Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Рухани жұмағымызды кеңейтуге үлес қос

Рухани жұмағымызды кеңейтуге үлес қос

“Мен табан тіренішімді салтанатқа бөлеймін” (ИШАЯ 60:13).

ӘНДЕР: 28, 53

1, 2. Еврей жазбаларында “табан тіреніш” деген сөз неге қатысты қолданылады?

ЕХОБА ҚҰДАЙ: “Көк — менің тағым, ал жер — табан тіренішім”,— деп мәлімдеген (Ишая 66:1). Сондай-ақ ол: “Мен табан тіренішімді салтанатқа бөлеймін”,— деген (Ишая 60:13). Құдайымыз мұны қалай жүзеге асырады? Бұл сөздердің оның “табан тіренішінде”, жер бетінде, өмір сүретін біздер үшін мәні бар ма?

2 Еврей жазбаларында “табан тіреніш” деген сөз жерге ғана емес, ежелдегі Исраил халқының ғибадатханасына қатысты да қолданылады (Шеж. 1-ж. 28:2; Зәб. 132:7). Бұл ғимарат шынайы ғибадаттың орталығы болған. Сондықтан Ехоба оны аса әдемі деп қарастырған, әрі жер бетінде осындай орынның болғаны Ехобаның табан тіренішін салтанатқа бөлеген.

3. Ехобаның ұлы рухани ғибадатханасы деген не және ол қашан пайда болды?

3 Бірақ қазіргі таңдағы шынайы ғибадаттың орталығы — жер бетіндегі қандай да бір ғимарат емес, рухани ғибадатхана. Ехобаның даңқын арттыратын бұл ғибадатханамен ешқандай ғимарат теңесе алмайды. Рухани ғибадатхана дегеніміз — діни қызметкерлік пен Иса Мәсіхтің құрбандығының арқасында адамзатты өзімен татуластыру үшін жасаған Ехобаның құрылымы. Ехобаның бұл ұлы рухани ғибадатханасы б. з. 29 жылы Иса Мәсіх шомылдыру рәсімінен өтіп, Бас діни қызметкер болып майланғанда пайда болды (Евр. 9:11, 12).

4, 5. а) Ехобаның қызметшілері 99-жырдағы сөздерге сай не істеуді қалайды? ә) Біз өзімізге қандай сұрақ қоюымыз керек?

4 Біз рухани ғибадатханасы үшін Ехобаға дән ризамыз. Сондықтан өзгелерді оның есімімен таныстырып, мейіріммен төлем құрбандығын бергенін жариялаймыз. Бүгінде сегіз миллионнан аса шынайы мәсіхшінің Ехобаның есімін мадақтап жүргені зор қуанышқа бөлейді! Көптеген діндар адамдар жерді тастап, көкке көтерілеміз сонда Құдайды мадақтаймыз деген жаңсақ ойда. Ал Ехоба куәгерлерінің бәрі Құдайды жер бетінде әрі қазір мадақтау керек екендерін түсінеді.

5 Біз Зәбүр 99:1—3, 5—7 (Оқы.) тармақтарда айтылған Ехобаның адал қызметшілеріне еліктейміз. Зәбүр жыршысы айтқандай, Мұса, Харон және Самуил өздерінің заманында шынайы ғибадатты барынша қолдаған. Исамен бірге діни қызметкер болу үшін көкке көтерілгенше, майланғандардың тамтығы рухани ғибадатхананың жердегі ауласында қызмет етіп жүр. Ал миллиондаған “басқа қойлар” оларға қолғабыс етуде (Жохан 10:16). Бұл екі топтың үміттері әртүрлі болғанмен, олар Құдайдың табан тіренішінде, жер бетінде, иық тіресе ғибадат етуде. Сөйтсе де әрқайсысымыздың өзімізден “Шынайы ғибадатты барынша қолдап жүрмін бе?” деп сұрағанымыз жөн.

ҚҰДАЙДЫҢ РУХАНИ ҒИБАДАТХАНАСЫНДА ҚЫЗМЕТ ЕТІП ЖҮРГЕНДЕР

6, 7. Ертедегі мәсіхшілер қауымында қандай жағдай орын алды және ғасырлар өте қандай қажеттілік туды?

6 Мәсіхшілер қауымының негізі қаланғанына бір ғасыр толмай-ақ, алдын ала пайғамбарлық етілген жолдан таюшылық белең ала бастады (Ел. іс. 20:28—30; Сал. 2-х. 2:3, 4). Бұдан кейін рухани ғибадатханада кімдердің Құдайға шынымен қызмет етіп жүргенін анықтау барған сайын қиындай түсті. Шамамен он сегіз ғасырдан кейін ғана таққа отырған Иса Мәсіх арқылы Ехоба бұл мәселенің бетін ашты.

7 1919 жылы Ехобаның кімдерге оң көзбен қарайтыны, сондай-ақ рухани ғибадатханада кімдердің қызмет етіп жүргені анық болды. Атқарып жатқан қызметтері Құдайға бұрынғыдан да ұнамды болу үшін, олар рухани тазарудан өтті (Ишая 4:2, 3; Малх. 3:1—4). Осылай елші Пауыл бірнеше ғасыр бұрын көрген аянның бір қыры орындала бастады.

8, 9. Пауыл аянда көрген “жұмақтың” қандай үш қыры бар?

8 Пауылдың көрген аяны Қорынттықтарға 2-хат 12:1—4 (Оқы.) тармақтарда жазылған. Ол өз заманында емес, болашақта орын алатын жайттарды көрді. Пауыл “үшінші көкке әкетілгенде”, қандай “жұмақты” көрді? Бұл рухани мағынада, сондай-ақ жерде және көкте орнауы тиіс жұмақ еді. Сонымен қатар болашақта аянның осы үш қырының орындалуы да бір мезгілде орын алмақ еді. Біріншіден, бұл жұмақ жер бетінде орнайтын жұмаққа нұсқайтын (Лұқа 23:43). Екіншіден, жаңа дүниеде орын алатын рухани жұмаққа, үшіншіден, “Құдайдың жұмағына”, яғни көкте Ехобаның жанында болу мәртебесіне нұсқайтын (Аян 2:7).

9 Бірақ неге Пауыл естіген сөздерін “айта алмайтыны әрі айтуына болмайтыны” туралы жазған? Себебі өзі көрген керемет жайттардың бүге-шігесін түсіндіретін уақыт әлі келмеген еді. Ал қазір Ехобаның өз халқына батасын төгіп жатқанын айтуға болады.

10. “Рухани жұмақ” және “рухани ғибадатхана” деген тіркестердің мағынасы бір ме? Түсіндір.

10 “Рухани жұмақ” деген тіркесті біз жиі қолданамыз. Бұл тіркесті Құдаймен және бауырластармен тату болуға мүмкіндік беретін ерекше, рухани бай, орта деп түсіндіруге болады. Көріп отырғанымыздай, “рухани жұмақ” және “рухани ғибадатхана” деген тіркестер бір нәрсені білдірмейді. Рухани ғибадатхана дегеніміз — өзіне ұнамды түрде ғибадат ете алуымыз үшін Ехобаның орнатқан құрылымы. Ал рухани жұмақтың арқасында кімдердің Құдайға ұнамды екені, сондай-ақ бүгінде рухани ғибадатханада оған кімдердің қызмет етіп жүргені анық болып отыр (Малх. 3:18).

11. Бүгінде біз қандай мәртебелі іс атқарып жүрміз?

11 Ехобаның мақұлдауымен 1919 жылдан бері кемелсіз пенделер мәртебелі іс атқаруда: олар онымен бірге жердегі рухани жұмақты өңдеп, көркейтіп, кеңейтіп жатыр. Осы іске сен де өз үлесіңді қосып жүрсің бе? Ехобаның “табан тіреніші” салтанатқа бөлену үшін, әрі қарай да онымен бірге еңбектене бергің келе ме?

ЕХОБАНЫҢ ҰЙЫМЫ КӨРКЕЙІП ЖАТЫР

12. Неге біз Ишая 60:17-дегі сөздердің орындалып жатқанына сенімдіміз? (Мақаланың басындағы суретті қара.)

12 Ехобаның ұйымының жердегі бөлігінде көптеген керемет өзгерістер болатыны Ишая 60:17-де (Оқы.) алдын ала айтылған. Ұйымдағы жастар мен шындықты соңғы жылдары білгендер сол өзгерістер жөнінде оқыған не өзгелерден естіген шығар. Бірақ арамызда сол өзгерістерді өз көздерімен көрген талай бауырластар бар! Олар Ехобаның өз ұйымына тақта отырған Патша Иса Мәсіх арқылы басшылық беріп отырғанына сенімді. Олардың бұған нық сенімді болуына берік негіз бар. Біз де бұған нық сенеміз. Осы адал бауырластарымыздың әңгімесін тыңдағанда, сеніміміз нығаяды, әрі Ехобаға бұрынғыдан да көбірек арқа сүйейміз.

13. Зәбүр 48:12—14 тармақтардағы сөздер бізге қандай міндет жүктейді?

13 Шындық жолында жүргенімізге қанша болмасын, біз өзгелерге Ехобаның ұйымы жайлы айтуға тиіспіз. Әбден бұзылған, сүйіспеншіліктен жұрдай, мына зұлым дүниеде рухани жұмақтың болуы — қазіргі таңдағы керемет! Ехобаның бүкіл ұйымын білдіретін Сионға қатысты таңғаларлық жайттар мен рухани жұмақ жайлы шындықты “келер ұрпаққа” жеткізу зор қуаныш емес пе?! (Зәбүр 48:12—14 оқы).

14, 15. Ұйымда 1970 жылдары қандай өзгерістер болды және жасалған өзгерістер тиімді болды ма?

14 Арамыздағы егде бауырластар Ехобаның ұйымының жердегі бөлігін көркейткен талай өзгерістердің куәсі болып келеді. Мысалы, мынадай өзгерістер: қауымда ақсақалдар кеңесі емес, қауым қызметшісі, Бетелдерде филиал комитеті емес, филиал қызметшісі болған, ал бүкіл ұйымға басшылық берген Ехоба куәгерлерінің Басқарушы кеңесі емес, Күзет мұнарасы қоғамының президенті болған. Осы қызметтерді атқарған адал бауырластарға өзгелер көмектескенмен, сайып келгенде, қауымдар мен филиалдарда, сондай-ақ дүниежүзілік бас басқармада шешімді бір-ақ адам қабылдаған. 1970 жылдары ұйымда өзгерістер жасалып, басшылықты қолға алу міндеті жекеленген адамдарға емес, бір топ ақсақалдарға жүктелетін болды.

15 Жасалған өзгерістер тиімді болды ма? Иә, әрі бұл қисынды да еді. Неге бұлай дейміз? Өйткені аталмыш өзгерістер Жазбаларды тереңірек түсінгендіктен жасалған болатын. Ұйым үшін барлық шешімді бір адамның қабылдағанынан гөрі, бір топ ақсақалдардың қабылдағаны әлдеқайда тиімді. Өйткені осылай “сый ретінде берілген адамдардың” барлығының жақсы қасиеттері ортақ іске жұмылдырылады (Ефес. 4:8; Нақ. с. 24:6).

Ехоба шартараптағы басшылыққа зәру адамдардың қамын ойлайды (16, 17-абзацтарды қара)

16, 17. Соңғы жылдары жасалған өзгерістердің қайсысы саған ерекше әсер етті және неге?

16 Соңғы жылдары жасалған өзгерістер жөнінде де ойланып көрейік: басылымдарымыздың безендірілуі, ондағы мәлімет пен оны ұсыну жолдары өзгерді. Пайдалы әрі жүрекке жылы тиетін мақалалары бар әдемі журналдарды қызметте ұсыну неткен ғанибет! Сондай-ақ біз jw.org сайты іспетті заманауи құралдарды қолданамыз. Осылай адамдардың қамын ойлайтын Құдайымыз Ехобаға еліктеп, өмірде басшылыққа зәру болып, бірақ оны таба алмай жүргендерге көмектесудеміз.

17 Отбасылық ғибадат кешіне не жеке зерттеуге көбірек уақытымыз болу үшін жасалған өзгерісті де айта кеткен жөн. Аудандық және аймақтық конгрестердің бағдарламасына өзгерістер енгені де бәріміз үшін қуанышты жайт болды. Біз осы жиындарымыздың жыл өткен сайын жақсарып жатқанын жиі тілге тиек етеміз. Бұған қоса, неше түрлі теократиялық мектептерде білім алу мүмкіндігінің көбейіп жатқанына да қуаныштымыз. Осы өзгерістердің бәрі Ехобаның басшылығымен болып жатқаны анық. Ол өз ұйымы мен қазірдің өзінде орнап қойған рухани жұмақтың көркін барған сайын арттыра түсуде!

РУХАНИ ЖҰМАҚТЫҢ КӨРКЕЮІНДЕГІ СЕНІҢ ҮЛЕСІҢ

18, 19. Рухани жұмақтың көркеюіне қалай үлес қосуымызға болады?

18 Ехобаның рухани жұмақтың көркеюіне үлес қосуға мүмкіндік бергені — біз үшін зор мәртебе! Ал мұны қалай істеуге болады? Патшалық туралы ізгі хабарды құлшыныспен уағыздау және көбірек шәкірт дайындау арқылы. Бір адамға Ехобаның қызметшісі болуға көмектессек, рухани жұмақтың шегарасының кеңеюіне үлес қосамыз (Ишая 26:15; 54:2).

19 Сонымен қатар мәсіхші ретінде жақсара түсуіміз арқылы да рухани жұмақты көркейтеміз. Бұл сырттан қараған адамдарға да жұмағымызды тартымды ете түседі. Себебі әдетте Киелі кітапты жақсы білгенімізден гөрі, таза жүріс-тұрысымыз бен арамыздағы татулық ұйымымызды тартымды етіп көрсетеді, әрі жұртты Құдай мен Мәсіхті танып-білуге талпындырады.

Сен рухани жұмақтың шегарасының кеңеюіне үлес қоса аласың (18, 19-абзацтарды қара)

20. Нақыл сөздер 14:35-те жазылған сөздерге сай біз нені қалауымыз керек?

20 Бүгіндегі әсем рухани жұмағымызға қарап, Ехоба мен Исаның жүрегі қуанышқа толатын болса керек. Рухани жұмағымызды көркейту ісі бізді де қуанышқа бөлейді. Әйтсе де жер бетін жұмаққа айналдыру барысында сезінетін қуанышымыз бұдан әлдеқайда зор болады. Біз Нақыл сөздер 14:35-те жазылған: “Патша түсінікпен әрекет ететін қызметшіге риза болады”,— деген сөздерді ұмытпауымыз керек. Ендеше рухани жұмағымыздың көркеюіне үлес қосқанда, әрдайым түсінікпен әрекет етейік.