Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

ҒАСЫРЛАР ҮНІ

Ибн әл-Хайсам

Ибн әл-Хайсам

СІЗ бұл кісі жайлы бұрын-соңды естімеген боларсыз. Оның толық аты — Әбу Әли әл-Хасан ибн әл-Хайсам. Батыста ол Альгазен деген атпен кеңінен танылған. Бұл — оның араб тіліндегі әл-Хасан деген атының латынша айтылуы. Ибн әл-Хайсам “ғылым тарихында ойып тұрып орын алған ең ұлы тұлғалардың бірі” саналады. Оның сіңірген еңбегі жайында білудің сізге де пайдасы тиіп қалады деп үміттенеміз.

Ибн әл-Хайсам шамамен б. з. 965 жылы бүгінде Ирак еліне қарасты Басра қаласында туылған. Оның астрономияға, химия, математика, медицина, музыка, оптика, физика мен поэзияға деген қызығушылығы зор болған. Оны көпшіліктің алғысына әбден лайық тұлға дей аламыз. Неліктен?

НІЛ ӨЗЕНІНДЕГІ БӨГЕТ

Ибн әл-Хайсаммен болған бір оқиға ел аузында ұзақ жүрді. Бұл оның Ніл өзенінің ағысын реттеу туралы жобасымен байланысты еді. Бұл жоба 1000 жылдай уақыттан кейін ғана (1902 жылы) Асуан қаласында жүзеге асты.

Ибн әл-Хайсам Мысырды мазалаған су тасқындары мен құрғақшылықты тыю үшін, Нілге бөгет орнатудың мықты жоспарын құрады. Бұл Каир қаласының билеушісі халиф әл-Хакимнің құлағына жетіп, ол ғұламаны Мысырға шақыртады. Ніл өзенін өз көзімен көргенде, ибн әл-Хайсам жобаны іске асыру мүмкін емес екенін түсінеді. Мінезі ойнап тұратын билеушінің жазасынан қорыққан ол есінен адасқансиды. Ол 1021 жылы халиф көз жұмғанша шамамен 11 жыл бойы осындай күйде жүреді. Ибн әл-Хайсам үйде қамауда отырған осы жылдарын босқа кетірмей, басқа да зерттеулерін жүргізе береді.

“ОПТИКА КІТАБЫ”

Еркіндікке шығатын уақытқа дейін ибн әл-Хайсам “Оптика кітабы” деп аталатын жеті томдық еңбегінің біраз бөлігін жазып бітіреді. Бұл еңбегі кейіннен “физика тарихындағы ең маңызды кітаптардың бірі” деп танылды. Онда жарықтың табиғаты, оның түрлі түстерге қалай бөлініп, айнадан қалай шағылысатыны және бір ортадан екінші ортаға өткенде қалай сынатыны жайында жүргізген зерттеулері қарастырылады. Ол көздің көру қабілетін, анатомиясын және қимыл-қозғалысын да зерттеген.

XIII ғасырға таман ибн әл-Хайсамның осы еңбегі арабшадан латын тіліне аударылды. Ғасырлар өте еуропалық зерттеушілер бұл еңбекке беделді мәлімет көзі деп жүгіне бастады. Ибн әл-Хайсамның линзалардың қасиеті жайында жазған жазбалары Еуропада көзілдірік жасаушылардың жұмысына жақсы негіз болды. Олар бір линзаның үстіне екіншісін қою арқылы телескоп пен микроскоптар ойлап шығарды.

АЛҒАШҚЫ ФОТОАППАРАТ

Ең алғашқы фотоаппарат деп те атауға болатын камера-обскураны ойлап тапқан кезде ибн әл-Хайсам фотосурет саласының негізі болып табылатын басты қағидаларды түсінді. Камера-обскура деп отырғанымыз — қараңғы бөлме. Онда түйреуіштің басындай ғана тесіктен жарық түсіп, іштегі қабырғада сырттағы көріністің төңкерілген бейнесі пайда болады.

Ибн әл-Хайсам алғашқы камера-обскураны ойлап тапқан

XIX ғасырда қабырғаға түскен суретті біржола сақтап қалу үшін камера-обскураға фотопластинкалар салынды. Не болды дейсіз ғой? Фотоаппарат пайда болды! Бүгінгі заманауи фотоаппараттардың бәрі, тіпті көзіміздің өзі, камера-обскура сияқты бірдей физикалық принциптермен жұмыс істейді *.

ЖАҢА ҒЫЛЫМИ ӘДІС

Ибн әл-Хайсамның ең басты жетістігі — ол табиғи құбылыстарды егжей-тегжейлі және белгілі бір жүйемен зерттеген. Оның тәсілдері сол замандағыларға мүлдем таңсық болатын. Ибн әл-Хайсам — теорияны тәжірибе жүзінде тексеріп көрген алғашқы адамдардың бірі. Ол қалыптасып кеткен қандай да бір ұғымның нақты айғақтары болмаса, оның растығына күмән келтіруден қорықпаған.

Заманауи ғылымның қағидасын мына бірауыз сөзбен жеткізуге болады: “Сенетін нәрсеңді дәлелде!” Кейбіреулер ибн әл-Хайсамды заманауи ғылыми әдістердің атасы деп атайды. Расында да, бұл ғұлама біздің алғысымызға әбден лайық!

^ 13-абзац Алғашында камера-обскура мен көзіміздің ұқсас екенін батыста ешкім жақсы білмеді. Мұны Иоганн Кеплер XVII ғасырда бір-ақ түсіндірді.