ЖАСТАР ҮШІН
11. Еңбекқор бол
НЕНІ БІЛДІРЕДІ?
Еңбекқор адам жұмыстан қашпайды. Ол өмірлік қажетін қамтамасыз ету үшін және өзгелерге көмектесу үшін қарапайым жұмысты да аянбай атқаруға даяр.
НЕГЕ МАҢЫЗДЫ?
Саған ұнаса да, ұнамаса да, өмір жауапкершіліктерге толы. Беріліп жұмыс істеуді онша ұната бермейтін мына заманда еңбекқор болғаның өзіңе пайдалы (Уағыздаушы 3:13).
“Жан сала жұмыс істесең, бойыңды мақтаныш кернеп, іштей қанағат сезінеді екенсің. Ал іштегі қанағат сезімі кез келген істі сүйіп істеуіме көмектеседі. Жұмысқа деген көзқарасың дұрыс болса, жақсатқа да ие боласың” (Руслан).
КИЕЛІ КІТАП КЕҢЕСІ: “Әр бейнеттің зейнеті бар” (Нақыл сөздер 14:23).
НЕ ІСТЕЙ АЛАСЫҢ?
Жұмысқа оң көзқарас дамыту үшін келесі кеңестерге жүгініп көр:
Жақсылап істеуден қуаныш ал. Үй тірлігін істесең де, мектеп тапсырмаларын орындасаң да, жұмыстағы міндеттеріңді атқарсаң да, жаныңды салып істе. Оларды жақсы атқаруды үйренген соң, одан сайын жақсартудың жолдарын ізде. Бәлкім, әлдеқайда тезірек немесе өнімдірек істеуге күш саларсың. Қайсыбір істі меңгерген сайын, жұмыс та саған көбірек қуаныш сыйлайтын болады.
КИЕЛІ КІТАП КЕҢЕСІ: “Өз ісіне шебер жанды көргенсің бе? Ол қарапайым адамдардың емес, Патшалардың алдында тұрады” (Нақыл сөздер 22:29).
Берер пайдасын ойла. Басым көп жағдайда міндеттеріңді жақсы орындағаның өзгелерге де пайдасын тигізіп жатады. Мысалы, үй тірлігін тиянақты атқарсаң, үй-ішіндегілердің жүгін жеңілдетесің.
КИЕЛІ КІТАП КЕҢЕСІ: “Алғаннан гөрі берген бақытты” (Елшілердің істері 20:35).
Артығымен істе. Ең негізгі жұмысты істеумен шектелмей, талап етілгеннен көбірек істеуге тырыс. Сонда өз өміріңнің қожайыны өзің боласың, өйткені біреу мәжбүрлегендіктен емес, өзің қалағандықтан көбірек істедің (Матай 5:41).
КИЕЛІ КІТАП КЕҢЕСІ: “Жақсылықты мәжбүрлеумен емес, өз еркіңмен жасасын деп, сенің келісіміңсіз ештеңе істегім келмеді” (Філімонға 14).
Тепе-теңдік сақта. Еңбекқор адам еңбекті сүйгенмен, оған басымен кіріп кетпейді. Ол таразы басын тең ұстап, еңбектенуден де, тынығып алудан да рақат табады.
КИЕЛІ КІТАП КЕҢЕСІ: “Тынымсыз еңбектеніп, желдің соңынан қуғанша, азырақ тынығып алған артық” (Уағыздаушы 4:6).