Ехоба — тәртіптің Құдайы
“Құдай — тәртіпсіздіктің емес, татулықтың Құдайы” (ҚОР. 1-Х. 14:33).
1, 2. а) Құдайдың ең алғашқы жаратылысы кім болған және Ехоба оны қалай қолданды? ә) Ехобаның періштелерінде тәртіп бар екені неден көрінеді?
ӘЛЕМНІҢ Жаратушысы Ехоба әрдайым тәртіппен әрекет етеді. Оның ең алғашқы жаратылысы болып табылатын жалғыз рухани Ұлы “Сөз” деп аталады, себебі ол — Құдайдың басты өкілі. Киелі кітапта: “Бастапқыда Сөз болған, Сөз Құдаймен бірге болған”,— делінген. Демек, Сөз Ехобаға ғасырлар бойы қызмет етіп келеді. Бұған қоса, ол туралы: “Құдай бәрін Сөз арқылы жаратқан, онсыз ештеңе де жаратылмаған”,— делінген. Құдай осыдан 2000 жылдан астам уақыт бұрын Сөзді кемелді адам ретінде жерге жіберді. Ол Иса Мәсіх ретінде танымал болып, көктегі Әкесінің еркін адал орындады (Жох. 1:1—3, 14).
2 Құдай Ұлы жерге келмес бұрын, “сәулетшісі” ретінде Әкесіне адалдықпен қызмет етті (Нақ. с. 8:30). Ол арқылы Ехоба көктегі басқа да миллиондаған рухани жаратылыстарды, яғни періштелерді жаратты (Қол. 1:16). Олар туралы Киелі кітапта мынадай мәлімет жазылған: “Сан мыңдаған нөкерлер Оған [Ехобаға] қызмет етіп, он мыңдаған түмендер Оның еркін орындауға дайын тұрды” (Дан. 7:10). Құдайдың қыруар рухани жаратылыстары Ехобаның жақсы тәртіппен ұйымдасқан “әскері” деп аталады (Заб. 103:21 ЖД).
3. Жұлдыздар мен ғаламшарлардың саны қаншалықты көп және олар қандай тәртіппен ұйымдастырылған?
3 Аспандағы сансыз көп жұлдыздар мен ғаламшарлар жайлы не деуге болады? Соңғы зерттеулерге сай, олардың саны “300 секстиллион, яғни 23 нөлі бар 3 деген сөз. Бұл ғалымдардың бұрынғы есептеген санынан үш есе көп болып шықты” (“Хьюстон кроникл” газеті). Ал олар қалай ұйымдастырылған? Жұлдыздар шоғырланып, галактиканы құрайды. Әр галактика миллиардтаған не тіпті триллиондаған жұлдыздардан және ғаламшарлардан тұрады. Галактикалардың басым көпшілігі топтасып, галактикалар шоғырларын құрайды, ал олар өз кезегінде, аса үлкен шоғырларға топтасады.
4. Ехоба жердегі қызметшілерін белгілі бір тәртіппен ұйымдастырады деп күту неліктен қисынды?
4 Көріп отырғанымыздай, көктегі рухани жаратылыстар да, жұлдыздар мен ғаламшарлар да керемет жолмен ұйымдастырылған (Ишая 40:26). Олай болса, Ехоба жер бетіндегі қызметшілерін де белгілі бір тәртіппен ұйымдастырады деп күту қисынды. Олардың араларында жақсы тәртіптің болғаны аса маңызды, өйткені оларға көптеген маңызды істер тапсырылған. Өзіне адалдықпен ғибадат ете алуы үшін, Ехоба бұрыннан өз халқын ұйымдастырып келеді. Өткендегі және бүгіндегі қызметшілерінің тамаша мысалдары Ехобаның әрдайым өз халқымен бірге екенін және оның “тәртіпсіздіктің емес, татулықтың Құдайы” екенін дәлелдейді (Қорынттықтарға 1-хат 14:33, 40 оқы).
ҚҰДАЙДЫҢ ЕЖЕЛДЕ ӨЗ ХАЛҚЫН ҰЙЫМДАСТЫРУЫ
5. Ехобаның жерге қатысты ниеті не себепті уақытша жүзеге аспай қалды?
5 Алғашқы адамдарды жаратқанда Ехоба оларға: “Өсіп-өніп көбейіңдер! Ұрпақтарың жайылып, жер бетін толтырыңдар! Оны өздеріңе бағындырып, теңіздегі балықтарға, аспандағы құстарға және жер бетіндегі барлық жануарларға билік жүргізіңдер!”— деген (Жар. 1:28). Ехоба бір дегенде миллиондаған адамды жарата салған жоқ. Оның бастапқыда орнатқан тәртібіне сай, бір жұптан тараған адамзат ұрпағы жер бетін толтырғанша көбейіп, бүкіл жерді жұмаққа айналдыру керек еді. Алайда Адам мен Хауа Құдайға мойынсұнбағандықтан, оның бұл ниеті уақытша жүзеге аспай қалды (Жар. 3:1—6). Кейіннен Ехоба “адамдардың жер бетінде әбден азғындыққа салынғанын көрді: олардың жүректеріндегі барлық ой-ниеттері әр уақытта зұлымдыққа бейім болды”. Мұның нәтижесінде “Құдайдың көз алдында жер беті бүлінген үстіне бүліне беріп, зұлымдыққа толды”. Сол себепті Құдай топан су жіберіп, күллі зұлымдарды жер бетінен жоюды шешті (Жар. 6:5, 11—13, 17).
6, 7. а) Ехоба не үшін Нұхқа рақымын түсірді? (Мақаланың басындағы суретті қара.) ә) Нұхқа құлақ аспаған адамдармен не болды?
6 Бірақ “замандастарының арасында әділ де кінәратсыз, Құдаймен тығыз байланыста жүрген” Нұх Ехобаның “рақымына... ие болды”. Ехоба оған үлкен кеме соғуды бұйырып, қажетті нұсқаулар берді (Жар. 6:8, 9, 14—16). Бұл кеме адамдар мен жануарларды аман алып қалу үшін, суға батпайтындай етіп соғылу керек еді. Нұх пен оның отбасы “барлығын да Жаратқан Иенің... бұйырғанындай істеп”, кемені оның айтқан тәртібімен соғып бітірді. Бәрі кемеге кірген соң, Ехоба “есікті жауып тастады” (Жар. 7:5, 16).
7 Б. з. б. 2370 жылы Топан су келгенде, жер бетіндегі тіршілік иесінің “барлығы жойылды”. Бірақ Ехоба адалдық танытқан Нұх пен оның отбасының өмірін аман сақтап қалды (Жар. 7:23). Бүгінде жер бетіндегі әрбір адам Нұх пен оның отбасынан тараған. Ал “әділдіктің уағыздаушысы” болған Нұхқа құлақ аспағандардың ешқайсысы да аман қалмады (Пет. 2-х. 2:5).
8. Ехоба өз халқына Уәде етілген жерге кіруді бұйырғанда, оларда жақсы тәртіптің болғаны неден көрінді?
8 Топан судан сегіз ғасыр өткен соң, Құдай исраилдіктерді халық етіп ұйымдастырды. Олардың өмірінің әрбір саласында, әсіресе Құдайға деген ғибадатында жақсы тәртіп бар еді. Мысалы, ғибадат ету ісінде тағайындалған көптеген діни қызметкерлер мен леуіліктерге қоса, кейбір әйелдер “кездесу шатырының кіреберісінде белгілі бір тәртіппен қызмет ететін” (Мыс. ш. 38:8 ЖД). Ехоба Құдай исраилдіктерге Қанахан жеріне барып, қоныстануды бұйырды. Алайда сол ұрпақ адалдық танытпағандықтан, Ехоба оларға: “Мен өздеріңді қоныстандыруға ант еткен сол елге Ефунне ұлы Халеп пен Нұн ұлы Ешуа екеуінен басқа сендердің ешқайсыларың кірмейсіңдер!”— деді (Ру. сан. 14:30, 37, 38). Кейін Ехобаның нұсқауымен Мұса Ешуаны өзінің орынбасары етіп тағайындады (Ру. сан. 27:18—23). Ешуа исраилдіктерді Қанахан жеріне алып кірер алдында Ехоба оған былай деді: “Қайратты да батыл бол! Еш нәрседен абыржып, қорқушы болма! Қайда барсаң да, Құдайың Жаратқан Ие сенімен бірге жүріп жар болады” (Ешуа 1:9).
9. Рахаб Ехоба мен оның халқына қалай қараған?
9 Расында да, Ехоба Құдай әрдайым Ешуамен бірге болды. Мысалы, исраилдіктер Қанахан жеріндегі Иерихон қаласының жанына қостарын тіккенде болған оқиғаны алайық. Б. з. б. 1473 жылы Ешуа Иерихонды барлауға екі тыңшыны жіберді. Қалада олар Рахаб есімді жезөкше әйелді кездестірді. Иерихонның патшасы жіберген кісілер тыңшыларды ұстап алмас үшін, Рахаб оларды үйінің шатырына жасырып қойды. Ол исраилдік тыңшыларға былай деді: “Жаратқан Иенің сіздерге осы елді бергеніне көзім жетті... Жаратқан Иенің Қамысты теңіздің [“Қызыл теңіздің” ЖД] суын алдарыңыздан қалай құрғатқанын, әрі... аморлықтардың екі патшасын қалай құртқандарыңызды естігенбіз”. Ол тағы былай деп қосты: “Сіздер сиынған Құдай Жаратқан Ие — көкте де, жерде де жалғыз Құдай” (Ешуа 2:9—11). Рахаб Ехобаның сол кездегі ұйымының жағына шыққандықтан, исраилдіктер Иерихонды басып алған кезде, Құдай оның отбасымен бірге құтқарылуына қам жасады (Ешуа 6:25). Иә, Рахаб сенім танытты және Ехоба мен оның ұйымын терең құрметтейтінін көрсетті.
І ҒАСЫРДАҒЫ БЕЛСЕНДІ ҰЙЫМ
10. Иса яһуди дінбасыларына не деп айтты және неге?
10 Құдайға адал болған Ешуаның жетекшілігімен Исраил халқы қалаларды бірінен соң бірін басып алып, Қанахан жерін жаулап алды. Алайда кейінгі ғасырларда исраилдіктер Құдайдың заңдарын қайта-қайта бұза берді. Ехоба Ұлын жерге жіберген кезде, исраилдіктердің Құдайға және оның пайғамбарларына құлақ аспай кеткендігі сонша, Иса олар жайлы “пайғамбарлардың көзін құртатын... Иерусалим-ай” деген (Матай 23:37, 38 оқы). Адалдықтарын сақтамағаны үшін, Құдай яһуди дінбасыларынан теріс айналды. Сондықтан Иса оларға: “Құдай патшалығы сендерден алынып қойылып, оған лайық өнім әкелетін басқа халыққа беріледі”,— деді (Мат. 21:43).
11, 12. а) Бірінші ғасырда Ехоба батасын яһуди халқынан алып қойып, басқа ұйымға бергеніне қандай дәлел бар? ә) Ехобаның қолдауына ие болған жаңа ұйым кімдерден құралды?
11 Б. з. І ғасырында Ехоба опасыз Исраил халқынан бас тартты. Алайда бұл Құдайдың жердегі адал қызметшілерінен тұратын ұйымы енді болмайды дегенді білдірді ме? Жоқ. Ехоба бұдан былай Иса Мәсіхке мойынсұнатын және оның ілімдерін ұстанатын жаңа ұйымға батасын төгетін болды. Бұл ұйым б. з. 33 жылы өткен Елуінші күн мейрамынан бастау алды. Исаның 120-ға жуық шәкірті Иерусалимдегі бір үйге жиналғанда, “кенеттен көктен қатты жел соққандай шу естіліп, бүкіл үйдің іші жаңғырып кетті. Сонда оларға оттай жалындаған тілдер көрінді. Тілдер бөлініп, әрқайсысының үстіне бір-бірден қонды. Сөйтіп, бәрі киелі рухқа кенелді де, рухтың дарытуымен әртүрлі тілде сөйлей бастады” (Ел. іс. 2:1—4). Осы жантебірентерлік оқиға Ехоба Исаның шәкірттерінен құралған жаңа ұйымды қолдайтынының айқын дәлелі болды.
12 Сол күні Исаның шәкірттерінің қатарына “шамамен 3000 жан қосылды”. Бұдан кейін “Ехоба құтқарылатындардың санын күннен-күнге көбейтіп, шәкірттердің қатарына қосып отырды” (Ел. іс. 2:41, 47). І ғасырдағы уағыздау ісінің нәтижелі болғаны сонша, “Құдай сөзі кеңінен тарап, Иерусалимде шәкірттердің саны барған сайын көбейе берді. Тіпті көптеген діни қызметкерлер де сене бастады” (Ел. іс. 6:7). Осылайша көптеген ақжүрек адамдар жаңа ұйымның мүшелері жариялап жүрген шындықты қабылдады. Кейіннен Ехоба “басқа ұлт адамдарына” да киелі рухын төгіп, мәсіхшілердің қауымына әкеле бастағанда, жаңа ұйымды қолдайтынын тағы дәлелдеді (Елшілердің істері 10:44, 45 оқы).
13. Құдайдың жаңа ұйымына қандай іс тапсырылды?
13 Ехоба Исаның шәкірттеріне қандай іс тапсырғаны айдан анық еді. Исаның өзі шомылдыру рәсімінен өткен соң “Көк патшалығы таяп қалды” деп уағыздауымен оларға үлгі көрсетті (Мат. 4:17). Ол ізбасарларын да осы іске баулыды. Иса шәкірттеріне: “Иерусалимде, бүкіл Яһудеяда, Самарияда және жердің қиыр шетіне дейін мен жайлы куәлік етесіңдер”,— деді (Ел. іс. 1:8). Олар өздерінен не талап етілетінін нақты білді. Мысалы, Писидиядағы Антиохияда жүргенде, Пауыл мен Барнаба қарсылық көрсеткен яһудилерге батылдықпен былай деді: “Құдай сөзі алдымен сендерге айтылу керек еді. Бірақ сендер одан бас тартып, өздеріңді мәңгілік өмірге лайық санамадыңдар, сондықтан біз басқа ұлттарға бет бұрамыз. Өйткені Ехоба бізге мынадай өсиет берді: “Құтқарылу жолын жердің қиыр шетіне дейін жариялау үшін сендерді халықтарға нұр еттім” (Ел. іс. 13:14, 45—47). Сонау І ғасырдан бері Құдай ұйымының жердегі бөлігі Ехоба адамзатты құтқару үшін қалай қам жасағанын жария етіп келеді.
КӨБІСІ ҚАЗА БОЛДЫ, БІРАҚ ҚҰДАЙ ҚЫЗМЕТШІЛЕРІ АМАН ҚАЛДЫ
14. І ғасырдағы Иерусалиммен не болды және кімдер аман қалды?
14 Яһудилер жалпы алғанда ізгі хабарға құлақ аспады. Иса олардың бастарына қатер төніп тұрғанын шәкірттеріне алдын ала ескертіп былай деген еді: “Сонда Яһудеядағылар тауларға қашсын. Иерусалимдегілер қаладан шықсын, ал маңындағылар оған кірмесін!” (Лұқа 21:20, 21). Исаның пайғамбарлығы орындалды. Яһудилер көтеріліс жасағандықтан, Цестий Галл бастаған Рим әскері б. з. 66 жылы Иерусалимді қоршап алды. Бірақ олар кенеттен кері шегіне бастады. Сол кезде Исаның ізбасарларына Иерусалим мен Яһудея жерінен қашудың мүмкіндігі туды. Тарихшы Евсевийдің еңбегінде жазылғандай, олардың көбісі Иордан өзенінен өтіп, Перея аймағындағы Пеллаға қарай қашқан. Ал б. з. 70 жылы бұл жолы әскербасы Тит бастаған римдік сарбаздар Иерусалимге қайта оралып, оның күл-талқанын шығарды. Алайда Исаның ескертуіне құлақ асқан адал мәсіхшілер аман қалды.
15. Мәсіхшілер қауымы неге қарамастан өркендей берді?
15 І ғасырдағы шәкірттер сенімдері үшін түрлі қиындықтарға, қуғын-сүргінге және сынақтарға кезіксе де, мәсіхшілер қауымы өркендеп, рухани гүлдене берді (Ел. іс. 11:19—21; 19:1, 19, 20). Бұл Ехоба батасын бергенінің арқасында мүмкін болды (Нақ. с. 10:22).
16. Рухани алға басу үшін әр мәсіхші не істеу керек еді?
16 Алайда рухани жағынан жетістіктерге жету үшін әр мәсіхші өз тарапынан күш салуы керек еді. Ол үшін Жазбаларды мұқият оқып-зерттеу, ғибадат етуге арналған кездесулерге үзбей барып тұру және Патшалық жайлы хабарды белсенділікпен уағыздау маңызды болды. Осындай істер Ехобаның сол кездегі қызметшілерінің рухани денсаулығы мен ынтымақтастығына септігін тигізген. Бұған қоса, жақсы ұйымдасқан сол қауымдардағы бақылаушылар мен қызмет көмекшілерінің ерен еңбектері бауырластарға көп көмектескен (Філіп. 1:1; Пет. 1-х. 5:1—4). Ал Пауыл сияқты аралаушы ақсақалдар қауымға сапармен келгенде, олардың бір марқайып қалғандарында шүбә жоқ! (Ел. іс. 15:36, 40, 41). Біздің бүгіндегі ғибадатымыз бен І ғасырдағы мәсіхшілердің ғибадатындағы ұқсастықтар қайран қалдырады емес пе?! Ехоба сол кезде де, қазір де өз қызметшілерін тәртіппен ұйымдастырғаны үшін қаншалықты ризамыз десеңдерші! *
17. Ендігі мақалада не талқылаймыз?
17 Шайтан дүниесінің ақыры таяп қалған осы соңғы күндерде, Ехобаның бірегей ұйымының жердегі бөлігі үлкен жылдамдықпен алға басуда. Сен онымен қатар жүріп келесің бе? Рухани қадамдар жасап жатырсың ба? Келесі мақалада бұл үшін не істеу керектігі сөз етіледі.
^ абзац 16 “Күзет мұнарасының” 2002 жыл, 1 қазандағы санында жарық көрген “Шынайы мәсіхшілер рухпен және шындықпен ғибадат етеді” және “Олар шындық жолымен келеді” деген мақалаларды қара. Сондай-ақ “Бүгінде Ехобаның еркін кім орындауда?” кітапшасынан қазіргі таңдағы Құдай ұйымының жердегі бөлігі туралы көбірек біле аласың.