НЕГІЗГІ ТАҚЫРЫП | КІМНЕН ҮМІТ КҮТЕМІЗ?
Жанға шипа, көңілге медет қажет еткенде
Бала кезіңізде сүрініп құлап, қолыңызды не тізеңізді жырып алғаныңыз есіңізде ме? Сол кезде анаңыз сізді қалай жұбатқан еді? Ол жараңызды жуып тазартып, дәкемен орап берген шығар. Жылап отырғаныңызда, жылы сөздерімен жұбатып, құшағына алған болар. Өміріңіздің сол шағында анаңыз әрқашан жаныңыздан табылатын.
Бірақ есейген сайын өмірдің тауқыметі де арта түседі. Қиындықтарымыз ұлғайып, жанымызға медет табу да оңай болмайды. Өкінішке орай, дәке мен ананың құшағы енді ересек адамның қиындығын шешуге жеткіліксіз болады. Бірер мысалды қарастырайық.
-
Жұмыстан айырылып, дәрменсіз күй кешкен кезіңіз болған ба? Хулиан деген кісі жұмыстан шығарылғанда, өзін қоярға жер таппай қиналды. Ол: “Енді отбасымды қалай асыраймын? Қаншама жыл тер төгіп еңбек еткеніме қарамай, мені жұмыстан неге шығарып жіберді екен?”— деп дал болды.
-
Некеңіз ойран болып қайғырып жүрсіз бе? “Осыдан бір жарым жыл бұрын күйеуім күтпеген жерден мені тастап кеткенде, көңілім құлазып, жүрегім екіге бөлінгендей болды,— дейді Ракел.— Тән азабын да, жан азабын да тартып, бойымды үрей биледі”.
-
Бәлкім, сіз ауыр дертке шалдыққан шығарсыз және аурудың беті қайтпай жатқан болар. Мұндайда Әйүп пайғамбар сияқты “өмірден жиренемін, бұдан әрі тірі жүргім келмейді” дейтін кездеріңіз болатын шығар (Әйүп 7:16). Болмаса, өзіңізді 80 жастағы Луис деген кісі сияқты сезінетін шығарсыз. Ол: “Кейде мен өлетін уақытымды күтіп жатқандай боламын”,— деп мұңын шақты.
-
Я болмаса, жақын адамыңыздан айырылып, жаныңызға медет іздеп жүрген шығарсыз. Роберт былай дейді: “Ұлым ұшақ апатынан қайтыс болғанда, бұған еш сене алмадым. Кейін жаным азапқа түсті. Дәл Киелі кітапта сипатталғандай, денеме үлкен семсер сұғып алғандай болды” (Лұқа 2:35).
Қуанышқа орай, Роберт, Луис, Ракел мен Хулиан жағдайлары қанша қиын болса да, жанға шипа, көңілге медет таба алды. Оларға әлемдегі ең жанашыр Тұлға — Құдіреті шексіз Құдай көмектесті. Бұл қалай болды? Ол сізге де тірек бола ала ма?