Өте шығар келте өмір
ТЕЛЕДИДАРДАН талантымен тамсандырып, талайды әсем әуенімен сусындатқан дарынды музыканттың өмір жолы көрсетіліп жатыр. Бақытты балалық шақ, алғашқы музыка сабақтары, күндіз-түні тер төгіп жаттығуы — осының бәрі кішкентай қыздың өнерін шыңдап, үлкен сахнаға жолдама берді. Талайды талантына табындырып, биік белестерді бағындырып, халықаралық кеңістікте ойып тұрып орын алды. Әдемі басталған өмір қарттыққа жетіп, сұм өлім оның ғұмырын үзді. Фильм осымен аяқталды.
Бұл фильм — жарқ етіп, жоқ болған адам өмірінің көрінісі. Шебер музыканттың да, жаңалықтар ашқан ғұламалардың да, атағы жер жарған спортшының да түбінде баратын жері — бір. Көп жетістікке қол жеткізген бұл адамдарды қарттық пен өлім өз құрсауына алмағанда, әлі де талай асулардан асып, небір белестерді бағындырмас па еді?! Осындайда еріксіз “әттең, өмірдің келтесі-ай!” дегің келеді.
Амал қанша, ажал ерте ме, кеш пе, әркімнің басына түсетіні ақиқат (Уағыздаушы 9:5). Қанша тырыссақ та, қарттық пен өлімнен ешқайсысымыз қашып құтыла алмаймыз. Ал кей тағдыр оқыс жағдайлардан я жабысқан дерттен аяқастынан шорт үзілуі мүмкін. Құдай Сөзінде адам баласы “аз уақытқа пайда болып, кейін ғайып болатын бу” екені айтылған (Жақып 4:14).
Кімнің өмірі қай жерде үзілерін білмегендіктен, кейбіреулер “бүгін ішіп-жеп қалайық, ертең бәрібір өлеміз ғой” дегеннің күйін кешеді (Қорынттықтарға 1-хат 15:32). Бірақ осылай өмір сүрумен адамдар өлімге көнгенін көрсетпей ме? Күндердің күнінде, әсіресе басына қиын күн туғанда, адамда: “Өмірге осы үшін келдік пе?” деген сұрақ туындауы мүмкін ғой. Бұл сұрақтың жауабын кім айта алады?
Басым көпшілік бұл сұрақтың жауабын табады деп ғалымдарға үміт артады. Қарыштап дамып жатқан ғылым мен медицина өмірді ұзартатын амалдар тапты. Кейбір ғалымдар өмірді әлде де ұзартудың жолдарын ойлап таппақшы. Бұл олардың қолынан келген күнде де мына бір сұрақтар жауапсыз қалмақ: “Неге адамдар қартаяды? Неге өледі? Адамзаттың қас жауы өлім жойыла ма?” Бұл журналда осы сұрақтар талқыланады. “Өмірге өлу үшін келдік пе?” деген сұрақтың да жауабын аламыз.