Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Ажырасқан бауырластарға қалай көмектесе аламыз?

Ажырасқан бауырластарға қалай көмектесе аламыз?

Бәлкім, сіз ажырасып кеткен бір не бірнеше адамды танитын шығарсыз. Өйткені ажырасу бүгінде кең тараған жайтқа айналды. Мысалы, Польшада жүргізілген бір зерттеуге сай, неке құрғандарына үш не алты жыл болған 30 жастағы ерлі-зайыптылардың көбісі ажырасып кетеді екен. Алайда ажырасатын адамдардың қатары бұл жастағылармен ғана шектелмейді.

Қазақстан Республикасының статистика агенттігіне сай, “2013 жылдың қаңтар—наурызында 11 613 ажырасу тіркелді. 2012 жылдың қаңтар—наурызымен салыстырғанда, олардың саны 6,5%-ға өсті. Ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында 100 тіркелген некеге 34 ажырасу келді”.

КЕРЕҒАР СЕЗІМДЕРДІҢ ПАЙДА БОЛУЫ

Ажырасудың арты неге әкеп соғуы мүмкін? Шығыс Еуропадағы бір тәжірибелі отбасылық қарым-қатынас кеңесшісі былай дейді: “Ажырасу некедегі қарым-қатынастың үзіліп, ерлі-зайыптының айырылысқанын заңды түрде растайды. Ал бұл жанға өте ауыр тиеді”. Оның айтуынша, ажырасқаннан кейін адамның тұла бойын жиі ашу, өкініш, реніш, шарасыздық және ұят сияқты сезімдер билейді. Кейде мұндай сезімдер адамды өз-өзіне қол жұмсауға дейін итермелеуі мүмкін. Кейін бұл кеңесші былай деп қосты: “Ажырасу процесі толық аяқталған соң, келесі кезең басталады. Ажырасқан жұбайы өзін жалғыз қалғандай сезініп: “Енді мен кіммін? Өмірімнің мән-мағынасы неде?” деген сияқты ойлармен күресуі мүмкін”.

Бірнеше жыл бұрын қандай сезімде болғанын есіне алып, Ева * былай дейді: “Ажырасқаннан кейін көршілерім мен әріптестерім мені “ажырасқан әйел” деп атайтыны жайлы ойлағанда, қатты ұялатынмын. Бойымды ашу кернейтін. Екі баламен жалғыз қалғандықтан, маған олар үшін ана да, әке де болуға тура келді”. Ал 12 жыл бойы ақсақал болып қызмет еткен Артур былай дейді: “Мен өз-өзімді құрметтеуден қалдым. Кейде бойымды ашу кернеп, өзімді барлық адамдардан оқшау ұстағым келетін”.

ҚАЛЫПТЫ ӨМІРГЕ ОРАЛУ ҮШІН КҮШ САЛУ

Ажырасқаннан кейін жылдар өтсе де, болашақтары жайлы уайымдайтын жұбайларға өз-өздеріне келіп, қалыпты өмірге оралу үшін көп күш салу керек болып жатады. Олар “менің жағдайым ешкімді қызықтырмайды” деген тұжырымға келуі мүмкін. Сондай-ақ бір тілшінің айтуынша, ажырасқан адамдар енді “бұрынғы әдеттерін өзгертіп, қиындықтарды өз беттерінше шешуді үйренулері керек”.

Станислав былай дейді: “Ажырасқаннан кейін бұрынғы әйелім маған екі кішкентай қызыммен көрісуге кедергі жасады. Сондықтан маған жағдайымды ешкім ойламайтындай, тіпті Ехобаның өзі менен бас тартқандай көрінді. Менің өмір сүруге деген еш ықыласым болмады. Уақыт өте келе мен ой қалпымның дұрыс емес екенін түсіндім”. Ертеңгі күнге деген сенімсіздіктен уайым  кешкен Ванда болса былай дейді: “Уақыт өте келе таныстарым да, бауырластарым да маған және балаларыма көңіл бөлмей қояды деп ойлайтынмын. Алайда бауырластардың бізді қаншалықты қамқорлағанын және олардың маған балаларымды шындықта тәрбиелеуге көп көмектескендерін қазір түсінемін”.

Жоғарыдағы пікірлерден көретініміздей, ажырасқаннан кейін кейбіреулер жағымсыз сезімдерге бой алдырып жатады. Олар өздерін түкке тұрғысыз, көңіл бөлуге лайықсыз сезініп, өз-өздерін аяуға бейім келуі мүмкін. Бұған қоса, олар өзгелерге сыншыл бола бастап, нәтижесінде, қауымдағы бауырластар суық, өзгелердің қиыншылығын түсінбейді деген ойға келуі де ықтимал. Алайда Станислав және Ванданың айтқан сөздерінен көрінетіндей, ажырасқан бауырластар бір сенімдегілердің шын мәнінде оларға қамқорлық көрсететінін түсініп жатады. Тіпті көмектері бірден көзге түспеген күнде де, бауырластар барынша көмектесуге тырысады.

ЖАЛҒЫЗДЫҚ ПЕН ЖАҒЫМСЫЗ СЕЗІМДЕРДІҢ ТУЫНДАУЫ

Көмектесуге көп күш салып жатқанымызға қарамастан, ажырасқан бауырластар арагідік жалғыздық сезінуі мүмкін. Әсіресе ажырасқан әйел бауырластарға олардың қамдарын ешкім ойламайтындай көрінуі мүмкін. Алисия есімді бауырлас былай дейді: “Менің күйеуіммен ажырасқаныма сегіз жыл болды. Бірақ мен әлі күнге дейін кейде өзімді жаман сезінемін. Сондай кездері мен жалғыз қалып, жылаймын да, сосын өзімді аяй бастаймын”.

Алайда ажырасқан бауырластардың барлығында жоғарыдағыдай сезімдер туындамауы мүмкін, десе де олар Киелі кітаптағы бөлектенбеуге қатысты кеңеске құлақ асулары қажет. Ал бұл кеңеске немқұрайды қарау “даналық атаулыға қарсы шығуға” әкеп соғуы мүмкін (Нақ. с. 18:1). Өзін жалғыз сезінетін адам қарсы жынысты адамнан қайта-қайта кеңес сұраудан не жұбаныш іздеуден аулақ болу арқылы даналық атаулыға қарсы шықпайтынын көрсете алады. Осылайша адам өзін орынсыз романтикалық сезімдер дамытудан қорғайды.

Ажырасқан бауырластарды болашаққа деген сенімсіздік, жалғыздық не өзін ешкімге керексіз сезіну сияқты жағымсыз сезімдер қажытуы мүмкін. Алайда мұндай сезімдер адамға тән нәрсе екенін және оларды жеңу оңайға соқпайтынын білгеніміз бізді Ехобаға еліктеп, бауырластарды барынша қолдауға талпындырады (Заб. 54:23; Пет. 1-х. 5:6, 7). Оларға көрсеткен кез келген көмегіміздің жоғары бағаланатынына сенімді болайық. Шынында да, олар қауымдағы нағыз достардан көмек пен қолдау таба алады! (Нақ. с. 17:17; 18:24).

^ абзац 6 Кейбір есімдер өзгертілген.