Құдай Тағаланы танудың берер игілігі қандай?
Біз “Құдай қандай?” деген сұраққа жауап алуға тырыстық. Ең алдымен, Киелі кітаптан Құдай Тағаланың есімі Ехоба екенін, оның ең асқақ қасиеті сүйіспеншілік екенін білдік. Сондай-ақ оның адамзат үшін нендей жақсылық жасағанын, болашақта нендей жақсылық жасайтынын көрдік. Алайда Құдай жайында білерімізден білмесіміз көп. Құдайды тани түсудің сізге берер игілігі қандай?
Киелі жазбаларда: “Егер [Құдайды] іздейтін болсаң, ол өзін табуыңа мүмкіндік береді”,— деген сөздер бар (Шежірелер 1-жазба 28:9). Демек, Құдайды іздесеңіз, теңдессіз сыйға ие боласыз: Құдай Тағаланың досы аталасыз (Зәбүр 25:14). Мұндай достықтың құндылығы неде?
Шынайы бақытқа кенелесіз. Ехоба — бақытты Құдай (Тімөтеге 1-хат 1:11). Құдай Тағалаға етене жақын болып, оның жолын ұстансаңыз, сіз де бақытқа қол жеткізесіз. Ал бұл тән саулығы мен жан саулығына жақсы ықпал етеді (Зәбүр 33:12). Сонымен қатар бақытты ғұмыр кешу үшін Құдай зиянды әдеттерден қашық болып, салауатты әдеттерге асық болуға әрі өзгелермен жақсы қатынаста болуға көмектеседі. Нәтижесінде біз де Құдайдың бір қызметшісі айтқан мына сөздерге қосыла аламыз: “Құдайға жақын болғаным қандай игі!” (Зәбүр 73:28).
Құдайдың қамқорлығына бөленесіз. Ехоба Құдай өзіне құлшылық ететіндерге былай деп уәде етеді: “Сені көзімнен таса қылмай, ақыл-кеңес беремін” (Зәбүр 32:8). Басқаша айтқанда, Ехоба олардың әрқайсысын өз көлеңкесіне алып, қажетімен қамдайды (Зәбүр 139:1, 2). Ехоба Құдаймен жақын дос болсаңыз, ол әрдайым жаныңыздан табылады.
Жарқын болашаққа үміттене аласыз. Құдай Тағала қазірдің өзінде өмірімізді бақытты да мағыналы етіп қана қоймай, болашағымызды да жарқын етеді (Ишая 48:17, 18). Киелі жазбаларда: “Мәңгілік өмірге ие болу үшін сені, жалғыз шынайы Құдайды, және өзің жіберген Иса Мәсіхті танып-білу керек”,— деп жазылған (Жохан 17:3). Осынау аласапыран заманда Құдай Тағала сыйлайтын үміт жанымыздың зәкіріндей болып, бізді мығым да берік етеді (Еврейлерге 6:19).
Құдайды жақыннан танып, онымен дос болуға себеп жетіп-артылады. Біз осы мақалада солардың бірнешеуін ғана тілге тиек еттік. Егер бұл туралы көбірек мағлұмат алғыңыз келсе, Ехоба куәгерлерінің біріне жолығыңыз не jw.org сайтына кіріңіз.