Дұрыс па, бұрыс па? Алдымыздан шыға келетін сұрақ
Бұрын ешқашан болмаған бір жерге барғыңыз келсе, не істейсіз?
1. Мына жолмен барғаным дұрыс болады-ау деп, өзіңізге сенім артасыз.
2. Өзгелер жолды жақсырақ біледі-ау деп, соларға сенім артасыз.
3. Жолды дұрыс көрсететін GPS-ке, картаға немесе жолды жақсы білетін досыңызға сенім артасыз.
1 не 2-нұсқаны таңдасаңыз, әйтеуір бір жерге жетесіз. Бірақ барғыңыз келген жерге жетпеуіңіз мүмкін. Ал 3-нұсқаны таңдасаңыз, көздеген жеріңізге міндетті түрде жетесіз.
Біздің өміріміз саяхатқа ұқсайды. Өмір жолындағы сапарымызда барлығымыз да бақытқа қол жеткізгіміз келеді. Оған қол жеткізетін-жеткізбейтініміз қандай шешімдер қабылдайтынымызға байланысты.
Біз қабылдайтын кейбір шешімдер майда-шүйде болса, кейбірі өмірімізге айтарлықтай әсер етеді. Олардан моральдық құндылықтарымыздың қандай екенін, яғни дұрыс пен бұрысқа қатысты көзқарасымыздың қандай екенін білуге болады. Шешімдеріміздің пайдасын не зиянын өзіміз де, жақын адамдарымыз да ұзақ уақыт көруі мүмкін. Сондай шешімдердің кейбірі келесі салаларға қатысты:
Жыныстық қатынас пен неке
Жұмыс, ақша және шыншыл болу
Бала тәрбиелеу
Өзгелермен қарым-қатынас
Осыларға қатысты қабылдаған шешімдеріңіз өзіңізге де, отбасыңызға да бақыт әкелетініне қалай сенімді бола аласыз?
Бәріміз де “ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін шешкенде, кімге немесе не нәрсеге жүгінемін” деп ойлануымыз керек.
Бұл журналдан Киелі кітап дұрыс жол сілтейтінін және неге оған сенім арта алатыныңызды біле аласыз.