Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Құдайдың сөзі тірі!

Құдайдың сөзі тірі!

“Құдайдың сөзі тірі, әсері де күшті” (ЕВР. 4:12).

1, 2. Ехоба Мұсаға қандай тапсырма берді және оған нені уәде етті?

ӘЛЕМДЕГІ ең ұлы билеушінің алдында Ехобаның халқын жақтап сөйлеп тұрғаныңды елестетіп көрші. Сен өзіңді қалай сезінер едің? Бәлкім, абыржып, бойыңды сенімсіздік, қорқыныш билейтін шығар. Айтар сөзіңді қалай бастар едің? Құдіреті шексіз Құдайдың атынан сөйлеп тұрғандықтан, сөзіңе салмақ қосу үшін не істер едің?

2 Кезінде Мұса тура осындай жағдайда болған. Ехоба оған перғауынның алдына барып, Мысырда қысым көріп жүрген халқын құлдықтан босатуды тапсырды. Мұса “жер бетіндегі барлық адамдардың ең кішіпейілі” еді (Ру. сан. 12:3). Ал перғауын, кейінгі оқиғалардан көрінетіндей, дөрекі, менмен адам болған (Мыс. ш. 5:1, 2). Сөйтсе де Ехоба Мұсаға перғауыннан миллиондаған құлын босатуды талап етуді тапсырды. Сонда Мұса Ехобаға: “Перғауынға барып, исраилдіктерді Мысырдан алып шығатындай соншама мен кіммін?”— деді. Оның неліктен бұлай сұрағанын түсінуге болады: ол өзін сенімсіз әрі бұл іске жарамсыз сезінген шығар. Алайда Құдай оны жалғыз қалдырмайтынына сендіріп: “Мен саған жар боламын”,— деп уәде етті (Мыс. ш. 3:9—12).

3, 4. а) Мұса неден қорықты? ә) Қай кезде сен де өзіңді Мұса сияқты сезінуің мүмкін?

3 Мұса неден қорықты? Ол “перғауын мені Ехоба  Құдайдың өкілі деп қабылдамайды, сөзімді де тыңдамайды; өз халқым да Ехобаның мені оларды құлдықтан босатуға тағайындағанына сенбейді” деп қорықса керек. Сондықтан ол Ехобаға: “Егер исраилдіктер маған сенбей, айтқаныма құлақ аспастан: — Жаратқан Ие саған аян берген емес,— десе қайтемін?”— дейді (Мыс. ш. 3:15—18; 4:1).

4 Ехобаның Мұсаға берген жауабы мен содан кейін болған оқиғалардан әрқайсысымыз керемет сабақ аламыз. Рас, саған ешқашан жоғары лауазымды басшының алдына баруға тура келмейтін шығар. Бірақ Құдай мен оның Патшалығы жайлы тіпті өзің сияқты қарапайым адамдармен сөйлесу қиынға соққан кездер болған ба? Олай болса, Мұсаның басынан өткен жағдайдан не нәрсеге үйренуге болатынын қарастырып көрейік.

“ҚОЛЫҢДАҒЫҢ НЕ?”

5. Ехоба Мұсаға не берді және бұл қалай оның қорқынышын сейілтті? (Мақаланың басындағы суретті қара.)

5 Мұса сөздері елеусіз қалады деп қорқатынын айтқанда, Ехоба оны алдағы оқиғаларға дайындады. Мысырдан шығу кітабынан біз былай деп оқимыз: “Жаратқан Ие оған: —Қолыңдағың не?— деді. —Таяғым. —Жаратқан Ие:— Оны жерге лақтыр!— деді. Мұса (мал баққанда қолына ұстап жүретін) таяғын жерге лақтырып жібергенде, ол жыланға айналды. Мұса одан қаша жөнелді. Ал Жаратқан Ие Мұсаға:— Қолыңды созып, оны құйрығынан ұстап ал!— деп бұйырды. Мұса жыланды ұстап алғанда, ол қолында қайтадан таяққа айналды. Жаратқан Ие:— Осы құдіретті істі исраилдіктерге көрсет. Ол... саған аян бергендігіме солардың көздерін жеткізбек,— деді” (Мыс. ш. 4:2—5). Өзгелер кәдімгі таяқ деп есептеген нәрсе Құдайдың құдіретімен тірі жыланға айналды! Осы керемет арқылы Мұсаны жіберген де, оған билік берген де Ехоба екені дәлелденбек. Сондықтан Ехоба оған: “Мына таяқ қолыңда жүрсін, сонымен Мен тапсырған құдіретті істерді көрсетпексің”,— деді (Мыс. ш. 4:17). Осыдан кейін Мұсада сенімділік пайда болды. Енді ол Құдайдан билік алғанын дәлелдейтін таяғын қолына алып, шынайы Құдайдың өкілі ретінде өз халқына да, перғауынның алдына да баруға дайын еді (Мыс. ш. 4:29—31; 7:8—13).

6. а) Уағыздағанда қолымызда не болу керек және неге? ә) Қай мағынада Құдай Сөзі “тірі” және “әсері күшті”?

6 Киелі кітаптағы хабарды айтып жүргенімізде, өзгелер бізден де: “Қолыңдағың не?”— деп сұрауы мүмкін. Ал біздің қолымызда әдетте Киелі кітап болады. Кейбіреулер оны кәдімгі кітап деп есептейтін шығар, бірақ рухының жетелеуімен жазылған осы кітап арқылы бізбен Ехобаның өзі сөйлеседі (Пет. 2-х. 1:21). Онда Құдай Патшалығы орнағанда болатын тамаша жайттар туралы уәделер жазылған. Елші Пауыл: “Құдайдың сөзі тірі, әсері де күшті”,— деген (Еврейлерге 4:12 оқы). Уәделері іске асу үшін Ехоба қам жасап отыратындықтан, олар ешқашан сөз жүзінде қалмайды. Сондықтан Құдай Сөзі тірі деуге болады (Ишая 46:10; 55:11). Адам осыны түсінсе, Киелі кітаптан оқығандары өміріне қатты әсер етеді.

7. Қалай біз “шындық сөзін дұрыс үйрете” аламыз?

7 Иә, Ехоба біздің қолымызға өзінің тірі Сөзін берді. Соның көмегімен біз айтып жүрген хабарымыздың сенім артуға тұрарлық екенін әрі Құдайдан келгенін дәлелдей аламыз. Сол себепті Еврейлерге арналған хатынан кейін, Пауыл шәкірті Тімөтені “шындық сөзін дұрыс үйрету үшін қолынан келгеннің бәрін істеуге” талпындырған (Тім. 2-х. 2:15). Пауылдың кеңесін біз қалай қолдана аламыз? Бұл үшін қызметте оқып бергіміз келетін тармақтарды жақсылап  таңдауымыз керек. Өйткені біздің мақсатымыз — адамдардың жүректеріне жол табу. Былтыр жарық көрген трактаттар осы орайда бізге көмектесу үшін шығарылған болатын.

ЖАҚСЫЛАП ТАҢДАЛҒАН ТАРМАҚТАРДЫ ОҚЫ

8. Бір қызмет бақылаушысы трактаттар туралы не дейді?

8 Жаңадан шыққан трактаттардың бәрі біртектес. Сондықтан олардың біреуін қолдануды үйреніп алсақ, бәрін қолдана аламыз. Ал оларды қолдану оңай ма? Гавайиде (АҚШ) тұратын бір қызмет бақылаушысы былай дейді: “Осы жаңа құралдар үйме-үй уағыздағанда да, көшеде де соншалықты тиімді болады деп ойламадық”. Ол трактаттардың адамды емін-еркін жауап беруге талпындыратынын, ал бұл жиі қызық әңгімеге ұласатынын байқапты. Бауырластың ойынша, трактаттардың мұқабасындағы сұраққа бірнеше жауаптың нұсқасы берілетіндіктен, үй иесі жауабым қате болады деп уайымдамайды.

9, 10. а) Қалай трактаттарымыз бізді Киелі кітапты қолдануға талпындырады? ә) Сен үшін қай трактат әсіресе тиімді және неге?

9 Әр трактат бізді жақсылап таңдалған тармақтарды оқып беруге талпындырады. Мысалы, “Қайғы-қасірет болмайтын кез келе ме?” деген трактатты алайық. Үй иесі “иә”, “жоқ” не “мүмкін” деген жауаптардың қайсысын таңдаса да, трактатты ашып, еш артық сөз айтпай-ақ: “Киелі кітапта бұл жайлы не айтылғанына қараңызшы”,— деуге болады. Сосын Аян 21:4-ті оқып береміз.

10 “Сіз Киелі кітап жайлы не ойлайсыз?” деген трактатты қолданғанда да, адам қай жауапты таңдамасын, оны ашып, жай ғана: “Киелі кітапта айтылғандай, “Киелі жазбалардың бәрі Құдай рухының жетелеуімен жазылған”,— десек болады. Сондай-ақ: “Бұл тармақта тағы мынадай сөздер бар”,— деп, Киелі кітаптан Тімөтеге 2-хат 3:16, 17-ні оқып беруге болады.

11, 12. а) Қызметте бізге не қуаныш сыйлайды? ә) Трактаттардың көмегімен қалай қайта баруға негіз қалауға болады?

11 Үй иесінің ыңғайына қарап, трактатты әрі қарай оқып-талқылайсың ба, жоқ па — анықтауыңа болады. Тіпті ұзақ сөйлесе алмаған күннің өзінде, сен оған трактаттағы хабарды жеткізесің, Құдай Сөзінен үзінді оқып бересің. Осының өзі қызметте қуаныш сыйлайды. Бәлкім, бірінші рет әңгімелескендеріңде, сен небәрі бір не  екі тармақ оқып берерсің. Десе де келесі барғаныңда әңгімені әрі қарай жалғастыруыңа болады.

12 Әр трактаттың соңғы бетінде “Мына жайлы ойланып көріңізші” деген тақырыпшадан кейін қайта барғанда талқылауға болатын сұрақ пен тармақтар берілген. Мысалы, “Сіз болашақтан не күтесіз?” деген трактаттың соңында “Құдай дүниедегі жағдайды қалай жақсартады?” деген сұрақ пен Даниял 2:44 және Нақыл сөздер 2:21, 22 келтірілген. Ал “Өлген адамдар өмірге қайта орала ма?” деген трактаттың соңында “Неге адамдар қартаяды және өледі?” деген сұрақ пен Жаратылыс 3:17—19 және Римдіктерге 5:12 келтірілген.

13. Зерттеу сабақтарын бастау үшін трактаттарды қалай қолдануға болатынын түсіндір.

13 Трактаттарды зерттеу сабағын бастау үшін де қолдануға болады. Адам трактаттың соңындағы QR (жедел жауап) кодын сканерлесе, оған сайтымыздан Киелі кітапты зерттеуге талпындыратын материал ұсынылады. Трактаттың өзі де “Құдайдан келген қуанышты хабар” кітапшасына көңіл аударып, ондағы нақты бір сабаққа нұсқайды. Мысалы, “Дүниені шын мәнінде кім билеп отыр?” деген трактат сол кітапшаның 5-сабағына, ал “Отбасы бақытты болу үшін не қажет?” деген трактат 9-сабағына сілтейді. Трактаттарымызды мақсатына сай қолдансаң, адамға алғаш барғанда да, қайта барған кездеріңде де Киелі кітапты қолдануға дағдыланасың. Соның арқасында көбірек зерттеу сабақтарын бастайтын шығарсың. Қызметте Құдай Сөзін тиімді қолдану үшін тағы не істеуге болады?

КӨКЕЙКЕСТІ МӘСЕЛЕЛЕР ЖӨНІНДЕ ӘҢГІМЕ ҚОЗҒА

14, 15. Пауылдың қызметке қатысты көзқарасына қалай еліктеуімізге болады?

14 Пауыл қызметте мүмкіндігінше көп адаммен сөйлесуге тырысқан (Қорынттықтарға 1-хат 9:19—23 оқы). Байқасаң, ол “яһудилерді, Мұса заңын ұстанатындарды, оны ұстанбайтындарды, әлсіздерді” Мәсіх жолына әкелгісі келген. Иә, ол “әртүрлі адамдар арасынан, ең болмаса, кейбіреуін құтқару үшін қолынан келгеннің бәрін істеген” (Ел. іс. 20:21). Аумағымыздағы “әртүрлі адамдарға” шындықты жеткізуге дайын болу үшін Пауылға қалай еліктеуімізге болады? (Тім. 1-х. 2:3, 4).

15 Ай сайын “Біздің патшалық қызметімізде” ұсыныстар басылып тұрады. Соларды қолданып көр. Ал сен тұратын жерде жұртты басқа жайттар мазалайтын болса, ұсыныстарыңды соған бейімде. Өзің тұрып жатқан жер мен айналаңдағы адамдар жөнінде, оларды не қызықтыратыны туралы ойлан. Сосын лайықты болатын жазба орнын таңда. Бір аудандық бақылаушы әйелі екеуі Киелі кітапты қалай қолданатындары жайлы былай деді: “Егер қысқа да нұсқа сөйлесек, үй иелерінің көбісі бір тармақ оқып беруімізге мұрсат береді. Біз дәстүрге сай аман-саулық сұрасқаннан кейін, қолымыздағы ашық тұрған Киелі кітаптан бір тармақ оқимыз”. Қызметте қолдануға болатын әрі сынақтан өткен тақырыптардың, сұрақтар мен жазба орындарының бірнешеуін қарастырып көрейік. Бәлкім, олар сен үшін де тиімді болар.

Қызметте Киелі кітап пен трактаттарды тиімді қолданып жүрсің бе? (8—13 абзацтарды қара)

16. Қызметте Ишая 14:7-ні қалай қолдануға болады?

16 Егер сен қылмыс пен зұлымдық жайлаған аумақта тұрып жатсаң, адамнан былай деп сұрауыңа болады: “Біреу сізге бүгінгі күннің басты жаңалығы — “Жер бетінде тыныштық орнады, жұрттың бәрі шаттана әндетіп жатыр” десе, не сезінер едіңіз? Киелі кітаптағы Ишая 14:7-де тура осындай сөздер жазылған. Киелі жазбаларда жер бетінде тыныштық орнайтынына қатысты Құдайдың уәдесі көптеп кездеседі”. Бұдан кейін сондай уәделердің біреуін оқуды ұсын.

17. Қызметте Матай 5:3-ті қалай қолдануға болады?

 17 Егер аумағыңдағы ер кісілерге отбасын асырау қиын болса, әңгімені былай бастауға болады: “Отбасын бақытты ету үшін отағасы қанша ақша табу керек?” Адамның жауабынан кейін, былай де: “Бұдан да көп табатын отағалары бар, бірақ отбасыларында бәрібір қанағат жоқ. Оларға шын мәнінде не жетіспейді деп ойлайсыз?” Сосын Матай 5:3-ті оқы да, зерттеу сабағын ұсын.

18. Өзгелерді жұбату үшін Еремия 29:11-ді қалай қолдануға болады?

18 Аумағыңда тұратындар қандай да бір апаттан жапа шекті ме? Онда келесідей ұсыныс айтуға болады: “Мен сізге мынадай жұбанышты сөздермен келдім (Еремия 29:11 оқы). Байқасаңыз, Құдай бізге үш нәрсе: “тыныштық”, “болашақ”, “үміт” сыйлағысы келеді екен. Құдайдың бізге жақсылық тілейтінін білгеніміз көңілге жылу береді. Бірақ сол жақсылыққа қалай жетуге болады?” Сосын “Қуанышты хабар” кітапшасындағы қажетті сабаққа көңіл аудар.

19. Діндар адамдармен сөйлескенде, Аян 14:6, 7-ні қалай қолдануға болады?

19 Діндар адамдардың арасында өмір сүретін болсаң, бәлкім, әңгімені былай бастарсың: “Егер сізбен періште сөйлессе, оның айтқанына құлақ түрер ме едіңіз? (Аян 14:6, 7 оқы). Қараңызшы, періште “көк пен жерді жаратқан Құдайдан қорқып, соған ғибадат етіңдер” дейді. Сіз көк пен жерді жаратқан сол Құдайдың есімін білесіз бе?” Бұдан кейін Аян 4:11-ді оқы: “Құдіретті Құдайымыз Ехоба, сен даңқ пен құрметке лайықсың! Өйткені бәрін жаратқан — өзіңсің”. Әрі қарай әңгімені Ехоба Құдай жөнінде жалғастыруға болады.

20. а) Адамды Құдайдың есімімен таныстыру үшін, Нақыл сөздер 30:4-ті қалай қолдануға болады? ә) Қызметіңде қай тармақты тиімді қолданып жүрсің?

20 Жастарды былай деп әңгімеге тартуға болады: “Саған бір жазба орнын оқып бергім келіп тұр. Онда бір маңызды сұрақ бар. (Нақыл сөздер 30:4 оқы). Адам баласы жөнінде мұндай сөздер айтылмас еді. Мұнда Жаратушымыз туралы жазылған *. Ал оның атын қалай білуге болады? Саған Жаратушымыздың атын Киелі жазбалардан көрсетейін деп едім”.

ҚЫЗМЕТТЕ ҚҰДАЙ СӨЗІНІҢ КҮШІН ҚОЛДАН

21, 22. а) Жақсылап таңдап алынған жазба орны қалай адамның өмірін өзгерте алады? ә) Қызметте не істеуге тырысуымыз керек?

21 Біз жақсылап таңдап алынған жазба орнының адамға қалай әсер ететінін біле бермейміз. Мысалы, Австралияда екі Куәгер үйме-үй жүргенде, бір бойжеткенмен әңгімелеседі. Олардың бірі: “Сіз Құдайдың есімін білесіз бе?”— деп сұрайды да, Забур 83:18-ді (ЖД) оқып береді. Әлгі бойжеткен былай дейді: “Мен не дерімді білмедім. Олар кеткен соң, Киелі кітаптың басқа аудармаларын қарау үшін 56 шақырым жерде орналасқан кітап дүкеніне бардым. Сосын Құдай есімін сөздіктен қарадым. Құдайдың есімі Ехоба екеніне көзім жеткеннен кейін, білуім керек тағы не бар екен деп ойладым”. Көп ұзамай ол болашақ күйеуі екеуі Киелі кітапты зерттеуді бастайды, ал кейінірек екеуі де шомылдыру рәсімінен өтеді.

22 Құдай Сөзінің адамның өмірін өзгерте алатын күші бар. Оны оқитын адам Ехобаның уәделеріне берік сенім дамыта алады. Ал мұндай сенім білгендерін өмірде қолдануға талпындырады (Салоникалықтарға 1-хат 2:13 оқы). Киелі кітапта жазылған хабар өзге біреудің жүрегіне жеткізгіміз келетін біздің сөзімізден әлдеқайда күшті. Сондықтан Құдай Сөзін қолданудың мүмкіндігін жіберіп алмайық. Өйткені ол тірі!

^ абзац 20Күзет мұнарасы” 2002 жыл 1 тамыз, 5-бетті қара.