ҚҰДАЙҒА ЖАҚЫНДАҢЫЗ
“Оның көзге көрінбейтін қасиеттері... айқын”
Сіз Құдайға сенесіз бе? Сенсеңіз, оның бар екеніне қатысты дәлелдер келтіре аласыз ба? Шындығына келгенде, дана, құдіретті әрі сүюші Жаратушының бар екенін анық көрсететін дәлелдер айналамызда көп. Бұл қандай дәлелдер әрі олар қаншалықты айқын? Бұның жауабын алу үшін елші Пауылдың Римдегі мәсіхшілерге жазған хатындағы сөздерін қарастырайық.
Пауыл былай деп жазған: “Оның [Құдайдың] көзге көрінбейтін қасиеттері — мәңгілік күші мен құдайлық болмысы — дүние жаратылғаннан бері айқын: бұларды оның жаратылыстарынан көріп, түсінуге болады, сондықтан олар Құдайды біле алмадық деп еш ақтала алмайды” (Римдіктерге 1:20). Пауыл айтқандай, Құдайдың жаратылыстарынан оның бар екенін тайға таңба салғандай анық көруге болады. Қазір Пауылдың сөздеріне тереңірек үңіліп көрейік.
Пауыл жазып кеткендей, Құдайдың қасиеттері “дүние жаратылғаннан бері айқын”. Бұл мәтіндегі “дүние” деген грек сөзі Жер планетасына қатысты қолданылмаған. Қайта, бұл сөз адамзатқа қатысты айтылған *. Демек, Пауылдың айтуынша, жаратылған кезден бастап, адамдар Құдайдың қасиеттерін оның жаратылыстарынан анық көре алатын болған.
Бұл дәлелдер айналамызды қоршап тұр. Олар табиғатта жасырын тұрған жоқ, қайта, біз оларды “айқын” көре аламыз. Үлкенді-кішілі жаратылыстардың бәрі Жаратушының бар екенін ғана емес, оның тамаша қасиеттердің Иесі екенін де паш етеді. Табиғаттағы барлық нәрселердің керемет ойластырылып жасалғаны Құдайдың дана екенін айқын көрсетеді емес пе? Ал жұлдызды аспан мен мұхиттың соқпа толқындары оның құдіретін паш етпей ме? Тілімізді үйіретін түрлі тағамдар және күннің ұясына батып, таң сәріде күлімдеп көтерілуі оның адамзатқа деген сүйіспеншілігін айқын етеді емес пе? (Забур 103:24; Ишая 40:26).
Бұл дәлелдер қаншалықты айқын? Олардың айқын болғаны сонша — сол дәлелдерді көрмейтіндер, осылайша Құдайға сенуден бас тартатындар “еш ақтала алмайды”. Бір ғалым бұны былай түсіндіреді: “Айналма жол, солға бұрыл” деген белгіні елемейтін жүргізушіні елестетіп көріңізші. Жол полициясының қызметкері оны тоқтатып, айыппұл төлеу керектігін айтады. Жүргізуші белгіні көрмедім деп онымен дауласады. Алайда жүргізуші бұлай ақтала алмайды, себебі белгі көрінетін жерде орналасқан әрі жүргізушінің көру қабілеті де жақсы. Бұған қоса, мұндай белгілерді көріп, ескеріп жүру жүргізушінің жауапкершілігінде. Табиғаттағы Құдай жайлы дәлелдерге қатысты да солай деуге болады. Сол “белгіні”, яғни дәлелдерді көрмеу мүмкін емес. Саналы жаратылыстар болғандықтан, біз оларды көре аламыз. Ал оларды елемейтіндер еш ақтала алмайды.
Құдайдың жаратылыстарынан оның бар екенін тайға таңба салғандай анық көруге болады
Иә, жаратылыстар біздің Жаратушымыз жайлы көп нәрсені паш етеді. Бірақ ол жайлы әлдеқайда көбірек білімді Киелі кітаптан алуға болады. Киелі кітаптан біз “Құдайдың жер мен адамзатқа қатысты ниеті қандай?” деген маңызды сұрақтың жауабын біле аламыз. Осы сұрақтың жауабын білгеніңіз сізді айналадағы дүниеден “көзге көрінбейтін қасиеттері... айқын” болып тұрған Құдайға жақындата түседі.
Тамызда оқитын Киелі кітап үзіндісі:
^ 5-абзац Киелі кітапта “дүниенің” күнәкар екені әрі оған құтқарушы керек екені де жазылған. Демек, бұл сөз осындай мәнмәтіндерде жерге емес, адамзатқа қатысты қолданылады (Жохан 1:29; 4:42; 12:47).