Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

“Ақырзаман сағатының” болжамы орындалмайды, өйткені Құдай жер мен адамзатты жарқын болашаққа жеткізуді уәде етті

НЕГІЗГІ ТАҚЫРЫП | МЫНА ЗАМАН ҚАЙДА БАРАДЫ?

Киелі кітаптың жауабы

Киелі кітаптың жауабы

Киелі кітапта дүниенің осындай мүшкіл халге жететіні алдын ала айтылған. Бірақ онда жақсы хабар да жоқ емес. Киелі кітапта адамзатты түбінде жарқын болашақ күтіп тұрғаны уәде етіледі. Бұл уәденің орындалатынына еш күмән жоқ. Өйткені Киелі кітапта жазылған сөздердің міндетті түрде жүзеге асатыны сан мәрте рет дәлелденген.

Мысалы, келесі пайғамбарлықтарды алайық:

  • “Ұлт ұлтқа қарсы, мемлекет мемлекетке қарсы аттанады, түрлі жерлерде ашаршылық пен жер сілкіністері болады” (Матай 24:7).

  • “Соңғы күндері ерекше қиын уақыт болатынын біліп қой: адамдар тек қара басын ойлайтын, ақшақұмар, мақтаншақ, тәкаппар, балағатшыл, ата-анасына мойынсұнбайтын, алғысты білмейтін, опасыз, бауырмалдықтан жұрдай, ымыраға келмейтін, жалақор, ұстамсыз, бұзақы, жақсылықты жек көретін, сатқын, қиқар, өркөкірек, Құдайдан гөрі ләззат-ермекті артық көретін болады” (Тімөтеге 2-хат 3:1—4).

Осы пайғамбарлық сөздерде сипатталғандай, дүние уыстан шығып бара жатқандай көрінер. Ол расында да уыстан шығып барады, нақты айтқанда, адамзаттың уысынан. Киелі кітапта айтылғандай, пенде атаулының дүниені түбегейлі жақсартуға ақылы да, шамасы да жетпейді. Бұған келесі тармақтар дәлел:

  • “Адамға тура болып көрінетін жол бар, бірақ түбінде ол өлімге апарады” (Нақыл сөздер 14:12).

  • “Адамның адамға билік етуі тек зиян келтіреді” (Уағыздаушы 8:9).

  • “Адам тіпті өз қадамына бағыт бере алмайды” (Еремия 10:23).

Адамдарды өз бетімен қоя берсе, жер шары шынымен-ақ ғаламдық апатқа ұшырайды. Бірақ ғаламдық апатқа жол жоқ! Неліктен? Киелі кітапта мынандай сөздер бар:

  • Жаратушы “жерді берік негізге орнатты, ол өз орнынан ешқашан жылжымайды” (Зәбүр 104:5).

  • “Бір ұрпақ келеді, бір ұрпақ кетеді, ал жер мәңгілік тұрады” (Уағыздаушы 1:4).

  • “Әділдер жерді мұра етеді, онда мәңгі бақи өмір сүреді” (Зәбүр 37:29).

  • “Жер бетіне астық мол шығады, таулардың басында да ағыл-тегіл болады” (Зәбүр 72:16).

Бәрімізді әлекке салған сауалға бұл сөздер нақты жауап болып табылады. Адамдар жердің ластануынан, ашаршылық пен су тапшылығынан немесе жаппай тарайтын індеттен жойылып кетпейді. Ядролық қарулар да тіршілікті құрта алмайды. Неге бұлай дейміз? Себебі әлемнің болашағы адамның емес, Құдайдың қолында. Рас, Құдай адамдарға өз еріктерімен жүріп-тұруға жол берді. Алайда олар өздері қабылдаған шешімнің салдарын тартпай қоймайды (Ғалаттықтарға 6:7). Бірақ әлем бақылаудан тыс қалған, тік жарға қарай зуылдап бара жатқан, жүргізушісі жоқ пойыз сияқты емес. Құдай адамзаттың өз-өзіне қиянат жасай беруіне жол бермейді, ол белгілі бір шек орнатып қойған (Зәбүр 83:18; Еврейлерге 4:13).

Құдай жеріміз үшін бұдан да көп нәрсе істейді. Ол “керемет тыныштық орнатады” (Зәбүр 37:11). Бұл мақаладағы көңілге үміт ұялататын сөздер — болашақта болатын бақытты өмірдің жылт еткен ұшқыны ғана. Дүниежүзі бойынша миллиондаған Ехоба куәгері Киелі жазбаларды зерттеп, болашақтың расымен де тамаша болатынына көз жеткізген.

Ехоба куәгерлері — әртүрлі ұлт пен мәдениеттен шыққан түрлі жастағы ерлер мен әйелдерден құралған бүкіләлемдік қоғамдастық. Олар Киелі кітапта есімі жазылған жалғыз шынайы Құдай Ехобаға сиынады. Ехоба куәгерлері болашаққа үреймен қарамайды, өйткені Киелі жазбалардағы мына сөздерге сенеді: “Көкті жаратқан шынайы Құдай, жерді қалыптастырып, берік орнатқан, оны бекерден-бекер емес, мекендеу үшін жаратқан Ехоба мынаны айтады: “Мен Ехобамын, менен өзге Құдай жоқ” (Ишая 45:18).

Бұл мақалада жер мен адамзаттың болашағына қатысты Киелі кітаптағы ілімдердің кейбірі ғана айтылған. Көбірек мәлімет алу үшін Ехоба куәгерлері басып шығарған “Құдайдан келген қуанышты хабар” кітапшасының 5-сабағын қараңыз. Оны www.dan124.com сайтынан табуға болады.

Сіз www.dan124.com сайтынан “Алла Тағала жерді не үшін жаратты?” деген бейнероликті де көре аласыз (БАСЫЛЫМДАР / БЕЙНЕМАТЕРИАЛДАР деген жерді қараңыз).