Болашақты болжау
Сіз өзіңіздің не отбасыңыздың болашағын қалай елестетесіз? Сізді алда не күтіп тұр, бақ-береке ме, әлде бақытсыздық па? Махаббат па, әлде жалғыздық па? Ұзақ өмір ме, әлде қысқа ма? Қай заманда болмасын, осы тектес сұрақтар барлық адамды қызықтырған.
Бүгінде мамандар дүниенің беталысына қарап, болашақты болжауға тырысады. Олардың болжамдарының көбісі тура келсе, басқалары орындалмай жатады. Мысалы, сымсыз телеграфты ойлап тапқан Гульельмо Маркони 1912 жылы: “Сымсыз дәуір орнағанда соғыстар тоқтайды”,— деген еді. Ал 1962 жылы “Битлз” тобымен жұмыс істеуден бас тартқан Декка дыбыс жазу студиясының өкілі гитарада ойнайтын топтар бұдан былай сәннен кетеді деген.
Болашағын білу үшін көп адам тылсым күштерге жүгінеді. Басқалары жұлдызжорамалшылардың кеңесін тыңдайды. Жұлдызнама көптеген газет-журналдың айнымас айдарына айналған. Кейбір адамдар таро карталарына, сандар мен алақан сызықтарына қарау арқылы болашақты “оқимыз” дейтін балгерлер мен көріпкелдерге жүгінеді.
Ежелгі заманда келешегін білу үшін кейбіреулер абыздардан көмек сұрайтын болған. Тәңірлерінен келген хабарды жеткізушілер деп саналған бұл абыздар “оракулдар” деп аталған. Мысалы, бірде Лидия патшалығының әміршісі Крёз Персия патшасы Кирге қарсы аттануды жоспарлайды. Бұл жорықта жеңе ме, жеңіле ме, соны білгісі келіп, Грекияның Дельфи қаласындағы абызға қымбат сыйлықтар жөнелтеді. Абыз оған Кирге қарсы аттанса, “ұлы империяны” талқандайтынын айтады. Жеңетініне сенімді болған Крёз патша Персиямен соғыса кетеді. Алайда талқандалған ұлы империя өз империясы болып шығады!
Абыздың айтқан әлжуаз болжамының түк салмағы жоқ еді, себебі екі империяның әйтеуір біреуі жеңілетіні анық қой! Крёз патша жалған болжамға сенемін деп оңалмастай күйреді. Ал бүгіндегі болашақты білудің амал-тәсілдері туралы не деуге болады?