Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Кез келген мансаптан артық мақсат

Кез келген мансаптан артық мақсат

Кез келген мансаптан артық мақсат

Айтып берген: Мурат Ибатуллин

1987 жылы Ресейдің Денсаулық сақтау министрлігі мені Африканың Уганда еліне жіберді. Мен ол жерде төрт жыл дәрігер болып жұмыс істеуге келісім бердім. Шынымды айтсам, Ресейге оралғым жоқ еді. Менің мақсатым осы жерде тәжірибе жинап, Австралия, Канада, Құрама Штаттар сияқты елдерге барып, мансап қуу болды. Бірақ 1991 жылы мақсатым өзгеріп, мен Ресейге қайта оралдым. Неліктен бұлай болғанын түсіндіріп берейін.

МЕН 1953 жылы Ресейдің Татарстан Республикасының астанасы Қазан қаласында дүниеге келдім. Менің ата-анам татар болатын, ал татарлардың көпшілігі ислам дінін ұстанады. Бала кезімнен ата-әжемнің намаз оқып, Аллаға сиынғандарын көріп өстім. Мұндай кезде оларды мазаламауымыз үшін, ата-анам мен бауырлары бізді бөлмеден шығарып жіберетін. Бірақ ата-анам коммунистік көзқарасты ұстанатын атеистер болғандықтан ата-әжемнің бұл істері үшін ұялатын.

Төрт жасымда Кеңес Одағында кеңінен етек жайған полиомиелит ауруына шалдықтым. Сөйтіп балалық шағым ауруханалар мен шипажайларда өтті. Атамның Құдайдан менің сауығып кетуімді тілегені әлі есімде. Мен басқа балалар сияқты денім сау болғанын қаладым. Сондықтан аяғымның кемісіне қарамастан, футбол, хоккей және тағы басқа спорт ойындарын ойнайтынмын.

Өсе келе бойымда дәрігер болуға деген құштарлық оянды. Мен діндар да, атеист те емес едім, Құдай жайлы еш ойламайтынмын. Ол кезде мен коммунизм идеологиясын сынап-мінейтінмін және әкем, жездем үшеуміз сөз таластыратынбыз. Жездем университетте философиядан дәріс беретін, ал әкем болса, мемлекеттік қауіпсіздік комитетінде (КГБ) қызмет ететін. Медициналық оқу орнын бітірген соң, жақсы нейрохирург болуды және басқа елге қоныс аударуды мақсат еттім.

Жақсы өмір іздеу

1984 жылы мидағы қатерлі ісікті анықтау тақырыбына докторлық диссертация қорғадым. Содан кейін 1987 жылы Угандадағы Мулаго клиникасына жіберілдім. Бұл әсем елге мен, әйелім Дилбар, жеті және төрт жасар балаларым Рустем мен Алиса бірге көштік. Клиникадағы жұмыс ауыр болды, кейде тіпті АИТВ вирусын жұқтырған науқастарға ота жасауыма да тура келетін. Сондай-ақ ел ішіндегі басқа да клиникаларға сапар шегетінмін, өйткені бүкіл Угандада екі-ақ нейрохирург жұмыс істейтінбіз.

Бір күні Угандадағы кітап дүкенінде өмірімізде бірінші рет орыс тіліндегі Киелі кітапты (Таурат, Забур және Інжіл) көрдік. Сөйтіп оның бірнеше данасын сатып алып, Кеңес Одағында тұратын достарымызға жібердік. Ол кезде Кеңес Одағының аумағында Киелі кітап сатып алу мүмкін емес еді. Біз Киелі кітаптың бірнеше тарауын оқыдық, бірақ оны түсіну қиын болғандықтан тоқтатып қойдық.

Біз жергілікті халықтың сенімдері мен өмірдегі басты ұстанымдарын түсіну үшін, Угандадағы түрлі шіркеулерге үш жыл бойы барып жүрдік. Сонымен қатар мен Құранды түпнұсқа тілінде оқуға бел байладым. Сондықтан балам Рустем екеуміз араб тілін меңгеруге тырыстық. Бірнеше ай өтісімен-ақ арабша әжептәуір сөйлейтін болдық.

Сол уақыттарда біз Киелі кітаптан тәлім беріп жүрген миссионер ерлі-зайыптылармен таныстық. Хайнц пен Марианна Вертхольцтердің бірі Германияда, екіншісі Австрияда туып өскен болатын. Алғаш кездескенде, біз дін туралы мүлдем сөйлеспедік, жай ғана Африкада кездесіп қалған еуропалықтар сияқты қал-жағдай сұрастық. Мұнда қандай мақсатпен келгендерін сұрағанда, олар Ехоба куәгерлерінің миссионерлері екенін және жергілікті халыққа Киелі кітапты түсінуге көмектесіп жүргендерін айтты.

Сол кезде Ресейде университет қабырғасында жүргенімде философия пәнінің мұғалімі Куәгерлерді балаларын құрбандыққа шалып, қанын ішетін қауіпті секта деп атағаны есіме түсті. Мұны Хайнц пен Марианнаға айттым, өйткені олардың мұндай нәрсеге баратынына сене алмадым. Олар Дилбар екеумізге “Сен жер бетінде жұмақта мәңгі өмір сүре аласың” * деп аталатын кітаптың екі данасын берді, ал біз оны бірнеше сағаттың ішінде толықтай дерлік оқып шықтық. Содан соң мен Дилбардан кітап туралы сұрағанымда, ол оқығандары қатты әсер еткені сонша, денесі тітіркеніп кеткенін айтты. Мен де сондай сезімде болғанымды айттым.

Содан соң Хайнц пен Марианнамен тағы кездесуге асықтық. Ал кездескен кезде көптеген тақырыпқа әңгімелестік. Киелі кітаптан білгендеріміз жүрегімізге әсер еткені сонша — достарымыз бен әріптестерімізге айтуға талпындық. Сөйтіп, Ресейдің елшісіне және Ресей мен басқа елдердің консулдарына, сондай-ақ Ватиканның өкіліне куәлік еттік. Соңғысы Көне өсиетті “аңыздар жиынтығы” деп атап, бізді аң-таң қалдырды.

Елге оралу

1991 жылы Ресейге оралардан бір ай бұрын Дилбар екеуіміз Ехоба куәгері болуды шештік. Біз Қазанға келе сала қауым кездесулеріне барамыз деп ойлаған едік. Бірақ, өкінішке орай, үш ай бойы жергілікті Патшалық сарайын таппақ түгілі, бірде-бір бауырласты көре алмадық. Сондықтан біз дүниежүзіндегі Ехоба куәгерлері сияқты үйме-үй жүріп уағыздауды шештік. Нәтижесінде біраз кісімен Киелі кітап зерттеу сабағын бастадық. Олардың ішінен бір әйел кейіннен Куәгер болды.

Содан кейін бізге егде тартқан бауырлас келді. Оған біздің мекенжайымызды Угандадағы Куәгерлер жіберген екен. Сөйтіп біз 15 адамнан тұратын топпен бір бөлмелі пәтерде өтетін кездесулерге қатыса бастадық. Хайнц пен Марианна бізбен хабарласып тұрды және тіпті Қазанға қонаққа келіп кетті. Кейінірек біз де олар жаңадан тағайындалған Болгария еліне барып қайттық. Олар бүгінгі күнге дейін сонда миссионер ретінде қызмет етуде.

Туған елдегі жемісті қызмет

Мен кез-келген мүмкіндікті пайдаланып ауруханаларда кездесетін адамдардың бәріне Киелі кітаптағы шындық туралы айтамын. Әріптестерімді қоса алғанда, олардың кейбірі Ехоба куәгері болды. 1992 жылы, яғни біз оралғаннан кейін бір жыл өткенде, Қазандағы Куәгерлердің саны 45-ке жетті, ал тағы бір жылдан кейін 100-ден асты. Қазіргі уақытта Қазанда Ехоба куәгерлерінің жеті қауымы бар. Олардың бесеуі орыс, біреуі татар, тағы біреуі ым тілді. Сондай-ақ армян және ағылшын тілді топтар бар.

1993 жылы мен Нью-Йорк қаласында өткен медициналық конференцияға қатыстым. Сонда менің Ехоба куәгерлерінің Бруклиндегі дүниежүзілік бас басқармасына баруға жолым түсті. Ол жерде мен Ехоба куәгерлерінің дүниежүзілік уағыз ісін басқаруға көмектесіп жүрген Ллойд Берримен кездестім. Жұмысы көп болса да, ол менімен әңгімелесуге уақыт бөлді.

Біз татар тілінде Киелі кітапқа негізделген әдебиеттерге деген қажеттілік туралы әңгімелестік. Бірнеше жылдан кейін Ресейде татар тіліндегі аударма тобы құрылып, әдебиеттер шыға бастады. Киелі кітапты зерттеуге арналған “Күзет мұнарасы” журналын жүйелі түрде ала бастағанда қалай қуандық десеңші! Көп ұзамай татар тілді бірінші қауым пайда болды.

Қанды сақтау әдістерін қолдану

Мен Құдайдың барлық заңдарын ұстанамын. Оның ішінде Елшілердің істері 15 тарау 20-тармақта жазылған Құдайдың өз қызметшілеріне “қаннан аулақ болуға” қатысты берген бұйрығы да бар. Ал 29-тармақта “пұттарға шалынған құрбандықтардан, қаннан, арам өлген малдың етінен және азғындықтан аулақ болыңдар” деген нұсқау жазылған.

Сол себепті Ехоба куәгерлеріне медициналық көмек қажет болғанда, олар дәрігелерден қан қолданбай емделуге қатысты көзқарастарын сыйлауды өтінеді. Мен біраз уақыт Қазан қаласындағы Ехоба куәгерлерінің Ауруханалармен байланыс комитетінде қызмет еттім *. 1997 жылы, Новосибирск қаласында тұратын бір жасар Павелге шұғыл түрде ота жасау қажет болғанда, анасы бізден көмек сұрады. Біз бірден қансыз емдеу тәсілдерін қолдануға келісетін дәрігер іздеуге кірістік. Ол кезде Ресейде қан құймай емдеумен айналысатын тәжірибелі дәрігерлер аз болатын.

Көп ұзамай Қазан қаласында кішкентай Павелге қансыз ота жасайтын дәрігерлер табылды. 1997 жылдың 31 наурызында олар Фалло тетрадасы деп аталатын жүрек ақауын түзетіп, қансыз ота жасады. “Вечерняя Казань” газетінің 3 сәуірдегі санында мынадай хабарлама басылды: “Кішкентай баланың жағдайы жақсы. Енді оған ешқандай жүрек дәрісі қажет емес... Он бір айдан кейін Павликтің анасының көңілі орнына түсті-ау әйтеуір”. Бала отадан кейін аз уақыттың ішінде өзіне келіп, аурухана дәлізінде алғаш рет тәй-тәй басты.

Қазір Павелдің денсаулығы өте жақсы. Ол мұзда сырғанауды, футбол ойнауды және жүзуді жақсы көреді. Павел сегізінші сыныпта оқиды және анасы екеуі Новосибирск қаласындағы Ехоба куәгерлерінің қауымымен бірге Құдайға қызмет етіп жүр. Павелдің оқиғасынан кейін сол дәрігерлер тағы бірнеше Ехоба куәгерінің жүрегіне қан қолданбай ота жасады. Қазіргі таңда Татарстандағы медицина саласы зор қарқынмен дамып келеді, ал қан құймай емдеу тәсілдері кеңінен қолданылуда.

Менің қазіргі жұмысым

Қазір мен, әйелім және тағы бірнеше Ехоба куәгері неврологиялық және кардиологиялық ауруларға шалдыққан адамдарды жоғары технологиялық әдістемелермен емдейтін клиникада жұмыс істейміз. Біз, әсіресе қанды сақтау әдістемелерін қолдануды қалайтын науқастарға, түрлі оталар жасаймыз. Мен нейрорентгенологпын және нейрохирургия саласындағы қан қолданбай емдеу әдістемелерін зерттеудемін. Қазан қаласының мемлекеттік медицина университетінің профессоры ретінде студенттерге және дәрігерлерге дәріс оқып, қан кұймай емдеу әдістемелерінің артықшылықтарын көре білуге көмектесемін *.

Әйелім менімен бір клиникада ультрадыбыс маманы ретінде жұмыс істейді. Бізге жұмысымыз ұнайды, өйткені онда біз адамдарға көмектесе аламыз. Дегенмен Киелі кітаптың адамдарды рухани сауықтырғанын көргенде, әлдеқайда зор қуанышқа бөленеміз. Өйткені Құдайдың уәдесі бойынша жақын болашақта жердің бірде-бір тұрғыны “мен науқаспын деп айтпайтын” кез келетінін жариялаудан асқан қуаныш жоқ (Ишая 33:24).

[Сілтемелер]

^ 12-абзац Ехоба куәгерлері басып шығарған, бірақ қазір шығарылмайды.

^ 23-абзац Ехоба куәгерлерінің Ауруханалармен байланыс комитеттері қансыз емделуді қалайтын науқастардың дәрігерлерлермен келісулеріне көмектеседі.

^ 27-абзац Бұл әдістемелер қан құюдың орнына қолданылады. Қан құйдыру өте қауіпті болғандықтан, дүниежүзі бойынша қансыз медицина мен қан құймай емдеу әдістемелері барған сайын кеңінен қолданылуда. Қан арқылы АИТВ және тағы басқа жұқпалы аурулар тарайды, сондай-ақ ол аллергиялық реакция беруі мүмкін.

[24-беттегі сурет]

Африкада дәрігер болып жұмыс істеген кезім

[25-беттегі сурет]

1990 жылы әйелім екеуміз Ехоба куәгерлерімен Киелі кітап зерттеуді бастадық

[26-беттегі сурет]

1993 жылы Бруклинде (Нью-Йорк) Ллойд Берримен бірге

[27-беттегі сурет]

Павел мен оның анасы

[27-беттегі сурет]

Әйелім Дилбар екеуміз уағыздап жүрміз