Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Ехобамен қызметтес болу мәртебесін бағала!

Ехобамен қызметтес болу мәртебесін бағала!

“Біз Құдаймен қызметтеспіз” (ҚОР. 1-Х. 3:9).

1. Еңбек Ехобаны қандай сезімге бөлейді және бұл оны неге талпындырады?

ЕХОБА не істесе де, сүйіп істейді (Заб. 134:6; Жох. 5:17). Саналы жаратылыстары да осындай қуанышқа бөлену үшін, Ехоба оларға қанағат пен рақат сыйлайтын жұмыс береді. Мысалы, ол өзінің тұңғыш Ұлын жарату ісіне қатыстырған (Қолостықтарға 1:15, 16 оқы). Киелі кітапта Исаның адам болып келгенге дейін, Құдайдың қасында “шебер жұмысшы” болғаны жазылған (Нақ. с. 8:30 ЖД).

2. Періштелердің үнемі маңызды әрі қанағатқа бөлейтін жұмысы болғанын қайдан білеміз?

2 Киелі кітаптан біз Ехобаның өз періштелеріне әрдайым қандай да бір тапсырма беріп отырғанын білеміз. Мұндай мысалдар Жаратылыстан Аян кітабына дейін көптеп кездеседі. Мысалы, Адам ата мен Хауа ана күнә жасап, жұмақтан қуылған соң, Құдай “мәңгілік өмірді сыйлайтын ағашқа апаратын жолды күзету үшін пейіш бағының шығыс жағына керуб деген періштелерді және жүзінен от шашып, әрі-бері қозғалып жарқылдап тұрған бір семсерді қойды” (Жар. 3:24). Ал Аян 22:6-да Ехобаның өз “құлдарына жуырда болатын жайттарды көрсету үшін періштесін жібергені” жазылған.

 АДАМДАРҒА ТАПСЫРЫЛҒАН ІСТЕР

3. Жерде болған кезінде Иса Әкесіне қай жағынан еліктеді?

3 Иса кемелді адам болып жерде өмір сүргенде, Ехобаның тапсырмасын қуана орындаған. Ол да Әкесіне еліктеп, шәкірттеріне маңызы зор іс тапсырған. Иса олардың бойында атқаратын істеріне деген ықылас оятып, былай деді: “Сендерге нағыз шындықты айтамын, маған сенген адам мен жасаған істерді де жасайды, тіпті одан да зор істер жасайды, өйткені мен Әкеме бара жатырмын” (Жох. 14:12). Ол бұл істің қауырт атқарылуы керектігіне ерекше назар аударып: “Әлі күндіз болып тұрғанда, мені жібергеннің ісін атқаруымыз керек. Түн түсіп келеді, ол уақытта ешкім ештеңе істей алмайды”,— деді (Жох. 9:4).

4—6. а) Нұх пен Мұсаның Ехобадан алған тапсырмаларын орындағанына неге біз ризамыз? ә) Құдайдың адамдарға тапсыратын істерінің бәріне ортақ не бар?

4 Ехоба Исаны жерге жібермей тұрып та, адамдарға қанағаттанарлық жұмыс тапсырып отырған. Кезінде Адам мен Хауа өздеріне тапсырылған істі орындай алмады, әйтсе де Құдайдың тапсырмасын орындағандар да болған (Жар. 1:28). Мысалы, Құдай Нұхқа Топан судан аман қалу үшін кемені қалай соғу керектігіне қатысты нақты нұсқаулар берген. Нұх Ехобаның айтқандарын бұлжытпай орындады. Осының арқасында бүгінгі күні біз жер басып жүрміз! (Жар. 6:14—16, 22; Пет. 2-х. 2:5).

5 Мұсаға да Ехоба киелі шатырдың құрылысы мен діни қызметкерлердің қызметін ұйымдастыруға қатысты нақты нұсқаулар берген. Ол да өзіне тапсырылған істі мүлтіксіз орындады (Мыс. ш. 39:32; 40:12—16). Біз оның өз ісін адалдықпен істегенінің пайдасын қазір де көріп жатырмыз. Қалай? Пауыл айтқандай, киелі шатыр мен діни қызметкерлік алдағы жақсылықтың бейнесі болған (Евр. 9:1—5, 9; 10:1).

6 Ниетін жүзеге асыру барысында Ехобаның қызметшілеріне тапсыратын ісі де түрленіп отырады. Бірақ ол қандай іс болмасын, әрдайым Ехобаның даңқын арттырады, әрі сенушілердің игілігіне асып отырады. Исаның жерге келмес бұрын және одан кейін атқарған ісі — осының айқын көрінісі (Жох. 4:34; 17:4). Ехобаның бүгінде бізге тапсырып отырған ісі де оны даңққа бөлейді (Мат. 5:16; Қорынттықтарға 1-хат 15:58 оқы). Бұлай деуге қандай негіз бар?

АЛҒАН ТАПСЫРМАҢА ОҢ КӨЗҚАРАСТА БОЛ

7, 8. а) Бүгінде мәсіхшілерге қандай мәртебелі іс тапсырылған? ә) Ехобаның басшылығын қалай қабылдағанымыз жөн?

7 Ехобаның жұмыр басты пенделерді өзімен қызметтесуге шақырып жатқаны баға жетпес мәртебе емес пе?! (Қор. 1-х. 3:9). Кейбір бауырластар Конгресс сарайлары, Патшалық сарайлары мен Бетел ғимараттарын соғуға атсалысып, кезіндегі Нұх пен Мұса сияқты, құрылысқа қатысуда. Жергілікті Патшалық сарайының жөндеу жұмыстарына не Уориктегі (Нью-Йорк штаты) дүниежүзілік бас басқарманың құрылысына қатысып жүрсең де, осы мәртебелі қызметіңді бағала! (Мақаланың басындағы суретке қара). Бұл — қасиетті қызмет. Алайда мәсіхшілердің басым көпшілігі рухани құрылысқа, яғни уағыз ісіне, атсалысып жүр. Бұл іс те Ехобаны даңққа бөлейді, әрі мойынсұнғыш жандарды игілікке жеткізеді (Ел. іс. 13:47—49). Оны барынша тиімді атқаруымыз үшін, Құдайдың ұйымы бізге басшылық беріп отырады. Сондықтан кейде қызметімізде өзгерістер  болып, жаңа тапсырмалар алуымыз мүмкін.

8 Ехобаның адал қызметшілері қашан да теократиялық басшылыққа қуана мойынсұнады (Еврейлерге 13:7, 17 оқы). Ұйымнан жаңа тапсырма алғанда, бұған не себеп болғанын бастапқыда толықтай түсінбеуіміз мүмкін. Алайда Ехоба қажет деп санаған өзгерістерге сай әрекет етсек, мұның игіліктер әкелетінін білеміз.

9. Ақсақалдар қауымға қай жағынан үлгі?

9 Ақсақалдардың қауымда қалай басшылық ететінінен олардың Ехобаның еркін орындауға деген зор ықыласы көрінеді (Қор. 2-х. 1:24; Сал. 1-х. 5:12, 13). Олар көп тер төгуге, өзгерістерге бейімделуге әрқашан дайын. Сонымен қатар уағыздаудың жаңа тәсілдерін қолдануға асық. Кейбірі алғашында телефонмен, кемежайда не көпшілік орындарда уағыздау ісін ұйымдастыруға тартыншақтаған шығар, десе де көп ұзамай мұның жақсы нәтижесін көрді. Мысалы, Германияда төрт ізашар ұзақ уақыт бойы уағыздалмаған іскерлер аумағына баруды шешеді. Солардың бірі Микаэль былай деді: “Бұл қызмет түріне қатыспағанымызға бірнеше жыл болып қалғандықтан, әжептәуір қобалжыдық. Ехоба мұны білген болса керек, өйткені сол күні таңертеңгі қызметіміз естен кетпестей керемет болды. Сол кезде “Біздің патшалық қызметіміздегі” кеңесті қолданып, Ехобаға үміт артқанымызға қатты қуандық!” Аумағыңда уағыздаудың жаңа тәсілдерін қолдануға сен де асықсың ба?

10. Соңғы жылдары ұйымда қандай өзгерістер болды?

10 Кейде Бетелдерде де өзгерістер орын алып тұрады. Мәселен, соңғы жылдары әртүрлі елдердегі кішігірім филиалдар үлкендеріне біріктірілді. Бұндай шара сол Бетелдерде қызмет ететін бауырластардан біраз өзгерістер жасауды талап еткенмен, мұның пайдасы да көп күттірмеді (Уағ. 7:8). Сол жанқияр бауырластар Ехобаның ұйымындағы осындай тарихи оқиғаларға қатысқандарына аса қуанышты!

11—13. Ұйымдағы өзгерістерден кейін кейбір бауырластар қандай қиындықтарға кезікті?

11 Филиалдар біріктірілген кезде басқа жаққа көшкен бауырластардан көп нәрсеге үйренуге болады. Олардың кейбірі бұрынғы филиалда ондаған жыл бойы қызмет еткен. Орталық Америкадағы шағын Бетел отбасында қызмет еткен бір ерлі-зайыптыдан Мексикадағы 30 есе үлкен Бетел отбасына көшіп баруды сұраған екен. Ері Рогелио: “Бізге туған-туыстарымыз бен достарымызды тастап кету қиын болды”,— дейді. Хуан бауырластан да Мексикадағы Бетелге көшуді сұраған. Ол: “Бұл қайтадан дүниеге келумен бірдей: араласатын жаңа орта табуың, жаңа мәдениет пен жаңа менталитетке бейімделуің керек”,— деп түсіндірді.

12 Кейбір Еуропа елдерінен Германиядағы филиалға көшкен бетелдіктердің де өз қиындықтары болған. Таулардың әсем көрінісін күнде тамашалап жүргендерге Швейцарияның ғаламат Альпі тауларын тастап кету қиын болған. Ал Австриядан келгендер ұядай болған бұрынғы Бетел отбасын сағынады.

13 Басқа елге көшіп барғандарға жаңа бөлмеге, бірге жұмыс істейтін жаңа бауырластарға, тіпті жаңа жұмысқа үйрену керек болатын шығар. Сондай-ақ олар жаңа қауымға, уағыздайтын жаңа аумаққа бейімделеді, тіпті жаңа тіл үйренуі керек болуы мүмкін. Осындай өзгерістер жасау оңай емес екенін білсе де, көп бетелдіктер бұған келісті. Олар неліктен бұлай етті?

14, 15. а) Ехобамен қызметтес болу мәртебесін бағалайтындарын көп бауырлас қалай көрсетті? ә) Олар бізге қай жағынан үлгі?

 14 Гретель былай дейді: “Мен мұны Ехобаға деген сүйіспеншілігімнің қандай да бір мемлекетпен, ғимаратпен не қызметтің түрімен байланысты емес екенін көрсетудің мүмкіндігі деп қарастырдым”. Дайска есімді бауырлас болса: “Бұл шақырудың Ехобадан екенін есіме алғанда, қуана келістім”,— деп түсіндірді. Андре мен Габриела да сондай ойда, олар былай деді: “Біз мұны жеке қалауларымызды ысырып қойып, Ехобаға қызмет етудің тағы бір мүмкіндігі деп қарастырдық. Біз өзімізге: — Ехобадан келген өзгерістер желіне қарсы қалқан қойғанша, оған қарай желкенімізді жаяйық,— дедік”.

Ехоба берген тапсырманы орындау — ең зор мәртебе!

15 Филиалдар біріктірілгенде, кейбір бетелдіктер ізашар болып тағайындалды. Мысалы, Дания, Норвегия, Швециядағы филиалдар Скандинавия филиалын құрау үшін біріктірілгенде, осылай болды. Ерлі-зайыпты Флориан мен Аня былай деді: “Біз бұны қызығы мен шыжығы мол тапсырма деп білеміз. Қайда қызмет етсек те, Ехобаның қолындағы құрал болуға не жетсін! Біз, расында да, Ехобаның көл-көсір батасына кенелдік”. Көбімізге мұндай өзгерістер жасау қажет болмайтын шығар, әйтсе де олардың Патшалықтың мүддесін бірінші орынға қоюға деген ынтасы еліктеуге тұрарлық емес пе?! (Ишая 6:8). Қайда және қандай қызметте болмасын, Ехобамен қызметтес болу мәртебесін бағалайық! Ехоба мұндай қызметшілерін ешқашан батасынан айырмайды.

ӨЗІҢЕ БЕРІЛГЕН МӘРТЕБЕДЕН ҚУАНЫШ ТАП

16. а) Ғалаттықтарға 6:4-те қандай шақырылу жазылған? ә) Адам үшін ең зор мәртебе қандай?

16 Кемелсіз болғандықтан, біз өзімізді өзгелермен салыстыруға бейімбіз. Бірақ Құдай Сөзі бізді өз шама-шарқымызды ескеруге шақырады (Ғалаттықтарға 6:4 оқы). Бәріміздің ақсақал, ізашар не бетелдік болуға  жағдайымыз келе бермейді. Бұлар мәртебелі қызметтер, әрине! Әйткенмен әрқайсымызға берілген ең зор мәртебе бар. Бұл — ізгі хабарды уағыздау арқылы Ехоба Құдаймен қызметтес болу мәртебесі. Міне, соны бағалайық!

17. Шайтанның дүниесінде не істей алмауымыз мүмкін, бірақ неге бұл үшін салымыз суға кетпеу керек?

17 Шайтанның дүниесінде Ехобаға өзіміз қалағандай қызмет ете алмауымыз мүмкін. Өйткені отбасылық міндеттерге не денсаулыққа қатысты өзіміз ықпал ете алмайтын жайттар болатын шығар. Бірақ бұл үшін салымыз суға кетпесін. Жағдайымыз қандай болса да, Құдайдың есімі мен оның Патшалығы жайлы айтуға әрқашан мүмкіндік табылады. Ең бастысы — қолыңнан келгенше, Құдаймен қызметтес болып жүрсің, әрі сенен көбірек қызмет ете алатындар үшін Ехобадан бата сұрап дұға етуді ұмытпайсың. Есіңде болсын, Ехоба үшін оның есімін даңқтап жүрген әрбір адам өте қымбат!

18. Біз не істеуге ықыласты болуымыз керек және неге?

18 Әлсіздіктерімізге әрі кемелсіз екенімізге қарамастан, Ехоба бізбен қызметтес болуға қуанышты. Мына соңғы күндерде Құдаймен қызметтес болу неткен мәртебе десеңші! Ендеше өзіміздің арман-тілектерімізді кейінге қалдыра тұруға ықыласты болайық. Себебі жаңа дүниеде Ехобаның батасына ие болып, “шынайы өмірдің”, яғни бақытты да бейбіт мәңгілік өмірдің, рақатын көретінімізді білеміз (Тім. 1-х. 6:18, 19).

Сен өз қызметіңді бағалайсың ба? (16—18 абзацтарды қара)

19. Болашақта біз Ехобадан қандай тапсырма аламыз?

19 Біз жаңа дүниенің табалдырығында тұрмыз. Сондықтан Уәде етілген жерге кіргелі тұрған исраилдіктерге Мұсаның не дегенін еске алайықшы: “Құдай Ие қолға алған барлық іс-әрекеттеріңді молынан жарылқайды” (Заң. қ. 30:9). Армагеддон өткен соң, Ехоба өзімен қызметтес болғандарға уәде еткен жерді иелікке береді. Сонда біз жаңа тапсырмаға, Жерді жұмақ бағына айналдыру тапсырмасына, білек сыбана кірісеміз!