Құдай Тағаланың нендей ой-мақсаты бар?
Басына қиындық бұлты торлағанда, адам жан досы қасынан табылып, қол ұшын береді деп үміттенері хақ. Осыны ескерсек, өмірде қиыншылық көріп жүрген кейбір адамдар: “Құдай Тағаланы қалай дос деп айта аласың? Ол мен үшін ештеңе істеп жатқан жоқ қой”,— деп жатады. Ақиқатында, Алла Тағала біз үшін көп жақсылық жасап қана қойған жоқ, ол бар тауқыметіміз бен қасіретімізден арылту үшін бір қарекет жасамақ. Оның нендей ой-мақсаты бар?
ЗҰЛЫМДЫҚ АТАУЛЫНЫҢ ТҮБІНЕ БАЛТА ШАБАДЫ
Құдай Тағала зұлымдық атаулыны жою үшін оның түп көзін құртпақ. Киелі жазбалар: “Бүкіл дүние Шайтанның билігінде”,— деп, зұлымдықтың түп көзін аян еткен (Жоханның 1-хаты 5:19). Иса пайғамбар да Шайтан Ібілісті “осы дүниенің билеушісі” деп атаған (Жохан 12:31). Осы Шайтанның адамзатқа тигізіп жатқан ықпалы жер бетіндегі аянышты хал-ахуалдың түптамыры болып отыр. Ал бұл орайда Құдай Тағала не істемек?
Ол жуырда Иса Мәсіх арқылы әрекет етіп, Ібілістің көзін құртады (Еврейлерге 2:14; Жоханның 1-хаты 3:8). Негізі, Киелі жазбаларда айтылғандай, Ібілістің өзі де жойылатын “уақытының аз қалғанын біледі” (Аян 12:12). Құдай сондай-ақ күллі зұлымдықпен қоса, зұлымдық жасаушыларды да жояды (Зәбүр 37:9; Нақыл сөздер 2:22).
ЖЕР БЕТІН ЖҰМАҚҚА АЙНАЛДЫРАДЫ
Зұлымдықтың тамырына балта шапқан соң, Жаратушымыз адамзат пен жерге байланысты өзінің о бастағы ой-мақсатын жүзеге асыруға кіріседі. Олай болса, алда бізді не күтіп тұр?
Таусылмас тыныштық пен қауіпсіздік. “Момындар жерді мұра етеді, Керемет тыныштық орнағанын көріп, шаттыққа кенеледі” (Зәбүр 37:11).
Аста-төк нәрлі тағам. “Жер бетіне астық мол шығады, Таулардың басында да ағыл-тегіл болады” (Зәбүр 72:16).
Жайлы баспана мен жанды жадырататын жұмыс. “Жұрт үйлер салып, соларға қоныстанады, Жүзімдіктер отырғызып, жемісін жейтін болады... Таңдаулыларым еңбектерінің рақатын көреді” (Ишая 65:21, 22).
Сіз осындай өмірді аңсайсыз ба? Жақында барша жанның таңы осылай атып, күні осылай бататын болады.
АУРУ МЕН ӨЛІМДІ ЖОҚ ҚЫЛАДЫ
Бүгінде ауырмайтын, өлмейтін пенде жоқ, бірақ бұл мәңгі жалғаспайды. Құдай Тағала жуырда Иса пайғамбардың төлем құрбандығы беретін игіліктерді жүзеге асырады. Сонда “оған сенген әркім жойылмай, мәңгілік өмірге ие бола алады” (Жохан 3:16). Енді осыған тоқталып өтейік.
Ауру деген атымен құриды. “Ешкім: “Мен науқаспын”,— демейтін болады. Ел тұрғындарының күнәлары кешіріледі” (Ишая 33:24).
Өлім бұдан былай ешкімді жалмамайды. “Өлімді біржола жоқ қылады, Әлемнің Әміршісі Ехоба барлық көз жасты сүртеді” (Ишая 25:8).
Адамдар мәңгі жасайды. “Құдайдың сыйы — Иеміз Мәсіх Иса арқылы берілетін мәңгілік өмір” (Римдіктерге 6:23).
Марқұмдар өмірге қайта оралады. “Құдай әділдерді де, әділетсіздерді де қайта тірілтеді” (Елшілердің істері 24:15). Төлем құрбандығының арқасында өмірден озғандар қайта тіріледі.
Құдай Тағала мұның бәрін қалай жүзеге асырады?
МІНСІЗ ҮКІМЕТ ОРНАТАДЫ
Жаратушымыз адамзат пен жерге қатысты әуел бастағы ой-ниетін көктегі үкімет арқылы іске асырады. Ол осы үкіметтің Билеушісі етіп Иса Мәсіхті тағайындаған (Зәбүр 110:1, 2). Кезінде Иса пайғамбар ізбасарларына осы үкімет, яки патшалық, туралы “Көктегі Әкеміз,.. Сенің Патшалығың келсін!” деп дұға етуді үйреткен (Матай 6:9, 10).
Құдай Патшалығы бүкіл жер бетіне билік жүргізіп, оны күллі зұлмат пен қасіреттен арылтады. Әлемде бұл Патшалыққа тең келер үкімет жоқ! Сол себептен де Иса пайғамбар жер бетінде болғанда, “Патшалық туралы ізгі хабарды уағыздауда” алдына жан салмаған. Ол ізбасарларына да осы істі атқаруды аманаттаған (Матай 4:23; 24:14).
Пенделеріне деген махаббаты орасан зор болғандықтан, Ехоба Құдай олар үшін осы ғанибет нәрселерді жасауды уәде етуде. Бұл жайт, әсте, адамда Құдай Тағаланы танып, оған жақындай түсуге деген ниет оятар. Егер сізде де осындай ниет пайда болса, мұның берер игілігі қандай? Келесі мақала осыған арналады.
ҚҰДАЙДЫҢ НЕНДЕЙ ОЙ-МАҚСАТЫ БАР? Ол ауру мен өлімді жояды; адамзатты өзінің Патшалық үкіметінің қол астына біріктіреді; жер бетін жұмаққа айналдырады