БІЗДІҢ МҰРАҒАТТАН
“Сендерге әлемде еш нәрсе бөгет болмасын!”
БҰЛ 1931 жылдың көктемі еді. Париждегі атақты Плейель концерт залына 23 елден делегаттар ағылды. Залдың алдына келіп тоқтаған үлкен таксилерден әдемі киінген жолаушылар түсіп жатты. Көп ұзамай негізгі зал шамамен 3000 адамға лық толды. Олар концерт тыңдау үшін емес, уағыз ісімізге жетекшілік еткен Джозеф Рутерфорд бауырласты тыңдау үшін жиналған еді. Оның керемет баяндамалары француз, неміс, поляк тілдеріне аударылып жатты. Рутерфорд бауырластың зор даусы бүкіл залдың ішінде жаңғырып тұрды.
Парижде өткен осы конгресс Франциядағы Патшалық жайлы уағыз ісіне жаңа серпін берді. Рутерфорд бауырлас шетелден келген тыңдаушыларды, әсіресе жастарды, Францияда кітап таратушылар ретінде қызмет етуге шақырды. Ағылшын делегаты Джон Кук есімді жасөспірім Рутерфорд бауырластың: “Жастар, кітап таратушы болып қызмет етуге сендерге әлемде еш нәрсе бөгет болмасын!”— деген пәрменді шақыруын ешқашан ұмытпағанын айтады *.
Кейіннен миссионер болған Джон Куктың қатарына басқа да көптеген бауырластар қосылып, македондық кісінің шақыруына құлақ асты (Ел. іс. 16:9, 10). Сөйтіп, Франциядағы кітап таратушылардың саны 1930 жылы 27 адам болса, 1931 жылы олардың саны 104-ке жетті. Небәрі бір жылдың ішінде болған бұл неткен керемет өсім! Сол уақыттағы бұл ізашарлардың көбі француз тілінде сөйлемеген. Ендеше, олар тілді білмегендеріне, тұрып жатқан жерлерінде жағдайдың жоқтығына және бір-бірінен оқшау болғандарына қарамастан, қиындыққа қалай төтеп берді?
ТІЛ МӘСЕЛЕСІ
Шетелдік кітап таратушылар басқаларға Патшалық хабарын жеткізу үшін куәлік беру парақшасына жүгінді. Парижде батылдықпен уағыздаған неміс тілінде сөйлейтін бір ер бауырлас былай дейді: “Біз Құдайымыздың құдіретті екенін білетінбіз. Қызметте жүрегіміз аузымызға тығылса, бұл адамдардан қорыққанымыздан емес, ‘Voulez-vous lire cette carte, s’il vous plaît?’ (“Мына мәліметті оқып жібересіз бе?”) деген қарапайым сөйлемді ұмытып қалудан қорыққанымыздан еді. Біз атқарып жатқан ісіміздің өте маңызды екеніне сенімді едік”.
Кітап таратушылар тұрғын үйлерде уағыздаған кезде, күзетшілер жиі оларды қуып шығатын. Бір күні француз тілін білмейтін екі ағылшын әйел бауырлас бір күзетшімен бетпе-бет кезігіп қалады. Ол бауырластардан кімді іздеп жүргенін сұрайды. Күзетшінің ашуын басуға тырысып-баққан әйел бауырластың есіктегі кішкентай тақтайшаға көзі түседі. Онда “Tournez le bouton” (“Қоңырауды басыңыз”) деп жазылған екен. Мұны үй иесінің аты-жөні екен деп ойлаған ол қуанып кетіп: “Біз “Tournez le bouton” ханымға келген едік”,— дейді. Әзілдей білгендері құлшынысты кітап таратушыларға талай рет көмектескен!
ЖАҒДАЙДЫҢ ЖОҚТЫҒЫ ЖӘНЕ ОҚШАУ БОЛУ
1930 жылдары Францияда халықтың тұрмыс жағдайы нашар болды. Шетелдік кітап таратушылардың да жағдайы мәз болған жоқ. Ағылшынша сөйлейтін Мона Бжоска есімді ізашар әйел бауырлас серіктесі екеуі бастарынан не кешкендерін айтып, былай деді: “Біз тұрған үй өте жұпыны еді. Қыстыгүні жылу жағынан қатты қиналатынбыз. Бөлмеміз таңертең тұрғанда тастай суық болатын, ал жуыну үшін ыдыстың бетінде қатып қалған мұзды сындыруға тура келетін”. Жағдайларының жоқтығына сол кездегі ізашарлардың көңілі жасыды ма? Ешқандай да! Бәрінің сондағы сезімдерін әдемілеп түйіндеп, олардың бірі былай деді: “Біз ештеңеге ие болған жоқпыз, бірақ ештеңеден тапшылық та көрген жоқпыз” (Мат. 6:33).
Сол өжет кітап таратушылар тағы да бір қиындыққа кезікті: жариялаушылар бір-бірінен оқшау тұратын. 1930 жылдардың басында Франциядағы жариялаушылардың саны 700-дей ғана еді, олардың басым көпшілігі елде шашырап орналасқан еді. Бір-бірінен жырақта жүрген кітап таратушыларға қуаныштарын жоғалтпауға не көмектесті? Ізашар серігі екеуі осындай қиындыққа кезіккен Мона былай деді: “Бұл қиындыққа бой алдырмау үшін біз Қоғамның әдебиеттерін жүйелі түрде бірге зерттеп жүрдік. Ол кездері бізде қайта барулар мен Киелі кітап зерттеу сабақтары жоқ еді. Сондықтан кешке отбасымызға, әсіресе басқа ізашарларға хат жазуға уақытымыз болды. Олармен бастан кешкен оқиғаларымызбен бөлісіп, бір-бірімізді жігерлендіретінбіз” (Сал. 1-х. 5:11).
Сол уақыттағы жанқияр кітап таратушылар қаншама кедергіге кездессе де, оң көзқарас сақтай білді. Мұны олардың филиалға жазған хаттарынан көруге болады. Бұл хаттар Францияда ізашар болып қызмет еткеннен кейін араға ондаған жылдар салып жазылған еді. 1931—1935 жылдары күйеуімен бірге Францияның о шеті мен бұ шетін кезіп шыққан майланған бауырлас Энни Крегин сол жылдарға көз тастап былай деп жазды: “Біз сан қилы оқиғаға толы бақытты өмір кештік! Біздер, ізашарлар, бір-бірімізбен қоян-қолтық араластық. Елші Пауыл айтқандай, “Мен ектім, Аполлос суарды, ал өсіріп жатқан — Құдай” еді. Сол жылдары өзгелерге көмектесуге мүмкіндігіміз болғанын ойласақ, кеудемізді қуаныш кернейді” (Қор. 1-х. 3:6).
Сол бір ізашарлар қызмет аясын кеңейткісі келетіндерге табандылық пен құлшыныстың керемет үлгі-өнегесін қалдырды. Бүгінгі таңда Францияда шамамен 14 000 тұрақты ізашар бар. Көп бауырлас шет тіліндегі топтар мен қауымдарға көмектесуде *. Бұрынғы жол салушылар секілді, олар да әлемдегі еш нәрсенің өздеріне бөгет болуына жол бермейді! (Франциядағы мұрағатымыздан).
^ 4-абзац Франциядағы поляк иммигранттарының арасында уағыз ісі қалай таралғаны жайлы білу үшін “Ехоба сендерді Францияға шындықты ашу үшін әкелді” деген мақаланы қара (“Күзет мұнарасы”, 2015 жыл, 15 тамыз).
^ 13-абзац 2014 жылы Франциядағы филиалдың қарамағында 900-ден астам шет тіліндегі қауымдар мен топтар болды. Олар ақжүректі адамдарға шындықты 70 тілде жариялауда.