Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

ҚҰДАЙ СӨЗІНЕ ҮҢІЛЕЙІК

Азғырылу

Азғырылу

Ойран болған отбасы, ауру-сырқау, өзекті өртеген өкініш — бұлар азғыруға бой алдырудың кейбір салдары ғана. Бұл тұзақты қалай айналып өтсе болады?

Азғырылуға не жатады?

Адам бір нәрсеге, әсіресе жаман нәрсеге құмартқанда, азғырылуы мүмкін. Мысалы, дүкен аралап жүріп, көзіңізге өте әдемі бір зат түсті делік. Сонда санаңызда “оны ұрлап алайын, ешкім байқамай қалады” деген ой жалт етеді. Осы кезде ар-ұжданыңыз сізді кілт тоқтатады. Содан, жаман ойды ысырып тастап, өз жөніңізбен кете бердіңіз. Бұл — азғыруға берілмей, жеңіп шыққаныңыз.

КИЕЛІ КІТАПТА НЕ ДЕЛІНГЕН?

 

Бір нәрсеге құмарту — жаман адам екеніміздің көрсеткіші емес. Киелі кітап пенделердің бәрі азғыруға кезігетінін мойындайды (Қорынттықтарға 1-хат 10:13). Сондай кездерде ең маңыздысы — біздің әрекетіміз. Кейбіреулер бұрыс қалауларын тежемей, ертелі-кеш соның ырқына жығылады. Басқалары болса жаман деп тапқан қалауларын бірден тыйып тастайды.

“Әрбір адам өз құмарлығына елігіп, торға түскендіктен сыналады” (Жақып 1:14).

Неліктен азғыруға кезіккенде тез әрекет еткен жөн?

Киелі кітап күнәға қандай қадамдар бастайтынын ашық айтады. Жақып 1:15-те: “Құмарлық дамып жетілгенде, күнә тудырады”,— делінген. Демек, жаман құмарлықты бойымызда сақтап жүретін болсақ, ол бір күні өз шегіне жетеді де, толғақ қысқан жүкті әйелдің босанбай қоймайтынындай, ол да бізді күнәға ұрындырмай тынбайды. Әйткенмен зиянды қалаудың құрығына түспеу өз қолымызда. Біз оны тіпті өзімізге бағындыра аламыз.

КИЕЛІ КІТАП НАҚЫЛЫ.

 

Ой-санамыз бұрыс қалауларымызды өсіріп үлкейте алады. Сондай-ақ оларды жаншып, көзін жоя да алады. Қалайша? Мысалы, бір іспен шұғылдану, досыңмен сөйлесу, жақсы нәрселер жайында ойлау сияқты басқа жайтқа назар аудару арқылы (Філіпіліктерге 4:8). Сондай-ақ азғырылудың ащы салдары жайлы, эмоциялық, тәндік және рухани жағынан тигізер зияны жайлы, ойланған жөн болар (Мұсаның 5-жазбасы 32:29). Дұғаның да тигізер көмегі көп. Иса пайғамбар: “Азғырылмау үшін сергек болып, ұдайы дұға етіңдер”,— деген (Матай 26:41).

“Алданбаңдар! Құдай өзін мазақтатып қоймайды. Адам не ексе, соны орады” (Ғалаттықтарға 6:7).

Ерік-жігерімізді азғырылуға берілместей етіп қалай шыңдауға болады?

АЩЫ ШЫНДЫҚ.

 

Азғырудың ақымақ, сенгіш, аңқау адамдарды алдап түсіретін қауіпті тұзақ екенін ұмытпаңыз (Жақып 1:14). Бұл әсіресе зинақорлыққа жетелейтін азғыруларға қатысты. Бұған арбалған адам сорақы зардабын тартуы мүмкін (Нақыл сөздер 7:22, 23).

КИЕЛІ КІТАП НАҚЫЛЫ.

 

Иса пайғамбар былай деген: “Егер оң көзің күнәға азғырса, оны ойып алып, лақтырып таста” (Матай 5:29). Әрине, ол мұнда тура мағынада айтып тұрған жоқ. Ол Құдайға ұнамды болып, мәңгі өмірге қол жеткізгіміз келсе, жаман бейімділіктерді “өлтіру” керектігіне меңзеген (Қолостықтарға 3:5). Бұл дегеніміз азғыруға кезіккенде одан үзілді-кесілді бас тартуды білдіреді. Мысалы, Құдайдың бір адал қызметшісі: “Көзімді түкке тұрғысыз нәрсеге түсірмеші”,— деп дұға еткен (Зәбүр 119:37).

Әрине, ұстамдылық сақтау әрдайым оңай бола бермейді. Қанша дегенмен, “тән әлсіз” (Матай 26:41). Сондықтан шалыс басып жататын кезіміз болады. Бірақ шын жүректен өкініп, азғыруға берілу әдетке айналмас үшін барымызды салсақ, Жаратушы Құдайымыз Ехоба мейірім түсіріп, жанашырлық танытады (Зәбүр 103:8). Бұл демеу беріп, жанымызды жадыратады, солай емес ме?!

“Ехоба, егер сен күнәларымызды байқай берсең, онда алдыңда кім тұра алады, уа, Ехоба?” (Зәбүр 130:3).