Құдайға өзіңізге күн сайын тіл қатуға мүмкіндік беріп жүрсіз бе?
АЙНАҒА қаншалықты жиі қарайсыз? Көбіміз күнде, тіпті күніне бірнеше рет, қарап тұратынымыз анық. Не себепті? Өйткені сырт көрінісіміздің қандай болып тұрғаны бізге бәріміз емес болса керек.
Киелі кітапты оқуды айнаға “үңіле” қараумен салыстыруға болады (Жақып 1:23—25). Құдай Сөзінде жазылған хабар өзіміздің шын мәнінде кім екенімізді көруге көмектеседі. Ол “бойымызға терең еніп, тіпті жан мен рухты айырады” (Еврейлерге 4:12). Басқаша айтқанда, ол сырт көрінісімізді ішкі болмысымыздан айыра алады. Құдай Сөзі айна іспетті түзетуіміз қажет жерлерімізді аян етеді.
Киелі кітап қай жағынан түзелуіміз керектігін көрсетіп қана қоймай, сол өзгерістерді жасауға да көмектеседі. Елші Пауыл былай деп жазған: “Киелі жазбалардың бәрі Құдай рухының жетелеуімен жазылған, әрі тәлім беруге, әшкерелеуге, түзетуге, әділ талаптарға сай тәрбиелеуге тиімді” (Тімөтеге 2-хат 3:16, 17). Мұнда Киелі жазбалардың бізге тигізер төрт пайдасын байқадыңыз ба? Олардың үшеуі — әшкерелеу, түзету және әділ талаптарға сай тәрбиелеу — көзқарасымыз бен іс-әрекеттерімізді түзетуге қатысты айтылған. Сырт көрінісіміздің ойдағыдай екеніне көз жеткізу үшін айнаға үнемі қарап тұруымыз қажет. Ішкі болмысымызды түзету үшін Құдай Сөзі Киелі кітапты үздіксіз оқып тұрғанымыз бұдан әлдеқайда маңызды емес пе?!
Ехоба Құдай Ешуа деген адал қызметшісін Исраил халқының көсемі етіп тағайындағанда, оған былай деп тіл қатқан болатын: “Осы Заң кітабындағы сөздерді аузыңнан тастама, әрі мұқият орындау үшін күндіз-түні соларды күбірлеп оқы. Сонда әрқашан жемісті болып, даналықпен әрекет етесің” (Ешуа 1:8). Иә, жемісті болу үшін Ешуа Құдай Сөзін “күндіз-түні”, яғни үздіксіз, оқу керек-тін.
Зәбүр жырының 1-тарауында Киелі кітапты жүйелі түрде оқудың пайдасы былайша сөз етіледі: “Зұлымдардың кеңесімен жүрмейтін, Күнәкарлардың жолына түспейтін, Мазақтаушылармен бірге отырмайтын адам неткен бақытты! Ол Ехобаның заңынан қуаныш табады, Оның заңын күні-түні күбірлеп оқиды. Ол сулардың жағасына отырғызылған, Мерзімінде жемісін беретін, Жапырақтары еш қурамайтын ағашқа ұқсайды. Оның әрбір ісі сәтті болады” (Зәбүр 1:1—3). Біз де осындай адам болғымыз келеді ғой, солай емес пе?
Көп адам Киелі кітапты күн сайын оқуға әдеттенген. Бір Ехоба куәгерінен Құдай Сөзін не үшін күн сайын оқитынын сұрағанда, ол былай деп жауап берген еді: “Мен бір күн ішінде бірнеше рет атқан дұғаларымды Құдай құлақ салып тыңдайды деп күтемін. Ендеше, мен де бізге берген Сөзін оқу арқылы оны тыңдағаным жөн емес пе? Жақсы дос бола білгің келсе, өзің ғана сөйлей бергенің дұрыс болмас еді ғой”. Осы айтылған сөздердің жаны бар. Киелі кітапты оқу Құдайды тыңдаумен бірдей, өйткені осылайша оның әрбір нәрсеге қатысты көзқарасын танып біле аламыз.
Кедергілерді жеңу
Бәлкім, сіз Киелі кітапты қолға алып, оқып көруге тырысқан шығарсыз. Оны бастан аяқ-оқып шығуға мүмкіндігіңіз болды ма? Бұл — оның мазмұнымен жақсырақ танысудың ең жақсы жолы. Бірақ кейбіреулерге бұл оңайға соқпайтын көрінеді: Киелі кітапты толығымен оқып шығуға бірнеше рет тырысқанмен, бұлары ұзаққа созылмайды. Сіз де осындай қиындыққа кезіккенсіз бе? Киелі кітапты толығымен оқып шығуға не көмектесер еді? Келесі екі кеңеске назар аударайық.
Киелі кітапты оқуды күнделікті жоспарға кіргізу. Күн сайын Киелі кітапты оқуға оңтайлы уақытты белгілегеніңіз абзал. Сондай-ақ Киелі кітапты белгіленген уақытта оқи алмай қалуыңыз мүмкін екенін ескеріп, басқа ыңғайлы уақытты алдын ала белгілеп қойғаныңыз жақсы. Осылай істесеңіз, ешқашан Киелі кітапты оқымай қалған күніңіз болмайды. Бұл ретте ежелде өмір сүрген береялықтар жақсы үлгі қалдырған. Олар жайлы Киелі жазбаларда былай делінген: “Олар естіген нәрселерінің растығына көздерін жеткізу үшін Жазбаларды күн сайын мұқият зерттеп, Құдай сөзін зор ықыласпен қабыл алды” (Елшілердің істері 17:11).
Нақты мақсатты көздеу. Егер сіз күніне 3—5 тараудан оқысаңыз, Киелі кітапты бір ғана жылдың ішінде бастан-аяқ оқып шыға аласыз. Келесі беттердегі кестеде мұны қалай істеуге болатыны көрсетілген. Неге сол кестені қолданып көрмеске? “Күні” деген жерге әрбір күнге арналған тарауларды қай уақытта оқуды жоспарлағаныңызды жазасыз. Сосын оқылған тарауларды төртбұрышты бос орынға белгілеп қоюға болады. Осылайша жетістіктеріңізді қадағалай аласыз.
Киелі кітапты түгелімен оқып болған соң, осымен шектелмегеніңіз жақсы. Киелі кітапты жыл сайын түгелімен оқып шығу үшін әрі қарай да осы кестені қолдансаңыз болады, бәлкім, әр жолы әртүрлі бөлімінен бастайтын шығарсыз. Оқу қарқынын бәсеңдеткіңіз келсе, әр күнге берілген тарауларды екі-үш күнге бөліп оқысаңыз болады.
Киелі кітапты әрбір оқыған сайын, өміріңізде қолдануға болатын жаңа нәрселерді, бұрын-соңды байқамаған жайттарды, білетін боласыз. Неге бұлай дейміз? “Бұл дүние өзгеруде” және біздің өміріміз бен жағдайымыз да үнемі өзгеріп тұрады (Қорынттықтарға 1-хат 7:31). Ендеше Құдай Сөзі Киелі кітап айнасына күн сайын қарап тұруға бел буғайсыз. Осылайша Құдайға өзіңізге күн сайын тіл қатуға мүмкіндік бересіз (Зәбүр 16:8).