Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Ехобаға еліктеп, өзгелердің сезімін ескеріңіз

Ехобаға еліктеп, өзгелердің сезімін ескеріңіз

“Бейшараның қамын ойлайтын адам бақытты” (ЗӘБҮР 41:1).

ӘНДЕР: 130, 107

1. Ехоба куәгерлерінің бір-бірін жақсы көретіндері неден байқалады?

ДҮНИЕНІҢ түкпір-түкпірінде тұратын Ехоба куәгерлері бір үлкен отбасын құрайды. Олар бір-бірін туған бауырлардай жақсы көреді (Жоханның 1-хаты 4:16, 21). Олар бауырластарына деген сүйіспеншіліктерін жиі үлкен істерімен емес, күнделікті майда-шүйде істерімен көрсетеді. Мәселен, олар бір-біріне жақсы сөздер айтып, мейірімділікпен қарайды. Осылай адамдардың сезімдерін ескеру арқылы біз көктегі Әкемізге еліктейміз (Ефестіктерге 5:1).

2. Иса Әкесінің сүйіспеншілігіне қалай еліктеген?

2 Иса Ехобаға кемелді түрде еліктеген. Ол әрқашан да адамдарға мейіріммен қараған. Иса былай деген: “Бейнет шеккендер мен еңселерін ауыр жүк басқандар, барлығың да маған келіңдер, мен жандарыңды сергітемін” (Матай 11:28, 29). Исаға еліктеп, “бейшараның қамын ойлайтын” болсақ, Ехобаны да қуантамыз, өзіміз де қуанамыз (Зәбүр 41:1). Осы мақаладан біз отбасымыздағылардың, қауымдағы бауырластардың, қызметте кездестіретін адамдардың сезімін қалай ескере алатынымызды білеміз.

ОТБАСЫНДА

3. Күйеуі әйелінің сезімін қалай ескере алады? (Мақаланың басындағы суретті қараңыз.)

3 Күйеулер отбасына үлгі болып, олардың қамын ойлайтынын көрсету керек (Ефестіктерге 5:25; 6:4). Киелі кітапқа сай, күйеулер әйелдерінің “сезімін ескеріп, түсінікпен қарауы” тиіс (Петірдің 1-хаты 3:7, сілтеме). Әйеліне түсінікпен қарайтын күйеу араларындағы өзгешеліктер көп екенін білсе де, өзін әйелінен артық санамайды (Мұсаның 1-жазбасы 2:18). Ол әйелінің сезімдерін ескереді және оның қадірін түсірмей, құрмет көрсетеді. Канададағы бір әйел бауырлас өзінің күйеуі жайлы былай дейді: “Ол ешқашан менің сезімдерімді аяқасты етіп, маған “Не болды сонша?” деп айтпайды. Ол мені жақсы тыңдайды. Көзқарасымды түзету керек болғанда, маған мейіріммен сөйлейді”.

Күйеуі жарына адалдық сақтайды, өйткені оны жақсы көреді, ал жамандықты жек көреді

4. Жұбайының сезімін ескеретін күйеу өзге әйелдерге қалай қарайды?

4 Әйелінің сезімін ескеретін күйеу ешқашан өзге әйелдерге қырындамайды. Я болмаса оларға жеке болса да, әлеуметтік желі не ғаламтор арқылы болса да, орынсыз қызығушылық танытпайды (Әйүп 31:1). Сондай-ақ ол мазмұны тұрпайы сайттарға кірмейді. Ол жарына адалдық сақтайды. Өйткені әйелін де, Ехобаны да жақсы көреді, ал жамандықты жек көреді (Зәбүр 19:14; 97:10 оқыңыз).

5. Әйелі қалай күйеуінің сезімдерін ескереді?

5 Күйеу Исаға, сүйіспеншілікпен үлгі қалдырған басшысына еліктесе, әйеліне оған “зор құрмет көрсету” оңайырақ болады (Ефестіктерге 5:22—25, 33). Күйеуі қауым істерінен қолы босамай жатқанда я қандай да бір қиын мәселеге кезіккенде, жұбайын құрметтейтін әйел оның сезімдерін түсініп, мейірімді болуға тырысады. Британиядағы бір ер бауырлас былай дейді: “Кейде әйелім көңіл күйімнен-ақ мені бір нәрсе мазалап жүргенін байқап қояды. Ол Нақыл сөздер 20:5-тегі принципті қолданып, мені мазалаған нәрсе құпия болмаса, ойымды “тартып шығарудың” ретін іздейді. Қажет болса, қолайлы уақытты күте тұрады”.

6. Балаларға басқалардың қамын ойлап, мейірімді болуды әрқайсысымыз қалай үйрете аламыз және олар бұның қандай пайдасын көреді?

6 Ерлі-зайыптылар бір-бірінің сезімдерін ескеретін болса, балаларына жақсы үлгі көрсетеді. Бұған қоса, олар балаларына өзгелерді құрметтеуді және мейірімді болуды үйретулері керек. Мысалы, ата-аналар балаларға Патшалық сарайында жүгіруге болмайтынын айтып түсіндірсе болады. Я болмаса көпшілік бас қосқанда, алдымен үлкендер тамақтарын салып алғанша, күте тұру керектігін үйретсе болады. Осы орайда қауымдағы әрбіріміз ата-аналарға қолғабыс ете аламыз. Балалар қандай да бір жақсы іс істесе, мысалы бізге есік ашып берсе, оны мақтасақ болады. Бұдан бала мәз-мейрам болып, “алғаннан гөрі берген бақытты” екенін түсінетін болады (Елшілердің істері 20:35).

ҚАУЫМДА

7. Иса саңырау адамның сезімін қалай ескерді және оның үлгісінен қандай сабақ аламыз?

7 Бірде Иса Декаполис аймағында болғанда, “адамдар оған саңырау әрі тілі мүкіс біреуді әкелді” (Марқа 7:31—35). Бірақ Иса оны жұрттың көзінше сауықтырмады. Ол неге бұлай істеді? Бәлкім, әлгі адам саңырау болғандықтан, көпшіліктің ортасында өзін ыңғайсыз сезінген шығар. Иса оның сезімдерін түсінгендіктен, оны “жұрттан былайырақ алып шығып”, оңаша жерде сауықтырды. Әрине, біз керемет жасай алмаймыз. Десе де біз бауырластарымыздың қажеттіліктері мен сезімдерін ескеріп, оларға мейірімді болуымыз керек. Елші Пауыл: “Сүйіспеншілікке және игі істерге талпындыру үшін, бір-бірімізге көңіл бөлейік”,— деп жазған (Еврейлерге 10:24). Иса саңырау адамға түсінушілікпен қарап, оған мейірімділік танытты. Не деген тамаша үлгі десеңізші!

Сүйіспеншілік бізді қарт немесе мүмкіндігі шектеулі бауырластарға қолымыздан келгенше көмектесуге талпындырады

8, 9. Қарт және мүмкіндігі шектеулі бауырластарға қалай қамқор бола аламыз? (Мысалдар келтіріңіз.)

8 Қарттар мен мүмкіндігі шектеулі бауырластардың сезімдерін ескеріңіз. Мәсіхшілер қауымының ең басты ерекшелігі — көп жетістікке жететіндері емес, олардың танытатын сүйіспеншіліктері (Жохан 13:34, 35). Сүйіспеншілік бізді қарт немесе мүмкіндігі шектеулі бауырластарға қолымыздан келгенше көмектесіп, оларды қауымға апаруға және уағызға алып шығуға талпындырады. Бұл бізге ыңғайсыз болса да, я болмаса олар басқалар сияқты көп нәрсе істей алмаса да, біз оларға қол ұшын беруден аянбаймыз (Матай 13:23). Мүгедек арбасымен жүретін Майкл бауырлас отбасындағылардың және қауымдағы бауырластардың көмегіне зор алғысын білдіреді. Ол былай дейді: “Бәрі жұмылып көмектескенінің арқасында мен кездесулердің бәріне дерлік қатысып, жүйелі түрде қызметке шыға аламын. Мен әсіресе көпшілік орындарда уағыздауды жақсы көремін”.

9 Көптеген Бетелдерде қарт немесе мүмкіндігі шектеулі адал бауырластарымыз бар. Бетелдегі қамқор бақылаушылар олардың хат және телефон арқылы уағыздауына жағдай жасап, сүйіспеншіліктерін көрсетуде. 86 жастағы Билл бауырлас алыс аймақтардағы адамдарға хат жазады. Ол былай дейді: “Біз адамдарға хат жазу арқылы уағыздау мүмкіндігін қатты бағалаймыз”. Ал 90-ға келіп қалған Нэнси бауырласымыз: “Хат жазу мен үшін жай уақыт өткізудің амалы емес. Бұл — өте маңызды қызмет түрі. Адамдарға шындықты жеткізу керек!”— дейді. 1921 жылы туылған Этель бауырлас: “Ауырмайтын күнім жоқ. Кей күндері киінуге де әлім жетпейді”,— дейді. Соған қарамастан ол телефонмен уағыздағанды қатты жақсы көреді. Оның сөйлесіп тұратын бірнеше адамдары бар. 85 жастағы Барбара бауырлас: “Денсаулығым нашар болғандықтан, өзгелер сияқты уағызға шыға алмаймын. Бірақ мен телефон арқылы адамдарға куәлік ете аламын. Осы үшін Ехобаға рақметімді айтамын!”— дейді. Сол Бетелдегі аяулы қарт бауырластарымыз бір жылға жуық уақыт аралығында қызметке 1228 сағат жұмсады, 6265 хат жазды, 2000-нан аса адамға қоңырау шалып, 6315 әдебиет үлестірді! Олардың ерен еңбектерін көріп, Ехобаның қатты қуанғанында сөз жоқ! (Нақыл сөздер 27:11).

10. Бауырластар қауым кездесулерінің барынша пайдасын көру үшін не істеуіміз керек?

10 Қауым кездесулерінде өзгелердің сезімдерін ескеріңіз. Бауырластардың сезімін ескеру арқылы біз оларға қауым кездесулерінің барынша пайдасын көруге көмектесеміз. Қалайша? Мұның бір жолы — бауырластарды алаңдатпау үшін кездесулерге уақытында келу. Әрине, кейде күтпеген жағдайлар болып, кешігіп қалуымыз мүмкін. Десе де жиі кешіге беретінімізді байқасақ, бұл бауырластарға қалай әсер ететінін және олардың қамын ойлау үшін қай жағынан өзгере алатынымыз туралы ойланғанымыз жөн. Бізді қауым кездесулеріне шақырған Ехоба мен Иса екенін де ұмытпауымыз керек (Матай 18:20). Кездесуге уақтылы келу арқылы оларға құрмет танытайық!

11. Қауымда тапсырмамен шығатын ер бауырластар неге Қорынттықтарға 1-хат 14:40-тағы нұсқауға құлақ асу қажет?

11 Біз бауырластардың сезімдерін ескеру арқылы Киелі кітаптағы: “Барлығы лайықты әрі тәртіппен болсын!”— деген нұсқауға мойынсұнатынымызды көрсетеміз (Қорынттықтарға 1-хат 14:40). Қауымда сахнаға шығатын ер бауырластар тапсырмасын уақтылы аяқтауларымен осы нұсқауға құлақ асатындарын көрсетеді. Осылайша олар өзінен кейін шығатын баяндамашының ғана емес, бүкіл қауымның қамын ойлайтынын көрсетеді. Егер кездесу кеш бітсе, бұл бауырластарға қалай әсер етуі мүмкін? Кей бауырластар үйге жету үшін көлікпен ұзақ жол жүру керек. Өзгелеріне автобусқа үлгеру керек немесе үйге дейін біраз жаяу жүру керек. Ал кейбір бауырластардың сенбейтін жұбайлары үйде күтіп отырады.

12. Ақсақалдар неге біздің құрметіміз бен сүйіспеншілігімізге лайық? (“ Басшылықты қолға алғандардың сезімдерін ескеріңіз” деген қоршауды қараңыз.)

12 Ақсақалдар қауымда және қызметте ауыр еңбек ететіндіктен, біздің құрмет пен сүйіспеншілік танытуымызға лайық (Салоникалықтарға 1-хат 5:12, 13 оқыңыз). Олардың сіздің игілігіңіз үшін атқарып жүрген қызметіне риза екеніңіз сөзсіз. Сіз ризашылығыңызды оларға мойынсұну және қолдау арқылы көрсете аласыз. Өйткені олар сіздің “қамыңызды ойлайды, әрі бұл үшін есеп береді” (Еврейлерге 13:7, 17).

ҚЫЗМЕТТЕ

13. Исаның адамдарға көрсеткен жанашырлығына қалай еліктей аламыз?

13 Ишая Иса туралы мынадай пайғамбарлық айтқан: “Майысқан қамысты сындырмайды, Қоңырси жанған білтені де сөндірмейді” (Ишая 42:3). Адамдарды жақсы көргендіктен, Исаның оларға жаны ашыған. “Майысқан қамыс” пен “қоңырси жанған білте” сияқты дәрменсіз, жабырқаған адамдардың жан жарасын түсінгендіктен, Иса оларға мейірімділік пен шыдамдылық танытқан. Кішкентай балалар да оны жақсы көрген (Марқа 10:14). Әрине, адамдарды дәл Иса сияқты түсініп, тәлім беру қолымыздан келмейді. Бірақ уағызда адамдармен қалай сөйлесетініміз, оларға қашан баратынымыз және қанша уақыттарын алатынымыз олардың сезімін ескеретінімізді көрсетеді. Бұл үшін не істеуіміз керек?

Адамдарға айтатын сөздерімізден және сөйлеу мәнерімізден мейірімділік есіп, оларға жақсылық тілейтініміз көрініп тұру керек

14. Неліктен адамдармен қалай сөйлесетінімізге мән беруіміз керек?

14 Адамдармен қалай сөйлесуіміз керек? Қазіргі кезде миллиондаған адам сауда-саттық әлемінің, саясаткерлердің, діни жетекшілердің жемқорлығы мен қатыгездігінің кесірінен “азып-тозып, бейшара күйге” ұшыраған (Матай 9:36). Ақырында олар бәрінен күдер үзіп, ешкімге сенбейтін болған. Сондықтан да біздің айтатын сөздерімізден және сөйлеу мәнерімізден мейірімділік есіп, оларға жақсылық тілейтініміз көрініп тұру керек. Көп жағдайда Киелі кітапты шебер қолданып қана қоймай, адамдарға шын пейілмен көңіл бөліп, сый-құрмет танытқанымыз олардың хабарымызға құлақ асуына түрткі болып жатады.

15. Қызметте адамдардың сезімін ескерудің қандай жолдары бар?

15 Уағыздаған кезде адамдардың сезімін ескерудің жолдары өте көп. Мысалы, оларға сұрақ қойғанда, ізеттілік пен мейірімділік танытуымыз қажет. Адамдардың көбісі ұялшақ келетін аймақта қызмет ететін бір ізашар осылай етеді. Ол адамдар жауабын білмей, ыңғайсызданып қалатын сұрақтарды қоймайды екен. “Құдайдың есімін білесіз бе?”, “Құдай Патшалығы деген не екенін білесіз бе?” деген сұрақтардың орнына, ол: “Мен Киелі кітаптан Құдайдың есімі бар екенін білдім. Сізге де көрсетсем бола ма?”— деп айтады. Әр жердің мәдениеті мен халқы әртүрлі болғандықтан, бұл әдіс бәріне тура келе бермейтін шығар. Әйтсе де біз әрқашан да аймағымыздағы адамдарға мейірімді болып, сый-құрмет танытуға тиіспіз. Бұл үшін оларды жақсылап біліп алғанымыз жөн.

16, 17. Адамдарға мейірімділік таныту үшін, а) оларға қай уақытта барған дұрыс? ә) олармен қанша уақыт сөйлесуіміз керек?

16 Адамдарға қай уақытта барған дұрыс? Бізді үйлеріне шақырмағандықтан, адамдар бізді келеді деп күтпейді. Сол себепті олар сөйлесуге көбірек ыңғай танытатын уақытта барғанымыз өте маңызды (Матай 7:12). Мәселен, сіз тұратын жерде адамдар демалыс күндері көбірек ұйықтағанды жақсы көретін шығар. Олай болса, таңертең көшеде, көпшілік орындарда, не бізбен сөйлесуге мүмкіндігі болатын қызығушыларға уағыздаған дұрыс болар.

17 Қанша уақыт сөйлесуіміз керек? Адамдардың уақыты өте аз болғандықтан, бастапқы кездері олармен қысқаша сөйлескеніміз жөн болар. Тым ұзақ отырып алғаннан гөрі, қысқаша әңгімелескеніміз тиімдірек болады (Қорынттықтарға 1-хат 9:20—23). Адам қолы бос емес екенін ескеріп жатқанымызды байқаса, келесі жолы бізбен әңгімелесуге көбірек ықылас танытуы мүмкін. Қызметте киелі рухтың жемісіне жататын қасиеттерді танытсақ, шынымен де “Құдаймен қызметтес” бола аламыз. Тіпті біз арқылы Ехоба біреуді шындыққа әкелуі мүмкін! (Қорынттықтарға 1-хат 3:6, 7, 9).

18. Өзге адамдардың сезімін ескерсек, қандай батаға кенелеміз?

18 Ендеше, отбасындағылардың, бауырластардың және қызметте кездестіретін адамдардың сезімдерін ескеру үшін барымызды салайық. Мұның батасын қазір де, болашақта да көреміз. Зәбүр 41:1, 2-де былай айтылған: “Бейшараның қамын ойлайтын адам бақытты, Басына күн туғанда, Ехоба оны құтқарады. Ехоба оны қорғап, аман сақтайды. Ол бақытты адам деп жарияланады”.