Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

ОТБАСЫҢЫЗ БЕРЕКЕЛІ БОЛСЫН | ЖАСТАР

Нағыз достарды қалай табуға болады?

Нағыз достарды қалай табуға болады?

ҚИЫНДЫҚ

Ақпараттық ғасырда байланыс құралдарының жедел қарқынмен дамуына байланысты қазіргі жастар ғаламтор арқылы көп адаммен араласып жатады. Бұл — тарихта бұрын-соңды болмаған үрдіс. Десе де мұндай қарым-қатынасты берік деп айта алмайсың. Бір жас жігіт былай деп ойын айтты: “Ғаламтордағы достарыммен қарым-қатынасым ілекерлеп зорға тұрғандай. Ал әкем мен оның достары ондаған жыл өтсе де, әлі күнге дейін нағыз достар”.

Мәнді де сәнді, жылдар өтсе де жыры бітпейтін нағыз достық қарым-қатынас орнату неге бүгін сонша қиын болып отыр?

МҰНЫ БІЛГЕН ЖӨН

Байланыс құралдарының тигізер кесірі жоқ емес. Бүгінде смс, сондай-ақ әлеуметтік желі сияқты жүйелер адаммен жүзбе-жүз тілдеспей-ақ достасуға болатындай етіп көрсетуде. Бір марқайтып тастайтын бетпе-бет әңгіменің орнын электронды құрылғыларға бірінен соң бірі келіп түсетін хаттар басып отыр. “Жасанды жетілу” деген бір кітапта: “Адамдардың жүзбе-жүз әңгіме-дүкен құруы сиреп барады. Студенттер бір-бірімен аз ғана уақыт өткізеді. Қолдары қалт етсе болды, олар әлеуметтік желіде отырады”,— делінген (“Artificial Maturity”).

Кейде әлеуметтік жүйе шын мәнінде досың емес адамды жақын досыңдай етіп көрсетеді. 22 жасар Бекежан былай дейді: “Мен достарымның хал-жағдайын білу үшін ылғи бірінші болып хат жолдайды екенмін. Бірде олардың нешеуі маған бірінші болып жазар екен деп, хат жазбай қойдым. Сонда не болды дейсіздер ғой? Маған бір-екі адам ғана хабарласты. Жан досым деп жүргендерімнің кейбірі мен ойлағандай достарым емес екен” *.

Алайда смс пен әлеуметтік жүйенің көмегінсіз-ақ адамдармен араласып, достықты нығайту мүмкін бе? Егер адамдармен офлайн қарым-қатынаста да, яғни әлеуметтік желісіз де араласатын болсаң, бұл мүмкін. Ал әлеуметтік жүйе болса танысың екеуіңнің араларыңа жай ғана көпір салып береді. Бірақ оның адаммен шынайы жақындатуы екіталай.

СЕН НЕ ІСТЕЙ АЛАСЫҢ?

Нағыз достық қандай болатынын біл. Киелі кітапта нағыз достың “туған бауырдан да жақын” болатыны айтылған (Нақыл сөздер 18:24). Осындай дос тапқың келе ме? Сен өзің осындай доссың ба? Бұл сұрақтарға жауап беру үшін досыңның бойынан көргің келетін үш қасиетті жаз. Сосын достықты нығайтуға көмегі тиер өзіңнің бойыңда бар үш қасиетті жаз. Мына сұрақтар жайлы ойланып көр: “Онлайн достарымның қайсысында досымның бойынан көргім келетін қасиеттер бар? Олардың айтуынша, достығымыз берік болуы үшін мен қандай қасиеттер танытып жүрмін?” Киелі кітаптың кеңесі: Філіпіліктерге 2:4.

Өзің үшін не құнды екенін анықтап ал. Онлайн араласатын достарды әдетте хобби сияқты ортақ істер ғана біріктіреді. Алайда қызығатын нәрселер ортақ болғаннан гөрі құндылықтардың ортақ болғаны маңыздырақ. Лиан есімді 21 жасар бойжеткен былай дейді: “Достарым көп емес те шығар. Бірақ олар менің жақсы адам болуыма көп септігін тигізуде”. Киелі кітаптың кеңесі: Нақыл сөздер 13:20.

Желіге желімденгенше, адамдармен аралас. Адаммен бетпе-бет отырып, оның қас-қабағын, дауыс сарынын, ым-ишаратын байқап әңгімелесуге не жетсін! Киелі кітаптың кеңесі: Салоникалықтарға 1-хат 2:17.

Хат жаз. Бүгінгі күні хат жазу дәстүрі әдеттен шығып бара жатыр. Дегенмен бұл дос-жаранға шын жүректен көңіл бөлудің бір жолы болып қала бермек. Шери Тёркл деген жазушының “Бірге жалғызбыз” деп аталатын кітабында өмірінде бірде-бір рет хат алмаған бір жас жігіт жайлы айтылады. Адамдар бір-бірімен хат жазысу арқылы араласқан уақытқа меңзеп әлгі жігіт былай дейді: “Мен сол кезде өмір сүрмесем де, сол заманды аңсаймын”. Неге осы ескі “байланыс құралын” қолданып, нағыз достар таппасқа?

Ой түйін. Нағыз достар тек хабар алысып қана тұрмайды. Олар бір-біріне сүйіспеншілік, жанашырлық, шыдамдылық пен кешірімділік танытады. Бұл қасиеттер достықты көркейте түседі. Ал желіде араласқанда, мұндай қасиеттерді таныту қиын.

^ 8-абзац Осы мақаладағы кейбір есімдер өзгертілген.