Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Киелі кітап оқудың барынша игілігін көр

Киелі кітап оқудың барынша игілігін көр

“Құдай заңына қуанамын” (РИМ. 7:22).

1—3. Киелі кітапты оқу мен ондағы ілімдерді өмірде қолданудың қандай пайдасы бар?

“МЕН Ехобаға Киелі кітапты түсінуге көмектесетіні үшін күнде таңертең рақмет айтамын”. Осы сөздерді айтқан қарт әйел бауырлас Киелі кітапты 40-тан астам рет оқып шыққан әрі әлі де оқуды жалғастыруда. Ал бір қыз бауырлас Киелі кітапты оқығаны Ехобаны тұлға ретінде тануға көмектескені туралы жазды. Осылайша ол көктегі Әкесіне жақындай түсті. “Қазір мен өзімді әлдеқайда бақытты сезінемін”,— дейді ол.

2 Елші Петір: “Құдай сөзінің таза сүтіне құштар болыңдар”,— деп жазды (Пет. 1-х. 2:2). Осы құштарлығын Киелі кітапты зерттеу арқылы қанағаттандыратын және Киелі кітап ілімдерін өмірінде қолданатын адамдардың ар-ұждандары таза, ал өмірлері мағыналы. Олар өздері сияқты шынайы Құдайды сүйетіндер мен оған қызмет ететіндердің арасынан нағыз достар таба алады. Мұның бәрі “Құдай заңына қуануға” келелі себеп емес пе!? (Рим. 7:22). Алайда бұдан келетін пайда осымен ғана шектелмейді.

3 Ехоба мен оның Ұлы туралы білім алған сайын, оларға және айналаңдағы адамдарға деген сүйіспеншілігіміз артады. Киелі кітаптан жақын болашақта Құдайдың осы зұлым дүниені жойып, әділ адамдарды қалай құтқаратынын білеміз. Ендеше бізде адамдарға айтатын қуанышты ізгі хабар бар. Ехоба болса Киелі кітаптан алған білімімізді өзгелерге жеткізуге көмектеседі.

ОҚЫ ЖӘНЕ ОЙ ЖҮГІРТ

4. Киелі кітапты ойланып оқу деген нені білдіреді?

4 Ехоба қызметшілерінің Киелі кітапты судыратып оқып шыққанын қаламайды. Ол ертеде өмір сүрген Ешуаға келесідей нұсқау берген: “Осы Таурат заңы кітабында жазылғандардың бәрін сақтап, орындай алуың үшін оларды аузыңнан тастамай,  күні-түні оқып, солар туралы ойланатын бол!” (Ешуа 1:8; Заб. 1:2). Бұл сөздер нені білдіреді? Біз Киелі кітапты ой жүгірте алатындай етіп асықпай оқуымыз керек. Ойлана отырып оқитын болсаң, Киелі кітаптың өзіңе пайдалы болатын және жігер беретін тұстарына назар аудара аласың. Оқу барысында сондай сөздерді, тармақтарды не үзінділерді кездестіргенде, оларды асықпай оқы, тіпті күбірлеп оқысаң да болады. Сонда оқығаның жүрегіңе жетеді. Бұл неліктен маңызды? Өйткені Құдайдың берген кеңесін терең түсінгенде оны өмірде қолдануға зор ықыласың болады.

5—7. Киелі кітапты ой жүгіртіп оқу саған: а) құлықтылық тазалықты сақтауға, ә) өзгелермен қарым-қатынасыңда шыдамды да мейірімді болуға, б) тіпті қиын кездері Ехобаға арқа сүйеуге қалай көмектесе алатынын мысалмен түсіндір.

5 Әсіресе Киелі кітаптың түсінуге қиын бөліктерін ой жүгірте отырып оқығанымыз тиімді. Бұл іс жүзінде қалай болатынын түсіну үшін, үш жағдайды қарастырып көрейік. Біріншісі, бір жас ер бауырлас өзінің Киелі кітап оқу кестесі бойынша Ошия пайғамбарлығын оқып жатыр делік. 4-тараудың 11—13 тармақтарды оқыған соң, ол ой жүгірту үшін кідіреді (Ошия 4:11—13 оқы). Неліктен ол дәл осы тармақтарға назар аударады? Өйткені ол мектепте құлықтылық жағынан қысымға кезігіп жүр. Тармақтардың үстінен ой жүгірте отырып, ол өз-өзіне былай дейді: “Ехоба адамдардың тіпті жалғыз қалғанда жасайтын жаман істерін көреді. Мен оны ренжіткім келмейді”. Бұл бауырлас Құдай алдында құлықтылық тазалығын сақтап қалуға белін бекем буады.

6 Екінші жағдайда, бір әйел бауырлас Жоел пайғамбарлығын оқи отырып, 2-тараудың 13-тармағына назар аударады да, сол жайлы ой жүгіртеді (Жоел 2:13 оқы). Сонда ол өзіне “рақымды да қайырымды, тез қаһарланбайды, берік мейірімі мол” Ехобаға еліктеу керектігін түсінеді. Содан бұл бауырлас күйеуіне әрі басқаларға мысқылдап не ашуланып сөйлемеуге күш саламын деп шешеді.

7 Ал үшінші жағдайда, жұмыссыз қалған ер бауырлас бала-шағасын енді қалай асырайтынын уайымдап жүр. Нақұм Нақұм 1:7-ден ол ой жүгірте отырып, Ехобаның “Өзіне сенім артатындарды жақыннан танып білетінін”, ал “басына қиындық түскен кезде Ол паналайтын қорғаны” болатынын оқиды. Бұл ой оған жұбаныш береді. Ол Ехобаның сүйіспеншілігін сезініп, шектен тыс уайымдауды қояды. Сосын ол 15-тармақты ой жүгіртіп оқиды (Нақұм 1:15 оқы). Бауырлас тіпті қиындықтар көріп жүрген кезде ізгі хабарды уағыздау арқылы Ехобаны қорғаны деп есептейтінін көрсете алатынын түсінеді. Әрі қарай да жұмыс іздей жүріп бұл бауырлас аптаның ішінде қызметке көбірек шығуға бел буады.

8. Киелі кітапты оқу барысында қандай рухани асыл тас тапқаныңды қысқаша айтып бер.

8 Жоғарыда қарастырылған Киелі кітаптың үзінділері кейбіреулер үшін түсінуге қиын болып көрінуі мүмкін. Алайда Ошия, Жоел және Нақұм кітаптарын сабақ алу мақсатымен оқысаң, онда бұл кітаптарды әрі қарай да оқи беруге ықыласың болады. Осы пайғамбарлықтарды оқып, мол даналық пен нағыз жұбанышқа ие болатының сөзсіз. Ал Киелі кітаптың басқа бөліктері туралы не деуге болады? Құдай Сөзі асыл тастар көмілген жер іспетті. Ендеше, Киелі кітапты толығымен оқып, асыл тастар іспетті басшылық пен жігер беретін ойларды мұқият ізде!

ОҚЫҒАНЫҢДЫ ТҮСІНУГЕ ТЫРЫС

9. Киелі кітапты тереңірек түсіну үшін не істеуіміз керек?

9 Бізге Киелі кітапты күнделікті оқумен қатар оны терең түсіну де керек.  Сол себепті оқып жатқан үзіндідегі адамдар, жерлер мен оқиғалар туралы көбірек білу үшін, Ехобаның ұйымы беріп отырған әдебиеттерді барынша қолданайық. Ал Киелі кітаптан оқығаныңды өмірде қалай қолдануға болатынын білмей жатсаң, қауым ақсақалынан не өзге бір толысқан бауырластан сұрасаң болады. Түсінігімізді тереңдетудің маңыздылығын көру үшін, осылай етуге тырысқан мәсіхшінің мысалын қарастырайық. Ол — бірінші ғасырда өмір сүрген Аполлос.

10, 11. а) Аполлосқа ізгі хабарды уағыздаушы ретіндегі қызметін жақсартуға қатысты қандай көмек көрсетілді? ә) Аполлостың оқиғасынан қандай сабақ аламыз? (“Сен соңғы түсінікке сай тәлім бересің бе?” деген қоршауды қара.)

10 Аполлос яһуди болатын. Ол “Жазбаларды жақсы білетін” әрі “рухпен жалындаған” мәсіхші еді. Елшілердің істері кітабында ол туралы былай делінеді: “Аполлос Жақияның шомылдыру рәсімін ғана білсе де,.. Иса жайлы тура сөйлеп, дұрыс тәлім беріп жүрді”. Алайда ол шомылдыру рәсімі туралы ескі ілімді таратып жүргенін білмеді. Аполлостың Ефесте тәлім беріп жатқанын естігенде, Прискила мен Ақила есімді ерлі-зайыпты оған “Құдай жолын дәлірек түсіндіріп берді” (Ел. іс. 18:24—26). Бұл Аполлосқа қандай пайда әкелді?

11 Ефесте уағыздап болған соң, Аполлос Ахаяға жол тартты. “Сонда жеткен соң, Аполлос Құдайдың рақымымен сенгендерге көп көмек көрсетті: ол Исаның Мәсіх екенін Жазбалардан көрсетіп, яһудилердің жаңылысып жүргенін зор құлшыныспен жұрт алдында толық дәлелдеді” (Ел. іс. 18:27, 28). Енді Аполлос мәсіхшілердің шомылдыру рәсімін дұрыс түсіндіре алатын болды. Түсінігі тереңдегенінің арқасында ол қауымға жаңадан қосылған адамдарға рухани өсуге “көп көмек көрсетті”. Біз бұл үзіндіден не нәрсеге үйрене  аламыз? Аполлос сияқты, біз де Киелі кітаптан оқығанымызды түсінуге тырысамыз. Алайда тәжірибесі мол бауырлас қалай тиімдірек тәлім бере алатынымызға қатысты кеңес берсе, біз оның көмегін кішіпейілділікпен әрі ризашылықпен қабыл алғымыз келеді. Осылай етсек, қасиетті қызметіміздің сапасы арта түседі.

БІЛГЕНІҢДІ ӨЗГЕЛЕРГЕ КӨМЕКТЕСУ ҮШІН ҚОЛДАН

12, 13. Киелі кітапты ілтипаттылықпен қолданып, адамға рухани өсуге қалай көмектесуге болатынын мысалмен түсіндір.

12 Прискила, Ақила және Аполлос сияқты, біз де өзгелер үшін нағыз бата бола аламыз. Жігер беретін сөздер айтып, Киелі кітапты зерттеп жатқан адамға рухани өсуге кедергі болып жүрген нәрсені жеңуге көмектескенде, өзіңді қалай сезінесің? Ал ақсақал болсаң, қауымдағы бауырлас Жазбаларға негізделген кеңесің қиыншылығын жеңуге көмектескенін айтып, рақметін айтса ше? Расында да, Құдай Сөзін өзгелерге өмірлерін жақсартуға көмектесу үшін қолданғанымыз бізге қанағат пен қуаныш әкеледі *. Ал мұны қалай істеуге болады?

13 Ілиястың заманындағы исраилдіктердің көбісі шынайы ғибадат пен жалған дінге қатысты екі ойлы болып жүрді. Ілиястың сол адамдарға берген кеңесі бүгінде шындық жолында әлі нық тұрмаған адамға көмектесуі мүмкін (Патшалықтар 3-жазба 18:21 оқы). Ал егер адам Киелі кітапты зерттеп жүргені үшін достары мен отбасының ықыласынан айырыламын деп қорықса, Ишая 51:12, 13-ты (оқы) қолданып, оның Ехобаға ғибадат етуге деген шешімін нығайта аласың.

14. Өзгелерге көмек болатын жазба орындарын еске түсіре алу үшін не істеу керек?

14 Киелі кітапта адамды жігерлендіретін, түзететін және нығайтатын сөздер көп. Алайда қажет болғанда бұл жазба орындарын қалай табуға болады? Киелі кітапты күнделікті оқып, оқығаныңды ой елегінен өткіз. Осылайша сен Киелі кітапты жақсы білетін боласың. Сонда Ехобаның рухы қажет болған жазба орындарын еске түсіруіңе көмектесе алады (Мар. 13:11; Жохан 14:26 оқы *).

15. Құдай Сөзін тереңірек түсінуіңе не көмектеседі?

15 Сүлеймен патша сияқты, Ехобаға дұға етіп, теократиялық жауапкершіліктеріңді орындауға қажетті даналық сұра (Шеж. 2-ж. 1:7—10). Ежелдегі пайғамбарлар іспетті “ынталы ізденістер мен мұқият зерттеулер” жүргіз. Бұл саған Құдай Сөзінен Ехоба туралы тура білім алып, оның еркін білуге көмектеседі (Пет. 1-х. 1:10—12). Елші Пауыл Тімөтені “сенім туралы сөздерден және... керемет ілімнен” нәр алуға шақырған (Тім. 1-х. 4:6). Осылай етер болсаң, өзгелерге рухани көмек беруге сақадай сай боласың әрі өзіңнің де сенімің нығаяды.

КИЕЛІ КІТАПТЫ ОҚЫҒАНЫМЫЗ БІЗ ҮШІН ҚОРҒАНЫШ

16. а) Береялықтар “Жазбаларды күн сайын мұқият зерттегендерінің” қандай пайдасын көрді? ә) Неліктен Киелі кітапты күнделікті оқығанымыз аса маңызды?

16 Македониядағы Берея қаласында тұрған яһудилердің “Жазбаларды күн сайын мұқият зерттеу” әдеті болған. Пауыл сол яһудилерге ізгі хабарды уағыздағанда, олар Пауылдың сөздерін Жазбалардан алған білімдерімен салыстырған. Нәтижесінде көбісі Пауылдың шындықты үйретіп жүргеніне көз жеткізіп,  “Исаның ізбасары болды” (Ел. іс. 17:10—12). Осыдан көрінетіндей, Киелі кітапты күнде оқығанымыз Ехобаға деген сенімімізді нығайтады. Мұндай берік сенім құтқарылуымыз үшін аса маңызды (Евр. 11:1).

17, 18. а) Берік сенім мен сүйіспеншілік мәсіхшіге бейнелі жүрегін қорғауға қалай көмектесе алады? ә) Үмітіміз бізді қауіп-қатерден қалай қорғайды?

17 Елші Пауыл былай деп жазған: “Бірақ біздер — күннің ұлдары — қырағы жүрейік, сенім мен сүйіспеншілікті сауыт қылып, ал құтқарылуға деген үмітімізді дулыға етіп киейік” (Сал. 1-х. 5:8). Ежелде сарбаз жүрегін қорғайтын сауыт киіп жүретін. Сол сияқты мәсіхшіге де бейнелі жүрегін күнәнің әсерінен қорғау керек. Құдайдың уәделеріне берік сенетін және Құдай мен жақынын сүйетін адамның ең мықты рухани сауыты болады. Оның Құдайдың ықыласынан айыратын әрекет жасайтыны екіталай.

18 Сондай-ақ Пауыл бейнелі дулыға киюге шақырды. Бұл “құтқарылуға деген үмітімізді” білдіреді. Ежелдегі сарбазға басын қорғау қажет болған, әйтпесе соғыс кезінде оның мерт болуы ықтимал еді. Ал егер басына жақсы дулыға кисе, тіпті соққы тиген күнде де, қатты зақым келмейтін. Сол сияқты бізде де Ехобаның құтқаратынына деген берік үміт болу керек. Осы үміт ой-санамызды жолдан таюшылар мен олардың қабынған жарадай жайылатын “бос әңгімелерінен” қорғайды (Тім. 2-х. 2:16—19). Сондай-ақ үмітіміз Ехобаға ұнамайтын істерге итермелейтін адамдарға “жоқ” деп айтуға күш береді.

ӨМІРЛІК МАҢЫЗЫ БАР

19, 20. Неліктен біз Құдай Сөзін жоғары бағалаймыз және мұны қалай көрсете аламыз? (“Ехоба маған қажет нәрсемді береді” деген қоршауды қара.)

19 Осы дүниенің ақыры жақындаған сайын біз Ехобаның Сөзіне көбірек мұқтажбыз. Ондағы кеңестер жаман әдеттерден арылуға және күнә жасауға деген бейімділігімізді тізгіндеп отыруға көмектеседі. Жазбалардағы жігер мен жұбаныш беретін сөздердің арқасында біз Шайтан мен оның дүниесінің тұзақтарынан аман өте аламыз. Ал Ехобаның Киелі кітап арқылы беріп жатқан басшылығы өмірге апаратын жолдан ауытқымауға көмектеседі.

20 Ехоба “әртүрлі адамдардың құтқарылғанын” қалайды. Осы “әртүрлі адамдардың” ішінде Ехобаның қызметшілері және ізгі хабарды тыңдап, тәлім алуға дайын тұрған адамдар бар. Алайда құтқарылғысы келетін адамдардың барлығы “шындық жайлы тура білім алуға” тиіс (Тім. 1-х. 2:4). Демек, осы соңғы күндерден аман өтуіміз Киелі кітапты оқып, ондағы басшылыққа қаншалықты бағынатынымызға байланысты. Ендеше, Киелі кітапты күнделікті оқып, Ехобаның шындық Сөзін қаншалықты бағалайтынымызды көрсетейік (Жох. 17:17).

^ абзац 12 Біз Киелі кітапты адамды өзгеруге мәжбүрлеу не сөгу үшін қолданғымыз келмейді. Қайта, Ехоба бізге шыдамдылықпен және мейірімділікпен қарайтынындай, біз де Киелі кітапты зерттеп жүрген адамдарға солай қарауымыз керек (Заб. 102:8).

^ абзац 14 Егер қандай да бір үзіндінің қай кітапта, тарауда не тармақта жазылғанын ұмытып, бірақ оның негізгі сөздерін білсең, не істеуге болады? Бұл сөздерді Киелі кітаптың артындағы көрсеткіштен іздесең, қажетті тармақты таба аласың.