Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Заманның ақыры қашан келеді?

Заманның ақыры қашан келеді?

Өткен мақаладан білгеніміздей, Киелі жазбаларға сай, заманның ақыры жердің және адамзаттың жойылуын білдірмейді. Ол қазіргі бүлінген жүйе мен оны қолпаштайтындардың жойылуын білдіреді. Бұның нақты қашан болатыны Құдай Сөзінде айтылған ба?

КИЕЛІ ЖАЗБАЛАРДЫҢ НЕ ДЕЙТІНІН КӨРЕЙІК:

“Сергек болыңдар! Өйткені сендер сол күнді де, сағатты да білмейсіңдер” (МАТАЙ 25:13).

“Сақ болыңдар! Сергек болыңдар! Өйткені белгіленген уақытты білмейсіңдер” (МАРҚА 13:33).

Осы сөздерден байқағанымыздай, заманның ақыры қашан келетінін ешбір адам білмейді. Бірақ Құдай Тағала заманның соңы келетін “күн мен сағатты” белгілеп қойған (Матай 24:36). Сол күннің нақты қашан келетінін білмесек те, оның жақындап қалғанын біле аламыз. Кезінде Иса пайғамбар шәкірттеріне мұны қандай оқиғаларға қарап білуге болатынын айтып кеткен.

ОҚИҒАЛАР

Иса пайғамбар “осы заманның аяқталып қалғанын” мына оқиғалардан білуге болатынын айтқан: “Ұлт ұлтқа қарсы, мемлекет мемлекетке қарсы аттанады, түрлі жерлерде ашаршылық пен жер сілкіністері болады” (Матай 24:3, 7). Сондай-ақ ол “індеттердің” болатынын айтты (Лұқа 21:11). Сіз осылардың болып жатқанын естіп-көріп жүрсіз бе?

Бүгінде адамдар соғыс пен ашаршылықтан, жер сілкіністерінен, түрлі аурулар мен індеттерден көз ашпай, қиналып жүр. Мысалы, 2004 жылы Үнді мұхитында болған алапат зілзаладан кейін цунами көтеріліп, 225 000-дай адам қаза тапты. Ал үш жылдың ішінде COVID-19 пандемиясы 6,9 миллиондай адамның өмірін жалмап кетті. Иса пайғамбардың айтуынша, осы іспеттес оқиғалар осы дүниенің ақыры таяп келе жатқанының белгісі еді.

“СОҢҒЫ КҮНДЕР”

Киелі жазбаларда ақыр заманның алдындағы уақыт “соңғы күндер” деп аталған (Петірдің 2-хаты 3:3, 4). Тімөтеге 2-хат 3:1—5 тармақтарда соңғы күндері адамдардың пейілі бұзылып, ұяттан безетіні жазылған (“ Ақырзаманның дәл алдында” деген қоршауды қараңыз). Қазіргі адамдар өзін ғана ойлайтын, тойымсыз, бұзық, мейірімсіз болып кеткенін байқап жүрсіз бе? Бұл да — дүниенің ақыры жақын екенінің айғағы.

Соңғы күндер қанша уақытқа созылады? Киелі кітапта ол “аз уақытқа” ғана созылатыны айтылған. Сосын Жаратқан Ие “жерді бүлдіргендерді” жояды (Аян 11:15—18; 12:12).

ЖАҚЫНДА ЖЕРДЕ ЖҰМАҚ БОЛАДЫ!

Алла Тағала осы зұлым дүниені жоятын күн мен сағатты әлдеқашан белгілеп қойған (Матай 24:36). Бірақ ол “бірде-бір адамның жойылғанын қаламайды” (Петірдің 2-хаты 3:9). Бұл көңілдендіретін хабар емес пе?! Құдай қазір адамдарға оны танып-біліп, заң-талаптарымен өмір сүру үшін мүмкіндік беріп жатыр. Ол біздің ақырзаманнан аман қалып, жаңа заманға жеткенімізді тілейді. Сол кезде жер жайқалған жұмаққа айналады.

Құдай өзінің Патшалығы басқаратын жердегі жаңа қоғамда әрбір адам өмір сүрсе екен дейді. Сондықтан ол бүкіл дүниежүзі бойынша оқу-ағарту ісін ұйымдастырған. Киелі жазбаларда Құдай Патшалығы жайлы ізгі хабар “бүкіл жер бетінде уағыздалатыны” айтылған (Матай 24:14). 2019 жылы Ехоба куәгерлері сол қуанышты хабарды бүкіл жержүзінде уағыздауға және тәлім беруге миллиардтаған сағат жұмсады. Иса пайғамбар ақырзаман келгенше осы ізгі хабар дүниенің түкпір-түкпіріне дейін уағыздалатынын айтты.

Адамдардың билігі әне-міне дегенше тоқтайды. Бірақ бір қуаныштысы, заманның ақыры келгенде сіз аман қалып, Құдай уәде еткен жұмақта өмір сүре аласыз. Ал жаңа заманда жасау үшін не істеу керек? Бұл жайында келесі мақалада білесіз.

Иса пайғамбардың “соңғы күндер” жайлы айтқаны бізге үміт сыйлайды