Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

ОҚЫРМАН САУАЛДАРЫ

Рождество мәсіхшілердің мейрамы ма?

Рождество мәсіхшілердің мейрамы ма?

Дүниежүзі бойынша миллиондаған адам Рождество мейрамын Иса Мәсіхтің туылған күні деп біледі. Бірақ Исаның заманында өмір сүрген алғашқы мәсіхшілер Рождествоны тойлаған ба? Ал туылған күн туралы Киелі кітапта не делінген? Бұл сұрақтардың жауабы Рождество мәсіхшілердің мейрамы ма, жоқ па — соны анықтауға көмектеседі.

Біріншіден, Киелі кітапта Исаның немесе Құдайға қызмет еткен басқа да адал жандардың туылған күн тойлағандары туралы ештеңе айтылмаған. Онда тек екі адамның туылған күні жайлы айтылады. Бұл екі адам да Ехоба Құдайға ғибадат етпеген. Олардың туылған күн мерекелері кезінде қайғылы оқиғалар орын алған (Мұсаның 1-жазбасы 40:20; Марқа 6:21). “Британ энциклопедиясында” туылған күн дәстүрі пұтқа табынушылардан тарағандықтан, ертедегі мәсіхшілер оны тойлауға қарсы болғаны айтылады.

Иса қай күні туылған?

Киелі кітапта Иса Мәсіх қашан туылғаны жайында нақты мәлімет жоқ. Бұл жайында Макклинток пен Стронгтың энциклопедиясында былай делінген: “Грек жазбаларынан не басқа мәлімет көздерінен Иса Мәсіхтің қай күні дүниеге келгенін анықтау мүмкін емес”. Әрине, Иса туылған күнінің тойланғанын қаласа, ізбасарларына нақты қай күні дүниеге келгенін айтар еді.

Екіншіден, Киелі кітапта Исаның не оның шәкірттерінің Рождество мейрамын тойлағаны айтылмаған. “Жаңа католик энциклопедиясына” сай, Рождество мейрамын тойлау жайлы алғашқы мәлімет “Филокалдың Хронографы” деп аталатын б. з. 336 жылы шыққан рим күнтізбесінде кездеседі. Демек, бұл Киелі кітап жазылып біткен соң және Иса Мәсіхтің жерге келіп кеткеніне бірнеше ғасыр болғанда орын алған. Макклинток пен Стронг Рождество мейрамын Құдай енгізбегенін және ол Грек жазбаларына да негізделмегенін айтқан *.

Иса шәкірттеріне қандай оқиғаны еске алуды бұйырған?

Ұлы Ұстаз болған Иса ізбасарларына нақты нұсқаулар берген. Олар Киелі кітапта жазып қалдырылған. Бірақ олардың арасында Рождество тойлау туралы ештеңе жоқ. Мысалы, мұғалім өзі берген нұсқаулардан оқушылардың ауытқып кеткенін қаламас еді. Сол сияқты Иса да ізбасарларының Киелі кітапта “жазылғандарды ғана ұстанғанын” қалайды (Қорынттықтарға 1-хат 4:6).

Бірақ ертедегі мәсіхшілер бір ерекше оқиғаны — Исаның өлімін еске алып тұруды өте маңызды санаған. Иса шәкірттеріне бұл кешті қашан өткізу керектігін айтқан және оның қалай өтетінін өзі көрсеткен. Осыған қатысты егжей-тегжейлі нұсқаулар мен нақты өтетін күні Киелі кітапта да жазылған (Лұқа 22:19; Қорынттықтарға 1-хат 11:25).

Көргеніміздей, Рождество — туылған күн тойлау мерекесі. Ертедегі мәсіхшілер пұтқа табынушылардан тараған бұл дәстүрді ұстанбаған. Оның үстіне, Киелі кітапта Исаның не басқа біреулердің Рождество тойлағаны айтылмайды. Жержүзіндегі миллиондаған мәсіхші осы айғақтарды ескеріп, Рождество мәсіхшілердің мейрамы емес деген тоқтамға келген.

^ 6-абзац Рождество мейрамының қайдан шыққаны жайында көбірек білу үшін “Оқырман сауалдары. Исаның туылған күні мейрамына қатысты қандай айғақтар бар?” деген мақаланы jw.org сайтынан онлайн оқыңыз (“Күзет мұнарасы”, 2014 жыл, 1 желтоқсан).