АТА-АНАЛАР ҮШІН
7. Құндылықтар
НЕНІ БІЛДІРЕДІ?
Құндылықтар — сіз өмірде ұстанамын деп шешкен жеке нормалар. Мысалы, барлық жағдайда адал жүріп-тұруға тырысасыз ба? Онда балаңыздың бойына да осындай құндылықты сіңдіргіңіз келері анық.
Құндылықтарға еңбекқорлық, әділ болу, өзгелерге жақсылық жасау сияқты әдептілік қағидаттары да жатады. Мұндай құндылықтарды адам өз бойына бала кезінен қалыптастырғаны дұрыс.
КИЕЛІ КІТАП КЕҢЕСІ: “Баланы тәрбиелеп, тура жолға сал, Жасы ұлғайғанда да таймас одан” (Нақыл сөздер 22:6).
НЕГЕ МАҢЫЗДЫ?
Техника заманында моральдық құндылықтар аса қажет. “Кез келген электрондық құрылғы арқылы кез келген уақытта жаман ықпалға түсіп қалу оп-оңай,— дейді Карина есімді ана.— Балаларымыз дәл қасымызда отырып-ақ, әдепсіз нәрселерді көруі мүмкін”.
КИЕЛІ КІТАП КЕҢЕСІ: “Толысқан адам “түйсіну қабілетін қолдану арқылы машықтандырып, жаман мен жақсыны ажырата алады” (Еврейлерге 5:14).
Әдептілік құндылықтары да ауадай қажет. Бұларға “рақмет”, “өтінемін” деген секілді қарапайым ізеттілік қағидалары мен басқаларға жақсылық істеу кіреді. Адамнан гөрі электронды құрылғыларға көбірек көңіл бөлінетін мына заманда бұндай құндылықтар сиреп барады.
КИЕЛІ КІТАП КЕҢЕСІ: “Басқалар өздеріңе қалай істесін десеңдер, сендер де оларға солай істеңдер” (Лұқа 6:31).
НЕ ІСТЕЙ АЛАСЫЗ?
Моральдық құндылықтарды қалыптастырыңыз. Зерттеулер көрсеткендей, жасөспірімдерге некеге дейінгі жыныстық қатынастың дұрыс еместігін жақсылап үйреткен болса, олар бұндай әрекетке бара қоймайды.
КӘДЕГЕ ЖАРАР: Баламен құндылықтар жайлы сөйлесу үшін, жақында болған бір оқиғаны тілге тиек етсеңіз болады. Мысалы, жаңалықтарда кісі өлтіру туралы айтылса, балаңыздан: “Адамдардың бір-бірінен осылай өш алғаны сұмдық емес пе?! Адамдар неге мұндай болып барады деп ойлайсың?”— деп сұрап көріңіз.
“Ненің жақсы, ненің жаман екенін білмейтін балаға олардың ара-жігін ажырату әлдеқайда қиын” (Брэндон).
Әдептілік құндылықтарын үйретіңіз. Тіпті кішкентай бүлдіршіннің өзі “рақмет”, “өтінемін” деп айтуды, басқаларға құрмет көрсетуді үйрене алады. Бала тәрбиесі жөніндегі бір кітапта (Parenting Without Borders): “Балалар жалғыз өздері емес, айналасында отбасы, мектеп, қоғам бар екенін әрі солардың бір бөлігі екендерін түсінген сайын, тек өздерінің емес, өзгелердің де игілігі үшін қайырымдылық жасауға даяр болады”,— делінген.
КӘДЕГЕ ЖАРАР: Басқаларға қолғабыс ету сияқты құндылықты балаңыздың бойына ұялату үшін үй тірлігін істеуді тапсырыңыз.
“Балаларымыз қазірден бастап үй тірлігін істеп үйренсе, кейін бөлек шыққанда, төбелеріне жай түскендей болмайды. Өйткені жауапкершіліктерді алып жүру әлдеқашан өмірлерінің бір бөлігіне айналып қойған” (Тамара).