Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

 БІЗДІҢ МҰРАҒАТТАН

Олар “сыналған кезде” нық тұрды

Олар “сыналған кезде” нық тұрды

1914 жылы Бірінші дүниежүзілік соғыс басталғанда, “Киелі кітап зерттеушілерінің” бейтараптық сақтағандары жұрттың назарына ілікті (Ишая 2:2—4; Жох. 18:36; Ефес. 6:12). Британиядағы Құдайдың қызметшілері қалай әрекет етті?

Генри Хадсон

1916 жылы Британияда 18—40 жас аралығындағы үйленбеген ер адамдар соғысқа қатысулары керек деген заң қабылданды. Заңда діни көзқарасының негізінде әскерге барудан бас тартатындарға босатылу шарасы қарастырылған болатын. Алайда үкімет кімнің және қандай шамада соғысқа қатысудан босатылатынын шешу үшін төрешілерді белгілеген еді.

Қысқа уақыттың ішінде 40-қа жуық “Киелі кітап зерттеушілері” әскери түрмелерге жабылды, ал тағы 8-і Франциядағы майданға жіберілді. Осындай әділетсіздік орын алып жатқандықтан, Британиядағы бауырластар премьер-министр Герберт Асквитке бауырластардың түрмеге жабылып жатқанына қатысты наразылықтарын білдіріп хат жазды және оған қосып 5500 адамның қолы қойылған арыз жіберді.

Көп ұзамай Францияға жіберілген сегіз бауырластың соғысқа қатысудан бас тартқандары үшін ату жазасына кесілгендері туралы хабар келді. Бірақ бұл ер бауырластар ату жазасын орындайтын әскерлердің алдында тізіліп тұрғанда, оларға берілген өлім жазасы он жылға түрмеге қамалумен алмастырылды. Олар Англияға қайтарылып, мерзімдерін өтеу үшін сондағы түрмелерге жабылды.

Джеймс Фредрик Скотт

Соғыс жалғасып жатқандықтан, үйленген ер адамдар да әскерге шақырылды. Англиядағы Манчестер қаласында бұл заңға байланысты кейінгі сот шешімдеріне әсер ететін алғашқы сот ісі қарастырылды. Бұл сотта дәрігер әрі “Киелі кітап зерттеушісі” Генри Хадсонға айып тағылды. 1916 жылдың 3 тамызында сот оған азаматтық міндетін орындамады деген кінә тағып, айыппұл салды және оны соғысқа жіберді. Дәл осы уақытта Шотландияның Эдинбург қаласында тағы бір осындай іс қарастырылып жатты. Бұл сотта 25 жасар кітап таратушысы Джеймс Фредрик Скотт айыпты емес деп табылды. Үкімет бұл істі қайта қарастыруды шешті, бірақ Лондондағы басқа бір сот ісінің немен аяқталатынын күтті. Бұл сот ісінде Герберт Кипс есімді бауырлас айыпты деп табылып, оған айыппұл салынды және ол соғысқа жіберілді.

1916 жылдың қыркүйегінде 264 ер бауырлас соғысқа барудан босатуды сұрап өтініш жазды. Олардың 5-уі әскерден босатылып, 154-і қара жұмысқа салынды, ал 23-і соғыспен тікелей байланысы жоқ істерді атқаруға жіберілді және 82-сі соғысқа аттандырылды. Ал бұйрыққа бағынбады деп айыпталғандар әскери сотпен сотталды. Түрмеде бұл ер адамдарға қатыгездік көрсетіліп жатқанына жұрт наразылық  білдірді. Сол себепті үкімет оларды әскери түрмеден кәдімгі түрмеге ауыстырды.

Прайс Хьюз

Кейіннен филиалдарды аралаушы бақылаушы болып қызмет еткен Эдгар Клэй мен Прайс Хьюз деген бауырластар Уэлстегі дамбыда жұмыс істеді. Ал Франциядан оралған сегіз бауырластың бірі Герберт Синьор Йоркширдегі Уэйкфилд түрмесіне жіберілді. Басқалары болса Дартмур түрмесінде ауыр жағдайларда жұмыс істеді. Нәтижесінде ар-ұждан бойынша әскери міндеттен бас тартқандардың ең жоғарғы саны осы түрмеде болды.

Соғыспен тікелей байланысы жоқ жұмыстарды істеуге келіскен Франк Плат есімді “Киелі кітап зерттеушісі” соғысқа қатысудан бас тартқаны үшін ұзақ уақыт бойы қатыгездікпен қудаланды. Әскер қатарына қосылғаннан кейін көп ұзамай шындықты білген Аткенсон Паджетт те соғысқа қатысудан бас тартқаны үшін әскери басшылардан адам төзгісіз қиянат көрді.

Герберт Синьор

Шамамен бір ғасыр бұрын өмір сүрген бауырластар мәсіхшілік бейтараптық сақтауға не жататынын толық түсінбесе де, олар Ехоба Құдайдың мақұлдауына ие болғысы келді. Осы мақалада аталып кеткен бауырластар әсіресе “сыналған кезде” нық тұрудың керемет үлгісін көрсетті (Аян 3:10). Біздің Британиядағы мұрағатымыздан.