Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

“Сол өңірдің тауларында өндіретін мыс көп”

“Сол өңірдің тауларында өндіретін мыс көп”

Бір топ археологтар Яһуда шөл даласының шатқалдары мен үңгірлерінде қазба жұмыстарын жүргізді. Олар тік жартастың жоғарғы жағында орналасқан үңгірге келіп тоқтады. Бұл жерден олар бағалы бір нәрсе, мысалы, көне заттарды не Өлі теңіз шиыршықтары сияқты қолжазбаларды табамыз деп ойлаған шығар. Алайда үңгірден шын қазынаны тапқанда, олар қатты таңғалды. Бұл қазына кейіннен Нахал Мишмар қазынасы деп аталды.

ЖАРТАСТЫҢ қуысында жасырылған және қамыстан жасалған тоқымаға оралған бұл қазына 1961 жылдың наурыз айында табылған болатын. Оның ішінде көбісі мыстан жасалған 400-ден аса бұйым бар еді. Олардың арасында әртүрлі тәждер, асатаяқтар, құралдар, шоқпарлар мен басқа да қару-жарақтар бар болатын. Бұл қазынаның табылуы Киелі кітаптың оқырмандарын қызықтырады, себебі Жаратылыс 4:2-де Тұбалқабыл есімді кісінің “мыс пен темірден әр түрлі құрал-жабдықтарды жасап шығарғаны” сөз етіледі.

Бүгінде бұл қазынаның қайдан және қалай пайда болғанына қатысты сұрақтар жауапсыз қалуда. Алайда табылған қазына Киелі кітапта аталған жерлерде мысты өндіру, балқыту және оны қалыпқа құю жұмыстарының ежелден бері танымал болғанын көрсетеді.

УӘДЕ ЕТІЛГЕН ЖЕРДЕГІ МЫС ӨНДІРУ ОРЫНДАРЫ

Исраилдіктер Уәде етілген жерге кірмес бұрын, Мұса пайғамбар оларға: “Сол өңірдің тауларында өндіретін мыс көп”,— деген болатын (Заңды қайталау 8:7—9 ЖД). Археологтар Исраил және Иордан өлкелерінде қазба жұмыстарын жүргізіп, онда Финан, Тимна және Кирбат-ен-Нахас сияқты металл өндіру және балқыту орындарының болғанын ашқан. Бұл орындардан нендей жайттарды білуге болады?

Кеншілер Тимна және Финан өңірлерінен кем дегенде 2000 жыл бойы мыс алғандықтан, мұнда кішігірім шұңқырлар көптеп кездеседі. Тіпті қазірдің өзінде бұл жаққа келген адамдар құрамында мыс кездесетін жасыл түсті дақтары бар тастардың әр жерде жатқанын көре алады. Ежелде кеншілер тас қашаулармен жартасты қашап, оның үстіңгі қабатынан мыс алу үшін тер төккен. Ал бұл мыс көздері сарқылған уақытта олар металдан жасалған құралдармен тереңірек қазып, үңгірлерді кеңейткен және кеніш (шахта) пен үңгір жолдар жасаған. Осыған ұқсас жұмыстардың қалай жүргізілгені Киелі кітаптың Әйүп кітабында сипатталады (Әйүп 28:2—11). Бұл өте ауыр жұмыс еді. Рим билеушілері б. з. ІІІ ғасырынан V ғасырына дейін ауыр қылмыс жасағандар мен басқа да қамауға алынғандарға Финан мыс кенішінде жұмыс істететін.

Ал Кирбат-ен-Нахаста (“Мыс үйіндісі” дегенді білдіреді) болса қалдықтардың үлкен үйіндісі табылды. Соған қарағанда осы өңірде мыс балқыту өндірісі кең көлемде жүргізілген. Ғалымдардың ойынша, бұл жерге жақын маңдағы Тимна мен Финан сияқты кеніштерден кентас әкелінген. Сосын кентастан мысты ажыратып алу үшін дәнекерлейтін  түтікшені үрлеу және ұста көрігін басу арқылы ағаш көмірінің температурасын шамамен 1200 градусқа дейін жоғарылатып, осы қызуды 8—10 сағат бойы ұстап тұратын. Әдетте 5 кг кентастан 1 кг мыс кесегін алатын. Кейіннен оны балқытып, түрлі қалыптарға құятын.

ЕЖЕЛГІ ИСРАИЛДЕ МЫСТЫҢ ҚОЛДАНЫЛУЫ

Синай тауында Ехоба Құдай исраилдіктерге киелі шатырды соғу ісінде осы жергілікті жылтыр металды қолдануды нақты айтқан болатын. Кейінірек олар Иерусалимдегі ғибадатхананы соққанда да мысты қолданған (Мысырдан шығу 27-тарау *). Мысыр жеріне бармас бұрын исраилдіктердің металды өңдеу ісінде біраз білімдері болған шығар, я болмаса, олар бұған сол жерде үйренген де болуы мүмкін. Қалай болған күнде де, Мысырдан шыққан кезде олар балқытып құйылған бұзау мүсінін жасай алған. Сондай-ақ олар киелі шатырда қызмет атқаруға қажетті заттарды, мысалы, үлкен қазанды, ыдыстарды, табаларды, күректер мен шанышқыларды мыстан жасаған (Мысырдан шығу 32:4).

Кейінірек шөл далада — бәлкім, мысқа бай Пунон жерінің (қазіргі Финан болса керек) маңында жүргенде — исраилдіктер манна мен суға қатысты күңкілдеген болатын. Оларды жазалау үшін Ехоба улы жыландар жіберіп, көп адам содан қайтыс болды. Исраилдіктер өкінген кезде Мұса олар үшін араша түсті, сонда Ехоба оған мыстан жылан жасап, ұзын таяққа іліп қоюды бұйырған еді. Киелі кітапта: “Жылан шағып алған әркім мыс жыланға қарағанда, тірі қалып отырды”,— делінген (Руларды санау 21:4—10; 33:43).

СҮЛЕЙМЕН ПАТШАНЫҢ КЕЗІНДЕ МЫСТЫҢ ҚОЛДАНЫЛУЫ

Иерусалимдегі ғибадатхананың көп бөлігі мыстан жасалған болатын

Сүлеймен патша Иерусалимдегі ғибадатхананы соққанда, мысты өте көп мөлшерде қолданған. Олардың басым бөлігін әкесі Дәуіт Сирия қалаларынан олжалап алған болатын (Шежірелер 1-жазба 18:6—8). Мыстан жасалған “Құйма теңіздің”, яғни діни қызметкерлердің жуыну рәсімін орындағанда қолданатын үлкен қазанның сыйымдылығы шамамен 66 000 литрге және салмағы 30 тоннаға дейін жететін (Патшалықтар 3-жазба 7:23—26, 44—46). Сонымен қатар ғибадатхананың кіреберісінде екі үлкен мыс бағана болған. Бұл бағаналардың биіктігі 8 метр еді әрі олардың жоғарғы жағына биіктігі 2,2 метрдей тәж құйылған болатын. Олардың іші бос болған, ал қабырғасының қалыңдығы 7,5 см, диаметрі 1,7 метрді құраған (Патшалықтар 3-жазба 7:15, 16; Шежірелер 2-жазба 4:17). Осының бәрін жасау үшін мыстың қаншалықты көп мөлшерде қолданылғаны таңғалдырады.

Киелі кітапта айтылып кеткен заманда адамдар мысты күнделікті өмірде кеңінен қолданған. Мысалы үшін, біз оларда мыстан жасалған қару-жарақтардың, шынжырлардың, музыкалық аспаптардың және қақпалардың болғанын оқимыз (Патшалықтар 1-жазба 17:5, 6; Патшалықтар 4-жазба 25:7; Шежірелер 1-жазба 15:19; Забур 106:16). Сондай-ақ Иса пайғамбар бел қалтаға салатын “мыс ақша” туралы, елші Пауыл болса “мыс зергері Ескендір” жайлы айтқан еді (Матай 10:9; Тімөтеге 2-хат 4:14).

Археологтар мен тарихшылардың Нахал Мишмар қазынасының және Киелі кітапта аталып кеткен мыс бұйымдардың тарихына қатысты көптеген сұрақтары әлі де жауапсыз қалуда. Десе де Киелі кітапта жазылып кеткендей, исраилдіктер мұра еткен шұрайлы жердің “тауларында [олар] өндіретін мыстың көп” болғаны айғақ болып қала береді (Заңды қайталау 8:7—9 ЖД).

[Сілтеме]

^ абзац 10 Түпнұсқадағы таза мысты білдіретін сөз “Жаңа өмір” баспасынан шыққан Киелі кітапта “қола” деп аударылған.