздемейді. Бірақ ол Ехобамен қарым-қатынасының әлсіреуіне жол береді, ал ақыр соңында одан айырылады. Осындай жағдайға тап болмас үшін не істесек болады?

ШЫНДЫҚТАН ЕШҚАШАН КЕТПЕУ ҮШІН НЕ ІСТЕУГЕ БОЛАДЫ?

7. Шындықты ешқашан “сатпауға” не көмектеседі?

7 Шындық жолында жүре беру үшін, Ехоба айтқан кез келген нәрсені қабылдап, оған мойынсұнуға тиіспіз. Шындық өмірімізде ең басты орында тұру керек және әр жағдайда Киелі кітап принциптеріне сай әрекет етуіміз қажет. Дәуіт патша Ехобаға: “Шындық жолыңда жүрейін”, — деп дұға еткен (Зәбүр 86:11). Дәуіт шындық жолында жүруге мықтап бекінген, біз де солай етуіміз керек. Егер бұлай етпесек, шындық үшін бас тартқан нәрселер жайлы ойлап кетуіміз не тіпті солардың кейбірін аңсай бастауымыз мүмкін. Бірақ Киелі кітап шындықтарының қайсысын қабылдап, қайсысын қабылдамауды өзіміз шеше алмаймыз. Біз “шындықты толық” қабылдауымыз қажет (Жохан 16:13). Алдыңғы мақалада шындықты біліп, соған сай өмір сүру үшін құрбан етуіміз мүмкін бес жайтты қарастырдық. Ал қазір сол артта қалған нәрселерге ешқашан қайта оралмау үшін не істеуге болатынын қарастырайық (Матай 6:19).

8. Мәсіхші шындықтан ауытқып кетпес үшін уақытын қалай жұмсай алады? Мысал келтіріңіз.

8 Уақыт. Шындықтан ауытқып кетпес үшін уақытымызды ақылмен жұмсағанымыз дұрыс. Абай болмасақ, көңіл көтеруге, сүйікті ісімізбен айналысуға, интернетті шарлауға не теледидар көруге тым көп уақыт жұмсап кетуіміз мүмкін. Бұлармен айналысқанда тұрған ештеңе жоқ. Десе де бұл істер Киелі кітапты зерттеуге және уағыздауға жұмсайтын уақытымызды ұрлауы мүмкін. Эммамен * осыған ұқсас жағдай орын алды. Ол бала күнінен аттарды жақсы көріп өсті. Қолы босай қалса, атқа мінуге әуес болды. Бірақ ол бұған тым көп уақыт жұмсап жүргенін байқап, өзін кінәлі сезінді. Сөйтіп, өміріндегі құндылықтарын өзгертті. Сондай-ақ Эммаға кезінде родеоға қатысқан Кори Уэллс бауырластың үлгісі де қатты әсер етті *. Эмма қазір көп уақытын Ехобаға қызмет етуге арнап жүр. Сондай-ақ Ехобаға қызмет ететін отбасы мен достарына көбірек уақыт бөледі. Ол өзін Ехобаға жақын сезініп, уақытын ақылмен жұмсап жүргеніне қуанады.

9. Қалайша дүние-мүлік өмірімізде басты орынға шығып кетуі мүмкін?

9 Дүние-мүлік. Шындық жолында жүре беру үшін, дүние-мүліктің өмірімізде басты орынға шығып кетуіне жол бермеуіміз керек. Шындықты білген кезде Ехобаға қызмет ету дүние-мүліктен анағұрлым маңызды екенін түсіндік. Шындық үшін материалдық жағынан құрбандықтарға баруға дайын болдық. Бірақ уақыт өте келе біз өзгелердің жаңадан шыққан электронды құрылғыларды немесе басқа да заттарды сатып алып жатқанын көрген шығармыз. Сондай кезде өзімізді бір нәрседен құр қалып жатқандай сезінуіміз мүмкін. Сөйтіп, қолымыздағы барға көңіліміз толмай, назарымызды Ехобаға қызмет етуге емес, материалдық нәрселерге тіге бастауымыз мүмкін. Бұл Димаспен болған жағдайды есімізге салады. Ол “осы дүниені жақсы көргені” сонша — елші Пауылмен бірге атқарған қызметін тастап кеткен болатын (Тімөтеге 2-хат 4:10). Бәлкім, Димас Құдайға деген қызметінен гөрі дүние-мүлікті көбірек жақсы көрген болар. Я болмаса ол Пауылмен бірге қызмет ету үшін бұрындағыдай құрбандықтарға барғысы келмеген шығар. Біз бұдан не үйренеміз? Мүмкін, бұрын біз де дүние-мүлікті жақсы көрген шығармыз. Абай болмасақ, бойымыздағы дүние-мүлікке деген қалау қайтадан күшейіп, шындыққа деген сүйіспеншілігімізді тұншықтыруы мүмкін.

10. Біз кімдердің әсеріне бой алдырмауымыз керек?

10 Өзгелермен қарым-қатынасымыз. Шындықта әрі қарай да жүре беру үшін Ехобаға қызмет етпейтін адамдардың бізге әсер етуіне жол бермеуіміз керек. Шындықты білген кезде біздің Куәгер емес достарымызбен және туыстарымызбен арақатынасымыз өзгерді. Бәлкім, солардың кейбірі нанымдарымызды құрметтесе, өзгелері қарсылық білдірген шығар (Петірдің 1-хаты 4:4). Әрине, біз жақындарымызбен жақсы қарым-қатынаста болуға және оларға мейірімділік танытуға барынша тырысамыз. Бірақ олардың көңілінен шығу үшін Ехобаның нормаларын аттап кете алмаймыз. Қорынттықтарға 1-хат 15:33-те айтылғандай, Ехобаны жақсы көретін адамдар ғана біздің жақын достарымыз болу керек.

11. Жаман ойлар мен арам істерден қалай аулақ бола аламыз?

11 Жаман ойлар мен арам істер. Шындық жолында жүру үшін біз Ехобаның көз алдында киелі, яғни таза болуға тиіспіз (Ишая 35:8; Петірдің 1-хаты 1:14—16 оқыңыз). Біз Киелі кітаптағы шындықты білген кезде ондағы талаптарға сай келу үшін өмірімізде өзгерістер жасадық. Кейбіріміз үлкен өзгерістер жасадық. Бірақ иеленген таза өмірімізді азғын өмірге айырбастап кетуден әрқашан аулақ болуымыз қажет. Азғындыққа қарсы тұруға бізге не көмектеседі? Ехоба бізді киелі ету үшін не істегені туралы ойлап көріңізші. Ол біз үшін өз Ұлы Иса Мәсіхтің өте бағалы өмірін қиды (Петірдің 1-хаты 1:18, 19). Ехобаның көз алдында киелі болып қалу үшін Исаның төлем құрбандығының қаншалықты құнды екенін ұмытпауымыз қажет.

12, 13. а) Мейрамдарға неге Ехобаның көзімен қарауымыз керек? ә) Қазір біз не қарастырамыз?

12 Құдайға ұнамсыз әдет-ғұрыптар. Жақындарымыз, әріптестеріміз бен сыныптастарымыз өздерінің мейрамдарын біздің де тойлағанымызды қалайтын шығар. Бізге Ехобаға ұнамсыз мейрамдар мен әдет-ғұрыптарға қатыспауға не көмектеседі? Бұл мейрамдар неліктен Ехобаға ұнамайтынын үнемі есте ұстауымыз қажет. Әдебиеттеріміздің көмегімен зерттеу жүргізіп, бұл мейрамдардың қайдан бастау алғанын есімізге салып отыруымыз керек. Осы мейрамдарды неге тойламайтынымыз жайлы ой жүгірткенде, “Иемізге ұнайтын” жолмен жүріп жатқанымызға сенімді боламыз (Ефестіктерге 5:10). Ехоба мен оның Сөзіне сенім артатын болсақ, “жұрт не ойлайды?” деп қорықпаймыз (Нақыл сөздер 29:25).

13 Біз шындықта мәңгі бақи жүре бергіміз келеді. Шындықта әрі қарай да берік тұруға не көмектеседі? Соның үш жолын қарастырайық.

ӘРІ ҚАРАЙ ДА ШЫНДЫҚТА БЕРІК ТҰРЫҢЫЗ

14. а) Киелі кітапты зерттей бергеніміз қалайша шындықта берік тұруға көмектеседі? ә) Бізге неге даналық, тәрбие мен түсінік қажет?

14 Біріншіден, Киелі кітапты әрі қарай да зерттеп, білгендеріңізді ой елегінен өткізе беріңіз. Осылай етуге әрдайым уақыт бөліңіз. Киелі кітапты неғұрлым көп зерттесек, шындыққа деген сүйіспеншілігіміз де соғұрлым артады, әрі шындық жолында қала беруге деген шешіміміз де берік бола түседі. Нақыл сөздер 23:23 “шындықты” және “даналықты, тәрбие мен түсінікті” сатып алуға шақырады. Киелі кітаптағы шындықты білгеніміз жеткіліксіз. Оны өмірімізде қолдануымыз керек. Түсінікке ие болу дегеніміз жаңадан үйренген нәрселерді бұрын білгендерімізбен байланыстыру дегенді білдіреді. Ал даналық бізді білгенімізге сай әрекет етуге талпындырады. Кейде шындық өзгеруіміз керек тұстарымызды көрсету арқылы бізді тәрбиелейді. Мұндай тәрбиеге бірден құлақ асуымыз керек. Киелі кітапта мұндай тәлім-тәрбие күмістен де артық делінген (Нақыл сөздер 8:10).

15. Шындық бізді қалайша белдік іспетті қорғай алады?

15 Екіншіден, күнде шындыққа сай өмір сүріңіз. Киелі кітапта шындық сарбаздың белдігіне теңеледі (Ефестіктерге 6:14). Ежелде белдік сарбаздың денесін тік ұстауға көмектесіп, қорғап тұрған. Бірақ ол үшін белдік адамның белін қысып тұру керек болған. Егер ол бос тұрса, оның еш пайдасы болмас еді. Қалай шындық бізді белдік іспетті қорғайды? Киелі кітап шындықтарын есімізде әрдайым мықтап ұстасақ, ол бізді жаман ойлардан қорғап, дұрыс шешім қабылдауға көмектеседі. Ауыр қиындықтарға кезігіп жүргенде немесе бұрыс істер жасауға азғырылғанда, Киелі кітап шындықтары бізге дұрыс нәрсені істеуге деген шешімімізді берік ұстануға көмектеседі. Сарбаз белдіксіз шайқасқа бармайтыны сияқты, біз де шындықты ешқашан тастамаймыз. Өмірдің әр саласында Киелі кітап шындықтарына құлақ асып жүргенімізге көз жеткізуіміз керек. Сарбаз белдігіне семсерін де салып қоятын. Біз бұны қалай істей аламыз, соны қарастырайық.

16. Шындықты өзгелерге үйреткеніміз қалайша шындық жолында жүре беруге көмектеседі?

16 Үшіншіден, Киелі кітаптағы шындықтарды барынша өзгелерге үйретіңіз. Киелі кітап семсерге теңеледі. Сарбаз семсерін мықтап ұстағаны сияқты, біз де Құдай Сөзін берік ұстануымыз қажет (Ефестіктерге 6:17). Бәріміз де “шындық сөзін дұрыс үйрететін” тәлімгер ретінде жақсара аламыз (Тімөтеге 2-хат 2:15). Өзгелерді үйрету үшін Киелі кітапты қолданғанда, шындықты одан сайын біле түсіп, оны жақсы көріп кетеміз. Сонда әрі қарай да шындық жолында жүруге деген шешімімізді берік ұстанамыз.

Шындық — Ехоба берген аса құнды сый

17. Шындықты не үшін бағалайсыз?

17 Шындық — Ехоба берген аса құнды сый. Осының арқасында көктегі Әкемізбен жақын қарым-қатынаста бола аламыз. Бұл — өміріміздегі ең бағалы нәрсе. Ехоба бізді осы күнге дейін көп нәрсеге үйретті. Бірақ бұл біз алатын білімнің бастамасы ғана! Ехоба бізге мәңгілік бойы тәлім беруді уәде етеді. Сондықтан шындықты асыл меруерт іспетті бағалаңыз. “Шындықты сатып ал, ешқашан сатпа оны” деген сөздерге әрі қарай да құлақ аса беріңіз. Сонда Дәуіт іспетті Ехобаға: “Шындық жолыңда жүрейін”,— дейтін боласыз (Зәбүр 86:11).

^ 8-абзац Есімі өзгертілген.

^ 8-абзац JW Broadcasting арнасындағы СҰХБАТТАР МЕН ӨМІРДЕ БОЛҒАН ОҚИҒАЛАР/ШЫНДЫҚ АДАМНЫҢ ӨМІРІН ӨЗГЕРТЕДІ деген жерді қараңыз.