Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

ҒАСЫРЛАР ҮНІ

Дезидерий Эразм

Дезидерий Эразм

АЛҒАШЫНДА Дезидерий Эразм (шамамен 1469—1536 жж.) Еуропадағы ең керемет ғалым ретінде танылды. Бірақ кейіннен әлжуаз қорқақ әрі еретик деп табылып, атына күйе жағылды. Ол дін тақырыбындағы қызу пікірталас кезінде католик шіркеуі мен реформа жасағысы келетіндердің қателіктері мен қорлық істерін батыл әшкерелеген. Бүгінде Эразм Еуропа халықтарының дініне жаңа бағыт берген басты тұлға ретінде танымал. Ол бұған қалай қол жеткізді?

ЗЕРТТЕУЛЕРІ МЕН НАНЫМДАРЫ

Грек пен латын тілін жетік білген Эразм “Латын Вульгатасы” сияқты Киелі кітаптың латын тіліндегі аудармаларын Жаңа өсиеттің (Мәсіхшілердің грек жазбалары деп те аталады) көне грек қолжазбаларымен салыстырды. Нәтижесінде, ол Киелі кітаптан білім алудың қаншалықты маңызды екенін түсініп, оның сол уақыттағы жұрт сөйлейтін басқа да тілдерге аударылу керектігіне сенімді болды.

Эразмнің түсінігі бойынша, мәсіхшілік жай ғана мәнсіз рәсімдердің жиынтығынан тұрмау керек еді, ол адамның өмір жолы болу керек-тін. Бұған сенімді болған ол католик шіркеуінің өзгерістер жасауын қалады. Сол үшін де реформаторлар бас көтеріп, Рим шіркеуінен ішкі өзгерістер жасауды талап еткенде, католик дінбасылары Эразмге күдікпен қарай бастады.

Эразм католик шіркеуі мен реформаторлардың қателіктері мен қорлық істерін батыл әшкереледі

Эразм өз еңбектерінде дін қызметкерлерінің құқық бұзушылықтары мен паңдықтарын және соғыстарды қолдаған Рим папаларының мансапқұмарлығын ащы мысқылмен әшкереледі. Ол әдептен озған дін қызметкерлерінің күнәні мойындау, әулиелерге құлшылық ету, ораза ұстау және қасиетті жерлерді аралау сияқты шіркеу жоралары арқылы сенушілерді өз мақсаттарына пайдаланғанына наразы болды. Сондай-ақ ол шіркеудің индульгенция сату мен неке құрмауға көндіру сияқты әрекеттеріне қарсылық білдірді.

ЖАҢА ӨСИЕТТІҢ ГРЕК МӘТІНІ

Эразм Жаңа өсиеттің грек тіліндегі алғашқы нұсқасын 1516 жылы басып шығарды. Бұл баспа түрінде жарық көрген ең алғашқы Мәсіхшілердің грек жазбалары еді. Бұл басылымда Эразмнің түсініктемелері болды. Сондай-ақ оған Эразм жасаған Мәсіхшілердің грек жазбаларының латын тіліндегі аудармасы енді. Бұл аударма “Вульгатадан” өзгеше еді. Эразм оны белгілі бір уақыт бойы өңдеумен болды. Аударманың ақырғы нұсқасы “Вульгатадан” айтарлықтай ерекшеленді.

Эразм басып шығарған грек тіліндегі Жаңа өсиет

Айырмашылықтардың бірі Жоханның 1-хаты 5:7-дегі сөздерде еді. Киелі кітаптан қолдау таппайтын үштік сенімін дәлелдеу үшін “Вульгатаға” бірсыпыра жалған сөздер (“comma Johanneum” деген атаумен белгілі) енгізілген болатын. Содан аталмыш тармақ былай берілді: “Көкте Әке, Сөз және Киелі Рух бар: бұл үшеуі біреу”. Алайда Эразм бұл сөздерді Жаңа өсиеттің өзі басып шығарған алғашқы екі нұсқасына қоспады, өйткені өзі сүйенген грек қолжазбаларының ешқайсысында әлгі сөздер жоқ еді. Кейіннен шіркеу оған бұл сөздерді үшінші нұсқасына күштеп қосқызды.

Грек жазбаларының Эразм өңдеп шығарған нұсқалары Еуропа тілдеріне жақсырақ аудармалар жасауға септігін тигізді. Мысалы, Мартин Лютер, Уильям Тиндал, Антонио Бручоли мен Франсиско де Энсинас есімді аудармашылар осы нұсқаларға сүйеніп, Грек жазбаларын неміс, ағылшын, итальян және испан тілдеріне аударды.

Эразм тарихи маңызы бар діни толқулар кезінде өмір сүрді. Ол басып шығарған грек тіліндегі Жаңа өсиет протестант реформаторлары үшін таптырмас дүние болды. Кейбіреулер Эразмнің өзін реформаторлардың қатарына жатқызып жүрді. Ал реформация басталғанда бәрі айқын болды: Эразм сол кезде орын алған үлкен теологиялық талас-тартыста ешкімнің жағына шықпады. Бір қызығы, осыдан шамамен 100 жыл бұрын Дейвид Шафф есімді ғалым Эразмнің оқшау жүріп, ешкімге қосылмай өмірден өткенін және оны католиктер де, протестанттар да өз адамы санамағанын айтқан.