Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

ОТБАСЫҢЫЗ БЕРЕКЕЛІ БОЛСЫН | НЕКЕ

Жұбайыңыздың тілін тауып сөйлесудің сыры неде?

Жұбайыңыздың тілін тауып сөйлесудің сыры неде?

ҚИЫНДЫҚ

Жұбайыңызбен қандай да бір проблеманы талқылап, әңгіменің соңында көңіліңіз одан сайын түскен кезіңіз болған ба? Жауабыңыз “иә” болса, уайымдамаңыз. Сіз жағдайды түзете аласыз. Бірақ алдымен ерлер мен әйелдердің сөйлесу мәнері әртүрлі болатынын біліп алғайсыз *.

МҰНЫ БІЛГЕН ЖӨН

Әйелдер проблеманың шешімін естімес бұрын, алдымен ол жайында әңгіме еткенді жөн көреді. Кейде олар үшін проблема жайлы айтқанның өзі оның шешімі болып табылады.

“Шер тарқатып, күйеуімнің мені түсінгенін көрген соң, көңілім жай табады. Әңгімелескеннен кейін бірер минут өтісімен-ақ жеңілдеп қаламын” (Бибігүл) *.

“Не сезініп жатқанымды күйеуіме айтып бермейінше, жаным жай таппайды. Ал проблеманы айтып болған соң, оны ойлап мазаланбаймын” (Мөлдір).

“Әңгіме барысында өзімді детектив сияқты сезінемін: сөйлеп жатып, мәселені әртүрлі қырынан қарастырып, түйіні неде екенін анықтауға тырысамын” (Әсел).

Ерлер проблеманың шешімін табуға асығады. Бұлай болуы түсінікті-ақ. Өйткені ерлер мәселені шешкен соң, көмектесе алғандарын түсініп, марқайып қалады. Олар үшін бірден проблеманың шешіміне көшу әйелдеріне сенімді адам екендерін көрсетудің жолы болып табылады. Ал айтқандары қабылданбаса, тосылып, көңілдері түседі. “Мәселенің шешімі керек болмаса, ол жайында айтудың не қажеті бар?!”— дейді Қайсар есімді кісі.

“Некені бақытты ететін жеті қағида” деген кітапта мынадай жақсы кеңес беріледі: “Ақыл айтпас бұрын, алдымен әйеліңізді түсініп алғаныңыз маңызды. Бірден мәселенің шешімін ұсынудың орнына жұбайыңызды түсініп, оған жаныңыз ашитынын көрсеткеніңіз абзал. Көп жағдайда әйеліңіз мәселені шешіп бергеніңізді емес, мұқият тыңдағаныңызды қалайды”.

СІЗ НЕ ІСТЕЙ АЛАСЫЗ?

Күйеулерге құлаққағыс. Жанашырлықпен тыңдауды үйреніңіз. Айдос есімді кісі былай дейді: “Кейде әйелімнің сөзін тыңдап болған соң, “бұдан проблема шешілмеді ғой” деп ойлаймын. Бірақ көп жағдайда әйеліме бар керегі сол болып шығады”. Батыр есімді кісі де солай ойлайды. Ол былай дейді: “Ең дұрысы — әйелімнің сөзін бөлмей тыңдау. Әңгімелескеннен кейін, ол өзінің әжептәуір жеңілдеп қалғанын айтады”.

Былай етіп көріңіз: Келесі жолы әйеліңіз қандай да бір мәселені ортаға салғанда, өзі сұрамаған кеңесті беруге асықпаңыз. Оның көзіне қарап, сөзін мұқият тыңдаңыз. Келісетініңізді көрсетіп, басыңызды изеп отырыңыз. Оның ойын түйіндеп отырсаңыз, әйеліңіз не айтқысы келгенін ұққаныңызды көреді. “Кейде әйеліме оны түсінгенімді әрі оның жағында екенімді білгені жеткілікті болып жатады”,— дейді Шыңғыс есімді отағасы. Киелі кітаптың кеңесі: Жақып 1:19.

Әйелдерге құлаққағыс. Нені қалайтыныңызды ашық айтыңыз. Аяулым есімді әйел былай дейді: “Күйеулеріміз бізге не керек екенін біле қояды деп ойлайтын шығармыз. Бірақ кейде мұны ашық айту қажет болады”. Лаура есімді әйел күйеуімен сөйлесерде сөзін былай бастайды екен: “Мені бір жайт мазалап жүр, мұқият тыңдасаң деп едім. Мәселені шешіп берудің қажеті жоқ, жанымды түсінсең болды”.

Былай етіп көріңіз: Күйеуіңіз сізді аяғына дейін тыңдамай жатып, мәселенің шешімін ұсынса, ол сіздің жаныңызды түсінбейді деп ойлап қалмаңыз. Жұбайыңыз бар болғаны жүгіңізді жеңілдеткісі келген болуы мүмкін. Шолпан есімді әйел былай дейді: “Мұндайда мен ашуланбай, оған түсінікпен қарауға тырысамын. Күйеуім менің қамымды ойлайды, мені тыңдағысы-ақ келеді. Жай ғана маған көмектесуге асық болғаны ғой”. Киелі кітаптың кеңесі: Римдіктерге 12:10.

Екеуіне де құлаққағыс. Әдетте басқалардың бізге қалай қарағанын қаласақ, біз де оларға солай қарауға тырысатынымыз рас. Алайда жабулы қазан жабулы күйінде қалып кетпес үшін, жарыңыздың нені қалайтынын ескергеніңіз маңызды (Қорынттықтарға 1-хат 10:24). Самат есімді кісі мұны былай түсіндіреді: “Күйеуі болсаңыз, тыңдауға асық болыңыз. Ал әйелі болсаңыз, ара-тұра проблеманың шешімін тыңдауға дайын болыңыз. Екеуіңіз де илігуге әзір болсаңыздар, екеуіңіздің де көңілдеріңіз тоқ болады”. Киелі кітаптың кеңесі: Петірдің 1-хаты 3:8.

^ 4-абзац Мұнда сипатталған мінез-құлық ерлер мен әйелдердің бәріне бірдей тән болмауы мүмкін. Дегенмен берілген кеңестер некедегі кез келген адамға жұбайын түсініп, онымен жақсырақ тіл табысуға көмектесе алады.

^ 7-абзац Бұл мақаладағы есімдер өзгертілген.