НЕГІЗГІ ТАҚЫРЫП: ОЛ БОЛМАЙТЫН КЕЗ КЕЛЕ МЕ?
Көптеген жазықсыз жандар қаза болды
Ноел есімді кішкентай қыз сурет салуды жақсы көретін. Жаздың бір кешінде ол үйінің ауласында серуендеп жүріп, қалай болғаны белгісіз, бассейінге құлап кетеді. Бұл жағдай Ноелдің төрт жасқа толуына екі апта қалғанда болған еді.
Шарлот, Дэниел, Оливиа және Жозефин... Бұл қаза болған 26 адамның арасындағы алты-жеті жасар 20 оқушының кейбір есімдері ғана. Олар 2012 жылдың 14 желтоқсанында АҚШ-тың Коннектикут штатындағы бір мектепте оқ атқан адамның қолынан қаза тапқан еді. Жерлеу рәсімінде Елбасы Барак Обама балалардың есімдерін атап шығып, қайғырған жұртқа: “Мұндай қайғылы оқиғалар енді орын алмау керек”,— деді.
Он сегіз жасар Баноу 1996 жылы отбасымен бірге Ирактан Норвегияға көшіп кеткен болатын. Достары оны “Күн сәулесі” деп атаған екен. Өкінішке қарай, 2011 жылдың 22 шілдесінде Баноу экстремистің қолынан қаза тапқан 77 адамның арасында болды. Бұл экстремист: “Көбірек адамды өлтіре алмағаныма... кешірім сұраймын”,— деп бөсті.
Қабырғаны қайыстырар мұндай қайғылы оқиғалар дүниежүзі бойынша көптеп орын алуда. Қылмыс, соғыс, лаңкестік әрекеттер, жазатайым оқиғалар, табиғи апаттар және тағы басқа жантүршігерлік оқиғалар қаншалықты қайғы мен күйініш әкеледі десеңізші! Иә, көптеген адамдар жазықсыздан-жазықсыз жапа шегіп, қаза болуда.
Кейбір адамдар бүгінде қайғы-қасіреттің болып жатқанына Құдайды кінәлайды. Өйткені Жаратушымыз адам баласының жағдайына немкетті қарайды деп ойлайды. Басқалары болса Құдай адамдардың қиналып жатқанын көрсе де, бұған араласқысы келмейді деген тоқтамға келіп жатады. Ал үшінші біреулері мұндай қайғылы жайттардың орын алғанын естісе, “Жазмыштан озмыш жоқ” деп қана қояды. Иә, мұндай мәселеге қатысты сан алуан пікірлер айтылып жатады. Алайда қайғы-қасіреттің орын алуының шын себебі неде және олар болмайтын кез келе ме? Бұл сұраққа қанағаттандырарлық әрі сенім артуға тұрарлық жауапты қайдан табуға болады? Келесі мақалаларда осы сұрақтардың жауабын білу үшін Құдай Сөзі Киелі кітапқа назар аударылатын болады.