ҚИЫНДЫҚТЫ ЕҢСЕРГЕНДЕР
Рикардо мен Андрестің өмірі
Киелі кітаптағы білімнің адам өмірін жақсы жаққа өзгертетін құдіреті зор. Бұған Рикардо мен Андрестің мысалы айғақ.
РИКАРДО: 15 жастағы әсершіл бала кезімде бұзақыларға қосылдым. Жаңа достарым маған қатты ықпал етті. Мен тіпті 10 жыл түрмеде отырып шығуды мақсат еттім. Бұны ақымақтық дерсіз. Алайда біздің аймақта темір тордан шыққандар абыройы өсіп, құрметке бөленетін. Мен де солардың бірі болғым келді.
Бұзақылармен жүріп, сол өмірдің ащы дәмін әбден таттым. Есірткі қабылдау, жыныстық азғындық, зорлық-зомбылық сияқты істерге бардым. Бір түні атыс болып, соған киліктім. Оққа ұшып мерт болармын деп ойлағам, бірақ дін аман қалдым. Осы оқиғадан соң өмірім мен мақсаттарым туралы шындап ойлана бастадым. Мен өзгеруім керек деген байламға келдім. Бірақ қалай өзгеремін? Көмекті қайдан аламын?
Туған-туыстарымның көбісі бақытсыз болатын. Қиындықтан көз ашпаған олардың өмірі берекесіз еді. Бірақ бір нағашы ағамның отбасы қатты ерекшеленетін. Олардың жақсы кісілер екенін, Киелі кітаптағы ақыл-кеңестерге сай өмір сүретінін білетінмін. Негізі, Құдайдың есімі Ехоба екенін солардан естіген едім. Әлгі атыстан кейін мен Ехобаның атын айтып дұға еттім, одан көмек сұрадым. Бір таңғаларлығы — дәл ертесіне Ехоба куәгерлерінің бірі есігімді қақты! Сөйтіп, ол маған Киелі кітаптағы шындықтарды үйрете бастады.
Көп ұзамай мен үлкен қиындыққа кезіктім. Ескі достарым телефон соғып, өздеріне шақырып қоймады. Бұл оңай болмаса да, оларға жоқ дедім. Мен Киелі кітапты зерттей беруге тастай бекінген едім. Мұныма еш өкінген жоқпын! Өмірім адам танымастай өзгеріп, шын бақытқа қол жеткіздім.
Бірде Құдайға дұға етіп, кезінде бұзақылар арасында құрметке бөлену үшін 10 жыл түрмеде отыруға дайын болғанымды айттым. Енді маған, кем дегенде, 10 жыл өзіне толық уақытты қызмет етуге көмектесуін сұрадым. Осылай бұрын өзім тапқан көмекті өзгеге де ұсынғым келді. Құдай дұғама жауап беріп, міне, толық уақытты қызмет етіп жүргеніме 17 жыл болды. Айтпақшы, мен ешқашан түрмеге түспедім.
Бұрынғы достарымның көбісі ұзақтан бері қамауда отыр. Ал өзгелері өмірінен айырылған. Осыны ойласам, Куәгер туыстарыма шексіз риза боламын. Олар Киелі кітапқа сай өмір сүріп, өзгеден ерекше болудан қорықпады. Оларға сый-құрметім барған сайын арта түсті. Мен бұзақылар тобындағы ешкімді бұлай сыйламаған едім. Бәрінен де бұрын Құдайға деген алғысым телегей-теңіз. Себебі ол маған ең керемет өмір жолын үйретті.
АНДРЕС: Мен есірткі, бопсалаушылық, кісі өлтіру мен жезөкшелік белең алған кедей аймақта туып-өстім. Әкем ішкіш, кокаинге әуестенген адам еді. Анам екеуі ылғи бір-бірімен ұрсысып, қырылысып жататын.
Буыным бекімей жатып-ақ, мен ішімдікке бой ұрып, есірткі қабылдай бастадым. Көше қаңғып, ұрлық жасайтынмын, кейін сол заттарды сататынмын. Әкем мені өзіне жақын тартқысы келді, бірақ мұны дұрыс жолмен істемеді. Ол маған есірткі мен басқа да заңсыз өнімдерді елге өткізіп, оларды сатуды үйретті. Осылай тез арада қыруар ақша тауып жүрдім. Содан бір күні үйге полиция қызметкерлері келіп, біреудің өміріне қастандық жасады деген айып тақты. Сөйтіп, 5 жылға түрмеге қамалдым.
Бір күні таңертең түрмедегі дауысзорайтқыш арқылы тұтқындар Ехоба куәгерлері өткізетін Киелі кітап баяндамасына шақырылды. Мен барайын деп шештім. Куәгерлердің айтқандарының бәрі ақылға қонымды еді. Сондықтан олармен Киелі кітапты зерттей бастадым. Олар көңіліме тиеді деп бүгіп қалмай, Киелі жазбалардағы Құдайдың жоғары өнегелік талаптарын ашық айтты.
Көп ұзамай өздігімнен өзгерістер жасай алмайтынымды түсіндім. Әсіресе менің істеп жүргенімді жақтырмаған қасымдағылар сес көрсеткенде қиын болды. Сондықтан Ехобадан күш пен даналық сұрадым, ол маған көмек қолын созды. Сонда олардың қоқан-лоқысынан қорықпақ түгілі, Киелі кітап туралы батыл уағыздай бастадым.
Түрмеден шығатын уақытым келгенде, қобалжығаным сонша — сол жерде қала бергім келді! Кетіп бара жатқанымда, түрмедегілердің біразы қол бұлғап шығарып салды. Кейбірі тіпті: “Үйіңе қайта ғой, біздің кішкентай дінбасымыз”,— деп жылы қоштасты.
“Құдайдың білімін алмағанда, өмірім не болар еді?”— деп ойласам, төбе шашым тік тұрады. Құдай “бұдан түк шықпайды” деп маған қолын бір сілтей салған жоқ. Қайта, мені ыстық сүйіспеншілігіне бөледі. Сол үшін оған дән ризамын! *
^ Киелі кітап адам өмірін өзгертуге құдіретті екенін растайтын басқа да оқиғаларды jw.org сайтынан табуға болады. Бұл үшін КІТАПХАНА дегенге кіріп, “Киелі кітап адам өмірін өзгертеді” атты мақалалар топтамасын қараңыз.