Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Алып ғаламның айтары

Алып ғаламның айтары

Ғалам таңғалдыруын қояр емес. Оның құпиясын ашып, түбіне жету үшін ғалымдар небір құралдар ойлап шығаруда. Олар қандай жаңалықтар ашты?

Ғалам бейберекет емес. “Астрономия” деген бір ғылыми журналда: “Галактикалар аспанда бейберекет шашырап жатқандай көрінгенмен, олардың тор тәрізді құрылымы бар”,— делінген. Мұның сыры неде? Ғалымдардың пайымдауынша, мұның құпиясы — көзге көрінбейтін қара материяда. “Астрономия” журналында “қара материя көрінбейтін қаңқа іспетті, ол галактикаларды, галактика шоғырларын, сондай-ақ галактиканың аса үлкен шоғырларын ұстап тұрады” деп түсіндірілген.

Ғаламдағы осындай мінсіз тәртіп қайдан пайда болған? Өздігінен бе? Аллан Сендидж осыған қатысты пікір айтып кеткен. Халық оны “XX ғасырдың ең ұлы, ең ықпалды астрономы” деп біледі және ол Құдайға сенген адам еді.

Ол былай деген: “Аспандағы бұндай тәртіп өздігінен пайда болды дегенге мүлдем сенбеймін. Бұның бәрін тәртіпке салып тұрған бір жүйе бар екені анық”.

Бабына келтірілген ғалам. Ғалымдар “әлсіз күш” деп атайтын күш жайлы қарастырайық. Ол күннің бірқалыпты жануын қадағалайды. Бұл күш әлсіздеу болса, күн ешқашан пайда болмас еді, ал күштірек болса, күн әлдеқашан жанып, жоқ болып кетер еді. Бұл күштің әлсіздеу де емес, күштірек те емес, өз бабында болуы тіршілікті мүмкін етіп отыр.

Бұл бір ғана мысал. Ал ғаламда бұндай күштер қаншама. Анил Анантасвами есімді жазушы ғалымның айтуынша, сол күштердің біреуі болса да қажетті күйінен сәл ауытқығанда, “жұлдыздар, планеталар мен галактикалар ешқашан қалыптаспас еді, өмір де пайда болмас еді”.

Адамзаттың мінсіз мекені. Жер планетасының атмосферасы өте қолайлы, суы да не аз, не көп емес — дәл қажетті мөлшерде. Айдың көлемі де мінсіз, ондай болмағанда Жер планетасы өз орнында нық тұрмас еді. “National Geographic” журналында былай делінген: “Геология, экология мен биологияның үйлесіп, бір-бірін толықтырып тұрғанының арқасында доп-домалақ Жер бүкіл ғаламда адам баласы өмір сүре алатын жалғыз планета болып отыр” a.

Бір жазушының айтуынша, біздің Күн жүйеміз галактикамыздың “бір шетінде орналасқан”. Басқа жұлдыздардан алыс жатқанының арқасында жерде тіршілік бар. Егер біз сол жұлдыздарға жақын, яғни галактиканың қақ ортасында я спиральды жолақтардың (яки жеңінің) арасында орналасқанда, қатты радиациядан жерге қауіп төнер еді. Ал біз, ғалымдар айтпақшы, “галактиканың тіршілік ету аймағында” жайғасқанбыз.

Ғалам мен ондағы заңдылықтарды зерттегеннен кейін, Пол Дейвис есімді физик мынадай тұжырымға келген: “Ғаламдағы тіршілік тағдырдың еркелігінен, апаттың салдарынан, ғарыштағы ғажайып драманың кездейсоқ сәтінен пайда болды дегенге өз басым сене алмаймын... Біз жер бетінде бекерден-бекер жүрген жоқпыз”. Бірақ Дейвис ғалам мен адам баласы Құдайдың қолынан шыққан деп те айтпайды. Ал сіз не ойлайсыз? Ғалам да, жеріміз де тіршілік үшін ойластырылып жаратылғандай көрінеді. Бұның солай көрінуі бекер емес шығар. Бәлкім, бұл шынымен солай шығар.

a “National Geographic” журналының бұл мақаласында жер мен адамзатты Құдай жаратты делінбеген. Онда тек жер адамзат үшін ең қолайлы мекен екені айтылады.