Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Куәгер емес туыстарымыздың жүрегіне қалай әсер ете аламыз?

Куәгер емес туыстарымыздың жүрегіне қалай әсер ете аламыз?

ИСА Ғалилея теңізінің маңындағы ғадаралықтардың жерінде жүргенде, шәкірті болғысы келген адамға былай деген еді: “Үйіңе барып, туған-туысқандарыңа Ехобаның өзіңе не істегенін және қалай қайырымдылық көрсеткенін айтып бер”. Иса неге бұлай деген? Ол адамдардың өздері білген қызықты не маңызды жайттарды бірден туыстарына айтқысы келетіндерін жақсы түсінген көрінеді (Мар. 5:19).

Адам баласына тән осы бір ерекшелікті біздің күнімізде де жиі байқауға болады. Бұл ерекшелік кейбір халықтардың мәдениетінде анағұрлым анық көрініп жатады. Сондықтан да адам шынайы Құдай Ехобаның қызметшісі болғанда, әдетте өзінің жаңа діні жайлы туыстарына да айтқысы келіп тұрады. Ол мұны қалай істеу қажет? Басқа дінді ұстанатын немесе мүлдем Құдайға сенбейтін туыстарының жүректеріне әсер ету үшін не істеуге болады? Киелі кітапта осыған қатысты тиімді кеңестер бар.

“БІЗ МӘСІХТІ ТАПТЫҚ”

Бірінші ғасырда Исаны Мәсіх ретінде таныған алғашқы адамдардың бірі Әндір болған. Ол осы білгенін ең алдымен кімге айтты? Ол бірден бауыры Петірді тауып алып: “Біз Мәсіхті таптық”,— деді. Әндір Петірді Исаға ертіп апарып, осылайша оған Исаның шәкірті болуға көмектесті (Жох. 1:35—42).

Шамамен алты жыл өткеннен кейін, Петір Иоппеде болған кезінде солтүстіктегі Кесария қаласында тұратын Корнел есімді жүзбасы оны үйіне шақыртып алды. Петір оның үйіне келгенде кімдерді көрді? Корнел “туыстары мен жақын достарын жинап, оны күтіп отыр екен”. Осылайша Корнел туыстарының Петірдің сөзін тыңдап, естігендерінің негізінде шешім қабылдай алулары үшін қам жасады (Ел. іс. 10:22—33).

 Әндір мен Корнелден не нәрсеге үйрене аламыз?

Әндір де, Корнел де “әйтеуір бір реті келер” деп қол қусырып отырмады. Әндір бауыры Петірді Исаға өзі ертіп апарып таныстырды. Корнел де Петірді үйіне шақыртып, туыстарының оны тыңдауы үшін жағдай жасады. Алайда Әндір де, Корнел де туыстарын Мәсіхтің шәкірті болуға күштемеді, бұған қулықпен қол жеткізуге де тырыспады. Біздің де дәл солай істегеніміз жақсы. Біз туысқандарымызға Киелі кітаптағы шындықпен бөлісудің әрі оларды бауырластармен таныстырудың мүмкіндіктерін іздеуге тырысатын шығармыз. Десе де олардың таңдау еркіндігін құрметтегеніміз және оларды мәжбүрлеуден аулақ болғанымыз жөн. Туыстарымызға қалай көмектесуге болатынын көру үшін Германияда тұратын Юрген мен Петра есімді ерлі-зайыптының мысалын қарастырайық.

Петра Ехоба куәгерлерімен Киелі кітапты зерттеп, кейіннен шомылдыру рәсімінен өтті. Ал оның күйеуі Юрген офицер ретінде қызмет атқарды. Алғашында Юрген әйелінің қабылдаған шешімін мақұлдамады. Бірақ уақыт өте келе Куәгерлердің Киелі кітаптан үйретіп жүргендері шындық екенін түсініп, өмірін Ехобаға бағыштады. Қазір Юрген жергілікті қауымда ақсақал ретінде қызмет етеді.

Басқа дінді ұстанатын туыстардың жүрегіне қалай әсер етуге болатынына қатысты Юрген мынадай кеңес береді: “Біз оларға Киелі кітаптағы шындықтарды үйіп-төгіп айтып, бізді тыңдауға күштемеуіміз керек. Әйтпесе, олардың мүлдем беті қайтып қалуы мүмкін. Ал егер оларға Жазбалардағы қызықты ойларды аз-аздан әрі ілтипатпен айтып отырсақ, түбінде мұның әлдеқайда жақсы нәтиже әкелетінін көреміз. Сондай-ақ туыстарымызға қызығатын нәрселері ортақ әрі өздері қатарлы бауырластармен араласуға жағдай жасаудың да пайдасы зор. Бұл олардың жүрегіне жол салуы әбден мүмкін”.

“Біз оларға Киелі кітаптағы шындықтарды үйіп-төгіп айтып, бізді тыңдауға күштемеуіміз керек” (Юрген)

Елші Петір де, Корнелдің туыстары да ізгі хабарды бірден қабыл алды. Алайда бірінші ғасырда өмір сүрген басқа адамдарға мұндай шешім қабылдау үшін көбірек уақыт қажет болған.

ИСАНЫҢ БАУЫРЛАРЫ ЖАЙЛЫ НЕ ДЕУГЕ БОЛАДЫ?

Жердегі қызметі кезінде Исаның кейбір туыстары оған сенген болатын. Мысалы, елші Жақып пен Жохан Исаның бөлелері, ал олардың анасы Саломи оның нағашы апасы болған көрінеді. Саломи қолда барларымен бөлісіп, “Иса мен елшілеріне қызмет көрсеткен” басқа да көптеген әйелдердің арасында болған болуы мүмкін (Лұқа 8:1—3).

Алайда Исаның басқа туыстары ізгі хабарды бірден қабыл алмады. Мысалы, Исаның шомылдыру рәсімінен өткеніне бір жылдан аса уақыт болғанда, қалың жұрт оны тыңдау үшін жиналған еді. Алайда туыстары Исаның істері туралы естігенде: “Ол ақылынан адасыпты”,— деп, оны ұстап алуға шықты. Кейіннен інілері Исаның қай жерге баратыны жайлы сөз қозғағанда, ол бұл жайлы нақты ештеңе айтпады. Себебі “шын мәнінде, інілері Исаға сенбейтін” (Мар. 3:21; Жох. 7:5).

Исаның туыстарына қалай қарағанынан біраз нәрсеге үйренуге болады. Кейбір туыстары оны “ақылынан адасты” дегенде, ол бұған ренжіген жоқ. Азап бағанасында өліп, қайта тірілгеннен кейін, ол өгей інісі Жақыпқа көрінді. Осының арқасында оның шынымен Мәсіх екеніне тек Жақыптың ғана емес, Исаның басқа да өгей інілерінің көздері жеткен көрінеді. Олар Иерусалимдегі бір үйдің жоғарғы бөлмесінде жиналған елшілермен және басқа да бауырластармен бірге болды және  олар да киелі рухқа кенелгенге ұқсайды. Уақыт өте келе Жақып та, Исаның Яһуда есімді тағы бір өгей інісі де мәртебелі қызметтер атқарды (Ел. іс. 1:12—14; 2:1—4; Қор. 1-х. 15:7).

КЕЙБІРЕУЛЕРГЕ КӨБІРЕК УАҚЫТ ҚАЖЕТ БОЛАДЫ

“Жақсы нәтижеге қол жеткізу үшін шыдамдылық, шыдамдылық және тағы да шыдамдылық қажет” (Росвита)

Бірінші ғасырдағыдай, біздің күнімізде де кейбіреулерге өмір жолына аяқ басқанға дейін біраз уақыт қажет болады. Росвита есімді бауырластың мысалын қарастырайық. 1978 жылы Росвитаның күйеуі Ехоба куәгері ретінде шомылдыру рәсімінен өткенде, ол Рим-католик шіркеуінің белсенді мүшесі болған еді. Сол дінге шын берілгендіктен, ол басында күйеуіне қарсылық көрсетті. Бірақ біраз жыл өткеннен кейін жұмсара бастады әрі Куәгерлердің шындықты үйрететінін түсінді. Содан 2003 жылы өзі де шомылдыру рәсімінен өтті. Оның осындай шешім қабылдауына не себеп болды? Күйеуі Росвитаның қарсылық көрсеткеніне ренжудің орнына оған өз көзқарасын өзгертуге мүмкіндік берді. Қазір Росвита бауырласымыз мынадай кеңес береді: “Жақсы нәтижеге қол жеткізу үшін шыдамдылық, шыдамдылық және тағы да шыдамдылық қажет”.

Ал Моника есімді бауырлас 1974 жылы шомылдыру рәсімінен өтті. Шамамен он жыл өткеннен кейін, оның екі ұлы да Ехоба куәгері болды. Мониканың Ханс есімді күйеуі оларға ешқандай қарсылық көрсетпегенмен, өзі шомылдыру рәсімінен 2006 жылы бір-ақ өтті. Бұл отбасы өз тәжірибелеріне сүйеніп қандай кеңес бере алады? Олар былай дейді: “Ехобаға адалдық сақтап, одан еш ажырамаңдар және ұстанымдарыңа берік болыңдар”. Әрине, олардың Хансты жақсы көретіндерін айтып отырғандары да көп көмегін тигізді. Олар отағаларының күндердің күнінде шындықты қабылдайтынына ешқашан үміттерін үзбеген еді.

ШЫНДЫҚТЫҢ СУЫ ЖАНДЫ СЕРГІТЕР

Бірде Иса ізгі хабарды мәңгілік өмір беретін суға теңеген (Жох. 4:13, 14). Біз туыстарымыздың осы таза да салқын суды ішіп, сергіп қалғандарын қалаймыз. “Шашалып қалмау” үшін оларға бұл суды бірден көп мөлшерде берген дұрыс болмас еді. Шындық суын ішкенде туыстарымыздың “сергіп қалуы” не “шашалуы” өз сенімімізді қалай түсіндіретінімізге байланысты. Бұған қатысты Киелі кітапта келесідей кеңес берілген: “Әділ жан жауабын ойлап берер... Дананың ақылы сөзін де дана қылар, Ол аузынан тәлімді сөз шығарар”. Бұл кеңесті қалай қолдануға болады? (Нақ. с. 15:28; 16:23).

Мысалы, әйел бауырлас күйеуіне өз сенімі жайлы айтқысы келеді делік. “Жауабын ойлап беру” үшін ол айтатын сөздерін алдымен сүзгіден өткізіп алуы және асығыс сөйлемеуі қажет. Сондай-ақ ол өзін тым әділ не басқадан жоғары етіп көрсетпеуі керек. Оның жақсылап ойластырылған сөздері жанды сергітіп, татулыққа бастай алады. Әйел бауырласымыз мына жайлы ойланып көрсе болады: “Күйеуім әдетте қай кезде жайбарақат отырып, сөйлесуге зауқы соғады? Ол қандай тақырыпта сөйлескенді не оқығанды ұнатады? Оны ғылым, саясат не спорт қызықтыра ма? Оның сезімдері мен көзқарасын құрметтей отырып, Киелі кітапқа деген қызығушылығын қалай оята аламын?” Әйел бауырластың осы жайттар жайлы ойланғаны ақылмен сөйлеп, ақылмен әрекет етуге көмектеседі.

Алайда Куәгер емес отбасы мүшелерінің жүректеріне әсер ету үшін сенімімізді аз-аздан түсіндіріп отыру жеткіліксіз. Біздің ісіміз сөзімізге сай болу қажет.

ЖҮРІС-ТҰРЫСЫМЫЗ ҮЛГІЛІ БОЛУ КЕРЕК

Жоғарыда сөз етілген Юрген былай деп түсіндіреді: “Киелі кітап принциптерін ұстануға келгенде тұрақты болғаның дұрыс. Осының арқасында туыстарың әрекеттеріңді құптамаса да, оларды байқап жүреді”. Әйелі шомылдыру рәсімінен өткен соң шамамен 30 жылдан кейін Куәгер болған Ханс былай дейді: “Туысымыз шындықтың өмірімізге жақсы әсер етіп жатқанын байқау үшін жүріс-тұрысымыздың үлгілі болғаны өте маңызды”. Сеніміміз бізді өзгелерден жаман не жағымсыз емес, қайта, жақсы жағынан ерекшелендіретінін туыстарымыз көре алу керек.

“Туысымыз шындықтың өмірімізге жақсы әсер етіп жатқанын көре алуы үшін жүріс-тұрысымыздың үлгілі болғаны өте маңызды” (Ханс)

Елші Петір күйеулері Ехобаға қызмет етпейтін әйел бауырластарға мынадай бағалы кеңес берген: “Күйеулеріңе бағыныңдар. Осылайша Құдай сөзіне мойынсұнбайтын күйеулерің осы сөз арқылы емес, жүріс-тұрыстарың арқылы оған мойынсұнатын болсын. Олар таза жүріс-тұрыстарыңды әрі өздерін барынша құрметтейтіндеріңді көргенде, осылай болмақ. Сендерге көрік беретін — шаштарыңды өру, алтын әшекейлер тағу не әдемі киім кию сияқты сырт көріністеріңнің сәні  емес, қайта, жүректеріңдегі жасырын болмыстарыңның шірімес сәні — Құдайдың көз алдында аса бағалы саналатын биязы да жұмсақ мінездерің болсын!” (Пет. 1-х. 3:1—4).

Петір мәсіхші әйелдің үлгілі жүріс-тұрысы арқылы күйеуінің жүрегіне әсер ете алатынын айтқан. 1972 жылы шомылдыру рәсімінен өткен Криста есімді әйел бауырлас осыны мақсат етті. Оның күйеуі бір кездері Киелі кітапты зерттегенмен, шындық оның жүрегіне әлі жетпеген еді. Ол бірнеше рет қауым кездесулеріне барды және қазір бауырластармен жақсы араласып тұрады. Ал олар оның таңдау еркіндігін құрметтейді. Криста бауырласымыз күйеуінің жүрегіне әсер етуге қалай тырысып жүр?

“Мен Ехобаның талаптарын берік ұстану үшін күш саламын. Сөйте тұра сөзім емес, жақсы жүріс-тұрысым арқылы күйеуімнің жүрегіне әсер етуге тырысамын. Киелі кітап принциптеріне қайшы келмеген жағдайда күйеуімнің қалауын орындау үшін қолдан келгеннің бәрін істеймін және оның таңдау еркіндігін құрметтеймін. Мен бәрін де Ехобаның қолына тапсырдым”.

Кристаның мысалынан бейімделгіш болудың маңызды екенін көреміз. Ол қауым кездесулеріне бару және уағызға ұқыптылықпен атсалысу сияқты рухани нығайтатын істермен жүйелі түрде айналысады. Сөйте тұра ол күйеуіне түсінікпен қарауға тырысады. Ол күйеуінің өзіне сүйіспеншілік көрсетуді және уақыт пен көңіл бөлуді талап етуге құқылы екенін түсінеді. Куәгер емес туыстарымызға бәріміз де түсінушілікпен қарап, бейімделгіш болуымыз қажет. Киелі кітапта: “Өз уақыты бар әр нәрсенің”,— делінген. Бұл Куәгер емес отбасы мүшелеріне, әсіресе жұбайымызға, бөлетін уақытқа да қатысты. Олармен бірге уақыт өткізгеніміз жақсы әңгімеге жол ашады. Тәжірибеден көрінетіндей, мұндай әңгіме туыстарымызға өздерін жалғыз не шетте қалғандай сезінбеуге әрі қызғанышқа бой алдырмауға көмектеседі (Уағ. 3:1).

ЕШ ҮМІТ ҮЗБЕ

Холгер есімді бауырластың әкесінен басқа отбасы мүшелерінің барлығы Ехоба куәгері болып табылады. Ал әкелері 20 жыл өткен соң шындықты қабылдады. Холгер мынадай кеңес береді: “Туысымыз үшін дұға ететінімізді әрі оны жақсы көретінімізді көрсетіп отырғанымыз өте маңызды”. Жоғарыда сөз етілген Криста болса күйеуінің бір күндері шындықты қабылдап, Ехобаның жағына шығатынына ешқашан үмітін үзбейтінін айтады. Біз де Куәгер емес туыстарымыздан үмітімізді ешқашан үзбеуіміз керек.

Біздің мақсатымыз — туыстарымызбен жақсы қарым-қатынас сақтау, өздеріне шындықты түсінуге мүмкіндік беру және ізгі хабарды жүректеріне жеткізу. Сондай-ақ біз барлық жағдайда “жұмсақтықпен әрі зор құрметпен” әрекет еткіміз келеді (Пет. 1-х. 3:15).