Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

ЖАРАТЫЛЫС ҒАЖАЙЫПТАРЫ

Күміс түсті Сахара құмырсқасының ыстыққа төзімді “сауыты”

Күміс түсті Сахара құмырсқасының ыстыққа төзімді “сауыты”

КҮМІС ТҮСТІ Сахара құмырсқасы (“Cataglyphis bombycina”) — табиғаттың ең аяусыз ыстығына төзімді келетін тіршілік иелерінің бірі. Сахара шөлінде күн тас төбеге көтеріліп, құмырсқаның жаулары көлеңкеге тығылып жан сақтап жатқанда, ол азғана уақытқа илеуінен қорек іздеп шығады. Ол күннің аптабынан өліп қалған жәндіктерді азық етеді.

[50] микрометр

Көңіл қоярлық жайттар. Сахара құмырсқасының ми қайнатқан ыстықта жүре алуының сыры — оның ғажайып сыртқы қабатында. Бұл орайда оның түк басқан үстіңгі жағы мен бүйірі және түксіз астыңғы жағы ерекше рөл атқарады. Құмырсқаға күмістей жылтыр түс беретін түк өте жіңішке үшбұрыш пішінді түтікшелерден құралады. Әр түтікшенің сыртқа қараған екі жағы ұзына бойы кедір-бұдырлы болса, ішке қараған жағы тегістеу келеді. Мұндай құрылымның арқасында құмырсқаның түгі екі түрлі қызмет атқара алады. Біріншіден, күн сәулелерін шағылыстырады. Екіншіден, құмырсқаның денесі ысып кеткенде, қызуды басып отырады. Ал оның түксіз астыңғы жағы болса құмнан шығатын сәулелерді шағылыстырады *.

[10] микрометр

Күннен қорғайтын керемет “киімінің” арқасында Сахара құмырсқасының дене қызуы өзі көтере алатын ең жоғарғы температурадан (53,6°C-ден) аспайды. Зерттеушілер осы кішкентай тіршілік иесінің осы бір қасиетіне қызығып, вентилятор не басқа да құрылғылардың көмегінсіз-ақ салқындататын арнайы жамылғылар жасап шығарумен айналысуда.

Сіз қалай ойлайсыз? Күміс түсті Сахара құмырсқасының ыстықтан қорғайтын қабаты эволюция барысында дамып жетілді ме, әлде бұл Жаратушының туындысы ма?

^ 4-абзац Сахара құмырсқасының тағы басқа ерекшеліктері бар. Мысалы, оның ағзасындағы ерекше ақуыздар аптап ыстықта да ыдырай қоймайды. Сондай-ақ аяқтары ұзын болғандықтан, ол тез жүгіреді әрі денесі ыстық құмға күйіп қалмайды, ал ғажайып түйсігінің арқасында ол төте жолды тауып, илеуіне жылдам орала алады.