Құдай Тағаланың бізге жасаған жақсылығы қандай?
Біреуді жақсырақ тану үшін оның өмірде жеткен жетістіктері мен еңсерген қиындықтары жайлы білгеніміз де игі. Тап солай, Құдай Тағаланы жақсырақ тану үшін де оның жасаған істері жайлы білгеніміз дұрыс. Оның адамзат үшін бұрын қаншама жақсылық жасағанын білгенде таңғалатын шығармыз. Біз сол жақсылықтардың игілігін қазір де, болашақта да көреміз.
ҚҰДАЙ БӘРІН БІЗ ҮШІН ЖАРАТТЫ
Ехоба Құдай — Ұлы Жаратушы. Оның “көзге көрінбейтін қасиеттері... дүние жаратылғаннан бері айқын. Бұларды оның жаратылыстарынан көріп, түсінуге болады” (Римдіктерге 1:20). “Ол... құдіретімен жерді жаратқан, Даналығымен құнарлы жерді берік етіп орнатқан, Ақыл-парасатымен аспан кеңістігін жайған” (Еремия 10:12). Әсем жаратылысынан Құдай Тағала біздің қамымызды ойлайтыны да көрінеді.
Ехоба Құдай адам баласын “өзіне ұқсас етіп жаратып”, басқа жаратылыстан ерекше етті (Мұсаның 1-жазбасы 1:27). Біз оның асқақ сипат-қасиеттерінің ұшығын болса да таныта аламыз. Құдай бізге рухани нәрселерді, яғни оның ойлары мен құндылықтарын түсінетін қабілет дарытқан. Егер оның ойлары мен құндылықтарына сай өмір сүруге тырыссақ, ғұмырымыз әлдеқайда бақытты, әлдеқайда мағыналы болмақ. Ең бастысы, Алла Тағала бізге өзімен достасу мүмкіндігін сыйлады.
Жер бесігіміз — Құдайдың бізге деген махаббатының бірден-бір дәлелі. Киелі жазбаларда: “[Құдай] игі істерімен өзі жайлы куәлік беруін тоқтатпады: аспаннан жауын жаудырып, мезгілімен мол өнім берді және көл-көсір ас-су сыйлап, жүрегімізді қуанышқа толтырып келді”,— делінген (Елшілердің істері 14:17). Жаратушы тіршілік етуімізге қажеттіні ғана беріп қойған жоқ. Ол өмірден рақат алуымыз үшін бәрін сан алуан әрі ағыл-тегіл етіп берді. Алайда бұлар — Құдай Тағаланың бізге сыйлағысы келгеннің бір пұшпағы ғана.
Ехоба Құдай жерді адамзат мәңгі жасасын деп жаратты. Киелі жазбаларда “жерді ол адам баласына бергені” әрі “оны бекерден-бекер емес, мекендеу үшін жаратқаны” айтылған (Зәбүр 115:16; Ишая 45:18). Жер бетінде кімдер және қанша уақыт мекендейді? “Әділдер жерді мұра етеді, Онда мәңгі бақи өмір сүреді”,— делінген Жазбаларда (Зәбүр 37:29).
Алла Тағала о баста Адам ата мен Хауа ананы жаратып, жұмақ бағын күтіп-бағу үшін оларды сонда қоныстандырды (Мұсаның 1-жазбасы 2:8, 15). Сөйтіп, екеуіне мынадай қызықты тапсырма берді: “Өсіп-өніп көбейіңдер, ұрпақтарың жайылып, жер бетін толтырыңдар, әрі оны өңдеңдер” (Мұсаның 1-жазбасы 1:28). Демек, Адам мен Хауаның жер бетінде мәңгі өмір сүруге үміті болды. Бір өкініштісі, олар Құдайға мойынсұнғысы келмеді, сол себептен жерді мәңгі мұра ету мүмкіндігінен қол үзіп қалды. Алайда олардың бұл әрекеті Ехоба Құдайдың бізге және жерге қатысты ой-мақсатына еш тосқауыл бола алмады, бұл жайында алда білетін боламыз. Ал қазір Құдайдың біз үшін жасаған тағы бір жақсылығына тоқталайық.
ҚҰДАЙ БІЗ ҮШІН ӨЗ СӨЗІН ЖАЗДЫРДЫ
Құдай Сөзі Киелі кітап және Киелі жазбалар деп те танымал. Ехоба Құдай оны бізге не үшін берді? Ең басты себебі — оны танып-білуіміз үшін (Нақыл сөздер 2:1—5). Рас, Киелі кітап Құдайға қатысты туындайтын әрбір сұрағымызға жауап бермейді, әлемде ондай кітап жоқ та (Уағыздаушы 3:11). Алайда онда жазылғандар Алла Тағаланы тану үшін жеткілікті. Осы кітаптан оның адамдарға қалай қарайтынын біліп, болмысын жақсырақ түсінеміз. Оған кімдер ұнамды, кімдер ұнамсыз екенін көреміз (Зәбүр 15:1—5). Оның ғибадатқа, өнегелілік пен дүние-мүлікке деген көзқарасын да білеміз. Сонымен қатар Киелі кітапта Ехоба Құдайды танудың ең көрнекті жолы суреттелген: оның болмысы өзінің Ұлы Иса Мәсіхтің сөздері мен іс-әрекеттерінен көрініс тапқан (Жохан 14:9) a.
Құдайдың өз Сөзін беруінің тағы бір себебі — біздің бақытты да мәнді өмір сүруіміз үшін. Киелі кітап беттері арқылы Ехоба Құдай баянды отбасын құрудың, қанағатшыл болудың және уайым-қайғымен күресудің жолын көрсетеді. Осы журналдан білетініңіздей, Киелі кітап “Дүниеде қайғы-қасірет неге көп? Болашағымыз қандай болмақ?” сынды өмірлік маңызы бар сұрақтарға жауап береді. Сондай-ақ онда Құдай Тағаланың әуел бастағы ой-мақсатын жүзеге асыру үшін не істегені түсіндіріледі.
Киелі кітаптың Құдайдың қолынан шыққан ерекше туынды екеніне басқа да дәлел көп. Бұл кітапты 1600 жыл аралығында шамамен 40 ер адам жазған. Десе де оны Құдай Тағаланың өзі жаздырғандықтан, бүкіл кітапта бір ғана тақырып өрбіген (Тімөтеге 2-хат 3:16). Басқа көне еңбектерден ерекшелігі — Киелі жазбалар ғасырлар бойы еш өзгеріссіз жеткен. Мұны Киелі кітаптың мыңдаған көне қолжазбалары растайды. Оны аударып, таратуға, оқуға қаншама кедергі жасалса да, жойылмай, еңсесі биік болды. Бүгінгі таңда ол секілді ең көп таралған және тәржімеленген кітап жоқ. Киелі кітаптың осы уақытқа дейін сақталып келгені — “Құдайымыздың сөзі мәңгі қалатындығының” бұлтартпас айғағы (Ишая 40:8).
ҚҰДАЙ ОЙ-МАҚСАТЫН ОРЫНДАЙТЫНЫНА КЕПІЛДІК БЕРДІ
Құдай Тағаланың жасаған тағы бір жақсылығы — бізге қатысты ой-мақсатын жүзеге асыру үшін ерекше шара жасады. Жоғарыда айтылып кеткендей, Құдай адамдардың жер бетінде мәңгі өмір кешкенін қалаған. Бірақ Адам ата Құдайға мойынсұнбай, күнә жасағанда, өзін ғана емес, келер ұрпағын да мәңгі өмір сүру мүмкіндігінен құралақан қалдырды. Бұл туралы Киелі жазбаларда: “Бір адам арқылы дүниеге күнә, ал күнә арқылы өлім келді, осылайша адамдардың бәрі өлетін болды, себебі бәрі күнә жасады”,— делінген (Римдіктерге 5:12). Осылай Құдайдың әуел бастағы мақсаты жүзеге асатынына күмән туды. Ехоба Құдай не істемек еді?
Ехоба өзінің асыл қасиеттеріне сай іс-әрекет жасады. Ол Адам мен Хауаны күнәсі үшін әділ түрде жауапқа тартты. Ал сүйіспеншілігі олардың ұрпақтары үшін белгілі бір шара жасауға талпындырды. Асқан даналығының Мұсаның 1-жазбасы 3:15). Ол өз Ұлы Иса Мәсіх арқылы адамзатты күнә мен өлімнің құрсауынан босатпақ еді. Қалайша?
арқасында Ехоба туындаған қиындықтың амалын тауып, оның шешімін бірден жария етті (Құдай адамзатты Адам атаның бүлігі әкелген зардаптан азат ету үшін, Иса Мәсіхті жерге жіберді. Ол адамдарға өмірге бастайтын жолды көрсетіп, солар үшін “жанын төлем ретінде берді” b (Матай 20:28; Жохан 14:6). Адам ата сияқты мінсіз, кемелді болғандықтан, Иса адамзаттың төлем құнын өтей алды. Алайда Адам атадан өзгешелігі — ол өле-өлгенше Құдайға қалтқысыз мойынсұнды. Өлімге лайық болмағандықтан, Ехоба Исаны көкте өмір сүру үшін қайта тірілтті. Осылайша ол Адам ата істей алмағанды істеді, дәлірек айтқанда, тілалғыш адамдарға мәңгі өмір сүру мүмкіндігін сыйлай алды. Құдай Сөзінде жазылғандай, “бір кісінің мойынсұнбауы көп адамды күнәкар етсе, дәл солай, бір кісінің мойынсұнуы көп адамды әділ қылады” (Римдіктерге 5:19). Исаның төлем құрбандығының арқасында Құдай Тағала адамзатқа шексіз өмір сыйлаймын деген уәдесін жүзеге асырады.
Адам атаның тілазарлығының кесірінен туындаған қиындықты қалай шешкенінен Ехоба Құдай туралы білеріміз көп. Ехобаға бастаған ісін аяқтауына ештеңе де тосқауыл бола алмайды, оның сөзі “міндетті түрде” жүзеге асады (Ишая 55:11). Сондай-ақ Ехобаның бізге деген махаббаты ғаламат. Киелі кітапта былай делінген: “Құдай бізге деген сүйіспеншілігін былай көрсетті: жалғыз Ұлын осы дүниеге жіберді. Осылайша сол арқылы өмірге ие болуымызға жол ашты. Бұл сүйіспеншіліктің мәні мынада: Құдайды сүйген біз емес, қайта, ол бізді сүйді, сондықтан күнәларымыз үшін Ұлын өзімен татуластыратын құрбандық ретінде жіберді” (Жоханның 1-хаты 4:9, 10).
Құдай Тағала “өз Ұлын аямай, біз үшін өлімге қиды”. Ендеше, ол бізге уәде еткендерінің бәрін қалайша сыйламайды?! (Римдіктерге 8:32). Оның сол уәделері жайында келесі мақаладан оқып көріңіз.
ҚҰДАЙДЫҢ БІЗГЕ ЖАСАҒАН ЖАҚСЫЛЫҒЫ ҚАНДАЙ? Ехоба Құдай адам баласын жер бетінде мәңгі жасасын деп жаратты; өзін жақсырақ тануымыз үшін Киелі жазбаларды берді; Иса Мәсіхтің өмірін төлем ретінде қиып, өз ой-мақсатын жүзеге асыратынына кепілдік берді
a Құдай Исаны тікелей өзі жаратқандықтан, ол Құдай Ұлы деп аталады. Бұған қатысты көбірек мәліметті jw.org сайтындағы “Неліктен Иса Мәсіх Құдайдың Ұлы деп аталады?” деген мақаладан оқуға болады.
b Төлем жайында көбірек мәліметті Ехоба куәгерлері басып шығарған “Мәңгі бақи өмірдің рақатын көріңіз!” деген кітаптың 27-сабағынан білуге болады. Бұл кітап www.dan124.com сайтында да бар.