ОТБАСЫҢЫЗ БЕРЕКЕЛІ БОЛСЫН | НЕКЕ
Сыйластық
ҚИЫНДЫҚ
Күйеуі былай дейді: “Әйелім екеуміз отау құрғанда, құрмет көрсетуге қатысты көзқарасымыз екі түрлі болатын. Біріміздікі дұрыс, біріміздікі бұрыс болды дей алмаймын. Жай екеуміз екі түрлі пікірде болдық. Жиі әйелім маған көбірек құрмет көрсетіп сөйлесе екен деп ойлайтынмын”.
Әйелі былай дейді: “Қатты дауыстап сөйлеу, түрлі бет қимылдарын жасау, біреудің сөзін бөліп сөйлеу біздің мәдениетімізге тән. Ешкім мұны оғаш көрмейді. Ал күйеуім өскен ортада бәрі басқаша”.
Ерлі-зайыптылар арасындағы сыйластық қол сілтей салатын нәрсе емес. Бұл — некенің түп қазығы. Ендеше, сыйласа білудің сыры неде екенін көрейік.
МҰНЫ БІЛГЕН ЖӨН
Ер адамдар құрметке аса мұқтаж. Киелі кітапта: “Әрқайсысың әйеліңді өзіңді сүйгендей сүй”,— деген кеңес жазылған. Сондай-ақ ол жерде: “Әйел болса күйеуіне зор құрмет көрсетсін”,— делінген (Ефестіктерге 5:33). Әрине, ерлі-зайыптылардың екеуі де сүйіспеншілік пен құрметке мұқтаж. Дегенмен көрсетілген құрмет күйеулерге айрықша әсер етеді. Мұндайда олардың еңселері көтеріліп, мерейлері өседі. Карлос * есімді бір отағасы былай дейді: “Ер адамдар өздерін туындаған жағдайды өз бақылауына алып, қиындықтарды шеше алатын және отбасын қамқорлай алатын отағалары ретінде сезінгілері келеді”. Әйелі күйеуіне осы қабілеттері үшін құрмет көрсетсе, бұл тек күйеуіне ғана емес, өзіне де көп пайда әкеледі. “Күйеуімді құрметтейтінімді көрсеткенде, ол да мені сүйетінін көбірек көрсетеді”,— дейді Карин есімді әйел.
Құрметке әйелдер де мұқтаж. Бұл сөздердің жаны бар. Өйткені күйеуі әйелін сыйламаса, оны шынымен жақсы көре алмайды. “Мен әйелімнің ой-пікірі мен ұсыныстарына құрметпен қарауым керек,— дейді Даниэль.— Оның сезімдерін де құрметтеуім қажет. Әйелімнің көңілінде әлдебір сезімдердің не себепті пайда болғанын түсінбегенім оларды елемей қоя салуға болады дегенді білдірмейді”.
Құрмет дегенді әркім әртүрлі түсінеді. Жұбайымды құрметтеп жүрмін деп ойлау — бір бөлек, ал оның соны сезінуі — бір бөлек нәрсе. “Қиындық” деген қоршауда өз пікірін білдірген әйел осыны түсінген еді. “Күйеуімнің намысына
тиетіндей ештеңе істеген жоқпын деп ойласам да, ол өзін солай сезінсе, түзелуі керек адам мен болғаным”,— дейді ол.СІЗ НЕ ІСТЕЙ АЛАСЫЗ?
-
Жарыңыздың бойындағы қандай үш қасиет сізді тәнті ететінін жазып қойыңыз. Соларды әрдайым есте ұстасаңыз, жұбайыңызға деген құрметіңіз де арта түседі.
-
Бір апта бойы өзіңіздің (жұбайыңыздың емес) сөздеріңіз бен іс-әрекеттеріңізді бақылап көріңіз.
Сөздеріңіз. Бір зерттеу нәтижесінде келіспеушіліктерді шешпек болған жұбайлардың бір-біріне қалай пікір білдіретіні анықталды. Некелері бақытты да тұрақты жұбайларға келсек, бір жағымсыз пікірге бес жағымды пікірден келген. Ал некелері ойран болғалы жатқан жұбайларда бір жағымсыз пікірге біреуден аз (0,8) жағымды пікірден келген * (Киелі кітаптың кеңесі: Нақыл сөздер 12:18).
Өзіңізді тексеріп көріңіз: “Жарыма құрмет танытып сөйлеймін бе? Мен оны жиі мақтаймын ба, әлде жиі сынаймын ба? Байқаған нәрсемді айтқанда не шағым білдіргенде, даусым қалай шығады?” Берген жауабыңызбен жұбайыңыз келісе ме? (Киелі кітаптың кеңесі: Қолостықтарға 3:13).
Былай етіп көріңіз: Жұбайыңызға күніне кем дегенде бір мақтау сөз айтуды мақсат етіңіз. Мысалы, жарыңыздың бойындағы сізді тәнті еткен қасиеттерге тағы да назар аударсаңыз болады. Оны не үшін бағалайтыныңызды айтып отыруды дағдыға айналдырыңыз (Киелі кітаптың кеңесі: Қорынттықтарға 1-хат 8:1).
Әрекеттеріңіз. Алисиа есімді бір әйел былай дейді: “Мен үй тірлігіне көп уақыт жұмсаймын. Өз заттарын орнына қою, ыдыс жуу сияқты істерімен күйеуім еңбегімді елеп-ескерсе, еңбегім де, некедегі орным да бағалы екенін сеземін”.
Өзіңізді тексеріп көріңіз: “Менің жұбайыма қалай қарайтынымнан оны құрметтейтінім көріне ме? Оған жеткілікті уақыт пен көңіл бөлемін бе?” Берген жауабыңызбен жұбайыңыз келісе ме?
Былай етіп көріңіз: “Қандай үш мәселеде өзіме құрмет көрсетілгенін қалаймын?” деп ойланып, соны қағазға жазып қойыңыз. Жұбайыңыз да солай етсін. Сосын, қағаздарыңызды алмастырып, жазылған мәселелерде бір-біріңізге құрмет көрсетуге тырысыңыздар. Бұған өз тарапыңыздан күш салуыңыз керектігін түсінгейсіз. Бұл ретте біріңіз бастасаңыз, екіншіңіз қоштай түсетіндеріңіз шүбәсіз.
^ 8-абзац Мақаладағы кейбір есімдер өзгертілген.
^ 14-абзац “Некені жаңғыртудың он жолы” кітабынан алынған.