“Мен мұндай сүйіспеншілікті ешқашан көрген емеспін”
Доминика Республикасынан келген хат.
“Мен мұндай сүйіспеншілікті ешқашан көрген емеспін”
НЮРКА осы аптада болған қауым кездесуінде адамдардың алдына алғаш мәрте шығып, Киелі кітапқа негіздеп дайындаған тапсырмасын орындады. Ол айтатын сөздерін Брайль қарпінде жазып алды да, кейін оларды жаттап алды. Тапсырмасын орындауға көмектесу үшін мен онымен бірге шығып, Киелі кітап зерттегісі келетін адамның рөлін ойнадым. Менің микрофоным оның құлағындағы құлаққапқа (наушник) жалғанған болатын. Біз сөзімізді аяқтағанда, тыңдап отырған адамдардың қатты қол соққаны сонша, мұны тіпті Нюрканың өзі де естіді. Зор қуаныш пен қанағат сезіміне бөленгені оның жайнаған жүзінен көрініп тұрды. Мен де қатты қуандым. Миссионер болған қандай керемет!
Нюрканы алғаш мәрте екі жыл бұрын кездестірген едім. Әлі есімде, көлікпен ауылдың шаң басқан жолымен жарты сағат бойы жүрген соң, бір әйелді көзім шалды. Ол шлак-блок пен ағаштан соғылған, ал төбесі тат басқан қаңылтырмен жабылған қарапайым үйінің кіре берісінде отыр екен. Ауладан ешкінің, қоянның және иттердің даусы мен иісі шығып тұрды. Нюрканың басы салбырап кетіпті. Оның жалғыздық көріп, жаны күйзеліп жүргенін бірден байқауға болар еді. Ол 34-те болғанымен, өз жасынан әлдеқайда үлкен көрінді.
Мен оның иығынан жаймен түртіп едім, жанарынан айырылғанына 11 жыл болса да, ол басын көтеріп, бізге қарады. Мен оның құлағына қатты-қатты сөйлеп, өзімді және қасымдағы серігімді таныстырдым. Кейін біз оның тұқым қуалайтын Марфан синдромы деп аталатын аурумен ауыратынын білдік. Бұл аурудан ол қатты қиналып жүр екен. Сондай-ақ ол диабеттің ауыр түріне шалдығыпты. Мұндай адамның қанындағы қант деңгейі аяқ астынан өзгеріп кететіндіктен, оны үнемі қадағалап отыру керек.
Мен оған Киелі кітапты ұстатып едім, ол оны бірден таныды және жанарынан айырылғанға дейін Киелі кітапты сүйсіне оқығандығын айтты. Алайда осы жалғыз қалған момын, әлжуаз әйелге Құдай Сөзіндегі жан сергітерлік шындықты қалай үйреттім дейсіздер ғой? Ол әліпбиді білетін, сондықтан сипалап білу үшін қолына пластик әріптерді ұстатын болдым. Көп ұзамай ол бұларды танып алды. Бұдан соң әрбір әріптің Америка ым тіліндегі баламасын көрсеттім, ал ол менің қолымды ұстай отырып, оларды үйреніп алды. Біртіндеп ол басқа да белгілерді үйрене бастады. Ым тілін өзім де жаңадан үйреніп жүргендіктен, әр сабаққа бірнеше сағаттан дайындалатынмын. Алайда Нюрка екеуміздің ықыласымыз зор еді, сондықтан ым тілін тез үйрене бастадық.
Бір күні қайырымдылық ұйымы Нюркаға естуге арналған құрылғы әкеп берді. Ол осыдан
кейін үлкен қадамдар жасай бастады. Бұл құрылғы қарапайым болғанымен, оған көп көмектесті. Көрмей қалғанына және есту қабілетінен толықтай дерлік айырылғанына он жылдан асып кеткендіктен, Нюрка тұйық адам болып қалған еді. Алайда Ехобаның рухы оған білім, үміт пен сүйіспеншілік сыйлап, санасы мен жүрегін қайта оятты. Көп ұзамай ол қолына таяқ ұстап, жақын маңайды аралай жүріп, адамдарға Киелі кітаптағы шындықты айтатын болды.Қазір Нюрка өзінің әпкесімен және тағы басқа екі туысқанымен Киелі кітап зерттеу сабағын өтіп жүр. Ол әр сабақты алдын ала жаттап, жақсылап дайындалып барады. Оның қызығушылары алдымен абзацты оқиды, сосын, Нюрка өзінің Брайль қарпімен жазылған кітабынан сұрақ қояды. Ал оның серігі құлағына қатты дауыстап немесе ым тілімен қызығушылардың жауаптарын жеткізеді.
Бүкіл қауым Нюркаға қол ұшын беріп, жігерлендіріп отырады. Мәсіхші бауырластарының кейбірі оған қауым кездесулері мен конгрестерге баруға көмектеседі. Тағы біреулері онымен қызметке шығады. Жақында Нюрка маған: “Мен мұндай сүйіспеншілікті ешқашан көрген емеспін”,— деді. Оның келесі облыстық конгресте шомылдыру рәсімінен өтпек ойы бар.
Біз Нюрканың үйіне жақындадық. Ол үйінің кіре берісінде күншуақта жүзі жайнап, күлімсіреп отыр екен. Мен одан неге күлімсіреп отырғанын сұрап едім, ол: “Мен болашақта жердің жұмаққа айналған кезін және өзімнің сонда жүргенімді көз алдыма елестетіп отырмын”,— деді.
[23-беттегі сурет]
Нюрка қауымымыздағы кейбір адамдармен бірге Патшалық сарайының алдында тұр
[23-беттегі сурет]
Нюрка өз білгендерін басқаларға айтады