Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

НЕГІЗГІ ТАҚЫРЫП | ЖҮРЕКТІ СЫЗДАТҚАН ҚАЙҒЫ-МҰҢ

Ұзақ уақыт қайғыру орынды ма?

Ұзақ уақыт қайғыру орынды ма?

Қатты ауырып қалған кезіңіз болған ба? Сауыққан соң, ол туралы ұмытып кеткен де шығарсыз. Бірақ қайғыны мұндай аурумен салыстыруға болмайды. Доктор Алан Волфелт өз кітабында: “Қайғыны жеңу мүмкін емес. Алайда өзге адамдардың көмегі мен уақыт адамның еңсесін басқан қайғы зілін жеңілдете алады”,— деп жазды (“Жарынан айырылғандарды демеу”).

Әулетбасы Ыбырайымның мысалын қарастырып көрейік. Аяулы жары Сара көз жұмғанда, оның жүрегі қарс айырылды. Киелі кітапта: “Ыбырайым Сараны жоқтап, қайғырды”,— делінген *. Ол жан жарын жоқтап, ұзақ уақыт бойы қайғырған болса керек. Жыртқыш аң баласы Жүсіпті жарып кетті дегенге сенген Жақыптың да қайғыдан жүрегі қан жылаған. Ол ұзақ күндер бойы зар жылап жаны күйзелгенде, ұл-қыздары да оны жұбата алмаған. Қанша жыл өтсе де, ұлының өлімі оның көкірегін зілдей басып тұрды (Мұсаның 1-жазбасы 23:2; 37:34, 35; 42:36; 45:28).

Әулетбасы Ыбырайым аяулы жары Сарадан айырылып қалғанына қайғырды

Бүгінде де сұм өлім талай жанды жақынынан айырып, қан қақсатып жылатуда. Осы орайда екі мысалды қарастырайық.

  • “Күйеуім Роберт 2008 жылы 9 шілдеде қайтыс болды. Сол күні біз әдеттегідей таңғы асымызды ішіп болған соң, бір-біріміздің бетімізден сүйіп, құшақтасып, сүйетінімізді айтып қоштастық. Сосын ол жұмысқа кетті. Күйеуімнің қаза болғанына, міне, алты жыл өтсе де, қайғыдан жүрегім сыздауын қояр емес. Мұндай күйден мен ешқашан бас көтере алмайтын сияқтымын” (Гейл, 60 жаста).

  • “Аяулы жарымның жарық дүниеден өткеніне 18 жыл болды. Мен оны әлі күнге дейін сағынамын және оның қасымда еместігі жаныма қатты батады. Әдемі бір нәрсеге көзім түссе, әйелім туралы ойға шомып кетемін. “Ол да мен тамашалап тұрған нәрсені көрсе ғой, шіркін!”— деп ойлаймын” (Этьен, 84 жаста).

Көріп отырғанымыздай, жақын адамымыз көз жұмғанда, ұзақ уақыт қайғыру — кәдімгі нәрсе. Әр адам өзінше қайғырады. Сондықтан “пәленше бір көз жас сықпады, ал түгенше неге сонша тым ұзақ уақыт қайғырып жүр” деп өзгелерді жазғыру даналыққа жатпас еді. Ал егер осындай қайғылы жайтқа өзіміз тап болып, қайғымыз толастамай жатса, өзімізді айыптамауымыз керек. Олай болса, қайғының зілін қалай жеңілдете аламыз?

^ 4-абзац Ыбырайымның ұлы Ысқақ та ұзақ уақыт қайғырған. Осы журналдың “Сенімін серік еткендер” атты айдарында анасы Сарадан айырылған Ысқақтың үш жыл бойы қайғыдан бас көтермегенін оқимыз (Мұсаның 1-жазбасы 24:67).