Құдай Тағаланың сипат-қасиеттері қандай?
Әлдекімнің бойындағы асыл қасиеттерін көргенде, оны жақсырақ танимыз. Сөйтіп, онымен достығымыз бекемдей түседі. Тап солай, Ехоба Құдайдың сипат-қасиеттерін көбірек білгенде, оны жақыннан тани түсеміз. Осылай онымен достығымыз нығаяды. Құдай Тағаланың көркем сипаттарының асылы да асқағы — күш-құдіреті, даналығы, әділдігі мен сүйіспеншілігі.
КҮШ-ҚҰДІРЕТІ
“Уа, Әлемнің Әміршісі Ехоба! Зор күшіңмен және құдіретті қолыңмен аспан мен жерді жараттың” (ЕРЕМИЯ 32:17).
Құдай Тағаланың құдіреті жаратылыстарынан көрініс тапқан. Мысалы, жаздың шуақты күні далаға шыққанда, Күннің денеңізді қыздырып жатқанын сезесіз. Күн Құдайдың зор құдіретін паш етеді. Ол қаншалықты қуатты? Күн ядросының температурасы шамамен 15000000°C дейін жетеді. Сондай-ақ Күн әрбір секундта жүз миллиондаған ядролық бомбаның жарылысына тең келетін энергия бөліп шығарады.
Десе де Күн аспандағы сансыз триллион жұлдыздың көбісімен салыстырғанда кіп-кішкентай. Ғалымдардың есептеуі бойынша, алып қызыл жұлдыздардың ішінде Күннен диаметрі шамамен 1700 есе үлкен жұлдыз (UY Scuti) бар. Бұл алып жұлдызды Күннің орнына қойса, ол Жер планетасын құшағына алып, Юпитер орбитасынан да асып кетер еді. Бұл бізге мақаланың басында келтірілген Еремия пайғамбардың: “Уа, Ехоба! Зор күшіңмен және құдіретті
қолыңмен аспан мен жерді жараттың”,— деген сөздерін толық ұғынуға көмектеседі.Құдай құдіретінің бізге әкелер игілігі. Біз Жаратушының қолынан шыққан жаратылыстардың, атап айтқанда, Күн мен жер ресурстарының арқасында тіршілік етеміз. Қала берсе, Құдай Тағала өз құдіретін жеке адамдардың игілігі үшін де қолданады. Мысалы, бірінші ғасырда Құдай Иса пайғамбарға кереметтер жасауға күш дарытқан. Киелі жазбаларда сол уақытта “зағиптар көріп, ақсақтар жүріп, алапестер тазарып, саңыраулар естіп, өлгендер қайта тірілгені” айтылған (Матай 11:5). Ал біздің заманымызға қатысты Киелі жазбаларда: “Ол шаршағанға күш сыйлайды,.. Ехобаға үміт артатындар күш-қуатқа ие болады”,— делінген (Ишая 40:29, 31). Құдай Тағала өмірдің тауқыметін көтере алуымыз үшін бізге “адам күшінен асқан күш” береді (Қорынттықтарға 2-хат 4:7). Сарқылмас күшін біздің игілігімізге жұмсайтын осындай Құдайға жақын болғыңыз келер ме еді?
ДАНАЛЫҒЫ
“Уа, Ехоба, істерің неткен көп десеңші! Сен олардың бәрін даналықпен жасадың” (ЗӘБҮР 104:24).
Құдай Тағаланың жаратылыстары жайлы көбірек білген сайын, оның даналығына тамсана түсеміз. Мәселен, биомиметика не биомимикрия деген ғылым саласы бойынша, ғалымдар Құдайдың туындыларын зерттеп, кейін соларға қарап өздері жасаған өнімдерді жетілдіреді. Мысалы, олар фотоаппараттың линзасын, ұшақты осылай ойлап тапқан.
Құдайдың асқан даналығы адамның ағзасынан ерекше көрініс табады. Мысалы, құрсақтағы нәрестенің қалай өсіп дамитынын көрейік. Бәрі бір ғана ұрықтанған жасушадан басталады. Сол бір жасушада барлық қажетті генетикалық мәліметтер сақталады. Бұл жасуша өзіне ұқсас көптеген жасуша түзеді. Ал өз уақыты жеткенде, олар түрленіп, қан, жүйке, сүйек жасушалары сияқты жүздеген түрлі жасушаларға бөлінеді. Көп ұзамай нәрестенің мүшелері қалыптасып, жұмыс істей бастайды. Осылай небәрі тоғыз айдың ішінде жалғыз жасушадан нәрестенің миллиардтаған жасушадан тұратын денесі толық қалыптасып шығады. Бұл ғажайып құбылысқа қарап, Киелі кітап жазушысының: “Мен өзіңді мадақтаймын, Себебі таңғаларлықтай керемет жаратылғанмын”,— деген сөздерімен еріксіз келісесің (Зәбүр 139:14).
Құдай даналығының бізге әкелер игілігі. Жаратушы бақытты болуымыз үшін бізге не қажет екенін біледі. Ұшан-теңіз білім мен түсініктің иесі болып табылатын ол өз Сөзі Киелі кітапқа бізге арнап ақыл-кеңестер жаздырған. Мысалы, онда: “Бір-біріңді кеңпейілмен кешіріңдер”,— деген кеңес бар (Қолостықтарға 3:13). Бұны дана кеңес десек, қалт айтпаймыз. Дәрігер мамандар кешірімшіл болудың ұйқыға, қан қысымына жақсы әсер ететінін байқаған. Сондай-ақ кешірімшілдік жан күйзелісі мен басқа да аурулардың алдын алады. Құдай Тағала кәдемізге жарайтын кеңес беруден талмайтын дана да қамқор дос іспетті (Тімөтеге 2-хат 3:16, 17). Осындай Тұлғамен дос болуды қалар ма едіңіз?
ӘДІЛДІГІ
“Ехоба әділдікті сүйеді” (ЗӘБҮР 37:28).
Ехоба Құдай туралықтан ешқашан таймайды. Өйткені “Құдайдың зұлымдық жасауы, Құдірет Иесінің жамандыққа баруы мүмкін емес!” (Әйүп 34:10). Киелі кітапта Құдай туралы: “Сен халықтарға әділ сот жүргізесің”,— делінгендей, ол әрдайым әділдікпен төрелік етеді (Зәбүр 67:4). Ехоба жүректі көретіндіктен, екіжүзділікке алданбайды. Әр нәрсенің мән-жайын білетін ол қашанда турашылдықпен үкім шығарады (Самуилдің 1-жазбасы 16:7). Дүниеде орын алып жатқан әділетсіздік пен жемқорлықтың ешқайсысы да Құдайдың көзінен таса қалмайды. Ол жақын арада “зұлымдардың жер бетінен құрып жоқ болатынын” уәде етеді (Нақыл сөздер 2:22).
Алайда Құдай — жазалауға асық тұратын қатал соттаушы емес. Орынды болғанда рақымдылық танытуға асық Құдай. Киелі кітапта оның тіпті өкініш білдіретін зұлым адамдарға “мейірімді де жанашыр” екені айтылған. Нағыз әділдік деген осы емес пе?! (Зәбүр 103:8; Петірдің 2-хаты 3:9).
Құдай әділдігінің бізге әкелер игілігі. Киелі жазбаларда: “Құдай ешкімді алаламайды... Ол өзінен қорқатын және әділ әрекет ететін әрбір адамды, қай ұлттан шықса да, қабыл алады”,— деп жазылған (Елшілердің істері 10:34, 35). Құдай Тағала ешкімді алалап, бөліп-жармайтындықтан, ұлтымыз, біліміміз не дәрежеміз қандай болмасын, оған ғибадат етіп, ықыласына бөлене аламыз. Осылай Құдай әділдігінің игілігін көреміз.
Құдай өзінің әділдігін ұғынғанымызды әрі пайдасын көргенімізді қалап, бізге ар-ұждан сыйлады. Киелі жазбаларда ар-ұждан адамдардың “жүректерінде жазулы” тұрған заңмен салыстырылған. Осы заң іс-әрекетіміздің дұрыс-бұрыстығын айыруға көмектеседі (Римдіктерге 2:15). Дұрыс тәрбиеленген ар-ұждан бізді зиянды да әділетсіз істерден қашық болуға талпындырады. Ал қателік жасап қойсақ, өкініп, түзелуімізге қозғау салады. Расында да, бізге берілген бұл сый Құдай Тағаланың әділ екенін паш етіп, оған жақындата түседі.
СҮЙІСПЕНШІЛІГІ
“Құдай — сүйіспеншілік” (ЖОХАННЫҢ 1-ХАТЫ 4:8).
Құдай Тағала құдіреті, даналығы мен әділдігін керемет жолмен танытады. Бірақ Киелі жазбалардан көрінетіндей, оның ең басты қасиеті — сүйіспеншілік. Құдайдың күші оны әрекет етуге қабілетті етсе, әділдігі мен даналығы істеріне бағыт береді. Ал әрекет етуге қозғау салатын — сүйіспеншілігі. Құдай Тағала сүйіспеншілікті әрбір ісіне арқау етеді.
Ехоба Құдай ештеңеге мұқтаж болмаса да, сүйіспеншілігінің қозғауымен көктегі және жердегі саналы жаратылыстарға өмір берді. Ол осы саналы жаратылыстарды өзінің сүйіспеншілігі мен қамқорлығына бөлегісі келді. Құдай асқан жомарттықпен Жерді тамаша етіп жаратып, адам баласын сонда қоныстандырды. Ол әлі күнге дейін бүкіл адамзатқа деген махаббатын паш етіп, “жамандарға да, жақсыларға да күн сәулесін төккізіп, әділдерге де, әділетсіздерге де жаңбыр жаудырып” келеді (Матай 5:45).
Ехоба — “мейірімді,.. айнымас сүйіспеншілігі мол” Құдай (Зәбүр 103:8). Ол өзін танып-біліп, жақын болғысы келетін адамдарды ерекше сүйеді. Олардың әрқайсысына жеке көңіл бөледі. Ол сіздің де қамыңызды ойлайды (Петірдің 1-хаты 5:7).
Құдай сүйіспеншілігінің бізге әкелер игілігі. Күннің көкжиектен қызарып батуы, сәбидің тәтті күлкісі, жақын адамымыздың махаббаты бізге күн сайын қуаныш сыйлайды. Әрине, осының бәрі болмаса, адам тіршілігін жасай берер еді. Бірақ бұлар өмірімізді сәнді етіп, көркейте түседі.
Құдайдың бізге деген махаббатының тағы бір дәлелі — дұға айту мүмкіндігі. Киелі кітап бізді: “Еш нәрсені уайымдамаңдар, барлық өтініштеріңді дұға етіп, жалбарынып, ризашылықпен Құдайға білдіріңдер”,— деп шақырады. Ехоба сүйіспеншілігі мол әке іспетті жүрек түпкіріндегі уайымымызды тыңдағысы келеді. Бізді риясыз жақсы көретіндіктен, ол “адам ақылынан асқан тыныштық” сыйлауды уәде етеді (Філіпіліктерге 4:6, 7).
Құдай Тағаланың асқақ төрт қасиеті — күш-құдіреті, даналығы, әділдігі мен сүйіспеншілігі жайлы білгеніңіз Құдайды жақынырақ тануға көмектескен болар. Солай болса, Жаратушыға деген ризашылығыңыз арту үшін, оның адамзат үшін жасаған әрі болашақта жасайтын жақсылығы жайлы біліңіз.
ҚҰДАЙ ТАҒАЛАНЫҢ СИПАТ-ҚАСИЕТТЕРІ ҚАНДАЙ? Ехоба Құдай кім-кімнен де құдіретті, дана әрі әділ. Дегенмен оның ең негізгі әрі ең тартымды қасиеті — сүйіспеншілік