Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Киіміңіз Құдайды дәріптей ме?

Киіміңіз Құдайды дәріптей ме?

“Бәрін Құдайды дәріптеу үшін істеңдер!” (ҚОРЫНТТЫҚТАРҒА 1-ХАТ 10:31).

ӘНДЕР: 34, 61

1, 2. Неге Ехоба куәгерлері әдепті киінуге тырысады? (Мақаланың басындағы суретті қараңыз.)

НИДЕРЛАНД ГАЗЕТІНДЕ өздерінің бір жиынында бас қосқан шіркеу дінбасылары жайлы: “Көбісінің күнделікті киетін киіммен келгені байқалады, әсіресе күн ыстықта”,— деп жазылды. Сондай-ақ онда: “Алайда Ехоба куәгерлерінің конгрестерінде мүлдем басқаша... Жігіттер мен ер кісілер костюм-шалбар киіп, галстук тағады, ал қыздар мен әйелдер ұзындығы жақсы, әйтсе де сәнді белдемше киеді”— деп мәлімделді. Иә, Ехоба куәгерлері “қарапайым да есті болып, жарасымды киінгендері” үшін және “Құдайға шын берілгенмін дейтін [адамдарға] лайық” сырт көрінісі үшін жиі мақтау сөздер естиді (Тімөтеге 1-хат 2:9, 10). Елші Пауыл мұнда әйелдер туралы айтқанмен, бұл принцип мәсіхші ер адамдарға да қатысты.

2 Әдепті киіну Ехобаның халқы ретінде өзіміз үшін де, біз ғибадат ететін Құдай үшін де өте маңызды (Мұсаның 1-жазбасы 3:21). Әлемнің Иесі Ехоба өз қызметшілерінің киім киісіне қатысты талаптар қойғаны Жазбалардан анық көрінеді. Сондықтан біз тек өзіміз қалағандай ғана емес, Әлемнің Әміршісі Ехобаға да ұнамды болатындай киінуіміз керек.

3. Құдайдың исраилдіктерге берген Заңынан киімге қатысты не білеміз?

3 Мұса Заңында исраилдіктерді айналадағы халықтардың азғын өмір салтынан қорғайтын ережелер болған. Заңнан Ехобаның ер мен әйелдің аражігін ажыратпайтын киімдерді жек көретіні көрінген. Бүгінгі заманда бұл унисекс үлгісіндегі киімдер деп аталады (Мұсаның 5-жазбасы 22:5 оқыңыз). Мұса Заңынан Ехобаның еркекті әйел, ал әйелді еркек сияқты көрсететін немесе әйел не еркек екенін ажыратуды қиындататын киім үлгілерін еш жаратпайтынын білеміз.

4. Мәсіхшілерге киімді даналықпен таңдауға не көмектеседі?

4 Құдай Сөзіндегі принциптер бізге киімді даналықпен таңдауға көмектеседі. Оларды тұратын еліміз, климатымыз бен мәдениетіміздің қандай болғанына қарамастан қолдануға болады. Бізге нені киюге болатыны, нені болмайтыны жайлы егжей-тегжейлі тізімнің қажеті жоқ. Біз бар болғаны Жазбалардағы принциптерге сай әрекет етуіміз керек, ал бұл принциптер өз талғамымызбен киінуге мүмкіндік береді. Ал енді киім таңдағанда “Құдайдың ізгі де ұнамды әрі кемелді еркіне не жататынын” анықтауға көмектесетін Киелі кітаптың кей принциптеріне тоқталып өтейік (Римдіктерге 12:1, 2).

“ӨЗІМІЗДІ ҚҰДАЙДЫҢ ҚЫЗМЕТШІСІ РЕТІНДЕ ТАНЫТАМЫЗ”

5, 6. Киіміміз өзгелерге қандай әсер қалдыру керек?

5 Қорынттықтарға 2-хат 6:4-те (оқыңыз) елші Пауыл рухтың жетелеуімен бір маңызды принципті жазып кеткен. “Киіміне қарап қарсы алады” демекші, адамдар сырт көрінісімізге қарап бізге баға беріп, қандай да бір пікір түзіп жатады (Самуилдің 1-жазбасы 16:7). Құдайдың қызметшілері болғандықтан, біз өзімізге ыңғайлы не көңілімізге жаққан киімді кие салмауымыз керектігін түсінеміз. Киелі кітаптан білген принциптерді қолданатын болсақ, денеге жабысып қалған, ашық-шашық не нәпсіні оятатын киімдерді кимейміз. Сондай-ақ дененің ұятты жерлерін айқындап тұратын киімдерге де жоламаймыз. Біздің киімімізден біреулер өзін ыңғайсыз сезініп немесе көзін басқа жаққа бұруға мәжбүр болмау керек.

Киіміміз таза да ұқыпты, қонымды әрі қарапайым болса, адамдар Әлемнің Әміршісі Ехобаның қызметшілері ретінде бізді құрметтеуі мүмкін

6 Киіміміз таза да ұқыпты, қонымды әрі қарапайым болса, адамдар бізді Әлемнің Әміршісі Ехобаның қызметшілері ретінде сыйлауы мүмкін. Сондай-ақ олар ғибадат етіп жүрген Құдайымыз жайлы көбірек білгісі келер. Лайықты сырт көрінісіміз ұйымымыздың да абыройын арттырады. Нәтижесінде адамдардың өмір сыйлайтын ізгі хабарға құлақ асуы да ғажап емес.

7, 8. Әсіресе қандай кездерде киіміміз лайықты болу керек?

7 Ехобаны және уағыздап жүрген хабарымызды ұлықтайтындай киіну — қасиетті Құдайымыздың, бауырластарымыз бен аумағымыздағы адамдардың алдындағы міндетіміз (Римдіктерге 13:8—10). Қауым кездесулеріне бару, уағызға шығу сияқты рухани іс-шараларға қатысқанда, киімімізге мән бергеніміз әсіресе маңызды. Біз “Құдайға шын берілгенмін дейтін [адамдарға] лайық” киінуіміз керек (Тімөтеге 1-хат 2:10). Әрине, бір жерде орынды болған киім, басқа жерде ала бөтен болып келіспеуі мүмкін. Сондықтан дүниенің төрт тарабында өмір сүретін Ехоба куәгерлері өзгелерді сүріндірмеу үшін жергілікті мәдениетпен санасады.

Өзгелер киіміңізге қарап, сиынатын Құдайыңызды құрметтеуге талпына ма? (7, 8-абзацты қараңыз)

8 Қорынттықтарға 1-хат 10:31 оқыңыз. Конгрестерімізге барған кезде, киіміміз қасиетті жиынымызға лайықты әрі қарапайым болу керек. Біз осы дүниенің шектен шыққан сән үлгісін қуудан аулақпыз. Бағдарламаға дейін де, кейін де, қонақүйге келгенде де, кеткенде де, киіміміздің қалай болса солай не алқам-салқам болмауын қадағалауымыз керек. Сонда Ехоба куәгері екенімізді мақтанышпен айтып, кез келген уақытта куәлік беруден қысылмаймыз.

9, 10. Неліктен Філіпіліктерге 2:4-тегі кеңес киім киісімізге әсер ету керек?

9 Філіпіліктерге 2:4 оқыңыз. Киіміміздің бауырластарымызға қалай әсер ететіні жайлы ойлану неліктен маңызды? Мұның бір себебі — Құдайдың халқы келесі кеңеске құлақ асу үшін барын салып жүр: “Топырақтан жаралған дене мүшелеріңнен туындайтын азғындық, арам істер, нәпсіқұмарлық... сияқты бейімділіктеріңді өлтіріңдер” (Қолостықтарға 3:2, 5). Бауырластарымыздың кейбірі бұрынғы азғын өмірлерін тастағанмен, жаман құмарлықтарымен әлі де күресіп жүрген шығар. Сондықтан киім киісімізге ықтият болмасақ, оларға Киелі кітаптағы осы кеңеске құлақ асып, құмарлықтарын жүгендеу одан сайын қиындай түсуі мүмкін (Қорынттықтарға 1-хат 6:9, 10). Әрине, біз олардың жағдайын қиындатқымыз келмес еді, солай емес пе?!

10 Бауырластарымыздың арасында болғанда, әдепті киімімізбен қауымның өнегелік жағынан кіршіксіз таза болуына үлес қосуымыз керек. Бұл кездесулерде де, басқа жерлерде де маңызды. Әрине, не киетінімізді таңдау өз еркімізде. Дегенмен әрқайсысымыздың мойнымызға келесідей жауапкершілік жүктеледі: киген киіміміз өзгелерге ойын, сөзі мен жүріс-тұрысын Құдайдың көз алдында таза сақтауға кедергі етпеу керек (Петірдің 1-хаты 1:15, 16). Шынайы сүйіспеншілік “әдепсіз емес, өзімшіл де... емес” (Қорынттықтарға 1-хат 13:4, 5).

ОРНЫМЕН КИІНУ

11, 12. Уағыздаушы 3:1, 17-дегі сөздер бізге парасатты болуға қалай көмектеседі?

11 Құдайдың қызметшілері киім таңдағанда, “әрбір істің, әрбір әрекеттің өз уақыты бар” екенін ескереді (Уағыздаушы 3:1, 17). Климаттың алуандығы, мезгілдің өзгеруі мен басқа да әртүрлі жағдайлар не киетінімізге әсер етуі мүмкін. Алайда ауа райы өзгергенмен, Ехобаның талаптары өзгермейді (Малахи 3:6).

Ехобаның талаптары өзгермейді

12 Ыстық мезгілде сыпайы да қарапайым киіну әсіресе қиынға соғатын шығар. Денеге тым жабысып тұратын, не ішінен бәрі көрінетін кең киімдерді кимесек, бауырластар мұны жоғары бағалайды (Әйүп 31:1). Сондай-ақ жағажайға не бассейнге барғанда, шомылуға арналған киіміміз де әдепті болу керек (Нақыл сөздер 11:2, 20). Осы дүниедегі адамдардың шомылуға арналған киімдері тым ашық-шашық болса да, біздің таңдауымыз қасиетті Құдайымыз Ехобаға даңқ әкелу керек.

13. Қорынттықтарға 1-хат 10:32, 33-тегі кеңес киім таңдауға қалай көмектеседі?

13 Киімді даналықпен таңдауға көмектесетін тағы бір маңызды принципке көңіл бөлейік. Біз бауырластарымыздың да, Ехобаға қызмет етпейтіндердің де ар-ұждандарына нұқсан келтіруден сақ болғанымыз жөн (Қорынттықтарға 1-хат 10:32, 33 оқыңыз). Өзгелерді сүріндіруі мүмкін киім-кешектен аулақ болу — біздің жауапкершілігіміз. Елші Пауыл: “Әрқайсысымыз өзгеге ұнайтынды, яғни оны рухани нығайтатын нәрсені істейік”,— деген. Сосын себебін келтіріп: “Өйткені Мәсіх те өзіне ұнайтынды істеген жоқ”,— деп қосты (Римдіктерге 15:2, 3). Иса Құдайдың еркін орындап, өзгелерге қол ұшын беруді өз қалауларынан жоғары қойған. Біз де солай етуіміз керек. Ендеше өзімізге қатты ұнаса да, адамдарға ізгі хабарды тыңдауға кедергі жасайтын киім үлгісінен бас тартамыз.

14. Ата-аналар балаларына киім киісімен Құдайды дәріптеуді қалай үйрете алады?

14 Балаларына Киелі кітап принциптерін ұстануды үйрету — мәсіхші ата-аналардың парызы. Бұған өздерінің де, балаларының да қарапайым киімімен және сырт келбетімен Құдайдың жүрегін қуантуға ұмтылғандары кіреді (Нақыл сөздер 22:6; 27:11). Ата-аналар балаларының бойына киелі Құдайымыз бен оның принциптеріне деген сый-құрметті қалай ұялата алады? Бұл үшін өздері жақсы үлгі көрсетулері керек. Сондай-ақ сүйіспеншілікпен балаларына пайдалы кеңестер беріп, лайықты киімді қайдан және қалай іздеу керектігін түсіндіргендері абзал. Балалар өздеріне ұнайтын киімді ғана емес, бұдан да маңыздысы, өз Құдайлары Ехобаны дәріптейтін киімді таңдаулары керек.

ТАҢДАУ ЕРКІНДІГІҢІЗДІ ДАНАЛЫҚПЕН ҚОЛДАНЫҢЫЗ

15. Киімге қатысты зерделі шешім қабылдауымызға не көмектеседі?

15 Киелі кітапта Құдайға даңқ әкелетін зерделі шешімдер қабылдауға көмектесетін нұсқаулар бар. Әйткенмен киген киімімізден жеке талғамымыз көрініп тұрады. Талғамымыз бен қалтамыздың қалыңдығына қарай киіміміз өзгелердікіне ұқсай бермейтін шығар. Бірақ, ең бастысы, ол таза да ұқыпты, қарапайым әрі жағдайға сай болу керек, сондай-ақ тұрғылықты жерде әбес көрінбегені жөн.

16. Лайықты киіну неге күш салуға тұрады?

16 Өкінішке қарай, қарапайым әрі мәсіхшіге лайықты киім оңайлықпен табыла бермейді. Дүкендердің көбісінде тек аты шулы киім үлгілері ғана сатылады. Сондықтан қарапайым белдемше, көйлек, жейде табу үшін немесе тырыспайтын костюм-шалбар таңдау үшін көп уақыт жұмсап, біраз әбігерге түсу керек болады. Бірақ жарасымды да лайықты киім киюге тырысып жүргеніміз бауырластардың назарынан тыс қалмайды әрі олар бұған дән риза болады. Киіміміздің көктегі Әкеміз Ехобаға мадақ әкелгенін көргенде, ерекше қанағатқа бөленеміз. Ал бұл барған кез келген құрбандығымыздан әлдеқайда асып түседі.

17. Ер бауырлас сақал қою-қоймауды шешкенде, қандай жайттарды ескеруі керек?

17 Ер бауырластардың сақал қойғаны орынды ма? Мұса Заңында ер адамдардан сақал қою талап етілген. Алайда мәсіхшілер бұл Заңды ұстануға міндетті емес (Мұсаның 3-жазбасы 19:27; 21:5; Ғалаттықтарға 3:24, 25). Кейбір елде ұқыппен қырқылған сақал мәдениетке қайшы болмауы мүмкін әрі бұл адамдарға ізгі хабарды тыңдауға кедергі жасамайтын шығар. Кей елдерде тағайындалған бауырластардың арасында да сақал қойғандары бар. Сөйтсе де кейбір ер бауырластар сақал қоймауды шешуі мүмкін (Қорынттықтарға 1-хат 8:9, 13; 10:32). Ал тағы бір елдерде сақал өсіру мәдениетке жат саналады, әрі мәсіхшілер үшін лайықсыз деп есептеледі. Мұндай жағдайда сақал қойғаны бауырласқа Құдайды дәріптеп, “кінәратсыз” болуға кедергі жасайды (Тімөтеге 1-хат 3:2, 7; Римдіктерге 15:1—3).

18, 19. Миха 6:8-дегі сөздер бізге қалай көмектеседі?

18 Бізді киіміміз бен сырт көрінісімізге қатысты ұзын сонар тізіммен шектеп қоймағаны үшін Ехобаға риза емеспіз бе?! Ол бізге таңдау еркіндігін қолданып, Киелі кітап принциптеріне негізделген дана шешімдер қабылдауға мүмкіндік беріп отыр. Осылайша киім мен сыртқы сымбатымызға келгенде де, “Құдайымыздың жолында қарапайым болып жүргіміз” келетінін көрсете аламыз (Миха 6:8).

19 Қарапайым болсақ, Ехобаның киелі әрі қасиетті екенін, сондай-ақ өмірімізге ең керемет басшылықты ол ғана бере алатынын мойындаймыз. Егер қарапайым да кішіпейіл болғымыз келсе, өмірімізде оның принциптерін ұстанамыз. Сонымен қатар қарапайым болсақ, өзгелердің сезімдері мен көзқарастарын құрметтейтін боламыз.

20. Киіміміз бен сырт көрінісіміз өзгелерге қандай әсер қалдыру керек?

20 Киген киімімізден Ехобаның қызметшілері екеніміз тайға таңба басқандай көрініп тұру керек. Ехобаның жоғарғы нормалары бар, біз оларды ұстанып өмір сүруге қуаныштымыз. Өздерінің сырт көріністері мен жүріс-тұрыстары арқылы Киелі кітаптағы хабарды ақжүрек адамдарға тартымды етіп жүрген бауырластарымыз мақтауға әбден лайық! Осылай олар Ехобаны мадақтап, жүрегін қуантуда. Киімді даналықпен таңдаған сайын, біз “абырой мен салтанатты киімдей киген” Ехобаға мадақ әкеле береміз (Зәбүр 104:1, 2).