Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Бүгінде жеті бағушы мен сегіз әмірші кімдерді бейнелейді?

Бүгінде жеті бағушы мен сегіз әмірші кімдерді бейнелейді?

“Біз оларға қарсы жеті басқарушыны [“бағушыны” ЖД] және сегіз әміршіні шығарамыз” (МИХА 5:5).

1. Сирия мен Исраил патшаларының зымиян жоспары неліктен жүзеге аспай қалды?

БІЗДІҢ ЗАМАНЫМЫЗДАН БҰРЫНҒЫ 762—759 жылдар аралығында Исраил патшасы Сирия патшасымен бірігіп, Яһуда патшалығына қарсы соғыс ашты. Қандай мақсатпен? Олар Иерусалимге басып кіріп, Ахаз патшаны тағынан түсіріп, орнына басқа біреуді, бәлкім, Дәуіттің әулетінен шықпаған адамды отырғызуды көздеді (Ишая 7:5, 6). Алайда бұл зымиян жоспардың іске аспайтыны анық еді. Өйткені Ехоба Дәуіттің бір ұрпағының патша тағына мәңгіге отыратынын уәде еткен болатын. Ал Ехобаның сөзі орындаусыз қалмайды (Ешуа 23:14; Пат. 2-ж. 7:16).

2—4. Ишая 7:14, 16-дағы пайғамбарлық а) Ишаяның күндерінде және ә) б. з. І ғасырында қалай орындалғанын түсіндіріп бер.

2 Алғашында сириялықтар мен исраилдіктер жеңіске жететіндей көрінген еді. Бір ғана шайқастың өзінде Ахаз патша 120 000 мықты сарбазынан айырылды! Тіпті оның ұлы Мағасиях та өлтірілді (Шеж. 2-ж. 28:6, 7). Бірақ Ехоба бәрін көріп тұрды. Ол Дәуітке берген уәдесін ұмытқан жоқ еді, сондықтан да Ишая пайғамбар арқылы рухты көтеретін хабар айтты.

3 Ишая былай деді: “Біліп алыңдар, пәк қыз құрсақ көтеріп, ұл туады. Оған Имануил [Еммануил] деген ат қояды... Бала ер жетіп, жаманнан гөрі жақсыны таңдай білетін жасқа келместен бұрын-ақ, сені соншама қатты қорқытқан әлгі екі патшаның елдері [Сирия мен Исраил] ойрандалады” (Ишая 7:14, 16). Пайғамбарлықтың алғашқы бөлігі Мәсіхтің туылуына қатысты екені анық (Мат. 1:23). Алайда “әлгі екі патша”, яғни Сирия мен Исраил, Исаның нәресте кезінде Яһуда жеріне еш қауіп төндірмегендіктен, Еммануил жайлы аталмыш пайғамбарлық бірінші рет Ишаяның күнінде орындалған болса керек.

 4 Ишая жоғарыдағы айрықша хабарды айтқаннан кейін, әйелі жүкті болып, ұл туды. Олар балаға Тез-Тонап-Жылдам-Олжалау деген ат қойды. Ишаяның пайғамбарлығындағы Еммануил осы нәресте болған көрінеді *. Ерте заманда дүниеге келген нәрестеге қандай да бір оқиғаның құрметіне бір ат беріп, кейіннен оны басқа есіммен атап кету кәдімгі нәрсе болатын (Пат. 2-ж. 12:24, 25). Иса жайлы айтатын болсақ, адамдар оны Еммануил деп атағаны еш жерде жазылмаған (Ишая 7:14; 8:3, 4 оқы).

5. Ахаз патша қандай ақымақтық жасады?

5 Исраил мен Сирия Яһуда жеріне басып кіруді ойластырып жатқанда, басқа бір соғысқұмар халық сол аумаққа көз сала бастады. Бұл сол кезде күшейіп келе жатқан дүниежүзілік империя Ассур патшалығы еді. Ишая 8:3, 4-тегі пайғамбарлыққа сай, Ассур патшалығы оңтүстік Яһуда патшалығына басып кірмес бұрын, “Дамаск пен Самарияның” бүкіл байлығын алып кету керек-тін. Ехобаның Ишая пайғамбар арқылы айтқан сөздеріне сенудің орнына Ахаз патша Ассур патшалығымен келісімге тұрып, опасыздық жасады. Ақырында бұл Яһуда халқының одан жәбір көруіне әкеп соқты (Пат. 4-ж. 16:7—10). Ахаз патшаның Яһуда халқы үшін жақсы бағушы бола алмағаны анық. Бұл ретте өзімізді былай тексеріп көргеніміз абзал: “Маңызды шешім қабылдау керек болғанда, кімге сенім артамын, Құдайға ма, әлде адамдарға ма?” (Нақ. с. 3:5, 6).

БАСҚАША ӘРЕКЕТ ЕТКЕН ЖАҢА БАҒУШЫ

6. Езекия мен Ахаздың бір-бірінен қандай айырмашылығы болды?

6 Ахаз б. з. б. 746 жылы қайтыс болып, оның ұлы Езекия патша тағын мұра етті. Ол кезде Яһуда елі экономикалық және рухани жағынан әбден азып-тозған еді. Жас патша Езекия ең алдымен не істеуді ойлады? Елдің әлеуметтік жағдайын жақсартуды ма? Жоқ. Езекия Ехобаға адал әрі қарамағындағы халықтың қамын ойлайтын жақсы бағушы еді. Ехобаның өзіне қатысты еркін түсінген Езекия бірден әрекет етті. Ол ең алдымен таза ғибадатты қалпына келтіріп, тілазар халықтың Ехобамен қарым-қатынасын жақсартты. Біз үшін қандай керемет үлгі десеңші! (Шеж. 2-ж. 29:1—19).

7. Жаңа патшаның леуіліктерге қолдау көрсетуі не үшін маңызды болды?

7 Таза ғибадатты қалпына келтіруде леуіліктер маңызды рөл атқармақ еді. Сондықтан Езекия леуіліктермен кездесіп, оларға қолдау көрсететінін айтып сендірді. Патшаның: “Жаратқан Ие сендерді Өзінің алдында... қызметкерлер болуға таңдап алған еді”,— деген сөздерін естігенде, адал леуіліктердің қуаныштан көздеріне жас алғанын елестетіп көрші (Шеж. 2-ж. 29:11). Осылайша леуіліктер шынайы ғибадатты қалпына келтіруге қатысты нақты бұйрық алды.

8. Езекия халықтың рухани күйін жақсарту үшін тағы не істеді және мұның нәтижесі қандай болды?

8 Езекия бүкіл Яһуда мен Исраил халқын Құтқарылу мейрамын тойлауға жинады. Бұл мейрам жеті күндік Ашымаған нан мейрамына ұласты. Халық зор шаттыққа кенелгендіктен, мейрам тағы жеті күнге созылды. Киелі кітапта бұл жайында былай делінген: “Исраил патшасы Дәуіт ұлы Сүлейменнің заманынан бері Иерусалимде мұндай мереке болып көрмегендіктен, қалада жиналғандардың қуаныштары зор болды” (Шеж. 2-ж. 30:25, 26). Осы рухани шараның бүкіл халықтың рухын көтеріп, нығайтқаны шүбәсіз! Шежірелер 2-жазба 31:1-ден мынаны білеміз: “Мейрам біткеннен кейін оған қатысқан исраилдіктердің барлығы... жалған тәңірлерге  бағышталған тас мүсіндерді қиратып, Ашераға арналған ағаш бағаналарды шауып тастап, биіктеу жерлердегі табыну орындарын және құрбандық үстелдерін талқандады”. Осылайша Яһуда халқы Ехобаға қайта бет бұрды. Бұл рухани тазарту шарасы оларды алдағы қиындықтарға дайындаған еді.

ПАТША ЕХОБАҒА ТОЛЫҚ СЕНІМ АРТТЫ

9. а) Исраилдің зымиян жоспары қалай жүзеге аспай қалды? ә) Сеннахирим алғашында қандай жетістікке жетті?

9 Дәл Ишая айтып кеткендей, ассурлықтар солтүстік Исраил патшалығын жаулап алып, тұрғындарын тұтқынға әкетті. Осылайша Исраилдің Дәуіттің тағын тартып алуға қатысты зымиян жоспары жүзеге аспай қалды. Ал ассурлықтардың ендігі мақсаты қандай болды? Олар Яһуда жерін басып алуды көздеді. “Езекияның патшалық құрған он төртінші жылы Ассур патшасы Сеннахирим Яһуда елінің барлық қамалды қалаларына қарсы аттанып, оларды басып алды”. Сеннахирим бас-аяғы 46 қаланы жаулап алды. Ассур әскері Яһуда қалаларын бірінен соң бірін басып алып, Иерусалимге қарқындап келе жатты (Пат. 4-ж. 18:13). Сол кезде сен Иерусалимде тұрғаныңда не сезінер едің?

10. Миха 5:5, 6-дағы сөздер Езекияны қалай нығайтты?

10 Әрине, Езекия қауіп төніп тұрғанын анық түсінді. Бірақ ол әкесі Ахаз сияқты шарқ ұрып, жалған құдайларға табынатын халықтан көмек іздемеді, қайта, Ехобаға толық сенім артты (Шеж. 2-ж. 28:20, 21). Ол замандасы Миха пайғамбардың Ассур патшалығына қатысты айтқан сөздерін білген болса керек. Миха былай деген еді: “Ассур әскері... қамалдарымызды жайпап өтіп жатса, біз оларға қарсы жеті басқарушыны [“бағушыны” ЖД] және сегіз әміршіні шығарамыз. Олар Ассур елін семсермен басқарады” (Миха 5:5, 6). Бұл сөздерден ассурлықтарға бір ерекше әскер қарсы тұрып, оны толығымен жеңетіні көрінеді. Рухтың жетелеуімен жазылған бұл сөздердің Езекияны қатты нығайтқаны даусыз.

11. Жеті бағушы мен сегіз әмірші жайлы пайғамбарлықтың басты орындалуы қашан болады?

11 Жеті бағушы мен сегіз әмірші жайлы пайғамбарлықтың басты орындалуы “Исраилге басшылық ететін Көсем”, “ежелгі заманнан” бері келе  жатқан Иса туылғаннан кейін бірталай уақыт өткен соң орын алмақ еді (Миха 5:1, 2 оқы). Сол кезде бейнелі “ассурлықтар” Ехобаның қызметшілеріне қауіп төндіреді. Қорқыныш ұялататын бұл жауға қарсы Ехоба бүгінде көкте билік етіп отырған Ұлы арқылы қандай күштерді қолданады? Мұны кейінгі абзацтарда қарастырамыз. Ал қазір Езекия патшаның ассурлықтардың қоқан-лоқысына қалай қарағанын көрейік.

ЕЗЕКИЯ АҚЫЛМЕН ӘРЕКЕТ ЕТТІ

12. Құдайдың халқын қорғау үшін Езекия мен оның уәзірлері не істеді?

12 Қандай да бір қиындықты шешуге шамамыз жетпей жатса, Ехоба бізге қол ұшын беруге әрқашан дайын. Алайда ол бізден өз тарапымыздан қолдан келгеннің бәрін істейді деп күтеді. Езекия “уәзірлерімен және қолбасшыларымен кеңесіп”, солармен бірге қала сыртындағы су көздерін бітеп тастауды шешті. Сондай-ақ “Езекия іске бар ынтасымен, жан сала кірісіп, қамалдың құлап қалған барлық қабырғаларын қайта тұрғызып, үстіне бірнеше күзет мұнарасын да салды. Оның сыртынан тағы бір қабырға тұрғызды... Сонымен қатар патша көп етіп қару-жарақ пен қалқандар жасатты” (Шеж. 2-ж. 32:3—5). Сол заманда өз халқын бағу және қорғау үшін Ехоба Езекия патша, оның уәзірлері және адал пайғамбарлар сияқты батыл ер кісілерді қолданды.

13. Халықты алдағы шабуылға дайындау үшін Езекияның жасаған ең маңызды әрекеті қандай болды?

13 Бұдан кейін Езекия су көздерін бітеу не қаланың қабырғаларын нығайтудан әлдеқайда маңызды нәрсе істеді. Қамқор бағушы болған ол халықты жинап, оларды мынадай сөздермен жігерлендірді: “Ассур патшасынан... абыржып қорықпаңдар! Бәрінен де құдіретті күш оның емес, біздің жақта! Жаудағының бары — білек күші ғана, ал бізге Құдайымыз Жаратқан Ие жар болып, біз үшін шайқасатын болады!” Езекия Ехобаның өз халқы үшін шайқасатынын яһудилердің есіне салды. Бұл олардың сенімін нығайтып, батылдық дарытқаны сөзсіз! Байқасаң, халықтың рухы Езекияның жігерлі сөздерінің арқасында көтерілді. Ехоба алдын ала айтқандай, Езекия патша, оның уәзірлері мен қолбасшылары, сондай-ақ Миха мен Ишая пайғамбар халық үшін жақсы бағушылар болды (Шеж. 2-ж. 32:7, 8; Миха 5:5, 6 оқы).

Езекияның жігерлі сөздері халықтың рухын көтерді (12, 13-абзацтарды қара)

14. Рабшақ халыққа не деді және халық мұны қалай қабылдады?

14 Ассур патшасы Сеннахирим өз әскерімен Иерусалимнің оңтүстік-батысындағы Лахышқа келіп, сонда қос тікті. Содан кейін үш өкілі арқылы қала тұрғындарына берілуді бұйырды. Патшаның Рабшақ деген атпен белгілі басты өкілі әртүрлі айла-амалдарды қолданды. Ол халықпен еврей тілінде сөйлесіп, өз патшалары Езекияны тыңдамай, ассурлықтарға берілуге үгіттеді. Сондай-ақ оларды бейқам өмір сүретін жерге көшіретінін айтып, жалған уәделер берді (Патшалықтар 4-жазба 18:31, 32 оқы). Сосын Рабшақ басқа халықтарды құдайлары құтқара алмағаны сияқты, Ехоба да яһудилерді ассурлықтардың қолынан құтқара алмайтынын айтты. Бірақ халық ақылмен әрекет етіп, оның өтірігі мен жаласына еш жауап қайтармады. Бүгінде Ехоба куәгерлері де жиі осылай етеді (Патшалықтар 4-жазба 18:35, 36 оқы).

15. Иерусалим тұрғындарынан не талап етілді және Ехоба қаланы қалай қорғап қалды?

15 Езекияның еңсесі түскені анық, бірақ ол көрші елдерден жақтас іздеген жоқ. Қайта, Ишая пайғамбарды шақыртып, Ехобаның көмегіне жүгінді. Ишая Езекияға былай деді: “Ол [Сеннахирим] бұл қалаға кірмейді, оған бірде-бір жебе атпайтын да болады!” (Пат. 4-ж. 19:32). Иерусалим тұрғындарынан бар  талап етілетіні батыл болып, берілмеу еді. Олар үшін Ехобаның өзі шайқаспақ болды және ол солай етті де! “Сол түні-ақ Жаратқан Иенің періштесі ассурлық әскер қосына барып, ондағы бір жүз сексен бес мың адамды қырып кетті” (Пат. 4-ж. 19:35). Яһуда халқы Езекия патшаның қала сыртындағы су көздерін бітеп, қабырғаларды нығайтуының арқасында емес, Құдайдың арқасында құтқарылды.

БІЗ ҮШІН ҮЛГІ

16. Бүгінде кімдер а) Иерусалимнің тұрғындарын, ә) “ассурлықтарды”, б) жеті бағушы мен сегіз әміршіні бейнелейді?

16 Жеті бағушы мен сегіз әмірші туралы пайғамбарлықтың басты орындалуы біздің күнімізде орын алуда. Ежелгі Иерусалимнің тұрғындарына ассурлықтар шабуыл жасаған еді. Жақында бейнелі “ассурлықтар” Ехобаның қорғансыз болып көрінген халқына шабуыл жасап, оларды жоймақ болады. Жазбаларда осы шабуылмен қатар, “Магог еліндегі Гогтың” және “солтүстік патша” мен “жержүзі патшаларының” шабуылдары да сөз етіледі (Езек. 38:2, 10—13; Дан. 11:40, 44, 45; Аян 17:14; 19:19). Бұлардың бәрі әртүрлі шабуылға нұсқай ма? Міндетті түрде емес. Киелі кітапта бір шабуыл әртүрлі атпен аталуы мүмкін. Миханың пайғамбарлығына сай, Ехоба біздің заманымыздағы қатыгез “ассурлықтарға” қарсы қандай қару қолдану керек еді? Ешкім күтпеген қаруды — жеті бағушы мен сегіз әміршіні! (Миха 5:5). Бағушылар мен әміршілерден құралған бұл ерекше әскер қауым ақсақалдарын білдіреді (Пет. 1-х. 5:2). Бүгінде Ехоба көптеген адал ақсақалдарға өз халқын бағуды және оларды “ассурлықтардың” алдағы шабуылына дайындап, нығайтуды тапсырды *. Миханың пайғамбарлығында айтылғандай, олар “Ассур елін семсермен басқаратын” болады (Миха 5:6). Олардың қолданатын қаруларының бірі — “рухтың семсері” болып табылатын Құдай Сөзі (Қор. 2-х. 10:4; Ефес. 6:17).

17. Ақсақалдар қандай төрт жайтты көңілдеріне түйіп алса болады?

17 Осы мақаланы қарастыру барысында ақсақалдар біраз жайтты көңілдеріне түйіп алса болады: 1) “Ассурлықтардың” алдағы шабуылына дайын болу үшін ең алдымен Құдайға деген сенімімізді нығайтуымыз және басқаларға да солай етуге көмектесуіміз керек. 2) “Ассурлықтар” шабуыл жасағанда, ақсақалдар Ехобаның өз халқын құтқаратынына толық сенімді болулары қажет. 3) Сол кезде Ехобаның ұйымы беретін басшылық адами көзбен қарағанда ақылға қонымсыз болып көрінуі мүмкін. Алайда өзімізге ұнаса да, ұнамаса да, барлығымыз сол уақытта берілетін кез келген нұсқауға мойынсұнуға дайын болуымыз керек. Өйткені бұл нұсқаулар біздің өмірімізді сақтайды. 4) Қазір осы дүниелік білімге, дүние-мүлікке не адамдардың құрған ұйымдарына сенім артып жүргендер үшін ой қалыптарын өзгертетін уақыт. Ақсақалдар сенімі әлсіреп қалған кез келген бауырласқа көмектесуге дайын болулары керек.

18. Езекиямен болған оқиғаны ой елегінен өткізгеніміз болашақта бізге қалай көмектеседі?

18 Езекияның күнінде Иерусалим тұрғындары тұзаққа түскендей көрінген еді. Болашақта Ехобаның бүгінгі қызметшілерінің де қорғансыз болып көрінетін кезі келеді. Сол уақытта Езекия патшаның айтып кеткен сөздері бәрімізге де күш-жігер дарытсын. Мынаны ешқашан ұмытпайық: “Жаудағының бары — білек күші ғана, ал бізге Құдайымыз Жаратқан Ие жар болып, біз үшін шайқасатын болады!” (Шеж. 2-ж. 32:8).

^ абзац 4 Ишая 7:14-тегі “пәк қыз” деп аударылған еврей сөзі тұрмыстағы әйелге де нұсқайды. Сондықтан бұл сөзді Ишаяның әйеліне де, пәк қыз болған Мәриямға да қатысты қолдануға болады.

^ абзац 16 Жазбаларда жеті саны жиі толықтықты, ал сегіз (яғни жетіден біреу артық) кейде молшылықты білдіреді.