Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Ехобаның ескертулері жүрегіңді қуанышқа кенелтсін

Ехобаның ескертулері жүрегіңді қуанышқа кенелтсін

“Ережелеріңді қабылдадым мәңгі мұраға” (ЗАБ. 118:111).

1. а) Адамдар ескертулерді қалай қабылдайды және неге? ә) Көкірек адам кеңеске қалай қарайды?

ӘР АДАМ ескертуді әртүрлі қабылдайды. Мысалы, кейбіреулер қолында билігі бар адамның ескертуін ризашылықпен қабыл алады да, өзі қатарлы не дәрежесі төмен адамдардың кеңесінен бірден бас тартады. Қатені түзету не жаман нәрседен сақтандыру үшін айтылған ескертулер де әркімге әртүрлі әсер етеді. Біреулер мұңайып, қайғырып, ұялса, басқа біреулер кеңеске риза болып, жақсаруға тырысады. Мұның бір себебі көкіректікте. Расында да, көкіректік адамды естілігінен айырады. Содан ол кеңестен бас тартып, оның пайдасын көре алмайды (Нақ. с. 16:18).

2. Шынайы мәсіхшілер Құдай Сөзіндегі кеңестерді не үшін бағалайды?

2 Ал шынайы мәсіхшілер ескертулерге басқаша қарайды. Олар пайдалы кеңестерді, әсіресе Құдай Сөзіне негізделгендерін, қатты бағалайды. Ехобаның ескертулері бізге қырағы болып, ақшақұмарлық, азғындық, есірткі мен маскүнемдік сияқты тұзақтарға түспеуге көмектеседі (Нақ. с. 20:1; Қор. 2-х. 7:1; Сал. 1-х. 4:3—5; Тім. 1-х. 6:6—11). Бұған қоса, Құдайдың ескертулеріне құлақ ассақ, жүрегіміз қуанышқа толы болады (Ишая 65:14).

3. Забур жыршысына қалай еліктей аламыз?

3 Көктегі Әкемізбен бағалы қарым-қатынасымызды сақтап қалу үшін оның даналыққа толы нұсқауларын орындай бергеніміз дұрыс. Құдайдың ескертулеріне 118-інші Забурдың жыршысы сияқты қарағанымыз абзал. Ол: “Ережелеріңді қабылдадым мәңгі мұраға, Жүрегімді кенелтеді олар қуанышқа”,— деп жырлаған (Заб. 118:111). Ехобаның өсиеттері бізге де қуаныш әкеле ме, әлде кейде ауыртпалық болып көріне ме? Кейде кейбір  кеңестерге наразы болатын шығармыз. Алайда бұл үшін мұңаймайық. Біз Құдайдың асқан даналығына толық сенім артуды үйрене аламыз! Осы орайда бізге көмектесетін үш жайтты қарастырайық.

ДҰҒА ЕТУ АРҚЫЛЫ СЕНІМ АРТУДЫ ҮЙРЕН

4. Дәуіттің өмірінде не нәрсе өзгеріссіз қалды?

4 Дәуіт патша өмірдің ыстығын да, суығын да көрген. Бірақ оның өмірінде бір нәрсе өзгеріссіз қалды: ол Жаратушыға әрдайым сенім артқан. “Уа, Ием, жанымды Саған бағыштаймын, Я, Құдайым, Саған сенім артамын”,— деп жырлады ол (Заб. 24:1, 2). Дәуітке көктегі Әкесіне толық сенім артуға не көмектесті?

5, 6. Жазбалардан Дәуіттің Ехобамен қарым-қатынасы жайлы не білеміз?

5 Әдетте адамдар қиналғанда ғана Құдайға жалбарынып дұға етеді. Мысалы, досың саған ақшадан қысылғанда я көмек қажет еткенде ғана хабарласса, не сезінер едің? Уақыт өте келе оның достық пейіліне күмәндана бастайтын шығарсың. Алайда Дәуіт ондай адам болмаған. Дұғаларына қарап, оның қуанышта да, қайғыда да Ехобаны жақсы көргенін әрі оған сенім артқанын көруге болады (Заб. 39:9).

6 Жүрегі ризашылыққа толған Дәуіт Ехобаны былай деп мадақтаған: “Уа, Жаратқан Тәңір, Иеміз біздің, Бүкіл дүниеде әйгілі Өзіңнің Сондай айбынды да даңқты есімің! Көктен биік мерейіңді өсірдің” (Заб. 8:2). Осы сөздерден Дәуіттің көктегі Әкесіне етене жақын болғанын байқадың ба? Құдайдың ұлылығы мен салтанатына тәнті болған ол Ехобаны “күн сайын” мадақтаған (Заб. 34:28).

7. Ехобаға дұға арқылы жақындаудың қандай пайдасы бар?

7 Ехобаға сенім артуды үйрену үшін Дәуіт сияқты Құдаймен жүйелі түрде сөйлесуіміз қажет. Киелі кітапта: “Құдайға жақындаңдар, сонда ол да сендерге жақындайды”,— делінген (Жақ. 4:8). Құдайға жақындау үшін дұға етудің маңызы зор. Дұға ету киелі рух алудың негізгі жолдарының бірі болып табылады (Жоханның 1-хаты 3:22 оқы).

8. Дұға еткенде жаттанды сөздерді айтудан неге аулақ болғанымыз абзал?

8 Дұға еткенде белгілі бір сөздерді қайталап айта беретін әдетің бар ма? Егер солай болса, дұға етердің алдында біраз кідіріп, не айтатыныңды ойластырып алғаның жақсы. Досыңмен әңгімелескенде бір нәрсені қайталап айта берсең, бұл оған ұнар ма еді? Оның сені ендігәрі тыңдамай қоюы да ғажап емес. Әрине, Ехоба адал қызметшілерінің шын жүректен айтқан дұғасына әрдайым құлақ қояды. Десе де Құдаймен сөйлескенде, жаттанды сөздерді айтудан аулақ болғанымыз абзал.

9, 10. а) Не жайлы дұға етсек болады? ә) Шын жүректен дұға етуге не көмектеседі?

9 Құдайға жақындағысы келген адамның дұғасы жеңіл-желпі, үстіртін болмайтыны анық. Ехобаға іштегіні ақтарып айтқан сайын, оған жақындай түсеміз әрі көбірек сенім артатын боламыз. Не жайлы дұға етсек болады? Құдай Сөзінде: “Барлық өтініштеріңді дұға етіп, жалбарынып, ризашылықпен Құдайға білдіріңдер”,— делінген (Філіп. 4:6). Иә, Құдаймен қарым-қатынасымызға және оның қызметшілері ретіндегі өмірімізге қатысты кез келген нәрсе жайлы дұға еткен орынды.

10 Құдайдың ертедегі адал қызметшілерінің дұғаларын қарастырғанымыз да пайдалы (Пат. 1-ж. 1:10, 11; Ел. іс. 4:24—31). Мысалы, Забур жырларында Ехобаға шын жүректен айтылған дұғалар мен мадақтау әндері  көптеп кездеседі. Осы жырлардың өн бойынан күйініш пен қуанышты қоса алғанда, адам баласына тән сан-қилы сезімдер көрініс табады. Құдайдың адал қызметшілерінің жүректен шыққан ой-толғаныстарына ден қойғанымыз дұғаларымызды мағыналы етуге көмектеседі.

ҚҰДАЙДЫҢ ЕСКЕРТУЛЕРІ ЖАЙЛЫ ОЙ ЖҮГІРТ

11. Құдайдың ескертулері жайлы не үшін ой жүгіртуіміз қажет?

11 Дәуіт: “Ехобаның ескертулері сенімді, олар тәжірибесізді дана қылады”,— деген (Заб. 19:7 ЖД). Біз тіпті тәжірибесіз болсақ та, Құдайдың ескертулеріне құлақ асу арқылы даналыққа ие бола аламыз. Алайда кейбір ескертулердің бар пайдасын көру үшін олар жайлы ой жүгіртуіміз қажет. Осылай еткеніміз көрегендік танытып, қиындықтарға кезіккенде қалай әрекет ететінімізді іштей шешіп алуға көмектеседі. Нәтижесінде мектепте не жұмыста қысымға кезіккенде, қанға, саяси бейтараптыққа және киім мен сырт көрініске қатысты мәселелерде Құдайға адал болып қаламыз. Осындай жағдайларға алдын ала дайындалудың арқасында көңіліміз әлдеқайда тыныш болады (Нақ. с. 15:28).

12. Құдайдың ескертулеріне құлақ асуға қандай сұрақтар көмектеседі?

12 Құдайдың уәделері орындалатын кезді күтіп, рухани сергек жүргеніміз өмір салтымыздан көріне ме? Мысалы, Ұлы Бабылдың жақында жойылатынына шынымен сенеміз бе? Жұмақтағы мәңгілік өмір сияқты баталар біз үшін әлі де алғаш білген кездегідей шынайы ма? Қызметке құлшына атсалысып жүрміз бе, әлде жеке істеріміз өмірімізде басты орынға шығып кетті ме? Қайта тірілу үміті, Ехобаның есімінің киелі тұтылуы және бүкіләлемдік билігінің ақталуы жайлы не деуге болады? Бұлар біз үшін әлі де өмірлік маңызы бар жайттар ма? Осындай сұрақтарды ой елегінен өткізгеніміз забур жыршысы сияқты Құдайдың ескертулерін “мәңгі мұрамыз” ретінде қабылдап, оларға құлақ асуға талпындырады (Заб. 118:111).

13. Неге бірінші ғасырдағы мәсіхшілерге кейбір жайттарды түсіну қиын болды? Мысал келтір.

13 Ехоба Киелі кітаптағы кейбір нәрселердің мәнін әлі ашпағандықтан, оларды қазір толық түсінбейтін шығармыз. Мысалы, кезінде Иса елшілеріне азап шегіп, өлтірілуі тиіс екенін қайта-қайта айтқан (Матай 12:40; 16:21 оқы). Алайда елшілер ол кезде Исаның осы сөздерін түсінбеген еді. Өліп, қайта тірілгеннен кейін, Иса бірнеше шәкіртіне адам кейпінде көрініп, “Жазбалардың мәнін түсінулері үшін саналарын толығымен оятты”. Сол кезде ғана шәкірттер Исаның сөздерінің мәнін толық түсінді (Лұқа 24:44—46; Ел. іс. 1:3). Сондай-ақ б. з. 33 жылы Елуінші күн мейрамында Исаның ізбасарлары киелі рухқа кенелгенде ғана Құдай Патшалығының көкте орнайтынын түсінді (Ел. іс. 1:6—8).

14. ХХ ғасырдың басында соңғы күндерге қатысты қате пікірде болған көп бауырлас қандай жақсы үлгі көрсетті?

14 Дәл сол сияқты ХХ ғасырдың басында шынайы мәсіхшілер “соңғы күндері” орын алатын жайттарға қатысты қате пікірде еді (Тім. 2-х. 3:1). Мысалы, 1914 жылы кейбіреулер көп ұзамай көкке кетеміз деп үміттеніп жүрді. Ал үміттері ақталмаған соң, Жазбаларды қайтадан тыңғылықты зерттеп, алдымен уағыз ісі кең көлемде жүргізілу керектігін түсінді (Мар. 13:10). Сондықтан сол кезде уағыз ісіне жетекшілік еткен Рутерфорд бауырлас 1922 жылы Сидар-Пойнтта  (Огайо, АҚШ) өткен халықаралық конгресте былай деді: “Қараңдар, Патшамыз билік етуде! Ал сендер оның өкілдерісіңдер. Сол себепті Патша мен оның патшалығын жариялаңдар, жариялаңдар, жариялаңдар!” Сол уақыттан бері “Патшалық туралы ізгі хабарды” жариялау Ехобаның бүгінгі қызметшілерінің басты атқаратын ісі болып келеді (Мат. 4:23; 24:14).

15. Құдайдың ертеде өз уәделерін орындағаны жайлы ой жүгіртудің қандай пайдасы бар?

15 Ехоба бұрынғы заманда да, біздің күнімізде де өзінің халқына қатысты уәделерін керемет түрде орындады. Солар жайлы ой жүгірткеніміздің арқасында оның болашаққа қатысты уәделерін орындауға құдіреті жететініне сенімділігіміз артады. Сондай-ақ Құдайдың уәделері жайлы жиі ойлансақ, оларды асыға күтетін боламыз.

ТЕОКРАТИЯЛЫҚ ІСТЕРДІ АТҚАРУ АРҚЫЛЫ СЕНІМ АРТУДЫ ҮЙРЕН

16. Қызметке белсене қатыссақ, қандай баталарға кенелеміз?

16 Ехоба — әрекет ететін Құдай. Забур жыршысы: “Уа, Жаратушы Құдай, Әлемнің Иесі, Саған ұқсас кім бар, сондай құдіретті?.. Қолың мен білегің ерен қуатты, Оң қолың барлығынан да жоғары”,— деген (Заб. 88:9, 14). Ехобаның өзі еңбектен қол үзбейтіндіктен, біздің де Патшалықтың мүддесі үшін істеген барлық еңбегімізді бағалап, батасын төгеді. Ол өз қызметшілерінің, ер не әйел, жас не қарт болсын, қол қусырып, “нанды бекер жемейтінін” көріп отыр (Нақ. с. 31:27). Біз Жаратушымызға еліктей отырып, теократиялық істерді белсене атқарудамыз. Ехобаға жан-тәнімізбен қызмет етсек, оны қуантамыз әрі өзіміз де зор қуанышқа кенелеміз (Забур 61:13 оқы).

17, 18. Ехобаның нұсқауларын орындағанымыз оған толық сенім артуға қалай көмектеседі? Мысал келтір.

 17 Ехобаның нұсқауларын орындағанымыз оған толық сенім артуға қалай көмектеседі? Уәде етілген жерге кірер алдында исраилдіктердің қандай жағдайға тап болғанын қарастырайық. Ехоба келісім сандығын көтеріп жүрген діни қызметкерлерге Иордан өзеніне қарай жүруді бұйырды. Алайда халық Иорданға жақындағанда, көктемгі жаңбырдан өзен арнасынан тасып жатқанын көрді. Исраилдіктер енді не істемек? Өзен жағасында қос тігіп, бірнеше апта бойы судың басылғанын күте ме? Жоқ, олар Ехобаға толықтай сенім артып, оның айтқанын орындады. Мұның нәтижесі қандай болды? Жазбаларда былай делінген: “Діни қызметкерлер... суға аяқтарын малған кезде, су бөгелді... Осылайша халық Иерихонның қарама-қарсы тұсынан Иордан өзенінен өте шықты... Ал діни қызметкерлер Иордан өзенінің ортасындағы құрғақ жерде қозғалмастан тұра берді” (Ешуа 3:12—17). Тасып жатқан судың әп-сәтте тоқтағанын көрген исраилдіктер қалай қуанды десеңші! Ехобаның басшылығына құлақ асқандықтан олардың сенімдері нығайғаны сөзсіз.

Ешуаның заманындағы адал адамдар сияқты Ехобаға сенім артатыныңды көрсетіп жүрсің бе? (17, 18-абзацтарды қара)

18 Бүгінде Ехоба өз халқына осындай кереметтер жасамаса да, өзінің берген нұсқауларын сеніммен орындағандары үшін батасын төгеді. Мысалы, Құдай рухы оларға Патшалық хабарын жер-жерде жариялауға күш береді. Сондай-ақ Ехобаның басты Куәгері Иса Мәсіх осы маңызды істе шәкірттеріне қолдау көрсететінін айтты. Ол: “Барыңдар да, барлық халықтардан шәкірт дайындаңдар... Мен осы заманның ақырына дейін әр күні сендермен біргемін”,— деді (Мат. 28:19, 20). Бұрын ұяң, ұялшақ болған көп бауырлас бейтаныс адамдармен сөйлесуге Құдай рухы батылдық беретініне көздері жеткен (Забур 118:46; Қорынттықтарға 2-хат 4:7 оқы).

19. Қызметке өзіміз қалағандай көп шыға алмасақ, не нәрсеге сенімді бола аламыз?

19 Кейбір бауырластар аурудың не қарттықтың салдарынан қызметке өздері қалағандай көп шыға алмайды. Алайда “қайырымы мол Әке және жұбаныш атаулының қайнар көзі” Ехоба әрбір мәсіхшінің жағдайын түсінеді (Қор. 2-х. 1:3). Бұған әрдайым сенімді болайық. Ехоба Патшалықтың мүддесі үшін істеген бар еңбегімізді бағалайды. Біз қолдан келгеннің бәрін істеп жүргендіктен, мынаны естен шығармайық: жанымызды бірінші кезекте Мәсіхтің төлеміне деген сеніміміз аман сақтайды (Евр. 10:39).

20, 21. Ехобаға сенім артатынымызды қалай көрсете аламыз?

20 Біздің ғибадатымызға Патшалық ісіне мүмкіндігінше көп уақыт, күш пен қаражат жұмсау кіреді. Иә, біз жан-тәнімізбен “ізгі хабардың уағыздаушысы болғымыз” келеді (Тім. 2-х. 4:5). Басқаларға “шындық жайлы тура білім алуға” көмектескеніміз бізге көп қуаныш әкеледі (Тім. 1-х. 2:4). Ехобаға мадақ әкелгеніміз бізді рухани жағынан байыта түсетіні шүбәсіз (Нақ. с. 10:22). Сондай-ақ уағызға белсене қатысқанымыз Жаратушымызға толық сенім артуға көмектеседі (Рим. 8:35—39).

21 Осы мақалада қарастырғанымыздай, Ехобаның дана басшылық беретініне сенімді болу — өзінен-өзі келетін нәрсе емес. Бұл үшін күш салуымыз қажет. Сондықтан Ехобаға толық сенім арту үшін үнемі дұға ет және Ехобаның ежелде өз уәделерін қалай орындағаны жайлы әрі болашақта да дәл солай орындайтыны туралы ойлан. Сондай-ақ теократиялық істерге қатысу арқылы Ехобаға сенім артуды үйрене бер. Ехобаның ескертулері мәңгілік, сен де мәңгі жасағайсың!