Қуатты үнемдеу қаншалықты маңызды?
ҮЙДІ жылыту, салқындату, көлік жүргізу және күнделікті тірліктердің көбісін атқару үшін қуат көзі қажет-ақ. Алайда шартарап бойынша қуаттың жетіспеушілігінен көп адам қиындық көруде.
Солтүстік Африкада тұратын Гариді жанармайдың қымбаттап бара жатқаны қатты алаңдатады. Ал филиппиндік Дженифер бірде бар, бірде жоқ электр қуатының тұрақсыздығына қапалы. Сальвадорда тұратын Фернандо болса қуатты тиімсіз пайдаланудың қоршаған ортаға кері әсер ететінін айтып, уайымын білдірді. Шынымен-ақ көптеген елдерде қуат өндіру жығылып жатқан табиғатқа жұдырық болып тиюде.
Сіз “Мұндай қиындықта мен не істей аламын?” деп ойларсыз.
Қуатты дұрыс пайдаланудың жолын табу бәріміздің қолымыздан келеді. Оны үнемдеу де, тиімді пайдалану да көп игілік әкеледі. Мысалы, көп қаражат төлеп әуре болмаймыз. Сонымен қатар энергияға деген үлкен сұранысқа қажетсіз салмақ салмай, қоршаған ортаны сақтаймыз.
Қазір қуат көзін үйде, көлікпен жүргенде және күйбең тірлікпен айналысқанда қалай дұрыс пайдалануға болатынына тоқталайық.
ҮЙДЕ
Бөлмені жылытатын не салқындататын жабдықтарды үнемді пайдаланыңыз. Еуропаның бір елінде сынақ өткізіліп, қыс мезгілінде термостатты небәрі екі градусқа төмендетіп, жылуды азайтып көрген. Нәтижесінде, бұл тәжірибе сол жылы қуатты үнемдеудің ең үздік жолы деп табылды. Ал Канадада тұратын Дэррик болса: “Қыста пешті барынша қосудың орнына жылы киініп аламыз. Осылай отбасымызбен қуатты үнемдейміз”,— дейді.
Бұл қағидалар климаты ыстық аймақтарға да қатысты. Филиппиндік Рудольфо кондиционерді үнемді режимге қойып жүреді екен. “Неге бұлай етесіз?” деген сұраққа ол: “Осылай ақшамызды да, энергияны да үнемдейміз”,— деп жауап берді.
Үйді жылытқанда не суытқанда есік-терезелерді жауып қойыңыз *. Жылыған не суыған ауаның сыртқа шығып кетпеуін қадағаласақ, біраз қуатты үнемдейміз. Мысалы, суық күні есік ашық қалса, үйді жылытуға әлдеқайда көп қуат кетеді.
Қуатты ысырап етпеу үшін, кейбіреулер есік-терезелерді жауып жүруден бөлек, үйдің изоляциясын жақсартып, жылуды далаға жібермейтін терезелер орнатады.
Қуат үнемдейтін электр шамдарын қолданыңыз. “Біз әдеттегі қызу шамының орнына қуатты аз жұмсайтын шамды қолдана бастадық”,— дейді Дженифер. Қазіргі заманғы қуат үнемдейтін шамдар қымбатырақ тұрғанымен, аз қуат жұмсап, ұзақ уақыт қызмет етеді. Соның арқасында бірнеше жылдық қаржыңыз қалтаңызда қалады.
КӨЛІКПЕН ЖҮРГЕНДЕ
Мүмкін болса, көпшілікке арналған көлікпен жүріңіз. Ұлыбританияда тұратын Эндрю: “Жұмысқа мүмкіндігінше велосипедпен не пойызбен баруға тырысамын”,— дейді. Қуат үнемдеу жайындағы бір кітапта былай делінген: “Автобус пен пойызға қарағанда, жеке көліктер үш есе көп қуат жейді” (“Energy: What Everyone Needs to Know”).
Қайда, қанша жол жүретініңізді ойластырыңыз. Алдын ала жоспарласаңыз, көп жол жүрмей, бір шыққанда бірнеше жерге бара аласыз. Осының арқасында қуатты, уақыт пен қаражатыңызды үнемдейсіз.
Филиппинде тұратын Джетро ай сайын көлігіне шектеулі жанармай құйып отырады. “Осылай қайда және қашан баратынымды алдын ала жоспарлауды үйрендім”,— дейді ол.
КҮЙБЕҢ ТІРЛІКПЕН АЙНАЛЫСҚАНДА
Ыстық су қолданысын шектеңіз. Бір зерттеуге сай, Австралия қалаларында ыстық сумен қамтамасыз ету жалпы тұтынылатын қуаттың 1,3%-ын құрайды. Ал күйбең тірлікте жұмсалатын жылы су қуат көзінің 27%-ын шығындайды.
Жылы суды үнемдеу оған кететін қуатты үнемдеуді білдіреді. Оңтүстік Африкада тұратын Виктор: “Біз шомылған кезде жылы суды мүмкіндігінше азырақ пайдалануға тырысамыз”,— дейді. Ал Стивен Кенуэй есімді ғалым жылы суды үнемдеу “үш дүркін” жеңіске жеткізетінін айтқан. Біріншіден, энергия мен су үнемделеді, екіншіден, су мен қуат өндіретін компанияның жұмысы азаяды, үшіншіден, тұтынушылар көп шығын шығармайды.
Өшіріп жүріңіз. Жарықты, теледидар мен компьютер сияқты электронды құрылғыларды және басқа да жабдықтарды өшіріп жүрген дұрыс. Сөніп тұрса да, қуатты жей беретін құрылғылар көп. Сондықтан кейбір мамандар оларды тоқтан ажыратуға немесе қосып-өшіретін батырмасы бар тоқ ұзартқышты қолдануға кеңес береді. Жоғарыда аталып кеткен Фернандо жақсы әдетін айтып: “Қажет болмайтынын білсем, жарықты өшіріп, құрылғыларды тоқтан суырып тастаймын”,— дейді.
Рас, энергияның өсіп жатқан құнын және қоршаған ортаның ластануын тоқтата алмайтын шығармыз. Бірақ қуатты дұрыс қолдану кім-кімнің де қолынан келеді. Дүниежүзі бойынша үнемдеудің жолын тауып жүрген адамдар бар. Әрине, бұл оңай жол емес, себебі күш салып, жоспарлау қажет. Бірақ оның пайдасы жөнінде ойланып көріңіз. Мексикалық Валерия: “Осылайша мен ақшамды үнемдеймін және қоршаған ортаны қорғаймын”,— дейді.
^ 10-абзац Жылытатын не суытатын жабдықтарды қолданғанда, нұсқаулықтарында жазылған қауіпсіздік ережелерін ескергеніңіз жөн. Мысалы, кей жабдықтарға ылғи да таза ауа келіп тұруы қажет болғандықтан немесе вентиляциясы ерекше тәртіппен жұмыс жасайтындықтан, есік-терезені ашып қойған дұрыс.