Клоун-балықтың құпиясы
КЛОУН-БАЛЫҚ — су асты әлеміндегі ерекше балықтардың бірі. Оның цирктегі сайқымазақты еске салатын түрлі түсті “киімі” назарды бірден жаулап алады. Клоун-балықтың өзі таңдаған мекені де бізді таң-тамаша қалдырар: ол актинияның улы қармалауыштарының арасында тіршілік етеді.
Көптеген Голливуд жұлдыздары сияқты, клоун-балықтар суретке түсуге қарсы емес. Бұл балықтардың суретке түсерде тіпті біраз кідіріп тұратынын байқауға болады. Жиі “үйінің” айналасында жүретіндіктен, клоун-балықтар аса үркек емес.
Клоун-балықтың ең үлкен ерекшелігі — оның бір қарағанда қауіпті болып көрінетін жерді мекендейтінінде. Актинияның улы қармалауыштарының арасында өмір сүру жылан ордасында тіршілік етумен бірдей болып көрінер. Алайда клоун-балық пен актинияның ым-жымы бір деуге болады. Қалайша?
“СЕНСІЗ КҮНІМ ҚАРАҢ”
Клоун-балық пен актинияның қарым-қатынасынан жақсы серіктестердің арасында болатын алыс-берісті байқауға болады. Клоун-балық үшін актиния — тек ыңғайлы мекен емес, тіршілік
үшін аса маңызды тұрақ. Теңіз биологтарының айтуынша, клоун-балық онсыз ашық теңізде тірі қала алмас еді. Жақсы жүзе алмағандықтан, бұл балықтар жыртқыштардың оңай жемтігіне айналуы мүмкін. Ал актинияны өзінің тұрағы әрі қауіптен қорғайтын панасы еткендіктен, олар 10 жылға дейін өмір сүре алады.Клоун-балық үшін актиния уылдырық шашуға қолайлы жер болып табылады. Аналық балық уылдырығын өзі мекендейтін актинияның түбіне шашады да, аталық балықпен бірге оларды қамқорлап жүреді. Кейін, клоун-балықтың бүкіл отбасымен сол актинияның маңында жүзіп жүргенін көруге болады.
Ал актиния бұл серіктестіктен қандай пайда көреді? Клоун-балық актинияның қармалауыштарымен қоректенетін көбелек-балықтарды қуып отырады. Клоун-балықсыз тіршілік ете алмайтын актинияның, кем дегенде, бір түрі белгілі. Зерттеушілер клоун-балықты бөлек алып қойған кезде актиния небәрі 24 сағаттың ішінде толығымен жойылып кеткен. Оны көбелек-балықтар жеп қойған көрінеді.
Сондай-ақ клоун-балық үй иесі үшін қуат көзі болып табылса керек. Ол актинияның өсуіне қажет аммоний бөліп шығарады. Клоун-балық қармалауыштардың арасымен әрлі-берлі жүзіп жүріп, оттегіге бай су ағынының үздіксіз келуіне септігін тигізеді.
БАСҚАЛАР БАС СҰҚПАЙТЫН ЖЕР
Клоун-балықтың құпиясы оның терісінде. Терінің бетіндегі шырышты қабат балықты актинияның улы қармалауыштарынан қорғайды. Осындай қабаттың арқасында актиния клоун-балықты өзі сияқтылардың бірі санайтын көрінеді. Бір теңіз биологы айтпақшы, осылай клоун-балық “актинияның терісін жамылған балық” болады.
Кей зерттеулерге сай, клоун-балық өзіне жаңа тұрақ тапқан соң, оған аздап бейімделуі керек болады. Бақылау нәтижелері көрсеткендей, ол актинияға алғаш рет жақындағанда, оған ара-тұра жанасып қояды. Бірнеше сағат бойы жүргізілген осындай “келіссөздің” арқасында клоун-балық сыртқы қорғаныс қабатын жаңа үй иесінің уына сай өзгертіп алатын көрінеді. Мұндай әрекеттің барысында актиния оны аздап шағып та алатын шығар. Бірақ соңында олар бір-бірінің тілін табады.
Жақсы серіктес бола білетін осы екі түрлі тіршілік иесінен, сірә, үйренеріміз көп шығар. Бүгінде мәдениеті мен шыққан ортасы әртүрлі адамдар өздерінің мықты жақтарын ортаға салу арқылы көп істе айтарлықтай үлкен жетістіктерге жетіп жатады. Клоун-балықтың жағдайындағыдай, қандай да бір істі басқалармен бірлесе атқару үшін оларға аздап икемделуіміз қажет болатын шығар, бірақ есесіне керемет нәтижеге қол жеткіземіз.