Киелі кітаптың айтары
Мұсаның 1-жазбасы a 2:4-те былай делінген: “Бұл — аспан мен жердің жаратылу тарихы”. Киелі кітап ғаламшарымыздың пайда болуы жайлы баяндауын осылай тамамдайды. Киелі кітапта айтылғандар ғылыми деректермен үйлесе ме? Қазір бірнеше мысалға тоқталайық.
Ғалам әрдайым бар болған ба?
Мұсаның 1-жазбасы 1:1-де: “Әуел баста Құдай аспан мен жерді жаратты”,— делінген.
XX ғасырдың ортасына дейін көптеген бетке ұстар ғалымдар ғалам әрдайым бар болған деп сеніп келген. Бірақ қазір ғалымдардың басым бөлігі соңғы ғылыми жаңалықтарға сүйеніп, ғаламның бастамасы бар екенін мойындайды.
Әуелде жердің көрінісі қандай болған?
Мұсаның 1-жазбасы 1:2, 9-да “жер ретсіз, қаңырап бос” тұрғаны әрі су басып жатқаны айтылады.
Ғалымдардың соңғы ашқандары да бұл сөздердің рас екенін көрсетеді. Биолог Патрик Шихтің айтуынша, басында жердегі “атмосфера оттегісіз, тыныс алуға жарамайтын,.. ал жер бедері тура ғылыми фантастикалық кинодағыдай болған”. “Астрономия” журналында былай делінген: “Соңғы зерттеулерге қарағанда, ежелде Жер бірде-бір құрғақ жері жоқ су ордасы болған”.
Атмосфера уақыт өте қалай өзгерді?
Мұсаның 1-жазбасы 1:3—5 тармақтарға сай, жарық атмосфера қабатынан алғаш өте бастағанда, жер бетінен бұл жарықтың көзі көрінбеген. Күн мен ай біршама уақыттан кейін ғана жер бетінен анық көрінді (Мұсаның 1-жазбасы 1:14—18).
Киелі кітапта жердегі күллі тіршілік 24 сағаттан тұратын 6 күнде жаратылды делінбеген
Смитсон қоршаған ортаны зерттеу орталығының айтуынша, алғашында атмосферадан өткен жарық жер бетіне шашырап қана түскен. Онда тағы былай делінді: “Ауадағы метан тамшылары енді пайда болған Жер шарын тұманмен қаптап тұрды”. Кейін “бұл тұман сейіліп, аспан ашылып, көгілдір болды”.
Жердегі тіршілік қандай ретпен пайда болды?
Мұсаның 1-жазбасы 1:20—27 тармақтарда алдымен балықтар, құстар, жердегі жануарлар, ал ең соңында адам жаратылғаны айтылған. Ғалымдардың пайымдауынша, теңіздегі балықтар сүтқоректілерден әлдеқашан ерте, ал адамдар әлдеқашан кешірек пайда болған.
Киелі кітапта тірі ағзалар уақыт өте өзгеріске ұшырамайды делінбеген
Киелі кітапта не айтылмаған?
Кейбір адамдар Киелі кітаптағы айтылғандар мен соңғы ғылыми жаңалықтар бір-біріне кереғар деп жатады. Бірақ бұндай пікірлер жиі Киелі кітапты дұрыс түсінбегеннен туындайды.
Киелі кітапта ғаламның я жердің пайда болғанына 6000 жыл ғана болды деп айтылмаған. Киелі кітап жер мен ғаламның қанша уақыт бұрын пайда болғаны жайлы нақты ештеңе айтпайды. Онда тек қана олардың “әуел баста” жаратылғаны айтылған (Мұсаның 1-жазбасы 1:1).
Киелі кітапта жердегі күллі тіршілік 24 сағаттан тұратын 6 күнде жаратылды делінбеген. Киелі кітапта “күн” деген сөз 24 сағаттық тәулікті емес, белгілі бір уақыт кезеңін білдіреді. Мысалы, онда: “Сол күні Ехоба b Құдай жер мен аспанды жаратты”,— делінген (Мұсаның 1-жазбасы 2:4). Мұндағы “күн” деген сөздің ішіне ғаламшарымыз бен ондағы тіршілік жаратылған уақыт және Мұсаның 1-жазбасының 1-тарауында айтылған алты жаратылыс “күні” кіріп кетеді. Демек, Құдай жерді тіршілік үшін дайындап, тіршілікті жаратқан алты “күннің” әрқайсысы өте ұзақ уақыт кезеңін білдіреді.
Киелі кітапта тірі ағзалар уақыт өте өзгеріске ұшырамайды делінбеген. Киелі кітапта жануарлардың “түр-түрімен” жаратылғаны айтылған (Мұсаның 1-жазбасы 1:24, 25). Киелі кітаптағы “түр” деген сөз бен ғылымдағы “түр” деген термин бірдей емес. Киелі кітаптағы “түр” сөзінің мағынасы ауқымдырақ. Киелі кітаптың “түр” деген сөзі ғылымдағы тірі нәрселердің түрлі классификациясын қамтып кетеді. Сондықтан Киелі кітап мағынасы бойынша бір “түрге” жататын әрі бір жерде тіршілік ететін тірі нәрселер уақыт өте өз ішінде кейбір өзгеріске ұшырауы мүмкін.
Сіз не ойлайсыз?
Көріп отырғанымыздай, ғаламның бастамасы, жердің бастапқы көрінісі мен тіршіліктің пайда болуы жайлы Киелі кітапта қысқа да нұсқа түсіндірілген. Ендеше, осының бәрін жаратқан Тұлға жайлы да Киелі кітап тура осылай нақты айтып бере ала ма? “Британ энциклопедиясында” былай делінген: “Тіршілік табиғаттан тыс күштің әсерінен пайда болды деген пікір соңғы ғылыми жаңалықтарға сай келеді” c.